- 18 шіл. 2022 00:00
- 224
Ұлт ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлы
«Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін олардың байлығы білімді халықтардың қолына көшеді».
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы қыркүйектің 5-інде, Қостанай облысындағы Сарытүбек ауылында дүниеге келді. Азан шақырып қойылған аты — Шошақ. Ол қазақ тілі ғылымының, қазақ кәсіби журналистикасының, қазақ әдебиеттануының негізін қалады. Сол үшін де «Ұлт ұстазы» деп аталды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1884 жылы ауыл мектебін, 1891-де Орынбордағы мұғалімдер мектебін аяқтады. Алғашқы кітабы 1909 жылы «Қырық мысал» атымен жарық көрді. Әйгілі Пушкин, Лермонтов, Вольтер, Надсонның өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап қазақ тілін ғылыми тұрғыда зерттей бастады. Ол қазақ тілінің барлық ережелерін сақтай отырып, төте жазу үлгісін жасап шығарды. Бұл еңбегі 1912 жылы «Оқу құралы» атымен басылды. Сонымен қатар, қазақ тілі жайлы алғашқы оқулық «Тіл — құрал» кітабының авторы.
1913-1918 жылдары төте жазумен «Қазақ» газетін шығарды әрі редакторы болды. Бұл арқылы қазақ кәсіби журналистикасының негізін қалады.
«Қазақ» газеті басылым ғана емес, Алашорда үкіметінің ресми үні болды. Газеттегі мақалалар арқылы қазақ автономиясын құру, өзіндік әскер жасақтау секілді өзекті мәселелерді көтерді.
Ал «Әдебиет танытқышы» еңбегі арқылы қазақ әдебиеттану ғылымының тұңғыш зерттеу кітабын жазды. Сонымен бірге, Абай Құнанбайұлының шығармаларын зерделеп, «Қазақтың бас ақыны» атты туындысын жазды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы тамызда қамауға алынып, алты айдан кейін, 8 желтоқсанда қайтыс болды.