Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 21 сағат бұрын)
Тәуелсіздік – ата - бабам аңсаған
Тақырыбы: Тәуелсіздік – ата - бабам аңсаған
Мақсаты: 1. Оқушыларға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресі мен ғасырлар бойы басынан өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы қиын жылдары елінің азаттығын, еркіндікті аңсаған ұлт зиялыларына тоқталу. Тәуелсіз Қазақстанның 28 жыл ішіндегі қол жеткен жетістіктерімен таныстыру.
2. Қаншама құрбандықпен қол жеткен тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білуге тәрбиелеу, Қазақстанның келешегі үшін аянбай еңбек етуге шақыру.
3. Оқушылар бойында отансүйгіштік - патриоттық сезімдерін тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақстан республикасының картасы, Еліміздің туы, Елтаңбасы мен Әнұраны, Отан, туған жер туралы нақыл сөздер, буклеттер.
Техникалық құрал: мультимедиалық қондырғы.

Барысы:
Мұғалім: Бүгінгі тәрбие сағатымыз Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесіне арналады. 1991 ж. 16 желтоқсанда Тәуелсіздік Декларациясы қабылданып, Қазақстан өзін тәуелсіз ел ретінде жариялады. «Тәуелсіздік – ата - бабам аңсаған» атты тәрбие сағатымыз халқымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы ерлік күресі мен қазіргі Қазақстанның жетістіктеріне арналады. Тәрбие сағатымызды төмендегі жоспар бойынша жүргіземіз:
1. Кіріспе.
Тәуелсіз ел - Қазақстан.
2. Тәуелсіздік жолында күрескен тұлғалар.
3. Тарихи оқиғалар тізбесі.
4. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қол жеткізген жетістіктер.
5. Қорытынды.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ – нағыз батыр халық екенін мойындайсың. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшіп - қонып өмір сүрген ата - бабаларымыз үш нәрсені бойтұмардай сақтап қадірлеген. Ол ел мен жер және ана тілі. Қандай халық болмасын осы үшеуінсіз егемен ел екенін дәлелдей алмайсың. Ал енді біз халқымыздың сан ғасырлар күресіп армандап жеткен Тәуелсіздік жолын жырлайық.
1 - жүргізуші:
Армысыздар, Отандастар!
2 - жүргізуші:
Қайырлы күн, қымбатты қонақтар, ұстаздар, ата - аналар, оқушылар!
1 - жүргізуші:
Еліміздің тәуелсіздік алуы - халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді. Ол - баршамыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың тәуелсіздігі.
2 - жүргізуші:
Шаттық нұры шашылып зеңбіректен
Шуағын күн төгнді енді көктен.
Шылбыр үзді даланың арғымағы,
Тәуелсіздік жалауын желбіреткен.
Дүбір қосып өзіңдей сәйгүлікке
Ақ боз аттың алдынан жанды үміт те.
Ту ғып ұстап аңсаған азаттықты,
Қазақстан бет алды мәңгілікке!

1 - оқушы. М. Шаханов « Төрт ана»
«Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға,
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Демеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері - түп қазығы айбыны,
Туған тілі - сарқылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт - санасы, тірегі
Қадамына шуақ шашар үнемі
Және туған тарихы.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да
Құдіреті жоқ төрт анаға тең келер,
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайды қалмаған.
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана - тағдырымның тынысы.
Төрт ана үшін болған күрес - тердің ұлысы!»

2 - жүргізуші:
Тәуелсіздік ата - бабам аңсаған
Жете алмай құрбан болды қанша адам.
1 - жүргізуші: Қазақ халқы азаттық үшін талай қиындықты бастан кешірді. Бірақ ешқашан мойымады, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сенді. Енді осы кейбір оқиғаларды еске түсіріп өтейік.

1 - көрініс.
Жоңғар хан ордасы. Хан тақта отыр.
Уәзір: «Тақсыр! Қазақтар келіп тұр»
Хан: «Кірсін!»
«Иә, қазақтар! Неменеге келдіңдер? Айтататындарыңды айтыңдар да, елдеріңе қайтыңдар!»
Қазыбек: «Біз – қазақ деген елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт - береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Сен қалмақ та, біз қазақ табысқалы келгенбіз. Сен темір де біз көмір еріткелі келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұратын жеріңді айт»
Хан: «Балам, атың кім?»
Қазыбек би: «Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек, ұлтым – қазақ, руым – Қаракесек»
Хан: «Ендеше, даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, есімің қаз дауысты Қазыбек боп қайта жаңғырсын»

1 - жүргізуші: Иә, қазақ халқының басынан небір қилы заман өтті. Тарихта аты шулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қаралы атқа ие болған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратып кетті.
2 - жүргізуші: 1837 - 1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт - азаттық көтеріліс.
1836 - 1838 жылдардағы Ішкі Бөкей ордасындағы Исатай Тайманұлы бастаған ұлт - азаттық көтеріліс. Бұл көтеріліс Ресей патша үкіметіне қарсы бағытталды. Қазақ шаруаларының жерлерін тартып алып, орыс шаруаларына үлестіріп берген олар халықтың ашу - ызасын тудырды. Исатайдың серігі, ақын Махамбет Өтемісұлы өз жырларын осы тақырыпқа арнады.
Махамбеттің өлеңінен үзінді. «Мен, мен едім, мен едім...» Оқитын Б. Нұрсұлтан.
«Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім,
Қай қазақтан кем едім,
Бір қазақпен тең едім.
Өздеріңдей хандардың
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім
Еділдің бойы ен тоғай
Ел қондырсам деп едім
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім»
1 - жүргізуші: 1917 ж. бастап қазақ елі кеңес елінің құрамында болды. 1925 - 1933ж. ж. Голощекин Қазақстанда әлі революция болмаған деп, «Кіші Октябрь» саясатын жүргізді. Елді аштық тығырына тіреп негізгі күн көрісі мал болған қазақтар екі - үш жылда малдарынан түгел айрылып, Қазақстанда тұратын 2 млн. қазақ аштықтан қырылды.
2 - жүргізуші: 1937ж. асыра сілтеудің кесірі – біздің қазақ әдебиетінде жайқалып келе жатқан жас теректердің тамырын қиды. (Қуғын - сүргінге ұшыраған ақын - жазушылардың портреттері)
1 - жүргізуші: Ақтаңдақ жылдардағы «қазақ» деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді.
2 - жүргізуші: Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Бет - бағдарын бақиға бұрғандарым.
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандары.
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Кеудемдегі қолаңтаны қоздатқаның
Тұншықса да, түрмеде тозбапты әнім.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан
Жалтақтатып кете барған боздақтарын.

Тәуелсіздік – ата-бабам аңсаған жүктеу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама