Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Уқорғасын

Уқорғасын (аконит джунгарский) — биіктігі 1 метрден асатын, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Тамыр сабағы бір-бірімен тізбектеле байланысқан көптеген түйнектерден тұрады. Сабағын кейде түк басқан, кейде түксіз жылтыр болып келеді және түзу өседі. Тамыр жапырақтары өсімдік гүлдей бастағанда құрап қалады. Сабақ жапырақтарының сағақтары бар. Өсімдіктің жоғарғы ұшындағы жапырақтары отырмалы, сына тәрізді 5 бөліктен тұрады. Әр бөліктің өзі жіңішке 2-3 жапырақша құрайды. Гүлдері көкшіл түсті, ірі, өсімдіктің ұш жағында шоғырланған. Гүл тостағаншасы да гүл тәжі сияқты 5 жапырақшадан кұралады. Оның ең жоғарғы жапырақшасы басқаларының үстін жауып төмен қарай салбырап тұрады. Уқорғасын маусым-шілде айларында гүлдейді, шілде-тамыз айларында жеміс береді.

Қазақстанда біріне-бірі өте ұқсас Жоңғар уқорғасыны мен Қарақол уқорғасыны өседі. Екеуінің де дәрілік қасиеттері бірдей. Қарақол уқорғасынының биіктігі 2 метрге жетеді. Өсімдік тау басындағы шабындықтарда, бұталардың арасында, орманды жерлерде өседі. Дәрі жасауға өсімдіктің тамырын пайдаланады. Құрамында аконитин, аконин, мезаконин, типаконитин, зонгорин деген алкалоидтер бар.

Уқорғасын халыққа өте ертеден-ақ белгілі болған. Өсімдікті садақ оқтарын улауға, қасқырды, жолбарысты өлтіруге пайдаланған. Уқорғасынның құрамындағы аконитин алкалоиды аса улы. Оның 0,003-0,004 грамының өзі-ақ адамды уландырып өлтіріп жіберуі мүмкін. Өсімдіктің тамыры да аса улы.

Уқорғасынның спиртті тұнбасын дене сыртына жағу арқылы бастың сақинасын, тіс, ревматизм, подагра ауруларын және невралгияны емдейді. Өсімдіктің тамырын жинаған кезде сақ болған жөн. Өйткені тамыр түйнегінің уы қолдың терісі арқылы денеге сіңуі мүмкін. Одан адам уланса, денесінің әр жері қышиды. Ауыздың, өңештің, жұтқыншақтың, қарынның қабырғаларынан жан кетіп қалған сияқты сезіледі. Адамның аузынан сілекей ағады, басы айналады, тоңып қалтырайды. Қөзінің қарашығы үлкейеді. Мұндай жағдайларда тезірек дәрігерге көрінген жөн.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама