Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тәйбек

21-інші жылдың қысы еді.

Уездік оқу бөлімінің жұмсауымен Тәйбек Көксу елін аралап, мектептерді тексеріп қайтуға шықты. Жеккен аты арық, шабан. Құр епсіз жайдақ шанаға төсек-орнын, кітап салған қоржынын ептеп орналастырып, нәрсенің үстіне Тәйбек шоқшиып қана отырды. Үстінде сеңсеңнен істелген ұзын сары тоны бар, аяғында өкшесі қисайған орыс етік. Жаңа кезінде тәп-тәуір етік болса да, бұл күнде сәні кеткен. Қисайған өкшесінің ырсиып шекесі шығып тұр, екі жақ ұрты жамау салып тарамыспен құрмен жамалған... Басында ескі құлақшын, мойны жалаңаш. Қаладан шықпай жатып-ақ аузы-басы тоңып, берекесі кете бастады.

Ат иесі бүкіштеу келген тапал бойлы кісі. Үстінде шидем күпісі бар, басында милықтандыра киген сеңсең тымақ. Жайдақ шананың алқымындағы қуысқа кептеле отырған. Дүние айналып кетсе де осы отырысын өзгертетін емес. Аты шабан. Шабан атын айдамай одан жаман ілбітеді. Жол үстіндегі жүргіншілердің қарсы келе жатқаны болса, қара көрім жерден-ақ ат ылби бастап, жақындаған соң таза тоқтап алады. Қарсы келген жүргінші өтіп кеткен соң барып, ат ептеп қана қозғалады. Аттың өзі қозғалмай тұрып, иесінің айдаумен жұмысы жоқ.

Күн бұлт, сұрғылт. Азырақ желдің екпіні бар. Қар жұқа. Қардың астыңғы жағы мұз болғанмен, бетінде түндегі жауған ұлпа қар бар. Кейде жел ысқырыңқырап соғып кетсе, ұлпа қар бұрқырап ала жөнеледі. Ысырмамен жол табанын басып, гүрілдек қылып тастаған...

Қаладан ұзап шыққан соң, бір белестің басына асып тоқтатып, көшір сүйретіліп шанадан түсті. Үстіне жиналған қарын қақты. Атының жанына барып, сырттығын, тамақ бауын ұстап қарап, қолғабымен аттың көзін уқалады. Атқа кейіді ме, күннің борасын бола бастағанына кейіді ме, әлде жаман шанасының артында тарбиып келе жатқан, "үстіріктерге"1 кейіді ме — әйтеуір атын сипалап жатып бірдеме деп күңкілдеді.

Ұйытқыған жел алқымынан, жеңінен, етегінен гулеп кіріп, денесі мұздап, қалтырап, Тәйбектің де мазасы кетіп келе жатыр еді. Оның үстіне жыртық етіктен аяғы тоңып, ашып, мүлде берекесін кетірді. Ысқырған желге, мыртыңдап аяғын баса алмай келе жатқан көк атқа, жарбиып отырып алып атын айдамайтын көшірге — бәріне де Тәйбек ашу көзімен қарайды. Осы суықта азапқа салып жүрген көк ат пен осы жаман тымақты кісі секілденді. Аяғын баспайтын атты сылап-сипағанға мүлде ашуы келді. Мұндай арам өлгірді бауыздап тастаса қайтеді екен? деп те ойлады...

— Бала, қалай, аяғың тоңбай ма? — деді ат иесі шанаға жақын келіп. Бет ажарында күлімсірегендігі білінді. Тәйбек ішінен ызаланып отырғандықтан, мазақ қылып сұраған сияқтанғандыққа, жауап бермей қырын қарады.

— Аяғың тоңса, мына жабуға орасаң қайтеді? — деді. Тәйбек еріксіз бұрылып қарады. Қырық құрау-шоқпыт жабу екен. Баттасқан кір. Бірақ, жылылыққа сеп болуында сөз жоқ. Секиген аяқты Тәйбек жабуға тыға бастады. Ораған соң-ақ аяғы жылынуға бет алған секілденді...

Көк ат бір аяңдайды, бір бүлкілдеп жортқан болады. Жорытқанынан аяңы өнімді секілді. Қаладан шыққандарына едәуір уақыт болды. Әлі он шақырымнан артық жүрген жоқ. Аспандағы бұлт ала шабырттана бастап, күн сықсиып қарағандай болды, бесіннен төмен түсіп кеткен екен.

— Отағасы, бүгін қайда жетіп қонамыз? — деді Тәйбек.

— Біздің ауылға жетерміз.

— Бұдан қанша жер?

— Енді 15 шақырым болар...

Көшір ыққа қарай қырындаңқырап отырып, көзінің қиығымен Тәйбекті бір шолып өтті.

— Шырағым, қай ауылдың баласы боласың?

— Тасоба болысынікімін.

— Бұл жаққа нендей жұмыспен шықтың?

— Үшкөл аралаймын.

— "Үстіріктер" екенсің ғой, — деп көшір күрсінді. Көк атты бірер шаужайлап қойып, тағы әңгімеге кірді:— Текке бара жатырсың ғой, үшкөл таба алар ма екенсің,— деді.

— Неге?

— Ел осы күні бала оқытарлық болып отырған жоқ қой. Елдің қайғысы оқу емес. Тамақ болып отыр. Ел ашыға бастады. Азық жоқ. Әсіресе кедейлердің күні қараң. Тамақ іздеп босып кеткен үйлер толып жатыр... Елге таман жақындаған соң шұбырған адамдарды көрерсің, соның бәрі тілек тілеп жүргендер...

Көшір сөзшең екен, бір бастап алған соң елдің күйін қалдырмастан айтты.

— Елде күй жоқ. Оның үстіне елге осы ылау да мықты жүк болып отыр. Ылауды кезекпен тартамыз. Ауылнай қол астындағы үйдің бай мен жарлысы бірдей. Ауылнай да бір ит, кісінің әліне қарай зорламайды, осы жалғыз мәстегімізді күн ара жегеміз де тұрамыз!.. — деді.

"Соның бәрі осы сендердің ылаңдарың ғой," — дегендей Тәйбекке ала көзімен қарап алды. Азырақ ойға шомғандай болып отырды да, тағы бастады:

— Үкіметтің жұмысы болған соң бас тартпаймыз ғой. Бірақ ретсіз жері де жоқ емес... Жақын арада Адам ау жағының бір мелетсесі осы қаладан қайтты. Қасында орыстың бір маржасы бар. Қатыным деп отырды, өтірік-шынын кім білсін... Апырмай, сол жігіттің бергені-ай!.. Ылау кезегі сол күні менікі екен. Осы шанамды жегіп бара қалдым. Домалақтап буып тастаған толып жатқан бір нәрсе. Тией келе осы шанам бетімен бірдей болды... Толып жатқан нәрсе тиеген соң, оның үстіне үш кісі бірдей тиеле мінген соң, қақтығып жүрген көк ат жүре қойсын ба, қаладан шықпай-ақ аяңдауға кірісті. Әлгі жігіт мазамды алып қуырып барады. Алдамайсың деп түйіп-түйіп жібереді. Екі сөзінің бірі — "сволыш", боқтағаны шығар дедім... Маржасы да бір оңбаған неме екен, шыжбындап, былдырлап ол бір жағынан мазамды алып барады... Жолда өлтіріп кете ме деп те қорқып ем... Өлдім-талдым дегенде, ымырт жабыла ауылға жеттім. Көк атты төпей-төпей екі қолым қарысып қалған екен, шанадан түскенде бірақ білдім... Үйге кірісімен қазы, қартасы деп әлек салды. Апырмау, адамның жындысы бола береді екен ғой... жоқ дегенге нанбай, мылтығының құлағын ашып жүріп, төрт-бес үйіміздің шошаласын тегіс тінтіп шықты... Шай құйып бердік. Жатарда керует тауып бер деп тағы әлек салды. Ана маржасы жерге жата алмаймын деді білем...

Көшір ауыр күрсінді. Аяңдап келе жатқан көк атты ұрып, шаужайлап, бүлкілдетіп жортқызған болды. Аспан бұлты қайта түнеріп, жел күшейіп, борасынды бұрынғыдан үдете түсті. Ойпаң жерлерге иірілген қар жолды мүлде көмбе қылып, атты малтықтырып жүргізбеуге айналды...

Ат жабуға оранған соң, Тәйбек бұрынғыдан көрі жылыңқырап, ыққа қарап бұйығып отырды. Ықтасындағы ұйытқыған қар қойын-қонышына кіріп, әрі-беріден соң су болып еріп жатқан секілді. Тонының жағасы, құлақшынының жақтауы мұз болып сауыстана бастаған...

Көшір жайласып отырып тағы әңгімесін бастады: Ел күйін пайдаланып, "топалаң кезінде той қылып" жатқанын; ел ішіндегі кеңес басындағы адамдардың елді сүйеу орнына өздері масыл болып жүргенін — бәрін де көз алдына елестетіп, суреттеп берді. Көшірдің әңгімесін тыңдап отырып Тәйбек өзін сол оқиғалардың ішінде отырған секілді сезді. Бұзықтардың жолсыз ісін көзімен көріп, жаны ренжіп отырған сияқты болды...

Күн батуға барып қалыпты. Ауылдың қарасы көрінбейді. Көк ат жүрісін бұрынғыдан бәсеңдетпесе, жамаған жоқ. Көшір ыққа қарап қыржиып, әлденені ойлап отыр. Жел екпіні бәсеңдеген жоқ, оқтын-оқтын соғып ұйытқытып қояды...

Тәйбек азырақ қозғалайын деп еді, тұла бойы тітіркеніп қоя берді. Ашылған жерін қымтап, ыққа қарап кайта мүлгіді. Ойы орағытып дүниені шолып отырып, қалжаурап, көзі ілінгенін сезбей қалды...

II

— Шырағым, келдік. Түсіңіз, — деген көшірдің дауысымен Тәйбек көзін ашып алды. Күн тастай қараңғы. Жел әлі ұйытқытып борап тұр. Шананың жаны күртік қар. Аттың алдыңғы жағында жылтыраған от көрінеді.

Шанадан түскенде Тәйбек қалтырап қоя берді. Тоңғандыкі ме, әлде ұйып қалған ба — аяғы бастыруға келмей қалыпты... Аласа ғана земенкеге кіріп келгенде көзі шырадай жанды. Зәменкенің іші бу, түтін. Ашаң жүзді келген сары әйел жүресінен отырып, пешке қаңылтырды өртеп жағып жатыр екен. Пештің кәрнезінде кесенің түбіне май құйып істеген пілте шам қалт-құлт етіп, дірілдеп жанып тұр. Жарығы әлсіз, үй-іші көмескі ғана көрінеді. Пешке арқасын сүйеп, қара көлеңкелеу жерде біреу отыр еді, жат кісі келгенін біткен соң, орнынан тұрып, тердің алдына бір ескі тулақты төсеген болды. Бойжеткен қыз екен. Аққұба келген ажарлы. Көзінің қиығымен Тәйбекке бір қарап өтті.

Шешініп отырған соң Тәйбек мүлде қалтырады. Орнында отыра алмай селкілдеді. Қыз бірдеме деп күбірлеп еді, шешесі бұрылып:

— Шырағым, қазақ баласымысың?—деді.

— Иә.

— Тоңып қалыпсың ғой. Мына пештің алдына келіп жылынасың ба? — деді.

Тәйбектің жауабын күтпей-ақ, жерде жатқан тезекті бірінің үстіне бірін қойып, Тәйбектің отырып жылынуына ыңғайлап үстел қылды. Отты көсеп, маздатып, ә дегенше Тәйбектің бетіне қан жүгірді, маңдайын тершіте бастады...

Үй иесі әйел отты жағып отырып, бір жағынан Тәйбектің кім екенін бейнелеп сұрап білді, екінші жағынан өзінің кім екенін де айтып үлгірді.

— Кемпір-шалмыз. Шалымыз Керейдегі нағашысына кетіп еді. Бала дегенде жалғыз қызымыз бар. Жөнді мал жоқ, бір-екі қараны қысқы азығымызға деп сойып алдық. Енді бір ат, бір сиырымыз қалды... Азық жетпей бастаса, оның қайсысын соятынымызды білмейміз!.. — деді.

Қонақ келгенін есітті ме, әлде жай қыдырыстары ма, кеш жарық деп бір-екі жігіт келді. Тәйбектен қала хабарын, қай жаққа бара жатқанын сұрады. Үшкөл аралаймын дегенін есіткенде, жігіттер езу тартып күлгендей болды:.. Қыздың аты Батсайы еді. Бай қызы болмаса да, кемпір-шалдың жалғыз қызы болған соң, еркелік қалпы бар. Мінезі ашық, аузына келген сөзін қаймықпай айтып салады.

— Біркей аға, домбыра алып өлең айтып жібересің бе, — деп Батсайы өтінгендік қалып білдірді.

Біркей деген екі жігіттің ішіндегі ұзын бойлысы. Селдірлеу мұрты бар. Қалпы қағілез, онша бәлденетін адамның түрі жоқ.

— Қарағым-ау, биылғы жылы өлеңді қайтпекшіміз?! - деп күлімсіреген болды.

— Қойшы, қашанғы езіле береміз, құдайдың бір жазғаны болар... мына қонақ та шаршап, жабығып келген шығар, көңілі көтерілсін, — деп Батсайы айтқызбай қоятын болмады.

Біркей домбыраны былытып, әнге басты. Ел ішіндегі әнпаз жыршының тап өзі болып шықты. Әні де, өлеңі де біртүрлі қайғылы түрде шығып тұрған тәрізді. Домбыраның безілдеген дауысы да әлдеқайдағы бір аяныш күйді көз алдыңа әкеліп елестеткен секілді болды.

"Кез болды мынау аштық, жалаңаштық,

Көрмеген мұндай күйді жаман састық.

Сор бар ма алдымызда, бақыт бар ма,

Әйтеуір бір кезеңге аяқ бастық!.." –

деп жырлайды Біркей.

Үй иесі әйел Қалампыр деген екен. Қалампыр бір жағынан өлеңді тыңдай отырып, қара құманға қайнатып шайын әзірледі. Сүттен істеген шайды салып, қап-қара қылып, бояудай езілдіріп кұйып берді. Шайдың сүті жоқ. Төрт бұрышты ғана кішкене дастархандары бар екен, Батсайы әкеліп жайып, уақ малтаны кісі басы біреуден тастады. Бұл шайға берген қанты еді. Тәйбек қонақ болған соң оған артығырақ сый көрсету керек қой, қуырған бидайдан бір уыс бидайды Қалампыр Тәйбектің алдына төкті.

— Шырағым, нан деген бізде болмайды. Бір-екі пұттай бидайымыз бар еді, оны да қуырумен тауысып келеміз, — деді.

Шай ішіп отырып шүйіркелескен әңгіме басталды. Қалампыр пештің алдына құрт езіп отырып, сөзге қатысып қояды.

— Осы сәбет жарылқайды дегенге төбеміз көкке жетеді. Басқасын қоя тұрып, бізге биыл азық беретін реті бар ма? — деп Біркей сұрау қойды. Дастарқанға шашылған бидайды тауық құсап теріп жеп отырып, Тәйбек жауап беруге кірісті:

— Кеңес үкіметі кедейді жарылқамайын деп жатқан жоқ, мұршасы келмей жатыр. Кешегі соғыстың салдарынан шаруашылық төмендеп кеткен, оның үстіне Кеңес үкіметі орнағалы ішкі жаумен алысумен келеді. Байлар, помещиктер — ақ сүйек тұқымдары күш қосып, Кеңес үкіметіне тұс-тұсынан ат қоюмен келеді. Кеңес үкіметін құлатып, ескі дәурендерін орнатуға жан таласты. Осының салдарынан үкімет ішкі жұмысына мойын бұра алмады. Бірақ мұның бәрі уақытша нәрсе. Күні ертең үкімет жауын жеңсе, шаруашылыққа белсеніп кіріскелі отыр. Үкімет болып, ел болып белсене кіріссе, шаруа сабасына түсіп, аз күн көрген кемтарлық өзі-ақ ұмыт болып кетеді...

— Айтқаның келсін, шырағым, тек солай болғай, да! —деп Қалампыр қолын жалап жатып күрсінді.

— Үкімет қараспайын деп жатқан жоқ екен, шамасынан келмей жатыр екен ғой!.. — деп Біркей бүге-шегесіне қанған адам секілденіп сөйлейді.

Алдындағы кесесін ішіп, төңкерді. Дастархандағы құрттың үгіндісін қолына қағып салып жеді: — Осылардың бізге болшевигі пайдалы ма, коменесі пайдалы ма? — деп Тәйбектің бетіне қарады.

Тәйбек күлімсіреп:

— Екеуі де пайдалы. Шынында екеуі бір, — деп жауап берді.

— Е, онысы қалай?..Біздің ауылнай большевикпін деп жүреді, бірақ коменес емес қой...

— Коменес болған адам большевиктен өзгеше болады деп түсінеміз бе?

Біркей күлімсіріңкіреп: — Коменестердің түрі өзгеше болса керек! — деді. Тәйбек бейнелеп түсіндіруге кірісті:

— Рас, сіздерге коменес құбыжық секілді көрінуі де мүмкін. Ел арасында ашылған партия ұясы жоқ, партия жолын түсіндіріп жүрген үгітші жоқ. Сондықтан сіздерге түсініксіз бола бермекші. Шынында кедей табынын қолын теңдікке жеткізіп отырған коменес партиясы. Коменес партиясының бастауымен Кеңес үкіметі құрылып отыр...

Коменес партиясы туралы Тәйбек көп сөйледі. Партияның қашан құрылғанын, қалай құрылғанын, партия коменестері кім екенін жеңіл тілмен түсіндіріп берді.

— Ленин деген сол кісі екен ғой! — деді Біркей.

— Сол кісі...

Қалампыр баста азырақ құлақ салса да, еш нәрсесіне түсіне алмады, шай ішіп болған ыңғайға құртын әзір қылды.

— Қонақ, шырағым, етіміз де аз еді, оның үстіне түн болып қалған соң аса қоймадым. Бар мәзіріміз, — деп үлкен қара аяққа құртты толтырып құйып, қатығына май салып, Тәйбектің алдына әкеліп қойды...

Тоңып, жүдеп келген адам, тамақ ішіп бойы жадыраған соң төсекке басы тиісімен қор етіп ұйқыға кетті...

III

— Қонақ, тұрыңыз! — деген дауысқа оянып, Тәйбек басын көтеріп алды. Батсайы қара құманды қайнатып, әзір қылып отыр екен. Үй іші қара күнгірт. Терезеден ысқырып соққан желдің дауысы естіледі. Терезе көзі сірескен қырау, көзінің кәбін қар басып, жарық сәулені жібермей тұрған сияқты. Тәйбек тұрған сәтте күннің жайсыз екендігін сезді.

— Күн боран ғой, сірә, — деп Батсайыға қарап еді, Батсайы күлімсіреп:

— Қанша асығыс болсаңыз да бүгін жүре алмассыз, күннің бораны сұрапыл!.. — деді.

Даладан Қалампыр кіріп еді, есік ашқанда кірген жел шекеден шыққандай болды.

— Апырмай, мұндайда күн болады екен, әрі көз ашқысыз боран, әрі үскірік, бетті қарып желге қаратпайды, — деп Қалампыр жаман кебісін біріне-бірін шақылдатып қақты...

Тәйбек жүре алмайтын болды. Шай ішкен соң Қалампыр көрші үйіне қыдырып кетті. Үйде Батсайы мен Тәйбек оңаша қалды. Батсайы пешке арқасын сүйеп, түбіт түтіп отыр. Тәйбек тонын жамылып, бір қағаздарын ақтарып, төрдің алдында қоқырайып отыр.

— Өлең кітабыңыз бар ма, — деді Батсайы.

— Жоқ... алып шыққан жоқ едім, хат танушы ма едіңіз?

— Азырақ оқыған болушы едім, оқитын кітап болмаған соң, қарайып та кеттім білем, — деп күлімсіреді. Тәйбек неге екенін өзі де сезбей, Батсайыға туралап қарады. Кешеден бері абайламаған екен, Батсайының түрін осы жерде анықтап көргендей болды. Мына түрімен Батсайы ел қыздарының қайсысынан болса да, асып түспесе, кем соқпас, — деп ойлады...

Батсайы басын көтеріп Тәйбекке тағы қарады да: — Үй салқын, тоңарсыз, пештің жанына келіп отырасыз ба?! — деді. Өзі бір жағына таман ысырылып, пештің ірге жақ қуысын Тәйбекке әзірлегендей болды.

Тәйбек әлде неге өзінен-өзі ұялған секілденді. Көптен бері селт етпей жабығып жүрген көңіл бірден көтеріле бастағандай болды. Ауыр тұрмыс, елге шыққалы есіткен аштық зары Тәйбектің ойынан өмірде кетпейтін секілді еді. Көңіл селт еткен сағатта аз уақытқа екінші бір түкпірге барып жасырынған сияқты болды... Батсайының шақырғанына күлімсіреген ажары жауап берді. Бұрқыраған қағаздарын жия салып, тонын сүйретіп келіп, Батсайыға қатарласа отырды.

— Сіз қағаздарыңызды тастап кеттіңіз ғой, — деп Батсайы тағы күлімсіреді.

— Қағазсыз да уақыт оздырамыз, сіз әңгіме айтарсыз.

— Мен не айтпақпын. Үйден бұра басып шықпаймын. Әңгімені ел кезіп жүрген сіздер айтуыңыз керек қой.

— Ендеше, сұрай қойыңыз, айтып көрейік...

— Маған лайықты дегенін өзіңіз сайлап алып айта беріңіз...

Екеуі әдемі әзілге кірді. Әзілдің қызығына түсіп Батсайы да жұмысын тоқтатты. Тәйбек қаланың тұрмысын, қаладағы болатын қызықтарды айтты.

— Қалаңның өзі қызық болады екен ғой!.. — деп Батсайы қаланың әңгімесін өте ынтамен тыңдады.

— Қызықсаңыз, барып көруіңізге болмай ма?

— Қалай барам?

— Ну... оқуға кіруге болады, — деп Тәйбек апалақтаңқырап жауап берді.

Батсайы азырақ ойланғандай болды да:

— Болмас! — деп күрсінді.

— Неге?.. Басыңыз байлаулы ма?

Батсайы Тәйбекке жалт қарап:

— Оны неліктен сұрадыңыз? — деп күлімсіреді.

— Әшейін... Білгім келгені ғой.

Батсайы көп қарайды. Батсайының күлімдеген көзі қараған сайын Тәйбектің ішіне от жаққан секілді болады. Баста жәй сөйлеп отырса да, Тәйбек арт жағынан өзгерейін деді. Тәйбектің аузына сөз түспей бастады. Сөйлегенде дауысы қалтыраған сияқтанды... Оқта-санда қозғалып қояды. Қозғалғандағы ойы — Батсайыға жақынырақ отыру. Батсайыға жақын отырған сайын жүрегі алып-ұшып, мазасы кетіп барады.

* * *

...Түн. Үйдің іші тастай қараңғы, дала боран, ысқырған, сарнаған ащы желдің дауысы құлаққа дәлме-дәл келеді. Тәйбекте ұйқы жоқ. Батсайы Тәйбекке жұмбақ болды. Жеңіл мінезді қыз ба екен, әлде өткірлігі ме екен?.. Бірталай сөйлесті. Епті жігіт болса, сол жерде-ақ сырын тартып қалуға болатын еді. Бірақ Тәйбек ондай емес қой...

Түні бойы дөңбекшігенде ойлағаны — бару, бармау туралы еді. Барудың несі айып, замандас адам, сөйлесермін, ұнамаса, орныма келіп жатармын, — деп ойлады...

Әжесінің күпісін айқара жамылып, Батсайы қаннен қаперсіз ұйықтап жатыр екен. Тәйбек жанында төніп бір сыпыра отырды. Көйлекшең дене тоңази бастады... Оятып көрейін деп қолын созып неше рет оқталса да, қолы дегеніне көнбейді, Батсайыға жақындай беріп, қолы кейін тартылып кетеді... Әлдене уақытта Батсайы аунап түсіп жатты. Аунап түскенде, жерде жатқан Тәйбектің оң қолы қолтығының астында қалды. Батсайы қымсынып оянып, сипалап жатып Тәйбектің қолына кездесті. Қол екенін білген соң шошынған адамдай басып көтеріп алды:

— Бұ кім? — деді.

— Мен...

— Мұныңыз қалай?

— Сізбен ашып сөйлесейін деп едім.

— Не айтпақшы едіңіз?

— Замандаспыз ғой...

— Замандастықты дәнекер қылып, мені қолға ала алмайсыз, ұйқыңыздан қалмай жата беріңіз, — деді.

Тәйбек тұжырылып бір қалды. Әйтсе де, есін жинап үлгірді білем, не айтқанын өзі де білмеді:

— Замандастықты айтқаным — тең көрсең, сұрайын деген бір нәрсе бар еді...

— Сұрап көр.

— Маған күйеуге шығасың ба? — дейін деп едім...

Батсайы тітіркеніп кеткендей болды ма, қозғалып қойды. Меңіреу түн албастыдай басып; қараңғылығы көзді тұндырып, сау көзді соқыр қылып, бірінің дидарын біріне көрсетпей керте болып тұр...

Аттай шапқан екеуінің жүрегінің дүрсілінен басқа еш бір дыбыс жоқ. Жүрек дүрсілдейді. Жүрек алып ұшып, ауызға тығылып барады...

Әлдене уақытта барып Батсайы:

— Тым тез айттыңыз! — деді.

— Неге?

— Көрмей-білмей жатып менің қандай адам екенімді білмейсіз. Сіздің кім екеніңізді мен де анық білмеймін...

Тәйбектің қолы өздігінен барып Батсайының қолын ұстады. Батсайының жұмсақ, нәзік саусақтары Тәйбектің уысына кірді. Екеуінің де денесіндегі ыстық жалын қол арқылы бойларына тараған секілді болды...

Тәйбек бала секілденіп кетті:

— Қалқам!.. Батсайы!.. Маған сен!.. Мен сені олжа қылғалы отырған жоқпын, мен өмірлік жолдас бол деп отырмын... Сенің мінезің, сенің сымбатың маған толық ұнады. Ұнау былай тұрсын, ішіме шоқ түсіре бастадың... Мен осы келгенде еріксіз келіп отырмын!.. — деді.

Батсайы қарыспады. Батсайы да бірдемелерді айтып еді, бірақ оған Тәйбек түсінген жоқ... Тәйбек жылжып жақындаумен болды... Тәйбек Батсайыны құшағына алып, қысып-қысып сүйді...

(Соңы табылмады).


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама