Тәубе. Үміт. Өзгеріс (сахналық қойылым)
Сахнаға мүгедектер арбасына таңылған екі жігіт шығады. Екеуі коляскаларын қатарластыра залға қаратып қойып, әңгімелесе бастайды:
Бақыт:
- Ереке, уақыт өтсін! Әңгіме айтыңыз? Бұл жерге қалай келіп қалдыңыз...?
Ермек:
- Сол үйде жата беріп, іш пысқан соң, әдемі қыздардың қолынан ем алайын - деп келіп қалған жәйім бар Бәке!
Бақыт:
- Әп-бәрекелді! Жарайсыз Ерекесі! Енді сұлулар сипаған соң, шауып кеткен шығарсыз?
Ермек:
- Шапқанда... екі аяқ кедергі келтіре берген соң алып тастап, мынадай супер көлікпен шауып жүрмін ғой. Бұл жарықтықтың бір қасиеті - бензин қажет етпейді, тоқ, газ қолданбайсың. Көбіне өз қолыңмен итеріп жүре бересің немесе кімнің қолы бос, соған итертіп қоясың. (Екеуі қосыла күледі)
Бақыт:
- Жақында мұндай арбаның тұрып жүруге де ыңғайлы түрлері шығыпты. Трансформер балдақ, я болмаса мобильді аяқ деген түрлері де бар екен!
Ермек:
- Заман дамыды деген осы! Өзіңіз ше бауырым, бала-шаға бар ма?
Бақыт:
- Әзірге бойдақпын! Бірақ айналамда жақсы қыздар жоқ емес! Тіпті "мені қашан алып қашасың?" - деп әзілдейтіндері де көп. Біздің қазақтың қыздары керемет қой аға! Барлығы еңбекқор. Ақылды, сұлу, шыдамды. Бұйыртса менің де маңдайыма жазылған бір қаракөз жүрген шығар?! Алланың мейірімі шексіз ғой!
Ермек:
- Дұрыс айтасыз! Кейде біз болмайтын нәрсеге бола қамығамыз. Негізі барлығы өзімізге байланысты. Біз күліп жүрсек, өмір де бізге күле қарайды.
Бақыт:
- Сол үшін мен барлық уақытымды тұтас жоспарлап, бір бөлігін білім-ғылымға, өзімді дамытуға, бір бөлігін құлшылыққа, тағы бір бөлігін жұмыс істеп, ақша табуға бөліп тастадым!
Ермек:
- Бизнес тренер емессіз бе әйтеуір?! Қазір қаптап кетті ғой бизнесмендер.
Бақыт:
- Бизнес бізге қажет Ереке! Заман талабы солай болып тұр қазір.
Ермек:
- Е, болды Бәке! Ары қарай тоқтай алмай қаласыз, егер бизнес тренер болсаңыз....
Бақыт:
- (Күледі) Жақсы Ереке! Онда сіз өзіңіз жайлы айтсаңыз...? Қалай мына көлікке ие болғаныңыз жайлы... Қандай майданға қатыстыңыз...?
Ермек: (Күледі)
Мен ойын-сауық майданының ардагерімін! Ойын-сауықты абайламаса, соңы осылай аяқталады екен ғой?! Жарайды.... бәрін басынан баяндайын! (Сәл ойланып қалады. Баяу музыка қосылады) Мына жалған өте қызық ә негізі...?! Сынақ пен сұраққа толы... Кейде еркелетеді... Кейде өкпелетеді... Жүгіресің, сүрінесің, құлайсың, қайта тұрасың..! (Ойланып кетеді) Қой, ішіңізді пыстырмай, оқиғамды баяндайын!
Бақыт:
- Құлағым сізде, Ереке! Бастай беріңіз....
Ермек:
- Мен бір үйдің ерке, ешкім бетінен қақпаған жалғыз ұлымын! Ешқашан "жоқ", "болмайды" - дегенді естіртпей өсірді марқұм анам. Әкем момын кісі болатын. Шешемнен аса алмады. Адам бойына желік бір кірмесін деңіз? Егер бойыңды тәкаппарлық пен өзімшілдікке бір билеттің бе? Болды. Өмір бойы арпалысып өткенің ит мінезіңмен. Қайта бастадым ба...?
Жарайды. Өстім. Өзімшіл, қызғаншақ, тәкаппар болдым. Аяушылық, мейірім деген қасиеттерді әлсіздікке санап, қатал да қытымыр болдым. Үйлендім. Ұлды, соңынан қызды болдым. Жақсы жерде жұмыс істедім. Әйеліме өтірік айтып, күнара қыдырып кетемін. Достар. Ішімдік. Қыздар. Таусылмайтын қызық! Бітпейтін бақыт. Осыншама көңілді орта, маған мына өмірде қайғы-қасірет барын да ұмыттырып жіберген еді.... Бірақ таусылмайтын нәрсе болушы ма еді...? Бұл күндер де аяқталды...!
Сол күні аса көңілді болдым. Кешке жұмыста Балмаскарад. Ертең - Жаңа жыл. Базарға бару керек дегендей... жұмыстан сұранып, асығып келе жатсам, алдымнан Үсен шықты.
- Ереке, білесіз Айгүл әпкенің мүгедек баласына отаға жылу жинап жатырмыз! Әркім шамасы жеткенше қол ұшын беріп жатыр. Қанша бере аласыз? - деді.
- Ей, осы сенің басқа істейтін тірлігің жоқ па? Неге үнемі қайыр-садақа сұрап жүресің? - дедім ашуланып.
- Ереке, садақа адамды жетпіс түрлі бәледен сақтайды - деген хадис бар. Біреулер 200 теңге беріп жатыр. Оған да рақмет! Оларға осы ақшасы кемі он есе боп қайтады! Ал, сіз өзіңіз біліңіз! Тек ашуланбаңыз... Ертең сізге садақа жинап қалмасымызға кім кепіл? Дүние - кезек! - деді.
- Ей, не айтып тұрсың сен? А! Осы сөзіңе ерегіскенде бір тиын да бермеймін! - деп, шығып кеттім... Кешке корпоративтік кеш болды. Жұмыстағы барлық қыз-келіншектермен жабыса да, жарыса билеп, әбден Ішімдікке тойып, түн ортасынан ауа үйге қайттым.... Жолда.. рульде отырып ұйықтап кетіппін! Есімді жиғанда айдалада, бір бетонға соғылып, аяғым қысылып жатыр екенмін.... Егер біреулер келіп құтқармаса, өзім шыға алмасым анық еді! Суықтан, қатты жаншылған аяқтың ауырғанынан, қайта талып қалыппын...!
Бақыт:
- Қиын болған екен...? Қалай аман қалдыңыз?
Ермек:
- Әйелім полицияға хабар беріп, еріктілер қосыла іздесіп, зорға тауып алыпты. Зират қоршауына барып соғылған екенмін. Есімді ауруханада жидым. Тізеден төмен алып тастапты.... Айқайладым. Жыладым. Бәрін кінәладым... соңында түсіндім...! Өзім ғана кінәлі екенмін... Менің дос деп жүрген таныстарым, ауруханаға келмек түгілі, хал-сұрасуға да жарамады.... Есесіне Үсен, әлгі жігіт... күніге келетін болды...! Тіпті мына арбаны да соның таныстары алып берді...! Менің ол жайлы, Алла жайлы пікірім 180 градусқа өзгерді. Өмірімде алғаш рет уағызды да ауруханада жатып тыңдадым... Екі аяғым сау кезінде мешітке барып, екі рәкағат намаз оқымағаныма қатты өкінемін...! Мен қандай көрсоқыр болғанмын... (даусы дірілдеп, көзін сүртеді). Айналамда жақсы адамдар аз болмапты. Тек өзім ешқайсысын бағаламаппын...?! Тәкаппарлық мені, имансыз ортаның белді мүшесіне айналдырыпты....
Бақыт:
- Ереке, Алла тек сүйген құлдарына ғана ауыр сынақтар жібереді.....! Демек, сіздің де бір жақсы қасиетіңіз болуы керек? Мүмкін емес соншалықты жаман адам болуыңыз? Айтыңызшы...?! Қандай жақсылық жасап едіңіз..?
Ермек:
- Білмедім... балаларымды жақсы көрдім... Сосын... итімді... Айтпақшы, біреулер бір итті ағашқа байлап кеткен екен. Өлгелі жатқан жерінен тауып алып, асырап алғанмын. Сол болмаса... Анам сыртымнан көп дұға жасайтын. Бәлкім соның шарапаты шығар...? Білмедім...?
Бақыт:
- Десе де, Алланың мейірімі шексіз! Қалған өміріңізді туралықпен өткізсеңіз, Жәннаттың да ауылы алыс емес - деп ойлаймын. Мойымаңыз!
Ермек:
- Өзіңіз ше..? Өзіңіз қалай отырып қалдыңыз арбаға..?
Бақыт:
- Мен іштен осылай туылыппын Ереке! Бірақ еш мойыған емеспін! Қайта өмір мен үшін өте қызық! Аллаһ менің бір мүшемді кем қылып сынағанымен, басқа мүшелерімді сау қылып берді емес пе?! Менің әр күнім жоспарлы! Бос уақытым мүлдем аз. Таңертең таң намазына тұрамын, содан кешке дейін тыным жоқ! Құран, хадис жаттаймын, бизнеспен айналысамын, айналама көмектесемін, қайырымдылық қорына мүшемін! Өзім секілді адамдарға жігер, күш-қайрат беріп, өмірге қайта ғашық етуге тырысамын! Көп қайғыратын, өзіңіз секілді ауруханаға жаңа түскен адамдарға демеу, қолдау білдіремін! Жақында психологиялық орталық ашсам деп жүрмін! Білесіз бе, Ереке? Біз қоғамға қажетпіз?! Сіз ойламаңыз енді ешкімге қажет емеспін - деп! Өзіңіздің жан-дүниеңізге қайта бір үңіліңіз...?! Егер сіз мықты болмасаңыз, Алла сізді бұлай сынамаған болар еді?! Демек, сіз бұл сынақты жеңе аласыз! Менің қасыма серіктес болыңыз? Өмірден түңілген адамдарға, баласынан қашқан аналарға, нашақор болған жастарға, зинақор қыз-жігіттерге көмек берейік аға..?! Сіз қоғамға қажетсіз! Мүгедек болу - күрескер болу! Ержүрек адамдардың ғана маңдайына жазылған сынақ бұл! Әрі - бақ! Ендеше біз секілді алып азаматтардың қолынан не келетінін қоғамға көрсетейік..?! Жылағанға - жұбаныш, сүрінгенге - сүйеніш болайық!
Ермек:
- Бауырым! Сіз не деген жақсы сөздер айттыңыз?! Мен неге осы уақытқа шейін осылай ойламағанмын..?! Есіме енді түсіп отыр. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов атамыз: "Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын!"- демеп пе еді...? Ендеше, кеудемде жаным бола тұра, ер басыммен неге сонша езілгем...? Сау кезімде жылатқан, құлатқан адамдарға, неге қазір көмек бермеске...? Әлбетте, мен қуана келісемін! Мен өзгеремін... тек (мұңайып) осы өзгеріс үшін міндетті түрде осы жағдайға түсуім қажет пе еді...?! Еһ, өмір-ай!
Бақыт:
- Ереке, ештен - кеш жақсы! Бәрі жақсы болады! Жүріңіз, ем-дом алатын уақыт болды!
(Екеуі сахнадан кетеді. "Мен қазақпын" әні қойылады. Сахнаға дәрігер әйел шығады. Қасында Жүзбай аға болады.)
Дәрігер:
- Аға, тағы екі әйел балаларынан бас тартып жатыр. Сөйлесіп көресіз бе? (Күрсінеді.)
- Жақсы айналайын! Бұл менің жұмысым ғой! Сөйлесейін.
- Аға, бұл әр қазақтың жұмысы болғанда ғана, біз осы жамандықтан құтылатын шығармыз?! Сізге алғысымыз шексіз! Осында бір-бірлеп аналарды жіберейін. Сәттілік тілеймін....!
(Дәрігер кетеді. Сахнаға жас келіншек шығады. Ыңғайсызданып... баяу жақындайды.)
- Сәлеметсіз бе! Мені дәрігер жіберген еді... Не үшін шақырдыңыз? Кімсіз...?
- Сәлеметсің бе қарындасым! Мен "Мирас-А" қоғамдық-қайырымдылық қорының басшысы Жүзбай Серікұлы ағаң боламын. Өзің секілді қиындыққа ұшырап, көмекке мұқтаж болған жандарға қарайласып келемін! Айналайын қарындасым, өмір бойы өзегің өртеніп, бармағыңды шайнап өтетін қателік жасамауыңды өтінемін?! Ия, сен қазір қиналып, қорқып, не істеріңді білмей тұрсың? Қорықпа! Мен де сенің бір ағаңмын! Бір жылға шейін пәтер жалдап, азық-түлік пен үкімет тарапынан берілетін баспана, жұмыс секілді басқа мұқтаждықтарыңа көмектесіп тұрайын..? Нәрестеңді тастамашы қарағым...?! Алланың қаһарынан қорықсаң деймін...?!
(Осы кезде үнсіз жылап тұрған қыз, өз уәжін айта бастайды. )
- Немене...? Алладан қорқ - дейсіз бе? Аға, неге осы сіздер тек әйелдерге ғана басу айтасыздар? Қыздарға ғана қатал қарайсыздар? Жігіттерге неге ешкім ешнәрсе айтпайды осы? Аңғалдығың мен аппақ сеніміңе түкіріп кететін, арлы, таза қыздарды мазақ ететін, жігітсымақтарға неге ешнәрсе айтпайсыздар...?
- Қарындасым, уайымдама! Жігітің ешқайда қашпайды! Әлі алдыңа тізерлеп келіп кешірім сұрайтын болады...! Бастысы қазір баладан айрылып қалмауымыз керек?! Түсінесің бе..? Сосын, жігітің аты-жөнін, телефонын, ол жайлы барлық ақпаратты жазып бер ғой?! Ол да адасып, қате түсініктің шырмауында жүрген болса, бас тартпас! Арам ойлы пасық болса, тәубесіне түсірейік...?! Не дейсің...?
- Білмеймін аға? Мен қорқамын! Әкем өте қатал адам! Менің мына ісімді көрсе, тірідей көмеді мені... Балама бауыр баспай тұрып, ертерек нәрестелер үйіне өткізгенім дұрыс болады...! Аға, сізге көп рақмет! Бірақ мен олай істей алмаймын....! Кешіріңізші....
(Жылап, тез-тез басып шығып кетеді. Жүзбай аға маңдайын қысып, қатты қайғырып отырып қалады. Қалтасынан беторамалын алып, көзін сүртеді. Сахнағаосы кезде екінші әйел шығады.)
- Сәлеметсіз бе! Мені сіз шақырдыңыз ба? Мені қайдан танисыз...?
Жүзбай аға мұңайып:
- Сәлеметсің бе айналайын! Мен сені мүлдем танымаймын! Сен де мені танымайсың! Мен тірі жетімектердің қорғаушы періштесі болғысы келетін, бір қазақпын! Мен - нағыз ағамын! Бәлкім болашақта "миллиондардың әкесі"- деген атаумен тарихта қалармын... Бірақ қазір құпия жақсылық жасаушы, ақыретіне сауап жинаушы мұсылманмын...! Менен ұялмасаң да болады. Өйткені сенің жүзіңді көре алмаймын! Құлағыма тек бейбіт өмірде зар жылаған әйелдердің даусы ғана естіледі...! Бәріне аға, әке, қамқоршы болғым келеді...! Таяғыммен түртінектеп, қаланың ана басынан, сендер мәңгілік өкінішке қалмасыншы... бір бала болса да ана мейірімінен ажырамасыншы-деп келіп отырмын. Бір жыл өз қамқорлығыма алайын, бас тарта көрмеші балаңнан....! Айналайын қарындасым, жалынайын... тастамашы нәрестеңді....?! (Жылап қалады. Әйел де жылайды.)
- Аға, елім деген жүрегіңізден айналдым...! Бар екенсіз ғой...? Бар екен ғой азаматтар! Е Аллаһым, кешіре гөр? Күллі ерлерді қаралағаным үшін?! Аға, сіз де кешіріңізші мені...? Мен бейбақ қай жетіскеннен баламды жетімдер үйіне бергелі отыр дейсіз...? Үйде аш бес балам бар. Күйеуім ішімдікке салынып, қаңғып кетті. Сақтанып жүрсем де, Жаратқан Ием тағы бір шарананы сыйлады. Аборт жасатуға қимадым... қолым бармады. Одан да бір баласыз ана бағып алса деп ойладым. Күніге жылай беріп, сүтім де шықпай қалды... Үйде бір тістем нан да қалмады. Туыстарым мен көршілерім ара-тұра көмек беріп тұрады. Жәрдемақы пәтерақыдан артылмайды...! Аға, мен сәбиімді қимаймын... (Жылайды) Егер көмек берсеңіздер... мен қуана қабыл аламын! Бесеуінің жолына біреуін құрбан етемін де... деп кеудем қарс айрылып отыр едім...! Алла не деген мейірімді! Не деген Ұлық! Сізді жіберіпті.... Алғысым шексіз! Екі дүниеде мұңсыз болыңыз аға!
- Айналайын, сен де мені кешір! Жаңа бір келіншек сөзімді аяқ асты қылып... тыңдамай кеткен соң, ашуланып отырып қатты айтып жібердім бе?
- Аға! Ұрса беріңіз! Енді менің ағам бар! Сіздің маған өкпелеуге хақыңыз бар! Ұрсуға да, ренжуге де...! (Күледі)
- Жақсы, онда қарағым! Құдай реніштен сақтасын! Сені өзім келіп шығарып аламын! Дайындала бере ғой!
- Тағы да мың алғыс айтамын сізге, аға! Жақсы, сау болыңыз!
(Келіншек кетеді. Сахнаның ана басынан арбадағы жігіттер шығады. Толқып, көз жасын сүртіп отырған Жүзбай ағаның қасына келіп, сәлем береді.)
Бақыт:
- Ассалаумағалайкум Жүзбай аға! Сізді бірден таныдым. Ютубтан сұхбаттарыңызды көргем.
- Уағалайкумассалам бауырым! Алла разы болсын! Өздерің кім боласыңдар?
- Аға, біздер арбадағы бауырларыңыз боламыз! Менің есімім - Бақыт. Мына кісі - Ермек деген ініңіз болады.
- Өте қуаныштымын Бақыт інім. Рақмет.
- Аға, біз арбада отырғанымыз болмаса, тепсе темір үзетін азаматтармыз! Мен өзім айналадағы өзім секілді азаматтарға жігер беріп, өмірге құштарландырып жүрген жігітпін. Болашақта осы бағытта үлкен істер атқарғым келеді. Бірақ неден бастарымды білмеймін. Сізді тегін кездестірмеген болармыз! Бізге қандай ақыл айта аласыз?
- Біреуі күлдіріп, біреуі жұбатқан қайран қазағым-ай! Айналайын Бақыт, Ермек. Мына қазақтың азаматтары өз қарындастарын әбден қорлап бітті...! Жесірлер мен жетімдер қаптап кетті...! Біз секілді текті ұлтқа, ұят нәрсе бұл! Осы жағын қолға алсақ?! Қазақ жастарына зинақорлықтың зардабын түсіндіретін, осы жиіркенішті істің алдын алатын ұйым құрғым келеді. Сосын көкек әкелер мен жауапсыз күйеулерді жөнге салатын, ажыраған отбасыларды жарастыратын ұжымдарды көбейтсек? Еліміздің еңсесін тіктеп, есін жиюына атсалысуға қалай қарайсыңдар?
Ермек:
- О аға! Керемет идея ғой мынау? Сонда... біз не істеуіміз қажет?
Жүзбай аға:
- Мен әзірге осы жобалардың жоспарын бір нақтылап шығайын! Телефон номерлерімізді алмасайық! Қалғанын алдағы күннің еншісіне қалдырайық? Не дейсіңдер?
Бақыт:
- Болды Аға! Біз байланыстамыз! Бізде де идея көп! Ең бастысы көкірегіміз соқыр, жанымыз мүгедек болмасын! Елге қызмет ету - ерлердің парызы ғой!
Жүзбай аға:
- Расында қатты қуанып тұрмын жігіттер! (Осы кезде телефоны шырылдайды)
- Ало? Ия мен! Кім? Жақсы жаңалық қой мынау! Қашан барайын? Мақұл! (Телефонын қалтасына салады)
Жігіттер! Қазір ғана қуанышты жаңалық естідім! Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасынан да депутаттыққа сайлауға кандидаттар іріктемекші екен! Соған біреулер сыртымнан мені ұсыныпты! Қолдайсыңдар ма?
Бақыт:
- Әлбетте аға! О не дегеніңіз?
Ермек:
- Құтты болсын аға! Біз сізге шынымен сенеміз! Қатысыңыз! Сіз өтесіз! Қазір халықтың көзі ашық! Қоғамға дәл сіз секілді жанашыр да мейірімді адамдар ауадай қажет! Қолдаймыз!
Бақыт:
- Аға, айтпақшы жанарынан айрылған, көзі көрмейтін зағип жандарға арналған "Тәуелсіз, еркін, өмір сүру орталығын" салдырсам - деп жүр едіңіз...? Сол жағы қалай болып жатыр...?
Жүзбай аға:
- Е, айналайын бауырым! Ол менің көкейімнен күндіз-түні кетпейтін ең асыл арманым ғой! Бір Астана қаласының өзінде екі мыңға жуық зағип адамдар тұрады екен! Ол кісілердің басты проблемалары - өздері кір жуып, үтіктеп, тамақ жасап т.т. майда-шүйде жұмыстарын атқара алмайды! Осындай кісілерді бір орталыққа жинап, көмек көрсетіп, түрлі шеберханалар ашып, өмірге деген құштарлықтарын оятсам! - деген едім. Адамның адами құндылығы - бір-бірлерін тірі кездерінде бағалап, бір-бірлеріне көмек көрсетіп, ынтымақтаса отырып бірлікпен іс атқаруларында ғой?! Кезінде ата-бабаларымыз қаншама халыққа пана болып, өмірге бейімдеп, дастарханындағы соңғы нандарын бөліп берді! Осы жақсылық енді ұрпағының алдынан шығып, қазақ елі қаншама халықтың алғысы мен қолдауына бөленіп отыр! Біз де жұдырықтай жұмылып, бір кісідей үлкен сауапты іс атқарсақ, Қиямет Күні Алланың алдында жүзіміз жарық болар ма еді - деп ойлаймын! Бір жылдың ішінде ол жерге іргетасы қаланып, құрылысы басталмаса, сол зағиптарға арналған екі гектар жер телімі қайта өкіметке өтіп кету қаупі бар! Соған шырылдап жүрмін ғой інішектер...?!
Ермек:
- Өте сауапты іс бастапсыз аға! Менің біраз таныстарым бар! Сол кісілерге таныстыратын жобаның үлгісі бар ма?
Жүзбай аға:
- Жобаның сызылған үлгісі міне! Проект дайын! Ол жерде зағип жандарға барлық жағдай жасалса! - деп отырмын. Шеберханалардан бөлек асхана, мейрамхана, бассейн, тренажёрный залдар, кинотеатр, кітапхана, автомологиясы т.т. адамға қажетті барлық жағдайлар жасалса! Қарттар үйі, жетімдер үйі, мүгедектер үйлері бар ғой елімізде! Бірақ жалғыз қалған зағиптардың жағдайы нашар болып тұр қазір! Ол кісілерге ек-үш есе артық көмек қажет. Осыған инвесторлар тартсақ шіркін?!
Бақыт:
- Ия... аға! "Елім"- деген ерлердің мұраты өзгеше болатынын тағы бір дәлелдеп бердіңіз! Мен осы жобаға инвестр іздеп көрейін! Жобаңызды телебағдарламарға кірістіріп, халыққа үндеу тастайық?
Ермек:
- Расында аға, өзімізде мұндай проблема болмағаннан кейін, бұл кісілердің жағдайын мүлдем ойламайды екенбіз ғой?!
Жүзбай аға:
- Рақмет жігіттер! Алла ісімізге береке беріп, елге адал қызмет етуді жазсын! Осыған дейін өзім Мирас - А қайырымдылық қорының аясында "Шаңырақ" танысу бұрышын жүргіздім. Ажырасып кеткен 54 отбасын қайта табыстырдым! 108 адамның бақытын тауып, некеге тұруларына себепкер болдым! Осы сауапты іс мынадай керемет орталықта жалғасын тапса шіркін! - деп ойлап жүрмін. "Адал жар" жобасы бойынша ел көзінше танысып, үй болатын жұбайлардың жағдайын да ойласақ! Ел - аман, жұрт - тыныш болсын, аумин!
(Осы кезде баласын тастап кеткен келіншек, сахнаға жүгіріп шығады)
- Аға! Сізді енді таба алмаймын ба деп ойлап едім.... үлгердім - ау?! Мен ойландым аға! Тек... бір шартым бар. Маған ата-анама "күйеуім" - деп таныстыратын, бір жігіт тауып беріңізші...? Өтініш сізден..?! (Жігіттер бір-бірлеріне қарап, не айтарларын білмей тұрады) Маған үйленбейді. Тек спектакль ойнаса болды.
Бақыт:
- Егер ол спектакльге мен сияқты мүгедек жігіт жараса, мен шынымен-ақ сізге күйеу болуға дайынмын... (ыңғайсыздана басын қасиды. Қыз жігітке бастан-аяқ қарап):
- Мүгедек болсаңыз не бопты...?! Бастысы жан-дүниеңіз, ойыңыз мүгедек болмаса болды? Жарап тұрсыз! Менің әкем адамды ісіне қарап бағалайтын адам! Беті жылтыр, сөзі тайғақ жігіттердің талайын қуып жіберген! Мүгедек болса да, арлы азаматқа жар бол - деп отыратын.
Бақыт:
- Міне қызық! Онда менің жолым болатын секілді...!
Келіншек:
- Ал ұлым ше...? Сіз оны қабылдай аласыз ба?
Бақыт:
- Сәби сүю, әке болу - біреулер үшін үйреншікті жағдай шығар! Мен үшін ұлы мұрат! Тіпті болашақта көптеген жетімдерді асырап алғым келеді...! Қандай керемет, үйің улап-шулап жатса! Мен ондай қуанышқа ұйықтамай қарап отырар едім...!
Келіншек: (Көз жасын сүртіп)
- Аллаһ разы болсын сізге! Сіз де осы аурухана жатырсыз ба? Онда болашақ ұлыңызбен таныстырамын! Менің есімім - Әсем. Бір сағаттан соң біздің қабатқа көтеріліңіз. Мғн сізді дәлізде күтемін! Аға көп рақмет сізге! Мен қайтайын! Балам жылап жатқан болар... (кетіп қалады)
Жүзбай аға:
- Әйелдер-ай, әйәйлар-ай, қулар-ай! Арыстай азаматтарды морт сындырып жылата салу да, бір сәтте бақытты қылып, қуанта салу да - сендерге түк те емес-ау!
Ермек:
- Мәссаған! Бір сәтте не болып кетті-ей?! Сонымен Бәке, бала-шаға құтты болсын! Аллаһ беремін десе, баласымен де сұлу келіншекті бере салады- деген осы!
(Барлығы күледі)
Жүзбай аға:
- Бақыт інім, мына келіншек қайсар да пысық, ақылды жар болатын сияқты! Бағыңды бағалай біл! Еркелігіне көз жұмып, қырсықтығына сабыр ете сал! Түбі сені елге қадірлі етеді Әсемің - деп ойлаймын!
Бақыт:
- Әумин аға! Айтқаныңыз келсін! Бір сиқырымен баурап, өзімен бірге жүрегімді ұрлап кеткен секілді мына сұлу....! Ешқашан қыздарға бұлай арбалмағам....? Маған не болды?
Ермек:
- Жігіттер үйленетін кезде осындай "махаббат синдромы" -деген ауруға шалдығады. Келін құтты болсын Бәке! Үйлен! Бір жетім мен жесірді бақытты қылар мүмкіндігің бар! Сені де қолдаймын! (Барлығы күледі) Қой мені де біреу қолды қылмай тұрғанда қайтайық.?!
(Үшеуі сахнадан кетеді)