tengrinews.kz
- 30 сәу. 2026 19:31
- 27
Тамаш Яккель: Тазы тұқымын тану – Қазақстанның кинологиядағы жетістігі
Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Халықаралық кинология федерациясының (FCI) президенті Тамаш Яккель Ақордадағы тазы мүсіні мен әсем бақшаны көріп, ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ, Қазақстан Президентіне ұлттық итіміз – тазы тұқымын сақтау мен дамытуға көрсеткен жеке қамқорлығы үшін алғыс айтты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тамаш Яккельдің айтуынша, FCI екі жыл бұрын тазы тұқымын ресми түрде мойындаған. Өткен жылы Хельсинкиде өткен әлемдік көрмеде тазы тұқымынан шыққан ит «Әлем чемпионы» атағын иеленген. Бұл – Қазақстан кинологтары одағының зор еңбегінің нәтижесі.
Тазы – ұлттық мақтаныш
«Тазы – бұл тек ит емес, ол қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасының бір бөлігі. Бұл тұқымның әлемдік кинологияда лайықты орнын алуына қуаныштымын», – деді Тамаш Яккель.
Ол сондай-ақ, Президенттің жеке үйінде тазы иті барын білгенін айтып, Ақордадағы тазы мүсіні орнатылған бақшаның көркемдігіне тәнті болғанын жеткізді.
Кинологияны дамытудағы мемлекеттік қолдау
FCI президенті кинология саласындағы мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызды екенін атап өтті. Ол Қазақстанның кинологияны дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, федерация жұмысының халықаралық деңгейдегі маңыздылығын айтып өтті. FCI берген құжаттар мен шежірелер әлемнің 100 елінде жарамды.
«Мен сіздің мамандарыңызға қолдау көрсетуді сұрадым. Сапаға қолдау көрсеткен саясаткер немесе Президент – бұл ел азаматтары үшін үлкен бақыт. Мен сіздердің тамаша еліңізбен жақынырақ танысып, көбірек жақсы естеліктермен кетуге үміттенемін. Осы демалыс күндері мен халықаралық ит көрмесінде төреші боламын. Бұрын-соңды 60 тазыны бірдей көрген емеспін. Сондықтан бұл шараны асыға күтіп жүрмін», – деді Тамаш Яккель.
Айта кетейік, 30 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев FCI президенті Тамаш Яккельді Ақордада қабылдады. Кездесуде отандық ит өсіруді дамыту және тұқымдық генофондты сақтау ісінде халықаралық федерациямен ынтымақтастық перспективалары талқыланды.