- 27 қар. 2019 00:00
- 312
Тарғыл тана
Қорқыттың Желмаясы астында, қара қобызы қолында үнемі ел аралап, адасқанға жөн сілтеп, аңырғанға ақыл беріп, сәуегейлік құрады екен. Төңірегіндегі көзі көріп, көңілі түскенді қобызына күй етіп қосып, алдағыны қырық жыл бұрын болжайтын болыпты.
Күндердің бір күнінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген бір әулие Қорқытқа түсінде аян береді: «Уа, Қорқыт, сен өлімді аузыңа алмасаң, саған еш уақытта өлім жоқ!» — дейді. Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянады да, «Тәңірінің бұл да бір сыны болар» деп көкейіне түйіп алады.
Содан жылжып жылдар, сырғып күндер өтеді. Ақ сақалды, ақ таяқты әулиенің айтқан өсиетін естен шығармай, өлім туралы сөзді аузына алмай, қобызын тартып, ел аралап жүріп жатады.
Бірде Желмаясының бұйдасын тартып, бел жазып отырса бір ауылдың тайлы-таяғы қалмай жабылып қашаған өгізді қайыра алмай жүргенін көреді. Сол жерде Қорқыт Желмаясына міне салып, қашаған өгізді қайырып бермек болады. Бірақ өгіз Қорқыттың Желмаясына да бой бермейді. Қуа-қуа әбден титықтап шаршайды. Сонда Қорқыт: «Қап, саған өлсем де жетпей қоймаспын!» — деп Желмаясын тебіне түседі.
Осы сөзді айтуы мұң екен тарғыл тана тасқа айналып, қатып қалады. Тасқа айналар алдында тарғыл танаға тіл бітіп:
Менің өзім қара едім,
Қарадан туған ала едім.
Туған жерім — Қазалым,
Мына тау болды-ау ажалым! —
деп дөңбекши ыңыранған екен.
Сол жерде өлім туралы сөздің аузынан шығып кеткеніне Қорқыт қатты өкініп, мұңға батады. Бірақ болар іс болды, енді тағдырдың жазуынан қашып құтылудың амалын ойлайды. Сөйтіп, Желмаясын желдіріп, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді.
Осы оқиға Қорқыттың қобызына «Тарғыл тана» деген күй болып шалынған екен.