Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Төрт толғау (І нұсқа)

Тоқаның қартайған шағында ел-жұртқа қадірлі болып танылған Жалмағамбет дейтін үлкен ұлы қырық алты жасында дүние салыпты. Сол жылдың қары қалың түсіп, көктемде Жалмағамбеттің бейіті су астында қалса керек. Бұған Тоқаң қатты күйініп, ұлының сүйегін қайтадан дөңес жерге қоюды ниет етсе, ауылдың молдасымақ діндар адамдары: «Жаназа шығарарда «Аманат!» деп жерленбеген мұсылман баласының мүрдесін қазу күпірлік, кітап сөзінде орнынан қозғалған пенде о дүниеде бейіштің қарасын көре алмақ емес», — деп наразылық білдіріпті.

Тоқаның әйгілі «Төрт толғау» дейтін күйі осы бір қасірет шектірген оқиғаға орай шыққан. Жай шықпаған, көкірекке кептелген шер тарқамай, қайта-қайта толқи лықсып, төрт күй болып шыққан. Ер жетіп, елге қадірлі болған баласының өлімі — бір қайғы, төңірегіндегі күйреп қалған ет жақындарының қасірет шегуі — екінші қайғы, күтпеген жерден Жалмағамбеттің деген топырағының суға қарық болуы — үшінші қайғы... Қысқасы, әрбір күйзеліс сәтінде Тоқа домбырасына ғана мұңын шағып, домбырадан ғана күйзелген жанына жәрдем тілеп, «Төрт толғау» атты тізбекті күйін дүниеге әкелген. Бұл күй өз ішінде «Естірту», «Арнау», «Ана жүрегі», «Немере зары» деген бөлек-бөлек атауларымен белгілі.

Осы жолы қожа-молданың қарсылық жасағанына қарамай, Тоқа Жалмағамбеттің сүйегін дөңес жерге қайта жерлеткен. Өзінің жанын түсінетін ел азаматтарына арқа сүйеп, соларға жүрек азабын шағым еткендей, сауға сұрағандай: «Дүниенің тұтқасы «Аманат» деген жалғыз ауыз сөзде тұрса, қылша мойным талша, көтердім бәрін де. Болмаса көктем шыққан сайын баламның су астында қалғанын көріп, пенде болып отырмай-ақ қояйын... Уа, ағайын, Жалмағамбетімнің басына барыңдар... жерді жырып су ағызыңдар... бесікшесін қайта ашыңдар... өлгеніне көнгенде, өзгесіне көнбейтін несі қалды, егер Жалмағамбетімнің денесі бұзылмаса, маған сүйінші сұрап хабар беріңдер!» — деген екен.

Қыста жерлеген мәйіт бұзылмайды ғой, ұйықтағандай болып жатқан Жалмағамбетті Тоқа мен бәйбішесі Көрік келіп көреді. Сол жерде Көрік дауыс салып, былай деп жоқтау айтыпты дейді:

Айналайын Құдай-ау!
Қапалық салдың басыма,
Толтырып көзді жасыма,
Боздағымнан айырып,
Қабырғамды майырып,
Қамалдым қайғы қосына,
Көресім менің осы ма!

Қара бір таудың алқымы-ай,
Болғанда қаңтар салқыны-ай,
Жаннатқа жаның қонсын деп,
Жатағың жайлы болсын деп,
Жауып ед торқа топырақ.
Жылаулы болған халқың-ай!

Құданың ісі жөн болар,
Жылаусыз күнім кем болар,
Наурыздың туған айында
Сел ағып сала-сайында,
Жамбасыңа су тисе,
Көкірегіме шер толар!

Бұл істі салса Құдайым,
Ақсарбас тағы сояйын,
Көзімді жаспен ояйын,
Ағарған шашты жаяйын.
Торқа деп қойған жеріңнің,
Топан су алса маңайын
Қалай да ғана шыдайын!

Осы жоқтау өзінің ерекше сазды, мұңды сарынымен күні бүгінге дейін ел арасында айтылады. Көз көрген қарттардың айтуында, Тоқаның ақындық шалымы да ешкімнен кем болмаған. Жаңағы жоқтау мен оның мұңды сарынын бәйбішесіне Тоқаның өзі шығарып беріп еді деген сөз бар.

«Төрт толғау» күйінің соңғы «Немере зары» деген бөлігі Тоқаның немересі, Жалмағамбеттің баласы Хамитке қатысты. Сол кезде Хамиттің есі кіріп қалған кезі екен, әкесінің суық тәнін мүрдеден шығарып, қайта жерлерде «көкелеп!» өліктің үстіне құлап, үлкен-кішінің сай сүйегін сырқыратып еді дейді. Бұған Тоқа да бейтарап қарай алмай, кейін «Немере зары» деп атап күй толғаған.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама