Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұлы ғұлама - Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов

Иә, Сүйер ұлың болса, Сен де сүй. Сүйінерге жарар ол" -  деп Абай атамыз айтқандай қазақтың аспанындағы жұлдызына айналған  ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ  Шоқан өмірінен сыр шертер болсақ көңілімдегі ойлар  арнасынан тасыған  өзендей болып кетеді.

Шоқанның  шын аты жөні Мұхаммедханафия Шыңғысұлы Уәлиханов,ал  әжесі оны бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен екен. Шоқанды атақты ғалым, тәрбиелі де , қабілетті азамат болып өсуінде отбасындағы әжесі — Айғанымның ,әкесі — Шыңғыстың, анасы — Зейнептің орны ерекше аталуы тиіс. 

Әжесі Айғаным — көкірегі ояу,көзі ашық, сауатты, ақылды адам болған. Бір тіл білсең бір адамсың,екі тіл білсең екі адамсың демекші Айғаным әжеміз парсы, шағатай, араб, орыс тілдерін білген. Бала Шоқанға кешке ұйықтарда ертегі, қазақ батырларының ел қорғаған  ерліктері туралы, ел арасындағы тартыстардың болу себептері жайында көптеген әңгімелер айтып беретін болған.

Әкесі Шыңғыс Шоқанға көп назар аударып болашағынан зор үміт күтеді.

Ол  әскери адам болғанымен өнерді қатты құрметтеп, ақын –жазушылардың шығармаларын, тырнақ алды туындыларын жинақтайтын кісі болады. Әубәкір  деген  молдадан сабақ алған Шоқан, шығыс әдебиетінен  жыраулар өмірі мен шығармаларын  және араб,парсы  тілдері туралы танысып, түсінік алады. Біз бұдан Шоқанның талантты, ұшқыр ойлы, асқан дарынды болып өсуіне әкесі Шыңғыстың еңбегі сіңгенін байқаймыз.

Шоқанның анасы — Зейнепте  қазақша-арабша сауаты бар , өз  заманының  сауатты  азаматы еді. Баласына үнемі мейіріммен қарап, бесікте жатқанында–ақ   ақ сүтімен өмірдің ақ қарасын танып білуге, елге пайдасын тигізер болашақ  ғалым болып шығуына да септігін тигізеді.

Елдің айтуынша Шоқан жеті жасында–ақ мектепте оқып жүргенде білімді бала болып көзге түседі. Шоқан Ықылас деген шешеннен  халықтың қызық та көп әңгімелерін тыңдап өседі. Сонымен бірге  Бала Шоқан Орынбай Бертағыұлы, Арыстанбай Тобылбайұлы, Досқожа мен Нұрымбай, Тоғжан мен Шоже Қаржаубайұлы сияқты айтыс ақындарының  жырларын мұқият тыңдап  өскеніне қарағанда, қазақ ауыз әдебиетін жаны сүйетіндігін, құлағының құрышы қанып тыңдағанда жаттап алатын талантты бала болғанын байқауға болады. Бұл өлең-жырларды тыңдап, білім нәрінен сусындап өскенін ойласам, ел тарихын, халық ортасында болып жатқан оқиғаларды білуге құмар екенін, салт-дәстір мен мәдениетті бойына сіңіріп өскен ғалым екенін аңғарамыз. Бұндай азамат қазіргі таңда сирек кездесетін де шығар.

Жасында Айғаным әжесі мен әкесінің арқасында қазақтың ән-жырын, ақын-әнші әндерін, жыршылардың жырларын тыңдап өскен Шоқанға баға берген сазгер Илья Жақанов: «Шоқанның  бітім-болмысы-тұнып тұрған музыка, халық ән-күйінің, даналық пен ұлылығының символы» — деп таңдайын қағып таңғалған екен.

Шоқанның әдебиетке құмарлығы бір басқа, суретке деген құмарлығы бір басқа еді. Сурет салуда Мысықтан үйренген жануарлар мүсіні оның болашақта картаның суретін салатын т.б. «Аға сұлтан» суретіндегі Тезек Төре суретін салуға да жетеледі. Шоқан — оң қолынан өнер тамған, қазақтан шыққан тұңғыш суретші де бола білді.

Омбыға оқуға келеді... 5 жасында хат танып, 7 жасында өлең–жырды жатқа айтып, 11 жасында кадет корпусындағы мұғалімдерді  таңқалдыра білді.

Ол көптеген ғылым саласынан өзін жан-жақты сегіз қырлы, бір сырлы азамат екенін көрсете білді. Шоқан өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, өлең-жырын, Еуропаға танытып,туған топырағы мен тамырын үлгі ете білді. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырында алғаш орыстарға таныстырушылардың бірі болған. Көп жерлерге саяхат жасап жерлерді картаға түсіріп, география пәнінің де іргетасын қалаған қазақтағы бірінші тұлға осы Шоқан екенін ұмытпауымыз керек.

«Жігітке жетпіс өнер де аз дегендей, ғылымның барлық саласында өз халқына пайдасын тигізіп, аз ғана ғұмырында, көп еңбек етіп, қараңғы қазақтың аспанында  жұлдыздай сәулесін шашты, жел соқса пана бола білді.

Шығармамды қорыта отырып, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» — демекші ол өлген жоқ, мәңгі тірі. Сондықтанда біз оны қазақтың аспанында жарқыраған мәңгі шоқ жұлдыз деп білеміз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама