- 16 нау. 2023 00:00
- 210
Уақыт және мен
Уақыт - біздің өміріміздің құнды бір байлығы және біздің өтіп жатқан өміріміз. Адамзат уақытты ешқашан тоқтата, не кері қайтара алмайды. Уақыт адамға емес, адам уақытқа тәуелді. Мен уақыттан, уақыт менен ажырай алмайды. Біз жарық дүниеге келгеннен бастап өмірімізбен уақытымыздың жарысы басталады. Басқа жаратылыстарды айтпағанда, адамзат өмір мен уақытқа тәуелді екеніне талас жоқ.
Уақыт адам өмірінде, жалпы мына өмірде тез өтетінін мүлдем байқамаймыз. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі де осы десем қателеспеймін. Біз босқа өткен уақытымызды ешқашан қайтара алмаймыз. Сондықтан қазіргі күнмен өмір сүріп, уақытымызды тиімді пайдалануға тырысуымыз қажет. Пайдасы жоқ істермен өз санасын улап, уақытын бос істерге құртқан адам, бұл өмірде ұтылған адам. Жүсіп Баласұғын айтқандай: «Бұл өмірді беріпті ғой азапқа – қызық қуып, бос өткізіп азайтпа», деген нақыл сөзі осыған дәлел.
Адам өмірі қамшының сабындай қысқа ғана. Әр күніңді, уақытыңның әр сағатын бағалай білгенің, мәнді өмір сүргенің. Уақыт құнын бағалай білген адамға-қымбат сезілсе, бағаламаған адамға-арзан әрі мән-мағынасыз сезілетіні сөзсіз. Менің осы уақытқа дейін түйгенім, осы уақыттың қадірі. Есейген сайын уақыттың тезірек өтетінін байқаймыз. Қазіргі өзекті жаңалықтың бірі де осы. Соңғы кездері айдың апталап, аптаның күндеп өтіп жатқаны халықтың арасында алаңдаушылық тудыруда. Біреулер бұны дініміздегі қиямет күніменде байланыстырып жатыр. Айтуға оңай әрине, уақытты ұстап тұрар адам жоқ. Сондықтан мына өтіп жатқан өмір мен қайта келмейтін уақытты бағалай білу қажет.
Жастық шақта біз үшін уақыт өтпейтіндей, өмір таусылмайтындай көрінеді. Бұл алдамшы ойларға ермей, жастық шақтың күш қуаты бар кезде, әрқашан ізденісте, білім алуда, өзіңді дамытуда өткізуің өте маңызды. Уақытты өзіңнің пайдаңа жарат. Сол кезде өсесің, дамисың, армандарыңа жетесің.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.
Дінтану мамандығының 1-курс студенті
Керімжан Арайлым Даулеткелдіқызы
Тунгатова.У.А.