- 07 жел. 2019 00:00
- 179
Тыртықтың сыры
Дырдан ең соңғы партада отырады. Былтырғы мекені де осы еді, класта қалып қойған соң биыл да өзінің сүйікті орнына қайта ие болды. Биылғы оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылмастан бұрын дәл осы орында Сапар дейтін бала отыр еді, Дырдан:
— Әй, бала, жалпимай, жоғалт көзіңді бұл жерден, — деп қоңқ етті.
— Неге? — деді Сапар жұлып алғандай.
— Неге-негеде шаруаң болмасын. Бұл орын мына ағаңдікі, көтер өкшеңді.
Сапар орынды босатқанда, Дырдан қайыс баулы қара сөмкені партаның үстіне былш еткізіп бір ұрды да, отыра кетті.
Бұл қара сөмкенің көрмеген қорлығы жоқ. Мойынға асып жүруге ыңғайлы деп, Дырдан үйіндегі тулақтан тіліп алып, бау таққан. Кілтін жоғалтып, құлпысын бұзған.
Ал бір нәрсе аларда, саларда тырсиып тұрған сөмке зорға ашылады. Сабақ біткенде Дырдан балалардың ең соңынан қалады, өйткені сөмкені жабу бір қиямет. Бір шегемен ары-бері түртіп, әрең дегенде жабады.
Дырдан ешқандай өзгермеген. Сол қара сөмке, сол дөрекі мінез, пышылдаған таңқы мұрын. Айтпақшы, бір жаңалығы — шекесіне жаңа туған айдай боп түскен тыртық.
Биылғы жаңа жолдастары бұл тыртықтың мәнісін сұрағанда, ол:
— Біздің бас не көрмеді дейсің, бауырым. Сен менің көргенімнің бірін де көрген жоқсың... Бұл тыртықтың тарихын айтсам, сендер талып қаласыңдар. Түн шырттай қараңғы еді, колхоздың қауынына кеп кірдім. Дорбаға үш қауынды салғаным сол екен, мылтық тарс ете түсті. «Өлді деген осы» деп, тұра кеп қаштым. Сөйтсем, әлгі қарауыл шал мені сезіп қалыпты. Зытып келем, ол қуып келеді. Бір кезде оңқа-шоңқамнан түстім. Қарауыл шал «Ә, бәтшағар, бәтшағар» деп, жанымнан зу етіп өте шықты. Үйге келіп қарасам, дәл шекемді шөгір жырып кетіпті.
— Өзің тіпті ұры екенсің ғой, — деді Сапар кекете сөйлеп.
— Бұл ұрлық емес, сиыр ұрлағанды ұрлық дейді. Қауын ұрлау ұрлыққа жатпайды, — деп далбасалады Дырдан, бекер айттым-ау деген кейіппен. Қоңырау соғылып, мұғалім келгенде Дырдан тапырақтап барып орнына отырды. Апыл-ғұпыл, тырсиған қара сөмкені ала салып, бүйірден бір пергенде, мұқабасы сия-сия, мұжылған кітап ұшып түсті.
— Әй, Дырдан, Дырдан, биыл қалай оқыр екенсің?..