Тыңдаушы дағдыларын қалай жетілдіруге болады
Адамдарға ықпал етудің құпиясы сөйлей білуде емес, жақсы тыңдаушы бола білуде.
Дейл Карнеги
Жақсы әңгімелесуші болу үшін тыңдап үйрену қажет. Бұл кереғарлықты түсіндіру оңай: ең әуелі біз ойымыздағыны айтып қалуға тырысамыз, сондықтан, бізді тыңдауға құлық танытқан жалғыз-жарым кездесетін бір адам өте құнды болмақ. Әйгілі сөз орамын басқаша айтсақ, бізге екі құлақ, бірдеңе айтуға себеп табылмас бұрын тыңдау, үйрену және ақпарат жинау үшін берілген.
Жақсы тыңдаушалардың аз болу себебі, қарым-қатынас — дағдылардың ішіндегі ең қиыны. Өйткені, өз эгоңды басып, басқа кісінің проблемалары мен жан-дүниесіне зер салып, сабырлық таныту керек қой. Бұл іс жүзінде мүмкін емес сияқты. Десек те, сізге осы дағдыны игеріп алуға көмектесетін теориялар мен тәсілдер бар. Олар мыналар.
Төрт стиль
1971 жылы Ларри Баркер белсенді тыңдаудың төрт стилі теориясын ұсынып, оны 1995 жылы Китти Уотсон толықтырған болатын. Ол (теория) жақсы тыңдаушы болу үшін төрт стильдің бірін қолдану керек екенін айтады.
Адамдарға көңіл бөлген адам. Егер сіз бүкіл ынта-зейініңізді әңгімелесіп отырған адамға бөлсеңіз, оның қамын ойлайсыз. Басқа адамның өмірлік ұстанымы мен тарихын түсініп, оның әңгімелерін түсіну құралы ретінде пайдалану қажет. Ықыласыңыз оның эмоцияларына аусын.
Адам қызықты болса, оны тыңдау қиындық тудырмайды. Ол бұны сезіп, бар ынтасымен әңгімесін жалғастырады.
Мазмұнға көңіл бөлген адам. Сіз зейініңізді адамға емес, оның не айтқанына салуыңызға болады. Фактілерге, дәлелдерге зер салып, жай-жапсарын анықтап алуға тырысыңыз.
Не айтқыңыз келетіні туралы ойланбай, әңгімелесіп отырған кісінің айтқанын мұқият бағамдаңыз. Бұл дайындап қойған сөздеріңізді айтпау деген сөз емес, әңгімені айтылған нәрсенің өзегіне қарай құрыңыз деген сөз.
Іс-әрекетке көңіл бөлген адам. Диалог не істеуге үндеп отырғанына (айтқан ақылдары мен келесі қам-қарекетке) зейін қойыңыз.
Уақытқа көңіл бөлген адам. Әңгімелесіп отыруға қанша уақытыңызды жұмсай алатыныңызды анықтап алыңыз. Көп жағдайда, егер диалогтың қанша уақытқа созылатыны түсініксіз болса, тыңдау қиын болады. Біз күйгелектеніп, оңды әңгіме-дүкен орнына стресске бой алдырамыз. Егер бары-жоғы 30-40 минутыңыз болып тұрса — бұл сізге байыппен әңгімелесуіңізге мүмкіндік береді, егер 1-2 минутыңыз ғана болса, қысқа да нұсқа сөйлеуден басқа амалыңыз жоқ.
Тыңдаушының жаман әдеттері
Жақсы әңгімелесуші болу үшін не істемеу керек екенін ұғып алған дұрыс. Бұл тұрғыда үш амал бар.
Николс пен Стивенс 1957 жылы жаман әдеттердің мына тізімін ұсынды:
1. Сөйлесіп отырған адамды сынап-мінеу.
2. Тек фактілерді тыңдау.
3. Мұқият тыңдап отырғандай болу.
4. Назарын басқаға аударып жіберетін факторлар тудыру.
5. Эмоциялық тұрғыда ширығып кеткендіктен, айтылғанның бәрін шегеріп-шектеу.
6. Әңгімелесушінің сөздері мен ойларының жылдамдығы жайлы ойлану.
Робертсон 1994 жылы өзінің нұсқасын ұсынды:
1. Тақырыпқа қызығушылық танытпау.
2. Ынтаны тақырыпқа емес, адамға таныту.
3. Сөзін бөле беру.
4. Жалпы жағдайға емес, детальдарға зейін кою.
5. Қызықпаушылықты білдіретін дене тілі.
Оқуға кеңес береміз:
Вербалды ым нені білдіруі мүмкін?
Жоғарыда аталған Баркер мен Уотсон тыңдаушының мынандай тізімін жасады:
1. Сөзді бөле беру.
2. Әңгімелесуші адамға қарамау.
3. Басқа нәрселерге көңіл аудара беру.
4. Әңгімелесушінің айтып отырған сөйлемдерін аяқтау.
5. «Иә, бірақ…» деп отыру.
6. Өте көп сұрақ қою.
Осы үш тізімдегі сәйкестіктерді атап өтуге болады. Негізгі қырларына мыналар жатады: әңгімелесушіні сыйламау, детальдарға жабысып қалу және қарапайым сыпайылықтың жоқтығы.
Егер қателіктердің көбі сізге тән болса, оларды кезек-кезегімен жоқ қылуға тырысыңыз. Әңгімелесушінің сөзін бөлмеуден бастаңыз, сосын визуалды контакт пен дене тіліне зейін қойыңыз.
Белсенді тыңдау
Белсенді тыңдау үшін сіз, басқа адамды ынталандыра және сәйкесті дене тілін пайдалана отырып, сөйлеуіне мүмкіндік беруге тиіссіз. Әсіресе, әңгімелесуші өзіне сенімсіз болған кезде. Ынталандыру зеріктіріп жіберетін әңгімені өте қызықты әңгімеге айналдырып жібере алады.
Қайталау. Естігеніңіз сізден қайтып барса, сіз әңгімелесушінің айтқанының бәрін естігеніңізді көрсетесіз. Дене тілі арқылы жағдайға сәйкес келетін эмоцияларға бөленіңіз.
Тоталды тыңдау. Роджерс пен Фарсон (1979) белсенді тыңдауды «адамдарды өзгертудің ең жақсы тәсілі» деп сипаттайды. Олар оның үш түрін қолдануға кеңес береді:
— Жалпы мән-мағынасын тыңдау: әңгіме тақырыбы мен әңгілесушінің эмоцияларын бақылау.
— Сезімдеріне жауап қату: кейде хабарламаның нағыз мәні — айқын көрініп тұрған эмоция.
— Берілген сигналдарға зейін қою. Дене тілі көп жағдайда сөздерден де артық айтады.
Қорытынды шығару. Кері байланыс әңгімелесушіге оны дұрыс түсінгеніңізді білдіреді. Диалог кезінде бірнеше рет оның сөздерінің қорытындысын шығарыңыз.
Сыйлайтыныңызды көрсету. Роджерс пен Фарсон айтқандай: «Сыйлаушылық белсенді тыңдаудан және диалогқа толықтай қатысудан байқалады».
Сәттілік жолдас болсын!
Оқуға кеңес береміз:
Өтірікті дауыстан танудың 5 түрлі әдісі
Шындық пен өтірік: Қалай ажыратуға болады?