Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
ҰБТ-2018: Қалай өтеді? Биылғы өзгеріс қандай?

ҰБТ маусымның 20-сы мен шілденің бірі аралығында 15-ші рет өтеді. Тест тапсырмаларының былтырғы дау тудырған тұстары биыл жетілдіріліп, түзетілген.

ҰБТ алдындағы тыныштық

Түлектер мектеп бітіру емтихандарын тапсырып болды. Енді университетке түсу үшін ҰБТ-дан мүдірмей өту керек.

Былтыр Ұлттық тестілеу форматы өзгертілген болатын. Биыл барлығы сол қалпында қалып, тек "Алтын белгі" иегерлеріне қойылатын талап қана өзгеріпті.

Алдағы сынақта неге мән беру керек? Қандай мамандыққа грант көп бөлінеді? Осы мәселелерді бірге қарастырып көрейік.

Тесті ағылшын тілінде тапсыруға болады

Бұл – өз еркіңіздегі таңдау. Белгілі бір себептерге байланысты тестілеуге қатыса алмайтын болсаңыз, комиссия өзге топпен тапсыруға рұқсат береді.

Шекті балдан аса алмағандар ұлттық бірыңғай тестіні 2018 жылдың тамызында қайта тапсыра алады. Бірақ, грант аламын деп үміттенбесін.

Екінші рет тестілеуден өте алмай қалса да, түлектің университеттерде оқу мүмкіндігі уақытша сақталады. Онда оқу жылының жартысын оқып, келесі жылдың қаңтарында қайтадан тест тапсыруы тиісті.

Тіпті үшінші сынақтан да өте алмаған жағдайда келесі жылы кешенді тестіні қайта тапсыра алады.

Мектепте барлық емтихандар аяқталды

Түлектер былтырдан бастап төменде көрсетілген формат бойынша 29 мамыр мен 9 маусым аралығында мектеп бітіру емтиханын тапсырып жүр.

- Ана тілі және әдебиет пәндерінен 250-300 сөзден тұратын эссені жазуға 3 сағат беріледі. Ұсынылған үш тақырыптан оқушы біреуін таңдайды.

- Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілінде оқытатын мектептердің түлектері қазақша, ал қазақ тілінде оқығандар орысша тест тапсырады. 1 сағат 20 минутта тыңдалымның 10 тест тапсырмасын (2 мәтін); Лексика-грамматикадан 20 тест тапсырманы; Оқылымнан 10 тест тапсырманы (2 мәтін) орындайды.

- Тест форматы берілген бес жауаптың біреуін таңдауға арналған тапсырмадан тұрады.

- Қазақстан тарихының сұрақтарына ауызша жауап береді. Әр билетте үш сұрақтан болады. Екі теориялық сұрақ Қазақстан тарихының барлық сабағының негізгі бөлімдерінен алынады, үшінші сұрақ шығармашылық тұрғыда (карта, кескіндер, портреттер, хронологиялық кестелер пайдалану арқылы тапсырма т.б.). Жауап беруге дайындалуға кемінде 20 минут беріледі.

- Алгебра және анализ бастамаларын бес сағат жазбаша жазады. Ол бес тапсырмадан тұрады. Тапсырмалар математикалық фактілер, түсініктер және тәсілдерді меңгеру деңгейін, есеп пен логикалық тапсырмаларды шешу қабілетін, функционалдық сауаттылықты тексеруге арналған;

- Таңдау пәні бойынша тест 40 сұрақтан тұрады. 1 сағат 20 минут уақыт беріледі. 60 балмен бағаланады. Оның 20 сұрағында бір дұрыс жауаптан. Бәрін тапқанға 20 балл беріледі. Келесі 20 сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы болады. 40 балмен бағаланады. Қорытынды аттестаттаудың материалдары (жауап парақтары, сұрақ кітапшалары т.б.) мектепте бір оқу жылы бойы сақталады.

"ҰБТ-дан күштеп бас тартқызуға ешкімнің құқы жоқ"

– Биыл еліміз бойынша 146 695 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 44 253-і ҰБТ тапсыруға құлықты емес.

Неге? Себебі, жоғары оқу орындарына түскісі келгендері ғана тест тапсырады. Кейбірі шетелге оқуға, енді бірі колледжге түскісі келеді. Университетте оқығаннан гөрі кәсіпкерлікпен айналысқанды құп көретіндер бар.

2017 жылы жаңа форматқа көшпей тұрғанда жыл сайын бірдей көрсеткіштерді көрсетіп тұрған / testcenter.kz сайтынан алынды

Мектептің абыройын ғана ойлаған басшылар түлекті ҰБТ тапсырудан айнытып, колледжге түсуге үгіттеуі мүмкін. Ондай жағдайда оқушы ата-анасымен бірге әкімшілік бекітілген тест орталықтарына барып, өтінішін қалдыра алады. Бірақ, оған қазір кешікті.

– Түлек өзінің біліміне сенімді болса, тестен бас тарту оған да тиімсіз. 9 сыныптан кейінгі екі жылы зая кеткенмен бірдей. Ал шетелде білім аламын деушілерге тестілеуден өту міндетті емес, – дейді Білім және Ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру басқарма басшысы Жәкенов Талғат.

Ұлттық бірыңғай тестке сынақ барысында жалпы орта білімі барлар үшін үш пәннен 30 балдан кем, білім, құқық, экономика, медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша 35 балдан кем, оның ішінде бейінді пәннен (түлектің таңдаған мамандығына байланысты тапсыратын пәндер) 17 балдан кем жинағандар жіберілмейді.

Естеріңізге сала кетсек, ҰБТ-ке қатысу үшін өтініш биыл 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданды.

Түлектер ертең, 15 маусым күні аттестаттарын қолдарына алады

– Сол кезде мектептегі емтиханның нәтижесі белгілі болады. "Алтын белгі" иегерлерін Білім және ғылым министрлігі емес, мектеп директорлары өздерінің бұйрықтарымен бекітеді.

Олар ҰБТ тапсыруға барғанда "Алтын белгі" иегері екенін растайтын аттестаты мен төс белгісі қалтасында болады. 11 жыл бойы сабақты тек бестік бағаға оқып, ұлттық бірыңғай тестен төрт алып қалғаны үшін төс белгі берілмесе, түлектің еңсесі түспей ме? 3 жарым сағаттың ішінде 5 сыныптан бері қарай үздік оқыған еңбегі анық бағаланбай қалады. Тіпті обал. Былтырдан бастап жүйе өзгеріп, жаңа формат жүзеге асып жатыр.

Министрлік "Алтын белгі" иегерлерінің санына, олардың жоғары оқу орындарындағы үлгерімдеріне талдау жүргізетін болады. Сондай-ақ мектептегі журналдан 11 жыл ішінде алған бағаларын да қарайды. "Алтын белгі" иегері төмен балл алып, жоғары оқу орнына түсе алмай қалса, оған мектеп директоры жауапты болады. Былтыр бес мыңға жуық түлек "Алтын белгі" иегері атанды. Биыл 7 мыңға жуық үміткер бар, – дейді Талғат Жәкенов.

Биыл "Алтын белгі" иегерлеріне басымдық берілмейді

– Биылғы оқуы жылын "Алтын белгімен" аяқтаған түлектер тек ҰБТ-да жинаған балына қарай грант иегері атана алады. Яғни, жаппай грантқа қол жеткізе алмайды. Жаңа заңды Жоғары оқу орындарының академиктері қолдады. Сонымен қатар депутаттардан да рұқсат сұрап, бұл өзгерісті қабылдадық. "Алтын белгі" иегері 120 балл, қатардағы түлек 125 балл жинаса, белгі иесіне емес, ұпайы жоғары балаға басымдық беріледі.

"Алтын белгі" иегері болуының бір ғана пайдасы бар. ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана "Алтын белгі" иегері ескеріледі.

Былтыр оқу гранттарын бөлгенде, "әділетсіздік болды" деп көп ата-ана шағым түсірген. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті кейбір мектептердің құжаттарын тексерген болатын. "Алтын белгіні" негізсіз таратқан деректер кездесті. Енді ҰБТ-дан жоғары балл жинай алмаған, бірақ мектепті үздік бітірген түлектер "Алтын белгі" иегері болып қала береді, – дейді Талғат Жәкенов.

"Алтын белгі" төс белгісін сатқандардың әрекеті – заңсыз

– Әлеуметтік желілерде төс белгінің 500 мыңға бағаланып жатқаны туралы министрлікке ақпарат келіп түскен жоқ. Ондай жағдай болған күннің өзінде белгінің арнайы куәлігі бар. Ол нақты бір адамға ғана беріледі. Көрсетілген аты-жөнін қалай ауыстыруға болады?

Бұл хабарландыру 25 қаңтар күні түнгі сағат 12-ден 45 кеткенде жүктелген. Онда геолокация Алматы облысы Алатау ауданы деп көрсетіліп тұр / sn.kz сайтынан алынды

Бәлкім, "алтын белгінің" пайдасын көрген соң сатқалы жатқан болар. Оны саудалап сататындай "Алтын белгінің" құрамы алтын емес қой.

ҚР "Білім туралы" заңында "алтын белгі" туралы ереже бар. Онда: "Алтын белгінің" диаметрі 30 мм, мыс және мырыш металдарының арнайы қорытпасынан дайындалады" делінген. Сатып алушыға оның ешқандай пайдасы жоқ. Сондықтан, ол медаль кімге керек? "Алтын белгі" иегерінің төс белгісін сатуға, өзге балаға сыйға тартуға құқы жоқ.

Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарының 50%-ы жаңартылды

2018 жылы бірыңғай ұлттық тест базасында 110 000 сұрақ бар. Былтыр 40 000 сұрақ қана болатын. Оның 3000 сұрағы ағылшын тілінде.

Жыл сайын Ұлттық тестілеу орталығы тапсырмалардың 35 пайызын жаңартады. Биыл да база жаңа сұрақтармен толықтырылды. Олардың 11% сауаттылыққа бағытталса, ал 37% тест сұрақтарының бір немесе бірнеше жауаптары бар.

Биылғы жылдың сұрақтары былтыр дайындалған

Дайындау барысы 5 кезеңнен тұрады. Біріншісінде тест тапсырмаларын дайындайды, екінші кезеңде сараптамаға жіберіп, мұғалімдер мен мамандар білте шаммен қарағандай тексереді. Одан кейін екінші рет сараптамадан өтеді. Мамандар тағы қарайды.

Дайындалған сұрақтардың 10 пайызын кітапшаға енгізіп, оқушылардың жауап беру деңгейін байқайды. Қате кеткен тұстары болса, қайтадан жіті тексеріледі. Содан кейін тест сұрақтары құпияландырылады. Астанадағы мамандар жабық кеңсеге кірер кезде, оқушылардың ұялы телефондарын жинап алады. Интернетке қосылмайтын, тек жергілікті тораптағы (локальная сеть) компьютерлер арқылы тест сұрақтары базаға енгізіледі.

Мысалы, қазір 2019 жылғы Ұлттық бірыңғай тестің нұсқасы бірінші сараптамадан өтті. 2018 жылғы 4-13 маусым аралығында Ұлттық тестілеу орталығының базасында 57 сарапшы жұмылдырылды. Бірінші сараптаманың нәтижесі бойынша анықталған тест тапсырмалары 2018 жылғы тамыз айында өтетін екінші сараптамаға ұсынылады.

Танымал әртістер туралы сұрақтар алынып тасталды

Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестің сынақ кітапшаларында Баян Мақсатқызы, Нұртас Адамбай және тағы басқа танымал адамдар туралы сұрақтар кездескен болатын. Енді барлық сұрақтар тек оқу бағдарламасын қамтиды және білім беру талаптарына сай.

Биыл келеңсіз сауалдардың кездеспейтініне Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов сендіреді.

2018 жылы қағаз тестер айналымға кеш шықты

Мұның барлығы мемлекеттік сатып алуға байланысты. Тендерді ұтып алғаннан кейін баспалар екі ай ішінде тестерді айналымға шығарады. Жыл сайын осылай жүзеге асады.

Ата-аналардың неге шулағанын түсінбедік. Былтыр шығарылған кітапшаларды кез-келген уақытта сатып алуға болады. Наурыз айына қарай тестердің жаңа нұсқасы жарияланды. Жетімдер мен мүгедектерге кітапшалар тегін таратылған.

Сынақ тестері барлық нұсқалар бойынша "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды. Сайтта да шықты. Бұл туралы Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлімдеді.

Биыл түлектердің 75 пайызы ҰБТ-ны қазақша тапсырады

– Түлекке қай тілде тапсыру ыңғайлы болса, соған қарай жүйені де бейімдеп жатырмыз, – дейді Рамазан Әлімқұлов.

ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген 102 мың 442-нің 77 223 түлек қазақша тапсырады. 200-дей оқушы ағылшын тілінде тапсыруға тілек білдірді. Негізінен Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері.

Шет тіліндегі сұрақтарды мектептегі ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдер әзірлеген. Ағылшын тіліндегі сұрақтардың қазақша және орысша нұсқадан айырмашылығы жоқ. Оларға сөздікті пайдалануға рұқсат беріледі. Қосымша орыс, қазақ тіліндегі кітапшасына ұқсас жинақтар беріледі.

Шекті балдың мөлшері мамандыққа қарай әр түрлі

ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалдырылды. Бірақ, Ұлттық университеттерге түсу балының ең төменгі шегі – 65 балл.

Білім, ауылшаруашылығы, ветеринария саласындағы мамандықтарға 60 балл жинамағандар түсе алмайды. Ал осы мамандықтарды ұлттық уинверситеттерде оқығысы келсе, кемінде 65 балл жинауы керек. Медициналық бағыттардағы мамандықтар да тура осындай.

Математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет.

Бұрын орыс мектептері қазақ тілін, қазақ мектептері орыс тілін тапсырғанымен балы ескерілмейтін. Жаңа формат бойынша, барлық пәндердің сұрақтарының жауаптары есептеледі. Бір сұрақтың жауабы бірнешеу болуы мүмкін. Бұл тұста ойланбай, бір ғана жауапты белгілейтін болса, балл саны қысқарады. Сонда барлық сұрақ – 120. Бірақ, 140 балл жинай алады.

Әрбір талапкерге ҰБТ куәлігімен бірге мамандықтардың тізімі беріледі

– Оның ішінде биыл бөлінетін грант саны мен былтырғы тізімі бар ақпараттық парақ таратылады. Бұл түлекке ҰБТ-да жинаған балына сай мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға жеке көмекші, ым-ишарат тілін білетін маман ұсынылады. Талапкердің ҰБТ-ны екінші рет тапсыру құқығы сақталады. Өткен жылдың қорытындысы көрсеткендей, бұл шара қосымша 30 мың жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берді, – дейді Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Светлана Ысмағұлова.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтеріне сай жасалды

Мемлекеттік гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға беріледі

– 2017 жылы ҰБТ-ға қатысқан 88 583 мектеп бітірушінің 77 520-і тестілеуден өтті. Оның тек 31 702-і грант иегері атанды. Демек, 45 818 талапкер ақылы түрде оқуға мәжбүр болды. Ал 11 063 түлек шекті балды жинай алмады. Биыл грант саны 21 892-ге көбейтіліп, жалпы саны 53 594-ке жетті.

Енді түлек қандай мамандыққа тапсырса да, грантқа оқуға мүмкіндігі бар. Тізімді шолып шығып, назарларыңызға ең көбін ұсынып отырмыз.

Осы мамандықты таңдағандардың грантқа ілігуге мүмкіндіктері көп

Жалпы медицина мамандығына 2152 грант бөлінді. Толық оқыту бойынша қазақша бөлімге – 1614, орысша бөлімге – 538.

Технологиялық машина және жабдықтау (сала бойынша) мамандығына 690 грант бөлінді. Толық оқытатын қазақ бөліміне – 480, орыс бөлімге – 160. Қысқаша оқытылатын қазақ бөлімге – 38, орыс бөлімге – 12. Толық тізімді мақаланың соңында келтірген сілтеме арқылы біле аласыздар.

ҰБТ өтетін 512 дәрісханада 4G мобильді байланыс жоқ

Ұлттық бірыңғай тесті 1500 дәрісханада тапсырады. Көбінде 3G мобильді байланыс бар. Оның 512-де 4G интернет мүлдем ұстамайды. Әрбір дәрісханаға интернет сөндіргіш, металл іздегіш, виедо камералар орнату – әкімшіліктің міндеті.

Баласының қалай тест тапсырып жатқанын сыртта көріп отыратындай ата-аналарға жағдай жасалу керектігін Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтқан болатын. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Білім және ғылым министрлігіне ҰБТ-тің жоғары дәрежеде өтуін тапсырды. Ішкі істер, денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰБТ тапсырушылардың қауіпсіздігіне жауап беретінін, ал әкімшілікке сұрақ мазмұнын қадағалау тапсырылатынын айта кетті.

Тестілеу өтетін жерде міндетті түрде дәрі қобдишасы тұруы керек. Менингокок індетіне байланысты аудиториялар алдын ала желдетіліп, тазартылады.

Бірінші тестілеуде 140 балл жинағанға iPhone сыйға тартылады

14 жылдың ішінде тестілеуге 1,6 млн қазақстандық қатысқан екен. Биыл ҰБТ 167 орталықта өтеді: ЖОО базасында – 48; колледждер базасында – 3; мектептер базасында – 116.

Білім және Ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-дің 15 жылдығына орай бірінші кезегінде ең жоғары балл жинаған түлекке iPhone сыйлауға уәде берді.

ҰБТ қалай өтеді?

Тестілеу бес пәннен тұрады. Талапкер 3 сағат 50 минутта (230 минутта) 2 бөлімде орналасқан 120 тапсырманы орындау қажет.

1 – Міндетті (3 пән): математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы. Әрқайсысы 20 тест тапсырмасынан тұрады.

2 – Таңдау немесе бейінді (2 пән). Бұл бөлімге бірнеше пәндер кіреді. Емтихан тапсырушы таңдайтын мамандығына сәйкес бұл пәндерді терең игеруі қажет. Мысалы, математика мен физиканы тапсырған талапкер 52 мамандықтың ішінен таңдай алады. Бір бейінді пән бойынша тестінің 30 сұрағы болады. Оның 20 сұрағының бір-бірден ғана жауабы дұрыс болса, қалған 10 сауалдың бір немесе бірнеше жауабы болады.

Тестердің мазмұны мен құрылымын Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан қарастыруға болады.

ҰБТ сертификаты тестілеу өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.

Егер тест тапсырушы алған нәтижесімен келіспесе...

ҰБТ өткізу пунктеріндегі аппеляциялық комиссияға өтініш білдіре алады. Оны тест нәтижесі шыққаннан кейін, келесі күні сағат 13:00-ге дейін бере алады және ол сол күн ішінде қарастырылады.

Өтінішті тестіленуші өзі жазады.Онда тапсыратын пән атауы, сұрақтар нақты көрсетілуі керек. Өтініш берушінің өзімен бірге жеке куәлігі, кіру қағазы болуы қажет. Былтыр Ұлттық тестілеу орталығына 12 шағым түскен. Олардың көпшілігі техникалық жағынан кеткен қатеге байланысты.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін не тапсыру керек?

Талапкер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына:

– Белгіленген үлгідегі өтінішті;

– Білімі туралы құжатты (түпнұсқа);

– ҰБТ сертификатыт;

– 3x4 көлеміндегі екі фотосурет;

– 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы;

– Жеке басын куәләндіретін құжаттың көшірмесін тапсырады.

Гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі. Ал қалған 30 пайызы тек ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарға таратылады.

1-10 тамыз аралығында білім беру гранттары белгілі болады. Білім беру гранты иегерлерінің тізімі өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Педагогикалық мамандықтарды таңдағандар және арнайы емтиханнан "өткен" талапкерлер бейіндік пәндеріне сәйкес төрт ЖОО таңдайды және төрт мамандық бойынша қатыса алады.

Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда...

– "Алтын белгі" белгісімен марапатталғандарға;

– Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандарға);

– Халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарына;

– Өздерi таңдаған мамандық олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстары (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздарына;

– Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

– Кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға;

– I және II топтардағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер басымдыққа ие болады.

ҰБТ алдында не істеу керек?

Кеше Республикалық "KAZBILIM" орталығының директоры Аятжан Ахметжан Instagram желісіндегі парақшасында жас түлектерге сәт сапар тілеп, ҰБТ алдында не істеу керектігіне тоқталды.

1 – Кез-келген қитұрқы ақпарат тез тарайды. Сондықтан, жалған ақпаратқа мән бермеңдер! Басты мақсаттарың – ҰБТ-ны сәтті тапсыру болсын!

2 – Өзіңмен бірге жасырын түрде ақпаратты (шпор) алып кірем деп ойламаңдар. Одан ешқандай пайда жоқ. Ол – алаяқтық.

3 – "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, қайратың мен ақылың екі жақтап", – деген Абай аталарыңа ғана сеніңдер! Яғни, тек өзіңе сен!

4 – Қорықпа, абыржыма! Одан өзіңе келер пайда жоқ. Өзіңді-өзің шаршатпауға тырыс! Ата-анаңмен, достарыңмен басқа тақырыпта ғана сөйлес. ҰБТ немесе грант туралы әңгіме енді керек емес.

5 – ҰБТ-да таңдау пәндерін бояйтын ұяшықтарды алмастырып алма! Өзіңе абай бол!

6 – ҰБТ-дан бір-екі күн бұрын ұйықта. Жақсылып тамақтанып, дем ал! Тек формула, ұсақ теорияға ғана бір сағат уақыт жұмсап көр. Ал қалған 23 сағат жақсылап дем ал. Телефонға, әлеуметтік желіге қарама, ұстама!

7 – Тестілеуде бірінші барлық білетін сұрақтарыңды бірден белгілеп ал. Қиын пәнге назар аударам деп көп уақытыңды жұмсап, шаршап қалма! Шаршаған кезде оңай пән қиын болып көрінуі мүмкін.

8 – ҰБТ кезінде сергек отыр. Дәрісханада болатын жайттарға мән берме! Алдын ала аудитория бойынша топтарға кіріп, текке бас ауыртпа. Барша түлектерге сәттілік тілей отырып, өз білімдеріңді дәлелдеулеріңе тілектеспіз!

Бірінші сыныпқа баратындардың біразы әлі өзге тілде сөйлеп жүр

– 2018-2019 оқу жылында 385-390 мың бала мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланып отыр. Тіркелгені – 384 252 бала.

Мектепалды сыныптарда 169 250 бала қазақ тілінде, 57 720 бала орыс тілінде, 6 497-і басқа тілде оқып жатыр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 150 785 бала білім алып отыр. Олардың 88 174-і қазақ тілінде, 61 502 бала орыс тілінде, 1109-ы өзге тілде.

Қандай мамандыққа гранттың көп бөлінетінін білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.

Былтырғы жылдың қорытындыларымен танысқыңыз келсе, Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтер базасынан біле аласыздар.

Дереккөзі: informburo.kz


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама