Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тәкаппар әскер басы турасынан

Бұрынғы заманда Македонияда Ескендір патша болыпты. Мәртебені бұл жақсы көреді екен, һәм қызғаншақ екен. Өзінің қараған уәлаятын азсынып, өздерінің қасындағы жақын тұрған халықтарменен соғыспаққа барыпты. Соғыс болып, қандар судай ақты, көп халық қырылды, көп қандар бекерден бекер төгілді.

Ескендір қасындағы патшаларды жеңіп, бұлардың халқын өзінің патшасына қосты. Сонда да бұған разы болмай, алысырақ жайларға соғыспаққа барды. Әртүрлі көп жайларды қаратты. Мұның бұл атағы барша дүниеге жайылды. Мұнан бәрі де қорқар еді, хандардың ханы, патшалардың патшасы дер еді.

Ескендірдің көңілі тасып, тәкаппарлық кіріпті. Бұл соғысып қаратқан жайлары тағы да аз болып көрініп, дүниенің баршасын қаратпаққа ойланыпты. «Дүниенің баршасын қаратып, жердің үстіндегі халықтардың бәрін билейін» деп ойлады.

Ескендір қисапсыз көп әскер жинап алып, адам білмейтұғын алыс жайларға қарай жөнеліпті. Бір күні бұл әскерлерімен сусыз үлкен құмнан жүріпті. Бұл жайдың жан-жағында адам жоқ, қу дала, қу медиен екен. Бұл алыс жол адам жеңбеген Ескендірді шаршатыпты. Бек қатты шөлдеп, ішейін десе суы жоқ, өзіменен бірге алған суы таусылып қалыпты. Не қыларын білмей қатты сасыпты. Ескендір ашуланып, қызметкерін ұрып өлтіруге де ойланған еді, сол мезгілде жарқырап бір бұлақ көрініпті. Патша қуанғанынан қасына жетіп барса, жіңішке таспадай болып мөп-мөлдір бұлақ ағып жатыр екен. Ескендір жата қалып бұлақтан су ішіп, сусынын қандырыпты. Бұлақтың суы бұған бек дәмді, һәм салқын болып көрініпті. Мұнан соң өзіменен бірге алып жүрген балықты алдырып келіп, суға жудырып жей бастапты. Балық бек дәмді болып, һәм судан иісі сүйкімді болыпты, Ескендір таңқалып, ғажапқа қалыпты.

— Күдіксіз мұндай ғажайып бұлақ бір бақытты жайлардан бастап ағады екен, — деп айғай салыпты, — қазір барып соғысып қаратып алалық, — депті.

Ескендір тұра келіп, бұлақты өрлеп жоғары жүріпті. Жүріп отырып ақырында ұжмақтың қақпасындай бір қақпаны көріпті. Қасына келсе, жабулы тұр екен, ашайын деп байқаса, қатты жабулы тұр екен, аша алмапты.

Патша қақпаны қағып: «Аш!» деп айғай салыпты. Ұжмақтың ішінен бір дауыс шығып:

— Сені мұнда кіргізуге болмайды, бұл есік Құдай тағаланың тұрағына алып барады, — депті.

— Бұл Құдайдың жайы болса, мен жердің патшасымын, — деп шыдамастан Ескендір жауап қайтарыпты, — Мен адам жеңбеген Ескендірмін, апырым-ау, маған да ашпай ма? — деп айғай салды.

— Жоқ, — деп ұжмақтың күзетшісі жауап берді. — Біз мұндай бәрін жеңдім деген адамды білмейміз. Біз өзінің кінәсінен нәпсілерін жеңген адамдарды білеміз. Бұл жай бірақ әділ сопыларға тиісті, — депті.

Ескендір бұл белгісіз жайға қанша кірейін деп ұмтылса да, өтініп сұрап, һәм қорқытса да, дәнеңе болмайды. Қақпа бұрынғыдай-ақ жабулы күйімен тұрыпты. Ескендір ештеме қыла алмайтұғынын көріп, қақпаны ашпаған соң, сонда тұрып ұжмақтың күзетшісінен былайша деп өтініп сұратыпты:

— Сен білесің бе, менің дүниені қаратқан ұлық екенімді, барша халықтың үстінен қарап тұрамын, — дейді, — баршалары менің алдымда құлдық ұрып, баршалары мені хандардың ханы, патшалардың патшасы деп біледі, — дейді. — Егер де мені өздеріңнің жайларыңның ішіне жібергің келмесе, маған тым болмаса менің мұнда келгенімнің белгісі үшін белгі қылып бір нәрсе бер, — дейді, — барша халайықтар адам батып баспаған жайға менің барғанымды біліп таң қалсын, — дейді. ұжмақтың күзетшісі:

— Алсаң ал, ақылсыз, — депті, — мінеки, саған пайдалы нәрсе, бұл сенің жаныңның қайғы-қасіретін жазар, — депті. — Бұл нәрсеге бір қабат қарасаң, сенің бұрынғы ұстаздарыңнан есітпеген данышпандыққа үйретер, — деп, — енді өз жөніңменен жүре бер, — дейді.

Ескендір бұл сыйды асығып алып, өзінің әскеріне қайтып келді. Бұл берген сыйы кісінің сүйегінің жарықшағы екенін көріп аң-таң қалыпты.

— Патшаларды жеңгіштерді қандай сыйменен сыйлайды, — деп Ескендір ашуланып, айғай салыпты. — Менің мұндай бейнет шегіп келгеніме мұндай сый лайық па? — дейді.

Кісінің сүйегінің болымсыз жарықшағын ашуланып лақтырып жіберді. Әскердің ішінде бір данышпан бар еді. Бұл айтты:

— Ұлық патшамыз, бұл сыйды жек көрмеңіз. Сүйектің бұл жарықшағы қанша кішкене болып көрінсе де, ғажайып кереметі бар. Сен мұны қазір көресің, бірақ мұны алтын, ия күміспенен бірге таразыға тарттыруға бұйыр, — деді.

Ескендір данышпанның сөзін тыңдап, оның айтқанынша бұйырды. Таразыны алып келіп, бір жағына сүйектің жарық шағын салып, уа бір басына бір кесек сом алтын салды. Патша көрді де ғажапқа қалды. Сом алтыны кісінің сүйегінің жарықшағынан жеңіл шықты. Алтынды тағы да қосып еді, тағы да сүйек ауыр шықты. Күміс салып еді, тағы да сондай болды және тағы да мұндай ауыр нәрселерді таразының бір басына салған сайын соншалық екінші басы төмендеп ауырлай берді. Ақырында Ескендір шыдай алмай, өзінің айбалтасын алтынменен бірге салды.

«Енді менің айбалтам басар» деп ойлады.

Мұның айбалтасы ауыр болса да, сүйектің жарықшағы тұрған таразының басы бұрынғыдай-ақ басып тұрды.

— Ғажайып! — деп Ескендір айғай салды, — Сүйектің мұндай жарықшағы да мұншалық ауыр нәрселерді де басады екен. Япырым-ау, бұл сүйекті басатұғын бұл дүниеде амал бар ма екен? — дейді.

Данышпан айтты:

— Патшам, бар, — дейді, — мұның амалы оп-оңай. Сол жерде бір уыс топырақты алып сүйектің жарықшағының үстіне салып еді, таразының сүйек тұрған басы жоғарыкөтеріліп, алтын тұрған басы төмен түсті. Ескендір бұрынғысынан да қайран болып таң қалды.

Данышпан айтты:

— Ұлұқ патшам, бұл сүйек сол сүйек, қаю сүйектің ішінде кісінің тірі күнінде көзі тұратұғын сүйек, — дейді. — Кісінің көзі үлкен емес. Сонда да мұның қызғаншақтығының, һәм баршасын билесем екен деп ойлайтұғын нәпсінің мөлшері жоқ, — дейді. — Жан-жағындағы қызықты нәрселерді көп көрген сайын мұның бәрін алғысы келіп тілей береді. Қашан ажал келгенде, кісіні топырақ жапқанда тоймайтұғын мешкейлік те, һәм қисапсыз мәртебені жақсы көретұғыныда тоқталып, ақыры тамам болады. Ол дүниеде байлыққа да, атаққа да ешбір құрмет болмайды, — дейді.

Ескендір ойланып тұра қалды, данышпанның сөзі мұны ұялтты. Мұның барша соғысып қаратқанының бәрі мұны тірі күнінде разы қыла алмайтұғынын, һәм өлгеннен кейін өзіне еш нәрсенің керек емес екенін білді.

Мұнан соң өзінің ғәскерлеріне «қайт» деп бұйрық қылды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама