Тәуелсіздігім - туыммен тұғырлы, елтаңбаммен еңселі, әнұраныммен айбатты
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы
«Далабазар» жалпы орта мектебінің
11-«А» сынып оқушысы: Ирисматова Захро Жамаловна
Тәуелсіздік деп аталмыш осы ұлы сөздің төңірегінде терең мағына жатыр. Әрқашан тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды естігенде еріксіз көз алдымызға көкте желбіреп тұрған теңсіз туымыз, еңсемізді көтеретін елтаңбамыз, алтынға тең сөздерден көрініс тапқан әнұранымыз, бейбіт, аспаны ашық, жастары талантты еліміз келеді. Тәуелсіздік былайша айтқанда 1941 жылы ащы соғыс пен келіп, 1945 жылы халықтың қуанышы мен бақытты өмірінің себепшісі болған тәтті жеңіс. Сол кезде оттан да ыстық Отанын жаудан қорғау мақсатында жанын пида еткен Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асаханова, Сабира Мұхаммеджанова, Мәншүк Мәметова, Алия Молдағұлова секілді Отандастарымызды мақтаныш пен еске аламыз!
Бейбітшілік орнаған бұл асыл мекеннің негізін қалаушы жандар айтуға сөзің жетпейтін ардақты ата-бабаларымыз, жастық шағында қыршыннан қиылған, еш ойланбай соғыс алаңына түскен аға-әпкелеріміз, ақ батасын аямаған ақ жаулықты әжелеріміз! Сондай жандардың тынымсыз тер төккендігінің, үлкен майданда қанға белшесінен батып соғысқандығының, ертең біздің жастарымыздың армандары еріксіз орындалуы тиіс деп күрескендерінің арқасында- осындай болашағы жарқын, тілі мен мәдениеті салт-дәстүрі, ұштасқан, өздеріне тән ережесі, заңдары мен қатар құқықтары бар демократиялық мемлекетке жетіп отырмыз. Әрине бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Отандастарымыз болса, Ұлы Отан Соғысында еңсесін түсірмей, намысты қолдан бермей, сабырлық танытып, санасының қаншалықты биік екендігін дәлелдеді! Міне биыл рухы асқақ, тұғыры биік егемендігімізге 30 жыл толып отыр! Тарихты білмей жатып, болашаққа қадам жоқ демекші - біз осы сынақтарға толы кезеңнен сабақ ала отырып, дұшпандарына ойланбастан тойтарыс бере алған, есімдері тарих беттерінде және біздің жадымызда мәңгі сақталып қалатын сонымен қатар әрдайым есімізге алғанда мақтанатындай азамат пен азаматша болып өсуге тиіспіз!
Ендігі мақсатымыз - бізге беріліп отырған мүмкіндіктерді дұрыс жолда пайдаланып, білім алып, бойымызға адалдық, сенімділік, адамгершілік сынды қасиеттерді сіңіріп, көк туымызды бұдан да биік белестерден көрсету. Қазақстан Республикасын әр жағынан дамытып, өзімізді түрлі қырымыздан танытып, бізден кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі боларлықтай дәрежеде өмір сүруіміз керек. Біздей жастарға сарқылмас сенімін, рухани терең мағынаға ие ақылы мен кеңесін мәңгілік мұра етіп тастап кеткен жандардың ұрпағымыз деуге тұрарлықтай болуыз өте маңызды! Себебі Мағжан Жұмабаев атамыздың “Мен жастарға сенемін”, Мұқали Мақатаев атамыздың “Болады деп арманда” атты өлең жолдарында да олардың үлкен үміті, таудай талабы, сарқылмас сенімі көрініс тапқан. Көк туымыздың көкте желбіреуі, елтаңбамыздың елге елеулі болуы, ал әнұранымыздың тек біздің елде ғана емес өзге мемлекеттерде де мақтаныш пен айтылып тұруы біз үшін үлкен абырой, мансап! Бір шаңырақтың астында айрандай ұйып отырған халқымызды тек жақсы жағынан көру, жетістіктеріне қуану барлығымыздың асыл арманымыз. Сол арманға бірге құлшыныс жасайық, бір ел болып бір-бірімізді барынша қолдайық! Себебі ел болашағының баянды болмағы басты білім мен тәрбиеде! Ал терең білім тәуелсіздіктің тірегі. Біздің бүгінде алып жатқан шексіз біліміміз-келешегі кемел мемлекет болуымызға өз септігін тигізеді.
Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов сынды ата-бабаларымыздан үлгі, өнеге ала отырып, олардың ізін жалғастыру біздің парызымыз! Өркениетімізді білімді жастарға толтыру, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіну, елге пайда әкелетіндей еңбек ету әр адамзат баласының алдына қойған үлкен мақсаты. Бүгінде әр біріміздің мақсатымыз айқын. Ал оған апаратын есіктер айқара ашық. Біз қашанда елбасыымыздың Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында деген ұранына сүйеніп өмір сүреміз! Өз еліміздің, жеріміздің, дархан даламыздың даңқын көкке көтереміз. Берекелі де, мерекелі ел екендігімізді Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл әлемге паш етеміз! Басқа елдерден көрініс алатындай емес, бәлкім олар бізден үлгі алатындай дәрежеге жетеміз. Жас ұрпақтың бойына жақсылық, әдептілік сонымен қатар мәдениеттілік сияқты баға жетпес құнды қасиеттерді құйып барамыз. Салт-дәстүрлерімізге, рухани байлықтарымызға, тілімізге және ең бастысы дінімізге Отанымызға адал болып өсеміз! Өткенің болмай, болашағың жоқ демекші-өткеніміз қайғы мен мұңға толы болсада, еске алғанда одан бір ғибрат боларлықтай дүниені ала отырып, баянды да бақытты болашаққа қадам басамыз. Көп жылдар бойы ата-бабаларымыз аңсап күткен жемісті болашақтың кілті біздің қолымызда. Оғанда бір күн жетеміз! Туымызда биік белестерді құшқан қыран құсы қалай бейнеленсе, біз одан да жоғары ұшатын, үлкен шыңдарды әп сәтте бағындырып жіберетін боламыз.
Болашақта әр қайсысымыз әр түрлі салада жұмыс жасап, өз мамандығымыздың шебер майталмандары екендігімізді дәлелдейміз. Технология, білім-ғылым тоқтаусыз дамып жатқан мына босқа қол құсырып отырмаймыз. Керісінше осы заман мен бірге өсеміз-өнеміз. Еркін, тәуелсіз мемлекетте ғұмыр кешіп жатқан екенбіз, мүмкіндіктерден қапы қалмай, алға ұмтыла береміз. Осындай есіңе алсаң көңіл қуантарлықтай, көпке үлгі боларлықтай ата-бабаларымыз, аға-әпкелеріміз және солардың қатарынан ерекше орын алған әжелеріміз бен аналарымыздың өсиетін жерге таптамай, оны темірдей тәрбиеміз, имандылығымыз және бойымызды кернеп тұрған теңіздей терең біліміміз арқылы айқындап береміз. Тәуелсіз, бейбіт, қарасаң көз тоярлықтай көркем елдің алтын кілтін қолымызға ұстатып кеткен Отандастарымыздың үлкен үміті заманда н міндетті түрде ақтаймыз! Ол жанашыр жандарға басымыз жерге тигенше тағызым етуден талмаймыз!