Ұстаз
Білдіру білмегенге білгенімді, өзімнің деп білемін зор міндетім...
Міржақып
Арғын баласы Қызбелін, Қыземшегін сағынып, туған еліне кетіп барады. Екі жасында анасы Дәмештен, он жасында әкесі Дулаттан айырылып, жетімдік пен жоқшылықтың тауқыметін бала күнінен тартып өскен Міржақып туған ауылына үлкен сағынышпе келе жатыр. Кеудесін сағыныш сезімі тырналап, аңсап келеді. Сағынышпен қоса марқайып, үлкен қуанышпен келеді. Қуанышы — оның Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, Қазақ!» атты тұңғыш кітабы шыққан еді. Туған ауылынан кеткелі бес-алты жылдың жүзі болған соң ба, әлде туған жердің түтінін сағынды ма екен, әйтеуір, асығып келеді. Жырақта жүрсе де, көз алдынан Бидайығы, Қызбелі, Қыземшегі мен Сарықопасы кеткен емес. Омбы өтті, Қарқаралы барды, Зайсанды көрді, табаны Санкт-Петербург топырағына да тиді. Сонда да ол жерлердің ешқайсысы өзінің туған жері — Қызбеліне жетпеді. Неге екені қайдам, оған Қызбелінің бір уыс топырағы саф алтыннан қымбат еді. Мына бес күндік жалған дүниеде туған жеріңнен, туған топырағыңнан артық жер бар ма екен? Сағынып келеді, аңсап келеді. Көз ұшында бір сағым көлбейді. Жүректегі бар шері ақтарылып, шынымен еліме келе жатырмын ба деген қуаныш кеудесін керней бастады.
Дамылсыз дүние көші сырғып өтуде. Уақытты тоқтатар кімің бар? 1885 жылдың 25 қарашасында Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысының үшінші ауылында, атақты шебер Дулаттың шаңырағында дүниеге келген сәбидің жүрегіне туған еліне деген, шексіз сағыныш пен махаббат ұялаған. Әкесі саптама етік, ат әбзелдері мен әйелдердің мәсісін тігіп, қолөнермен айналысатын. Анасы той-томалақтың сәнін кіргізер ауылдың алты ауызы, күміс көмей әншісі болған. Бала Міржақыптың бойына дарындылық әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған.
Мынау ұланғайыр даланың көрікті жері — Торғай атырабы. Қызбел өзені Ұлытау жерінен шығатын Дәмді, Мойынды, Сары өзендерінен бастау алады. Мына Қызбел, Қыземшек таулары, Сарықопа іргелес Мадияр, Өтей, Шымболат руларының байырғы мекені. Көне Торғай — Мадияр Баһадүр, Абылайдың Шақшақ Жәнібегі, Хан Кененің Жәуке мен Шәкірі туған жер. Даңқты батырлардың атамекенінде кіндік қаны тамғаннан ба екен, оның сағынышы өзгенің сағынышынан тым ерекше, тым ерен. Анасы бесікте жатқанында, оған қазақтың арғы-бергі тарихын баяндап, ескі жырларды ыңылдап айтып отыратын, әкесі болса, ұлына үнемі Алтынсары баласы Ыбырайдың өлеңдерін жатқа айтып беретін. Бесікте жатқанында-ақ, қазақтың мәйекті де ырғақты, әуезді де құнарлы тіліне құлақ еті үйреніп жатқан. Тәңірі Тағаланың шеберлігіне кім күмән келтірген, сол бесікте жатқанында-ақ, анасы мен әкесінің тәлімін тыңдап өскен сәбидің таңдайына ешкімнің аузына түспеген ғажап сөз салып, оны ақын етті. Ақындық өнер — ұлы жаратушы иенің оған берген ең асыл табиғи таланты. «Оян, Қазақ!» деген сөз онымен қатарлас жүрген ақындардың аузына бұрын-соңды түскен сөз емес, бұл сөзді алғаш болып қолданған, Дулат пен Дәмештің ұлы — Міржақып еді.
— Беу, сан салалы Торғайым, Қыземшегім, Қызбелім, шынымен саған келе жатырмын ба? — деп өзіне-өзі сенбейтін сыякты. Бірнеше пар ат жегілген пәуеске қара жолды шаңдатып келе жатыр. Он жасынан үлкен ағасы Асқардың тәрбиесін көрген. Асқар — өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы. Әмбе қазақ буржуазиясының өкілі. Француз, ағылшын капиталистерімен тығыз байланыста болған. Зиялы ағасы оның емін-еркін шет тілдерін меңгеруіне жағдай жасаған. Ауыл мұғалімі Мұқан Тоқтабайұлынан қара танып, жалт-жұлт еткен дүниеге жаңаша көзқараспен қараған шәкірт Міржақыптың арман-мақсаты — бала оқытып, шәкірт тәрбиелеу еді. Алдына арман қойып, болашағын ойлаған баланың маңдайына жұлдыз-бағы қашанда жазылады емес пе? Періште жүрек баланың қандай күнәсі болсын ау, жасаған иемізде тәтті тілекті ешқашан орындамай қойған да жоқ шығар.
Торғайдың майқара жусанын иіскеп, көкіректі кернеген сағыныш. Көз ұшында — ағасы Асқардың үйі. Құлын-тайға мініп жүрген ауыл балалары алдынан «көкелеп» шауып келеді. «Алақай, ағам келеді!» , «Жеңеше, жеңеше, ағам келе жатыр!» , «Әке, сүйінші, үлкен ағам келді» деген қуанышты дауыстар әр жерден естіліп жатыр. Жүзіне күлкі үйіріліп, жүрегі тулап, ол да «балапаным!» деп байтақ даланы басына көтеріп, жүгіріп келеді. Көк аспанда бұлардың қуаныштарына ортақтасқандай кейіп танытып, рауан шуағын молынан төксін кеп. Көптен көріспеген ағайын-жекжат арқа-жарқа болып, дастарқан басында отырғанда:
— Ақайеке, жырақта жүрсем де, Қызбелім есімнен бір елі кетпеді. Сағынсам жүрегімде, жабықсам сезімімде, - деді толқып.
— Әй, азамат! Әркімнің туған жері өзінің Мысыр шаһары деген емес пе? Туған елдің қадірін түзде жүріп біліп жүрсің ғой, әйтпесе, мына ауыл ішіндегілер сыртқа шығып көрмеген соң, туған елдің қадірін қайдан білсін?
— Көркем жігіт, мына тұңғыш кітабыңның ғұмыры ұзақ болсын! Ата-енем қызығыңды көре алмай арманда кетсе де, пейіштің төрінен сенің қуанышыңа, мейірленіп отырған болар, — деді жеңгесі.
— Жеңгең дұрыс айтып отыр. Әке-шешеміз көре алмаған қызығыңды, туған ауыл, туған елің болып көріп отырмыз. Тәңірі алдыңнан жарылқасын!
— Әумин!
***
— Ұстаз! — деді шәкірті Мағжан. Қазақтың аса талантты ақыны Мағжан Жұмабай Міржақып Дулатұлын «ұстаз» тұтып, аға сенімін ақтаған шәкірт.
— Мен өзіңіз айтқан Пушкиннің «Евгений Онегинін» оқып шығып, әлі де болса сол өлеңмен жазылған романның әсерінен шыға алмай отырмын. Міржақып Мағжанның зеректігіне сүйсініп:
— Ой, жарығым, кезінде менде де сондай әсер болған. Александр Сергеевич Пушкин — орыс халқының ғана емес, жер бетіндегі бүкіл адамзаттың ортақ ақыны. Ғажап ақын ғой, - деді. Мағжан сәл ойланып тұрып, ұстазын тағы бір рет таңғалдырды:
— Иә, ұстаз. Хакім Абай, А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов өлеңдерін қазақша сөйлетті емес пе? Мен де аудармамен айналыссам деймін.
— Бәрекелді! Абайдың аудармашылық қырын байқаған екенсің ғой, азаматым. Абай сол орыс ақындарының өлеңдерін қазақ өлеңіндей етіп жіберді емес пе? Әне, байқадың ба, Абай атаңның шеберлігін. Ахмет ағаң: «Абай — қазақтың бас ақыны» деп текке айтпағанын түсінген боларсың. Абай — қазақтың ары мен ұяты, бағыт-бағдары екенін ұмытпағайсың, бауырым!
— Әрине, ұстаз! Ескеремін. Және қатарластарыма да айта жүремін. Мен кеше түнде хакім Абайға арнап өлең жазып ем, оқысам бола ма?
— Ой, айналайын, ұлықсат! Оқи ғой, оқы! — деп қуанып отыр ұстазы.
— Мақұл! — деді де елгезек шәкірті орнынан тік тұрып, үсті-басын ретке келтіріп:
— Шын хакім, сөзің асыл — баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұртың ниеттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!»- деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!»- деме.
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Шешен өлсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Шешеннің айтқан сөзі көпке кетер,
— деп аяқтады арнауын. Міржақып шәкіртінің талабына қуанып, арнау-өлеңіне сүйсініп, ішінен дұға — тілек тілеп: — Мағжанжан, Тәңірі жаққан шамшырақ су құйсаң да сөнбейді. Алаулап, лаула! — деді риясыз ниетпен. Дәріс алушы өзге шәкірттер де, Мағжан да «Әумин!» деп қуанып отыр.
1922 жылы Мағжан орыстың талантты ақыны В.Брюсов ашқан көркемөнер институтына оқуға түсіп, В.Лениннің «Париж коммунасын», «Тоғызыншы январь» еңбектерін, М.Горькийдің «Старуха Изергилін» аударған еді. Мағжанның аудармаларын басылымдардан жиі оқыған сайын орыс тілін меңгерткен ұстазы, «Білгеннің жүрген жері бәрі жарық», деп тілеулес болып отырады.
***
1914 жылдың 14 мамырында Омбы қаласындағы «Коломзино» мейрамханасында Міржақып Дулатұлы Ғайнижамал Баймұратқызымен бас қосып, шаңырақ көтеріп, үйлену тойларын жасады. Алаштың ардақты ұлы 1915 жылдың 4 қарашасында тұңғыш перзентін сүйеді. Ол — қызы Гүлнар. Сол күннен бастап ұстаз ақынның шаңырағы бақыт пен қуаныштың бесігінде тербеліп, өмірлері ертегідегідей болады. Гүлнардың соңынан Абылай (1917), Халида (1920), Наурызбай (1924), Әлібек (1925) дүниеге келеді. Бірақ, Гүлнардан басқа балалары жарық дүниеге сыймай, шетінеп кеткен.
***
1928 жыл. Омбы шаһары. Абақты. Тар қапасқа танылып азамат ақын отыр. Қараңғы қапастың ауасы — күлімсі сасып, дымқыл бір жағымсыз иіс шығады. Абақтыдағы өзге тұтқындар бұрыш-бұрышта қисайып ұйықтап отыр. Ақын болса, алақандай терезеден қарап, күннің сәулесін көргісі келеді. Бірақ, жер жүзін қара түнек басып тұрғандай еді. «Иә, Жаратқан!» деп ішінен әлденені күмбірлеп айтып отыр. Тар бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы жүре бергені сол еді:
— Ой, бауырым, бәрі жақсы ма? — деді жерлес ағасы Файзолла.
— Файз-ау, абақтыға танылған адамның нендей жақсы көңіл-күйі болсын? Жамалым мен Гүлнарымды сағынып, оларды алаңдап ойлап отырмын.
— Е, жалған дүние, көрейін дегенім осы ма еді? Міржақып, менің түсіме туған ел жиі кіріп жүр! — деді досы жүрек қылын қозғап.
Міржақып оның қасына келіп, ақырын ғана: — Мен де сен сияқты сағынып, аңсап жүрмін.Шідерлі, Теректі, Шелек кеткен, Шолпы батқан, Арманда, Құлан ішкен, Тас құдық, Қатын қазған, Құттыбай, Амантай бұлақтарының бір жұтым суын да сағынады екенсің.
Файзолланың жүрегі толқып, көзінен бір тамшы жас тамып, мұңайып қалды да: — Түрменің қара суы да адамның жүйке-жүйкесіне тиеді екен ау. Торға түскен бұлбұл болып отырған отырысымыз мынау. Не болар екен ендігіміз?
— Не болады дейсің, бізді қу жақ пен мұртты көсем алдап соқты. Халықты қанап, барын, нарын алып бітірді. Осы ма жеткен жетістігіміз? Сталин мен Голощекиннің қолдан жасаған геноциді де әшкереленер. Болашақ ұрпаққа сенемін, Файз!
— Құдайдың көзі түзу болсын!
***
1930 жыл еді. Азамат ақын ату жазасынан айығып, он жылға жазасын өтеу үшін Сосновец лагеріне қамалған. Беломор — Балтық. Боран деген Қорқыттың қобызындай ұлып тұр. Ақынның шерменді жүрегі зарлайды. Далада соғып тұрған боран шіркін ыңылдап кеп, ұлиды. Ақын толғанады. Дала борандап, ақ қарын шашып, толғатады. Ақын күңіренеді. Дала құйындатады. Сол түні ақын да, Табиғат-ана да дамылсыз тебіренген еді.
Таң атты. Ақ таңның сәулесіне қарап тұрғаны сол еді. «Народный враг, иди работай!» деп көк желкесінен ағаш дубинкамен бір қанпезер орыс ұрып кеп жіберді. «Народный враг» деген сөзі кеудесіндегі намыс отын оятып, қазақы асқақ рухы қозып, «Мадиярлап!» жүрегі тулап, шикі сарының қақ маңдайынан бір соғып, шалқасынан түсірді. Түрмедегі барлық қарауыл атаулы оның қасына келіп, қолын қайырып, аяғын тұсаулап, ұрып-соғып жатыр. Азамат ақын сонда да қыңқ етпеді. Азамат ақынның қайсарлығына кектенген түрме бастығы:
— Мына халық жауын карцерге қамаңдар! Жапонияның тыңшысына өзінің іс-әрекетіне лайық жазасын беріңдер! — деді ақырып.
— Құп болады, жолдас майор! — деді тапал бойлы жендеттің бірі.
Карцер. Қайрат күші кеміген ақынның сөйлеуге шамасы келмесе де, жүректегі ішкі рухы сөйлеп жатыр:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі -
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!
Тамшылап көзден аққан бұл суық жас,
Балқытып қашан ерітер жүректі тас?
Қаламнан жылап аққан қара бояу,
Жазылып қағазға, сен, жұртқа қыл паш.
Жүректен қашан шығар қадалған оқ,
Жандырған жанды нахақ сөнер ме шоқ?
Қажыған қам көңілді бір кетерер
Жанымда жаны ашитын адам да жоқ.
Бар кінәм тамырына балта шаптым, -
Көрген соң шыдай алмай, қиянаттың.
Білген аяр, білімсіз айтар маған:
«Обал жоқ, қылмысыңнан өзің таптың».
Қаптап тұр күнбатыстың қара бұлты,
Адасып сәуле көрмей қазақ жұрты.
Әсир боп жол іздеген жортуылшы,
Жол бөгеу жол тосқанның болып ғұрпы.
Алушы аңдушыны алмай қоймас,
Жеріне көңіліне алған бармай қоймас.
Әділдік аста қалған еш күні жоқ —
Ерте ме, кеш пе, бір із салмай қоймас.
***
1932 жылдың көктем еді. Күн суық. Солтүстіктің ызғары өңменіңнен өтеді. Түрмедегі барлық тұтқын канал қазып, жер асты жұмысын жасап жатыр. Азамат ақын да «гүрс-гүрс» жөтеліп, ауыр жұмыстың шебінде жүр. Құтырынған жел өксиді, ішін тартады, бетін тырнап, шашын жұлады. Кеудесі сыр берген ақынның күннен күнге күш-қуаты кеміп барады. Бар ойлайтыны — туған елі. «Шіркін-ай, Қызбеліме жетер ме едім. Сарықопама барып, жан тапсырсам ше? Құдай-ау, мына суық, сұрықсыз мекеннен қалай құтылар екем? Менің Гүлнар — көзқуанышым аман ба екен? Жамалымның хал-ахуалы қалай екен?». Сан түрлі жауапсыз сұрақтар жанын жеп, өзегін өртейді. Табиғаттың тосын мінезі де оның жан-дүниесінің берекесін қашырып, құтын алады.
Кешқұрым. Ақын сарғайған титтей-титтей қағаздарға әлденелерді жазып отырып:
— Бақи! Мына «орыс-түрік тілінің сөздігін» бітірген сыңайлымын. Ендігісі саған аманат, бауырым! Менің енді халімнің не боларын кім білсін? — деді ақын көзіне жас алып. Бақи Урманшы деген — түрмеге жазықсыз қамалған татардың атақты суретшісі еді.
Сол түні ақын қатты ауырып шықты. Тамағы ісіп, аяқ- қолы тартылып, өкпесі қабынып, ұйықтай алмай, таңға дейін әр нәрсені ойлап, қажып отырды.
***
1935 жылдың күзі еді. Аспан қарауытып, сұрланып кеткен. Солтүстік өңірдің қысы қайсы, көктемі қайсы, әйтеуір, белгісіз. Сұрланып-ақ тұрады. Айналадағы ағаштар қурап, төңіректі тұман басып, сұрықсызданып тұр. Әбден ызаға булыққан саяси тұтқындар бүлік шығарып, түрменің барагын өртеп, өздері сыртқа шығып, аспалы көпір арқылы қаша жөнелді. Бұл кезде ақынның жүзі қуарып, бойындағыы күш-жігері кеміп, қаусап жүрген кез. Ақын оларға ілесе алмай, канал бойындағы жер қазу жұмысы алаңында тұрған. Қашып, суға секірген тұтқындарды көріп қойған қарауылдар оларға бората оқ атып жатты. Каналдың суы қып-қызыл қан болып ағып жатқанын көрген ақынның жүрегі сыздап: — Иә, Жасаған! Құлдарыңа жәрдем бер! — деді де , қалт-құлт етіп, алақанымен бетін сипап тұрып қалды. Сол түні азамат ақынның жүрегі - соғуын мәңгілікке тоқтатқан еді.
1935 жылдың бесінші қазанында қазақтың аймаңдай азамат ұлы Міржақып дүниеден өтті. Ақын жалған дүниеден өксіп өткенде, түнімен ақ жауын нөсерлетіп құйып жатты.
Міржақып. Ол өлген емес. Тірі!
... азамат еді.
***
1992 жылдың 1-18 қыркүйегі аралығында бұрынғы Торғай облысынан жасақталған арнаулы экспедиция азамат ақынның мүрдесін 57 жылдан соң Карелия АКСР Сосновец станциясындағы қабірден қазып алып, өзінің туған ауылы — Бидайығына әкеп, құран бағыштап, арулап жерледі.
Қара жиында ақынның артында қалған жалғыз тұяғы, асылдың сынығы Гүлнар: — Кешегі сөз — «Оян, қазақ!» болса, енді оянған халыққа айтар бүгінгі сөз — «Ойлан, қазақ!», — деді толқып. «Жөн сөз!», «Жөн сөз» деді қаралы жамағат. Ауылдың кәрі молдасы жамағатқа қарап:
— Иллаһи, жаназа! Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим, — деп қасиетті құран аятын оқып жатты. «Топырағы торқа болсын!» десті өзгелер. Гүлнардың жүрегі толқып, біресе қуанады, біресе мұңайды. Қуанғаны — әкесінің сүйегі туған топырағына жерленуі. Мұңайғаны — өткен күндердің жүрекке түскен жарасы. Ауылдағы қарт ақсақал Молдабай қажы:
— Гүлнар, сенің әкең — тірі, ол — халықтың жүрегінде! Мәңгілік тірі! — деп оған күш беріп, тілеулес болды. «Сенің әкең — ақталды.Халық жауы емес, ол — халықтың асыл перзенті» деді ақ жаулықты аналар.