Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ваня ағай

(пьеса)

Антон Чеховтен
Деревня өмірінен алынған төрт перделі көрініс

Қатынасушылар:

Серебряков Александр Владимирович, отставкадағы профессор.
Елена Андреевна, әйелі, 27 жаста.
Софья Александровна (Соня), бірінші әйелінен туған қызы.
Войницкая Мария Васильевна, тайный советниктің
жесірі, профессордың бірінші әйелінің шешесі.
Войницкий Иван Петрович, оның ұлы.
Астров Михаил Львович, дәрігер.
Телегин Илья Ильич, кедейленген помещик.
Марина, кәрі күтуші.
Қызметші.

Оқиға Серебряковтың усадьбасында өтеді.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бақ. Үйдің терасса жақ беті. Аллеядағы кәрі теректің түбінде шайға жасауланған стол тұр. Отырғыштар, Біреуінде гитара жатыр. Анадай жерде әткеншекү Күндізгі үштердің тұсы. Күн бұлыңғыр.

Марина (көп қозғала қоймайтын салбөксе кемпір самауырдың қасында шұлық тоқып отыр) және Астров (әрі-бері сенделіп жүр).

МАРИНА. (Стаканға шай құйып).

Алыңыз, көкешім.

АСТРОВ. (Құлықсыз қол созып).

Зауқым онша соқпай тұрғаны.

МАРИНА.

Бәлкім, арақ ішерсің?

АСТРОВ.

Жоқ. Арақты мен күнде іше бермеймін.Оның үстіне бүгін ауа қандай қапырық еді!

Пауза.

Әжесі, осы біз танысқалы қанша жыл болды екен?

МАРИНА. (ойланып). Қанша еді, тәңірі!? Есімнен шығып кете қойғаны ма? Сен мұнда... бұл жаққа қашап келіп ең өзі?.. Онда Сонечканың анасы Вера Петровна тірі еді ғой! Ол барда сен бізге екі рет қыста соғып кеткенсің... Ендеше, оған да он бір жыл болғаны ғой! (Ойланып). Жоқ, әлде одан гөрі көбірек пе екен.

АСТРОВ. Содан бері қатты өзгеріппін бе?

МАРИНА. Өзгергенде қандай! Уылжыған жас, әдемі жігіт ең! Қазір қартайыпсың. Ажарың да таяйын депті. Ептеп ішетінің де байқалады.

АСТРОВ. Иә... Айналасы он жылда адам танымастай боп өзгеріп шыға кепсің де! Себебі неде деп ойлайсың? Жұмыс бастылық, әжесі. Ертеден қара кешке тізе бүкпейсің. Кешке төсегіңде де біреу-міреу шақыртып әкете ме деп қыпылықтап жатасың. Сіздермен танысқалы бір күн қолым бос боп көрген емес. Қайтып қартаймассың?! Оның үстіне, тәйірі оңып тұрған өмір бар ма? Жігеріңді қаралай құм қылатын көңілсіздік, настық пен надандық... Төңірегің тола – әпенде, өңшең бір делқұлы. Олармен бір-екі жыл араласқасын өзіңнің қайтып делқұлы боп кеткеніңді байқай да алмай қаласың. Пешенеңе әуелден жазылғаны сол болған соң амалың қанша! (Мұртының шалғысын ширатып). Көрдің бе, мұртым да селтиіп өсіп кетіпті... Бұл да сол делқұлылықтың бір белгісі. Менің де, міне, әпенде болмаған ештеңем қалмады, әжесі... Әзір әйтеуір нақұрыс бола қойғам жоқ. Құдайға шүкір, ақыл-есім орынында. Алайда, әлгі сезімталдық дегеннен атымен жұрдай болдық. Бірақ, мына өзіне көңілім бәз-баяғысындай. (Басынан сүйіп). Менің де бала күнімде тап сендей күтушім болып еді.

МАРИНА. Бәлкім, тамақ ішерсің?

АСТРОВ. Жоқ. Оразаның үшінші аптасында індет шығып, Малицкосға кеткем. Сүзек шығыпты. Қай үйге кірсең де, баудай түсіп жайрап жатқан бір адам. Түтін, ыс, лас... Ауырып жатқан адамның қасына бұзау байлап қойыпты, қорсылдап торайлар қыдырып жүр. Бытысып жатқан ию-қию дүние. Күні бойы тікемнен тік тұрдым. Нәр сызсам бұйырмасын. Өліп-талып келсем – операция жасай гөр деп бір теміржолшыны салақтатып алып жеткендері. Сорлатқанда, ол жазған хлороформды көтере алмай, тіл тартпастан көз алара мүрдем кетті. Әншейінде былқ етуді білмейтін сезім шіркінің сондай керегі жоқ жерде ояна кететін әдеті емес пе! Әдейі өлтіргендей-ақ қатты қиналғаным. Отыра кеп, көзімді тарс жұмып ап, ойға шомайын. Біз ғой бүгінде бір кезде солардың маңдайы ашылар ма екен деп мұрнымыздан шаншылып жүрміз. Ал солар, әлгі бізден жүз-екі жүз жыл кейін туатын ұрпақты айтам, біздерді естеріне алып, рахмет айтар ма екен деп уайымдайым. Әжесі, сен қалай ойлайсың, олар бізді ойларына алар ма екен, сірә?

МАРИНА. Жақсылықтың есесі кісіден қайтпағанмен тәңірден қайтады ғой.

АСТРОВ. Әй, мың жаса! Жақсы айттың-ау!

Войницкий кіреді.

ВОЙНИЦКИИ. (Үйден шығады, таңертеңгі тамақтан кейін ұйқы соғып, бет-аузы күптей боп ісіп кетіпті, орындыққа отырып, сәнді галстугын түзеп қояды.) Иә...

Пауза.

Иә...

АСТРОВ. Ұйқың қанды ма?

ВОЙНИЦКИЙ. Иә... Қанғанда қандай! (Есінейді). Профессор мен жұбайы келгелі мұндағы тіршіліктің шырқы бұзылды. Уақытылы ұйықтау деген қалды. Дастархан басында да қайдағы бірдеңелерді қаузалап отырғаның. Шарап ішесің... Бәрі қып-қызыл зиян! Соня екеуміздің бұрын бір минут та қолымыз босамайтын. Енді, міне, жұмыс жасайтын, тәңір жарылқағыр, жаңғыз Соня. Ал менің шаруам – ұйқы соғу, ішу, жеу... Жақсы нәрсе емес!

МАРИНА. Тәртіп болғаныңа! Профессор ұйқыдан сағат он екі болмай тұрмайды. Самауыр болса, сары ала таңнан сарқылдап күтіп тұрғаны. Олар жоқта біз де ел секілді түскі тамақты сағат бірде ішуші ек. Енді, міне, жетіде ішетін болдық... Профессор түні бойы оқиды, жазады, түн ортасында сағат екілерде қоңырау сылдыратады... «Неге шақырдыңыз, көкешім?» «Шәй!» Жұртты шырт ұйқысынан оятып, самауыр қойғызып жүргенің... Мұндай да тәртіп болады екен!

АСТРОВ. Сонда олар мұнда ұзақ тұрмақшы ма?

ВОЙНИЦКИЙ. (Ысқырып жібереді). Жүз жыл тұрмақшы. Профессор осында біржола орын тебуге ұйғарыпты.

МАРИНА. Міне, көріп тұрсың ғой! Самауырдың қайнағанына екі сағаттан асты, ал олар болса серуендеуге кетті.

ВОЙНИЦКИЙ. Келе жатыр... Абыржымай тоқтай тұр.

Дауыстар естіледі. Жақтық түп жағынан серуендеп қайтып келе жатқан Серебрянов, Елена Андреевна, Соня мен Телегин көрінеді.

СЕРЕБЯКОВ. Тамаша, тамаша... Ғажайып көрініс.

ТЕЛЕГИН. Керемет екен, аса мәртебелім.

СОНЯ. Біз ертең орманшыларға барамыз, папа? Сен бармайсың ба?

ВОЙНИЦКИЙ. Мырзалар, шәй ішейік!

СЕРЕБРЯКОВ. Достым, рахым ете көріңіз, маған шәйді кабинетке әкелерсіз. Әлі біраз бітпеген шаруаларым бар еді.

СОНЯ. Орманшыларға барсаңыз, сізге қатты әсер ететініне мен кепілмін.

Елена Андреевна, Серебрянов және Соня үйлеріне кетеді, Телегин столға келіп, Маринаның қатарына отырады.

ВОЙНИЦКИЙ. Шіркіннің әйелі неткен сұлу еді! Тамаша адам! Өмірімде ондай көрікті әйелді көріп тұрғаным осы.

ТЕЛЕГИН. Дала кезейін мейлі, саялы бақты кезейін мейлі, жоқ мынау дастарханға көзім түссін мейлі, Марина Тимофеевна, мен бір адам түсініп болмас рахатқа батам да жүрем! Ауа райы болса мынау жарқырап тұр, құстар болса анау – тамылжыта сайрап тұр, көңілімізде бір-бірімізге деген тырнақтай да кірбің жоқ. Сонда бізге тағы не қажет! (Стаканды алып жатып). Сізге шексіз ризамын!

ВОЙНИЦКИЙ. (Манаурап). Не айт дейсің?

АСТРОВ. Біз ести қоймаған жаңалық бірдеңе...

ВОЙНИЦКИЙ. Ондай ештеңе жоқ. Бәрі белгілі жәйттар. Өзім де сол баяғы таз қалпым, кері кетпесем, ілгері басқан түрім көрінбейді. Әбден көк жалқау болып алдым, күні бойы қолымды қимылдатпаймын, сонда да ештеңеге көңілім бітпейді, қайдағы бір алжыған кәрі қақпастар құсап тортаңдаймын да жүрем. Әлгі біздің кәрі сауысқан, шешемді айтам ғой, әлге дейін әйел теңдігі деп күңкілдейді. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрғанымен ісі жоқ, қайдағы бір сұңғыла кітаптарды ақтарып, жаңа заманның жарқырап атар жарқын таңын іздейді.

АСТРОВ. Ал, профессор ше?

ВОЙНИЦКИЙ. Профессор ертеден қара кешке кабинетінен шықпайды. Бұрқыратып жазады да жатады.

Ақылды сарқып, миды қатырып жазсақ та мадақ жыр күнде, не өлеңімізді, не өзімізді елейтұғын жоқ бір пенде!

Есіл қағаздар-ай десеңші! Соларының орнына өзінің өмірбаянын жазса ғой тіптен ғанибет болар еді! Қандай тамаша сюжет десейші! Отставкаға шыққан профессор. Әлгі бір қалған қақпыш оқымыстылар болады ғой. Мынау да нағыз сол! Белінің шойырылмасы, басының сақинасы, буын-буынының сырқырамасы бар. Қызғаныш пен күншілдіктен бауырында сау тамдық сау жер қалмаған, бәрі жидіп кеткен. Кәрі қақбас қалада тұруға қалтасы көтермейтін болғасын алғашқы әйелінің мекен-жайына кеп амалсыз бас сауғалап отыр. Бағы жарқырап жанып тұрса да, қайдағы бір «бақытсыздықтарын» айтып жылап-сықтайды да жүреді. Өзің айтшы, оған енді бұдан асқан қандай бақыт керек! Күні кешегі қарапайым дүмше дьяктың баласы, бұрсақ бүгін кеп ғылыми лауазымға, кафедраға қолы жетті, «аса мәртебелім» атанды, сенатордың қызын алды, тағысын тағылар. Жә, оның бәрі түк емес-ау! Сен алдымен мынаны ойлашы. Өнерден өзінің мұрнына иіс бармай тұрып, міне, аттай жиырма бес жыл бойына күйіс қайырған сиырдай реализм, натурализм, тағы сол сияқты бос сандырақтар турасында басқалар баяғыда айтып қойғанды қайталап айтумен келеді. Жиырма бес жыл бойына оқып-жазып келе жатқаны ақылдылар әлдеқашаннан білетін, ақымақтарға түкке қажеті жоқ бос былжырақ бірдеңелер. Сонда жиырма бес жыл бойына құр бекерге арам тер боп келгені ғой! Сүйтіп жүріп көкірегі тау жарғандай. Аспандағы айға қол созады. Міне, отставкаға кетіп еді, кімнің оның өлі-тірісімен ісі болып жатыр? Ешкім оны білмейді, ешкім оны іздемейді. Демек, ол жиырма бес жыл бойы бөтен біреудің орынын иеленіп, бөтен біреудің нанын жеп келді деген сөз. Ал, жүрісіне қарашы: жер тәңірдің өзі сияқты, басқанынан жер ойылардай!

АСТРОВ. Сен оны күндейтіннен саумысың өзің?

ВОЙНИЦКИЙ. Иә күндеймін. Әйелдерден қандай жолы болғыш! Дон-Жуанмын деп жүрген талайлар мұның қасында жіп есе алмай қалады. Алғашқы әйелі, менің апайым, таза болғанда мынау аспандай мөп-мөлдір, көрікті де, кісілікті де кісі еді. Қайырымдылығы қандай еді! Ізеттілігі қандай еді! Оның сұлулығына табынатындар мына оқымыстының шәкірттерінен әлдеқайда кеп болатын. Сүйтіп жүріп ол мынаны періштенің періштеге ғашық болғанындай, өліп-өшіп жақсы көретін. Менің анам, оның енесі, әлі күнге бұл дегенде ауызын ашып, көзін жүмады. Екінші әйелінің қандай парасатты, қандай көрікті адам екенін әлгінде өзің де көрдің ғой. Сол енді, міне, кісі құрығандай, қартайған осыған күйеуге шығып, есіл ажарын, басының бостандығын, жарқылдаған жастық дәуренін бір соның жолында пидаға шалып отыр. Неліктен, неге сонша еліп-өшеді.

АСТРОВ. Сондай қалай, профессордың әйелінің күйеуінің алдында ешкінәсі жоқ қой.

ВОЙНИЦКИЙ. Сорлатқанда солай болып тұр емес пе!

АСТРОВ. Оның несі айып?

ВОЙНИЦКИЙ. Бұнысы адалдық емес, барып тұрған алдамшылық. Ақылға сыймайтын арзымсыз тақуалдық. Өлердей жек көретін кәудіреген кәрі күйеуінің көзіне шөп салу күнә болғанда, бойындағы жастық жігерді өзің тұншықтырып, жалын сезімді өзің өшіру күнә емес пе екен!

ТЕЛЕГИН. (Жыламсырап) Ваня, сенің осындай әңгімеңді жек көрем. Түсінбейтұғын несі бар... Күйеуінің не әйелінің көзіне шөп салатын опасыз адам ертең Отанын да оңай сатып кете алады емес пе!

ВОЙНИЦКИЙ. (Ашуланып). Фонтандай лақылдамай, тоқтай тұршы, Вафля!

ТЕЛЕГИН. Ғафу ет, Ваня. Менің әйелім тойымыз өтер-өтпесте, көркіме көңілі бітпей, көңілдес біреуімен қашып кетті. Бірақ, соған қарамастан, мен жар алындағы адалдығыма тырнақтай кінәрат келтіріп көрген емеспін. Өзін әлі күнге жақсы көрем, әлі күнге көзіне шөп салғам жоқ, бөтен еркектен тапқан балаларын тәрбиелеуге қолдан келген көмегімді аяған еспін. Басымдағы бақтан айырылдым екен деп, абыройымнан айырылам ба? Ал, ол болса... Жас дәурен өтті де кетті. Жаратылыстың заңына амалың қайсы, жарқылдаған ажардан да айрылды, көңілдес кісісі марқұм боп кетті. Сонда енді оған не қалды?

Соня мен Елена Андреевна кіреді, олардан сәл кейінірек қолына кітап ұстаған Мария Васильевна кіреді, отыра қалып, кітап оқуға кіріседі, жұрт оған шәй ұсынады, ол шәй ішіп отырып та, кітаптан көзін алмайды.

СОНЯ (Асығып, күтушісіне). Әжесі, анда мұжықтар келіп тұр. Соларға барып сөйлесіп келші, шәйді мен құя тұрайын. (Шәй құя бастайды).

Күтуші әйел кетеді. Елена Андреевна шәйді әткеншекте отырып ішеді.

АСТРОВ. (Елена Андреевнаға). Сіздің күйеуіңізге бола келіп ем. Хатыңызда қатты сырқат, буын-буыннан алатын сарық ауруы, белінің құяңы, тағы басқа толып жатқан науқастары бар деп едің, аман-есен серуен құрып жүр ғой.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Кеше кешке аяғым сырқыратып алып барады деп жатып қалып еді, бүгін жаман емес.

АСТРОВ. Мен ендеше жеткенше асығып, отыз бес ақырым жерден ат сабылтып жүрсем. Жарайды, мұндай-мұндайды көріп отырғаным бір бұл емес. Оның есіне, бүгін осында қонып, ұйқымды бір қандырып алатын болдым.

СОНЯ. Міне, тамаша! Сіз бізге қонбағалы қашан! Әлі тамақ та ішпеген шығарсыз-ау!

АСТРОВ. Иә, тамақтана қойған жоқ едім.

СОНЯ. Ендеше, қонақ боласыз. Біз бүгін түскі тамақты сағат жетіде ішеміз. (Шәй жұтып көріп). Ой, суып қалыпты ғой.

ТЕЛЕГИН. Иә, самауыр салқындап қалыпты.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иван Иванович, ештеңе етпейді Біз шәйді салқындатып та ішеміз.

ТЕЛЕГИН. Ғафу, етерсіз! Иван Иванович емес, Иван Ильич. Иә, Илья Ильич Телегин. Кейбіреулер бетімнің секпіліне қарап Вафля деп атайды. Мынау Сонечкаға өкіл әке болам. Оны сіздің аса мәртебелі күйеуіңіз жақсы біледі. Енді, міне, сіздің мекенжайыңызда тұрып жатқан жайымыз бар. Өзіңіз де байқаған шығарсыз, күнде бірге тамақтанып жүрміз ғой.

СОНЯ. Илья Ильич – біздің көмекшіміз. Әкемнің оң қолы. (Пейілденіп) Келіңіз, өкіл әке, тағы да шәй құяйын.

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Ах!

СОНЯ. Не боп қалды, әжетай.

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Қап, Александрға айтуды ұмытып кеткенімді қарашы... Осы менің жадым сондай нашарлап кеткен... Бүгін Харьковтегі Павел Алексеевичтен хат келіп еді-ау! Өзінің жаңа брошюрасын жіберіпті.

АСТРОВ. Міне, қызық!

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Қызығы қызық-ау, бір таңғалатын нәрсе болып тұрғаны. Ол өзінің осыдан жеті жыл бұрын қызыл өңеш боп қорғап баққан пікірлерін бүгін кеп өзі жоққа шығарыпты. Одан асқан сөлекеттік болар ма!

ВОЙНИЦКИЙ. Мынасы сұмдық екен. Шәй алыңыз, мамасы, шәй алыңыз!

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Жоқ, менің сөйлегім келіп отыр!

ВОЙНИЦКИЙ. Мүйізің шығатын болса, елу жыл бойына сөйлеп, брошюра оқып келеміз ғой. Соның да бір жалықтыратын кезі бар шығар.

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Неге екенін білмеймін, сен осы мен аузымды ашсам болды, тыңдағың келмей тыржыңдап бітесің. Кешір, Жан, кейінгі жылдары сен сондай өзгеріп кеткенсің, мен кейде тіпті тани алмай қалам... Сен бұрын белгілі бір өз көзқарасы, өз пікірі бар абзал жанды адам сияқты едің...

ВОЙНИЦКИЙ. Иә, тауып айтасың! Бәсе, мен сондай абзал жанды адам боп жұрттың бәрін қарқ қылып жатыр едім-ау...

Пауза.

Абзал жанды адам едің... Одан артық не деп мұқатсың!.. Биыл қырық жетіге келіппін. Өткен жылға дейін мен де мына сізге ұқсап шын өмірдің қандай екенінде шаруам болмай, қайдағы бір құрғақ қиялды қуып, өзімді өзім алдап жүрдім. Оны, өзімше, жақсылық қой деп ұқтым. Қазір соған қалай өкінетінімді білсеңдер ғой! Енді, міне, бүгін кеп кәріліктің шет-жепірін көре бастағанда, өзімді өзім талай қызықтан қағып, есіл уақытты құр бекерге өткізгенім есіме түссе болды, ызадан түні бойы ұйқым келмей төңбекшіп шығам...

СОНЯ. Ваня ағай, мынауыңыз іш пыстыратын әңгіме екен!

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. (Ұлына). Сен өзің бұрынғы көзқарастарыңа баз кешіп отырғаннан саусың ба? Тағдырыңның бұлай болғанына көзқарасың емес, өзің айыптысың ғой! Көзқарастың бір өзін ғана алып қарасаң, ештеңеге тұрмайтын құрғақ сөз боп шығатынын есіңде ұстамағансың. Саған әрекет керек еді ғой, әрекет...

ВОЙНИЦКИЙ. Әрекет дейсіз бе? Сіздің әлгі герр профессор секілді күні-түні жазу жазатын мәңгілік двигатель болу екінің бірінің қолынан келе бере ме!

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Сондай не айтпақсың?

СОНЯ. (Жалынып). Әжетай! Ваня ағай! Жалынамын, қойсаңыздаршы!

ВОЙНИЦКИЙ. Қойдым. Үнімді өшірем әм кешірім сұраймын.

Пауза.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Күн бүгін қандай жақсы еді... Ыстық емес, жаймашуақ...

Пауза.

ВОЙНИЦКИЙ. Мұндай күн – асылып өлуге таптырмайтын әбден жақсы күн.

Телегин гитараның күйін келтіреді. Марина үй айналып тауық шақыра бастайды.

МАРИНА. Шепе, шепе, шепе...

СОНЯ. Әжесі, мұжықтар неге келіпті?

МАРИНА. Сол баяғы бос жатқан жердің әңгімесі ғой. Шепе, шепе, шепе...

СОНЯ. Нағып бүйтіп мазалана қалдыңыз?

МАРИНА. Әлгі шұбар тауығы құрғыр балапандарын ертіп кетіпті. Қарғалар алып кетпесе жарар еді... (Кетеді).

Телегин полька ойнайды, бәрі үнсіз тыңдайды. Қызметші кіреді.

ҚЫЗМЕТШІ. Доктор мырза осында ма? (Астровқа). Кешіріңіз, Михаил Львович, сізді шақырып келіп тұр.

АСТРОВ. Қайдан?

ҚЫЗМЕТШІ. Фабрикадан.

АСТРОВ. (Ренішпен) Мархабат ете көріңіз. Жүру керек боп қалды.

(Көзін жүгіртіп төңірегінен фуражкасын іздей бастайды).

Өкінішті-ақ, қап мына тәңір атқыр...

СОНЯ. Расында да, өкінішті. Фабрикадан қайтарда тамақтанып кетсеңіз қайтеді.

АСТРОВ. Жоқ, кеш боп кетеді. Әлгі пәле қайда құрыған... (Қызметшіге). Сүйіктім, шынында да, маған бір рюмка арақ әкелмес пе екенсің!

Қызметші шығып кетеді.

Қайда жоғалды әлгі... (Фуражкасын тауып алады). Островскийдің бір пьесасында мұрты үлкен де, қабілеті аз біреу бар-ау! Сол мына менмін-ау деймін. Ал, ғафу өтінемін, мырзалар... (Елена Андреевнаға). Егер уақыт тауып, мәселен мына Софья Александровнамен бірге, біздің де баспанамызға бас сұғып шығар болсаңыз, қуанышым қойныма сыймас еді. Мекен-жайым онша үлкен емес, бар болғаны он үш десятинадай ғана, бірақ ондағыдай бақ пен питомникті бұл төңіректе басқа ешқайдан іздеп таба алмайсың... Қазынаның орман шаруашылығы да қасымызда. Орманшы кәрі кісі және ылғи ауырып жатады. Шындап келгенде, орман шаруашылығы да менің мойнымда.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Орманды жақсы көретініңізді жұрттан естігем. Әрине, оның да өте пайдалы іс екені рас, бірақ негізгі мамандығыңызға ешқандай кедергі келтіріп жүрмей ме? Сіз дәрігерсіз ғой.

АСТРОВ. Біздің негізгі мамандығымыздың не екенін, білсе тек бір құдай ғана білетін шығар.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Бұныңыз қызық екен?

АСТРОВ. Иә, қызық екені рас.

ВОЙНИЦКИЙ. (Кекетіп). Қызық болғанда қандай!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Астровқа). Жасыңыздың тоқтасып қалған ештеңесі жоқ. Өзіңізге қарағанда сол отыз алты, отыз жетілердің шамасында сияқтысыз... Ендеше, ол тап сіз айтқандай, қызғылықты іс бола қоймас. Маңайыңыз ет меңіреу орман. Меңінше, тым іш пыстыратын бір қалыпты сүреңсіз өмір ғой.

СОНЯ. Жоқ, ол өте қызық! Михаил Львович жыл сайын жаңа ағаштар, отырғызады, сонысы үшін жуықта қала медаль мен диплом алды. Ол қартайған ағаштарды құртуға қарсы күресіп жүр. Егер бұл жайында өзіне айтқызсаңыз, орман – жердің көркі. Адамдарға сұлулықты ұқтырып, көңілдеріне ұлылық, ірілік бітіретін сол. Орман қатал климатты жұмсартады. Климаты жұмсақ жерде адамдар табиғат пен күреске аз күш жұмсайды, Сондықтан ондай жердің адамдары нәзік биязы мінезді, сымбатты, оңай әсерленетін сезімтал боп келеді. Жүріс-тұрыстары да сондай сыпайы боп, сұлу сөйлейді. Олардың ғылымы мен өнері ылғи өрге басып, философиялары күңгірттік пен күйректіктен таза, әйелдерге деген көзқарасы мейлінше абзал, мейлінше жарастықты боп келетін көрінеді.

ВОЙНИЦКИЙ. (Күліп). Ой-пәле-ай! Бұның бәрі естір құлаққа сондай әдемі болғанмен, көңілге көп қона қоймайды екен. Сондықтан да (Астровқа), достым, маған әзір үйді отын жағып қыздырып, сарайды бөренеден қалауға рұқсат ет...

АСТРОВ. Сен пешті торф жағып қыздырып, сарайды тастан салсаң да, ештеңең кетпейді. Жә, аса зәру мұқтажыңа ағаш кесуге де болады. Бірақ, басқа-көзге қарамай отай берудің қажет қанша. Орыстың орманының түбіне ақыры ақ балта жетіп тынады. Миллиардтаған бәйтерек босқа күйреп, талай аң-құс пана мен ықтан айрылады, талай өзен тартылып, талай арна құрғады: талай көрікті көрініс көз көрмеске жоғалды. Соның бәрі – қайдағы бір кер жалқаулардың аяғының астында жатқан тегін отынды иіліп теріп алуға ерінгендігінің салдары, (Елена Андреевнаға). Шынында да, солай ғой, ханым? Соншама, көз жауын алар, көрікті отқа өртеп, өз қолыңнан келмейтін кереметті оп-оңай құртып жіберу үшін ақылдан атымен саңылауы жоқ жабайы біреу болу керек шығар. Адамға өзіне мирасқа бұйырған асыл қазыналарды одан әрі көбейтсін деп ақыл ой мен орасан зор творчестволық күш берілген, ал ол болса, әліге дейін жайнатудың орнына жайратумен, құрттыртудың орнына күйретумен келеді. Орман болса, азайған үстіне азая түсуде. Өзендер болса, тартылған үстіне тартыла түсуде. Аң мен құс болса, ауып кетіп жатыр. Климат болса, бұзылды. Жер байғұс күннен-күнге құнарынан, көркінен айырылып барады. (Войницкийге). Сен, міне, мені мошқап күліп отырсың. Сен үшін әлгі айтып тұрғанымның бәрі мәнсіз-дәмсіз бос былшыл. Кім біліпті, шынында да, бұным әпенделік шығар. Бірақ, озбыр балтаның аузынан өзім айырып алып қалған шаруалардың шағын тоғайларының қасынан өткенде, немесе өз қолымнан отырғызған балапан шыбықтардың жайқалып өніп, сусылдай сыбдырлағанын естігенде, климат, аз болса, менің ықпалыма көнгендей, егер бұдан мың жыл кейін адамдар өздерін бақытты санаса, соған менің, сәл де болса, септігім тигендей сезінемін. Бала қайыңды отырғызып, оның бүр жарғанын, желмен тербеліп желкілдей бастағанын көргенде көкірегімді мақтаныш кернейді, мен де... (Подносқа койып, бір рюмка арақ алып қызметші кіреді). Бірақ... (Ішеді). Кететін уақыт болды. Кім біліпті, бұның бәрі, түптеп келгенде, әпенделік шығар. Бәріңе де тағзым етем. (Үй жаққаа қарай беттейді).

СОНЯ. (Қолтығынан алып). Бізге қашан келесіз?

АСТРОВ. Білмеймін...

СОНЯ. Тағы бір айдан соң ба?

Астров пен Соня үйге кіріп кетеді. Мария Васильевна мен Телегин столдың қасында қалады. Елена Андреевна мен Войницкий террасаға қарай беттейді.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Ал, сіз, Иван Петрович, тағы да жүгенсіз кеттіңіз. Мәңгі двигатель туралы айтып, Мария Васильевнаның намысына тиюдің қанша қажеті бар еді? Бүгін таңғы тамақ үстінде Александрмен тағы да шекісіп қалдыңыз. Осының бәрі ұсақтық емес пе!

ВОЙНИЦКИЙ. Егер оны өлердей жек көріп отырсам, сонда қайтуым керек еді?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Александрды жек көрудің жөні жоқ. Жұрт қандай болса, ол да сондай. Тап сізден жаман емес енді...

ВОЙНИЦКИЙ. Егер өзіңізді өзіңіз сыртыңыздан қадағалап, өзіңіздің қандай екенін, не тірлік не әрекет жасап жүргеніңізді көрсеңіз бар ғой... Өмір сүруге ешқандай зауқыңыз соқпас еді. Неткен жалқаулық, неткен самарқаулық десеңізші!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иә, иә, неткен жалқаулық! Неткен сүреңсіз өмір. Жұрттың бәрі менің күйеуімді жамандайды, жұрттың бәрі маған: сорлының күйеуі неткен кәрі еді! – деп мүсіркей қарайды. Өздерінше жандары ашығансиды. Оның бәрін мен бес саусағымдай білем. Орманды бүйтіп бостан босқа қирата берсеңдер, жер бетінде ештеңе де қалмайды – деп жаңа Астров айтты ғой. Егер адамдарды да дәл солай нақақтан нақақ қудалай берсеңдер, жер бетінен көп ұзамай адалдық та, пәктік те, біреудің жолында өзін құрбандыққа шалатын мәрттік те түгел құриды. Көзіңізге түскен көрікті әйел құрығыма түсе кетпеді екен деп шала бүліну шарт па екен! Өйтетін себебіңіз, әлгі доктор дұрыс айтады, бәріңіздің де көкірегіңізде көзге түскенді құртпай тынбайтын бір-бір әзәзіл отыр. Сіздердің орманға да, құстарға да, әйелдерге де, тіпті бір-бірлеріңізге де жандарыңыз еш ашымайды.

ВОЙНИЦКИЙ. Осындай пәлсапашылдықты жек көрем.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Әлгі доктор сондай шаршаған, әбден жүйкелеп біткен кісілердің сойынан. Бет-пішіні сондай қызық. Сыңайы біздің Соняға өзі қатты ұнайтын болса керек? Тіпті ғашық па деймін. Бірақ, ол қызды да түсінуге болады. Мен келгелі ол кісі осында үш рет келді. Алайда, мен ұялшақтық жасап, ешқайсысында да онымен дұрыстап сөйлесіп, ықылас көрсете алмадым. Ол, шамасы, мен ренжіп тұр деп ойлап кетті. Иван Петрович, біз екеуміз осы екеумізде сондай кірпияз, екеуміз де сондай қазымыр адамдар болғандықтан достасып жүрген жоқ па екенбіз! Шынында да, сондай қазымыр, сондай қырыс қабақ жандармыз ғой. Сіз маған бүйтіп қарамаңызшы, мен ондайды жек көрем!

ВОЙНИЦКИЙ. Сізді өліп-өшіп сүйіп тұрсам, басқаша қайтып қарай алам! Бақытым да, жастығым да, өмірім де бір өзіңсіз. Мен сүйгенмен, сіздің сүйе қоятыныңызға зәредей де сенімім жоқ, бірақ басқа ештеңе сұрамайын, тек жүзіңізге осылай қарап, үніңізді естіп жүруге рұқсат етсеңіз болғаны...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жә, жайырақ сөйлеңіз. Естіп қап жүрер.

Үйге беттейді.

ВОЙНИЦКИИ. (Соңынан еріп). Маған тек осылай сүйетінімді айтуға рұқсат етіп, қасыңыздан қумасаңыз болғаны. Соның өзі де мен үшін асқар таудай бақыт...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Мынауыңыз нағыз азап қой...

Екеуі де үйге кіріп кетеді. Телегин полька ойнайды, Мария Васильевна брошюраның жиегіне бірдеңе жазып жатады.

ШЫМЫЛДЫҚ.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Серебряковтың үйінің асханасы. Түн. Бақ ішінде күзетшінің тоқылдағы естіліп тұрады. Серебряков (ашық терезенің алдында креслода қалғып отыр) және Елена Андреевна (күйеуінің қасында қалғып отыр),

СЕРЕБРЯКОВ (Селк ете түсіп). Бұл кім? Соня, сенбісің?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иә, бұл менмін.

СЕРЕБРЯКОВ. Леночка, бұл сен екенсің ғой... Аяғымның сырқырағаны шыдатар емес!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жамылғың түсіп қалыпты ғой. (Аяғын орайды).

АЛЕКСАНДР. Терезені жабайын.

СЕРЕБРЯКОВ. Жоқ, маған сондай қапырық... Әлгі бір кезде көзім жұмылып кетіп еді, сөйтсем, сол аяғым бөтен біреудің аяғы боп түсіме кіргені. Бірдеңе тызылдап ауыртқан соң, оянып кеттім. Жоқ бұл сарық ауру емес, шамасы, сол құяң болар. Қазір сағат қанша өзі?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Он екіден жиырма минут кетіпті.

Пауза.

СЕРЕБРЯКОВ. Таңертең кітапханадан Батюшковты іздеші. Сол бізде бар сияқты еді ғой.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. А?

СЕРЕБРЯКОВ. Таңертең Батюшковты ізде деймін. Есімде, сол бізде бар болатын. Тынысым неге мұнша қиындап кетті!?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Шаршаған шығарсың. Екі күн қатарынан ұйықтаған жоқсың ғой.

СЕРЕБРЯКОВ. Жұрт осы аурудан Тургенев демікпеге ұшырапты дейтін еді. Мен де сөйтіп жүрмесем еді. Бәрі де әлгі кәріліктің қырсығы ғой. Құрып кеткір нәрсе екен ғой өзі! Қартайғасын кісі өзгеге түгілі өзіне өзі жек көрінішті боп кетеді екен. Байқаймын, қай-қайсың да тап мені көргілерің келіп, өліп-өше қоймайтын сияқтысыңдар.

ЕЛЕНА АНДРЕЕНА. Сен кәрілік туралы айтсаң болды, қартайғаныңа біз кінәлідей, шетімізден ылғи осылай жазғыра сөйлейсің.

СЕРЕБРЯКОВ. Ең алдымен, мына саған жексұрын көрінетін шығармын.

Елена Андреевна аулағырақ барып отырады.

Әрине, оныңның да жөні бар. Ақымақ емеспін түсінем. Сен болсаң – жассың, денің сау, ажарың бар, өмір сүргің келеді; мен болсам – шалмын, тірі өлік десең де, артық емес. Оны түсінбей жүр ғой дейсің бе? Әрине, әлі күнге сүйретіліп тірі жүре алғаныма сенің алдыңда айыптымын. Бірақ сәл шыдай тұрыңыздар, көп ұзамай менен де құтыларсыздар. Қашанғы осылай ілініп салынып жүре берер дейсіздер.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Құдай үшін, бүйтіп жүйкеге тие бермей, бір сәт аузыңды жапшы!

СЕРЕБРЯКОВ. Сонда бір менің қырсығымнан бәрің бірдей діңкелеп, жастық дәуренді босқа зая қып жатқан болдыңдар-ау! Өмірдің қызығына батып кенеліп жатқан жаңғыз мен екенмін ғой. Әрине, солай ғой!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Бос сөйлеме, сен мені әбден азаптап біттің!

СЕРЕБРЯКОВ. Иә, бәріңді де азаптап біттім, әрине!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Көзіне жас алып). Бұған қайтып шыдарсың! Сонда менен не талап етіп отырсың?

СЕРЕБРЯКОВ. Ештеңе де!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Ендеше, босқа сөйлеме, өтінем!

СЕРЕБРЯКОВ. Міне, қызық, Иван Петрович немесе әлгі кәрі есуас Мария Васильевна сөйлей қалса, бәрің теп-тегіс құлақ түре қаласыңдар, ал мен аузымды аштым екен, осылай бірден еңселерің түсіп қоя береді. Тіпті даусымды да естігілерің келмейді. Жарайды, мен бәрің үшін сондай жеккөрінішті өзімшіл озбыр біреу бола-ақ қояйын! Сонда менің асарымды асап, жасарымды жасап, қартайып отырғанда да азын-аулақ өзімшіл болуға ешқандай қақым жоқ болғаны ма! Шынында да солай ма? Қалайша, мен, ең болмағанда, қартайған кезімде өзіме сәл-пәл жайлы жағдай жасап, ықылас бөлгендеріңді талап ете алмаймын?!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сенің ол құқына қол сұғып жатқан ешкім жоқ. Терезе тарс ете қалады. Жел көтеріліпті, әйнекті жабайын! (Жабады). Жауын жауайын деп тұр-ау! Сенің ондай месіліңді жығып жатқан кім бар?

Пауза.

Бақтағы күзетші тоқылдатып, ыңылдап ән салады.

СЕРЕБРЯКОВ. Бүкіл ғұмырымды ғылымға сарп етіп, кабинетіме, аудиторияға, қадірлі жолдас-жоралар қауымына үйреніп қалған сорлы басым енді, міне, ойда-жоқта мынандай тас табыттың ортасынан бірақ шығып, күнде-күнде қайдағы бір нақұрыстармен мәжілістес боп, қайдағы бір көкімелеріне құлағыңды сарсытып қойғасын не жорық... Мен, өлі де болса, өмір сүргім келеді, жаңа табыстарға жеткім келеді, атақ-даңқты, мақтау-мадақты, қошеметті жақсы көрем, ал мұндағы тіршілік те бір, айдаудағы тіршілік те бір. Минут сайын өткенді аңсап, өксіп, бір жағынан өзгелердің қандай нәрсеге қолдары жетіп жатқанын көріп қызығып, бір жағынан ажалдан қорқып қалтырап-дірілдеп отырғаның... Жоқ, жоқ, бұдан әрі күшім жетпейді. Оның үстіне, мұндағылар менің мұншама ұзақ өмір сүргенімді кешіре алмай, әзірейілдей көріп жүр.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Шыда, сәл шыдасайшы: енді бес-алты жылда мен де қартаям ғой.

Соня кіреді.

СОНЯ. Папа, доктор Астровқа өзіңіз адам жіберіп, ол келгенде қабылдамай қойғаныңыз қалай? Кісіні өйтіп босқа сабылту да инабаттылыққа жата ма екен?

СЕРЕБРЯКОВ. Сенің Астровыңның маған қажеті қанша? Мен астрономиядан қандай хабардар болсам, ол медицинадан сондай хабардар.

СОНЯ. Енді сонда сенің буыныңның сарығына бола бүкіл бір медицина факультетін шақыртамыз ба?

СЕРЕБРЯКОВ. Сенің ол делқұлыңмен сөйлесіп жатар жайым жоқ.

СОНЯ. Оның өзіңіз біліңіз. (Отырады). Маған бәрібір.

СЕРЕБРЯКОВ. Сағат қанша болды?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Бір.

СЕРЕБРЯКОВ. Қаталап барам... Соня, столдан дәрі алып берші!

СОНЯ. Қазір. (Дәрі алып береді).

СЕРЕБРЯКОВ. (Ашуланып). Жоқ бұл емес! Бұлардан бірдеңе сұрасаң, көретін күнің осы-ау!

СОНЯ. Босқа быжылдай бермесеңізші енді! Оныңыз басқа біреулерге ұнайтын шығар. Ал мен ондайыңызды, құдай сақтасын, көтере алмаймын. Оған тіпті уақытым да жоқ. Ертең ерте тұруым керек, шөп шабуға барам.

Үстіне халат киіп, қолына шырағдан ұстап Войницкий кіреді.

ВОЙНИЦКИЙ. Далада қара нөсер қаптап келеді.

Найзағай ойнайды.

Көрдіңдер ме! Елена, Соня, барып ұйықтаңдар, сендердің орындарыңа әзір мен отыра тұрайын!

СЕРЕБРЯКОВ. (Шошып кетеді). Жоқ, жоқ! Бұған тастай көрмеңдер! Жоқ, бұның кісіге тиіспесе, басы ауырады. Тағы да дауласып қаламыз.

ВОЙНИЦКИЙ. Бұлар да дем алсын да... Екі түн қатарынан ұйықтаған жоқ қой.

СЕРЕБРЯКОВ. Барсын, ұйықтасын, бірақ сен де кет. Ықыласыңа рахмет. Жалынамын. Бір кезде екеуіміз дос едік қой дейсің бе!

Бір кезде...

СОНЯ. Ваня ағай, үндемей-ақ қойыңызшы!

СЕРЕБРЯКОВ. (Әйеліне). Қымбаттым, қасыма мұны қалдыра көрме! Көріп отырсың ғой, тағы да дауласқалы келіп отыр.

ВОЙНИЦКИЙ. Мынау бір күлкілі жағдай болды-ау!

Қолына шырағдан ұстап Марина кіреді.

СОНЯ. Әжетай, ұйықтасаң етті. Кеш болды ғой.

МАРИНА. Самауыр әлі дастарханда тұрғанда, қайтып ұйықтай аларсың.

СЕРЕБРЯКОВ. Бәрінің де түнде ұйқыларынан, күндіз күлкілерінен айырылып, жүрістері мынау. Рахатқа батып кенеліп жатқан жалғыз мен.

МАРИНА. (Серебряковқа жақындап барып). Немене, көкешім? Ауыра ма? Менің де аяғым сырқырап жүргізбей жүр. Сіздің бұл баяғыдан бергі үйреншікті науқасыңыз ғой. Марқұм Вера Петровна, Сонечканый мамасы, түнді түнге ұрып көзі ілмей шығатын... Ол сізді сондай жақсы көруші еді ғой...

Пауза.

Кәрі кісі де бала сияқты емес пе! Аяғанды, аялағанды жақсы көреді. Бірақ, оларды аяйтын кім бар? (Серебряковтың иығынан сүйеді). Көкешім, барып төсегіңізге жатыңызшы... Сөйтейік, жарқыным... –Үйеңкінің жапырағын салып шәй берейін... Аяғыңды жылытайын... Саған қуат бере көр деп құдайға жалбарынайын...

СЕРЕБРЯКОВ. (Көңілі босап). Барайық, Марина.

МАРИНА. Өзімнің де аяғым қан қақсап бастырмай жүр. (Соня екеуі Серебряковты екі қолтығынан демейді). Вера Петровна мұндайда қолды-аяққа тұрмай, жылап-сықтап әлек-шәлегі шығатын... Соня, сен онда әлі кішкентай едің... Жүре ғой, көкешім.

Серебряков, Соня және Марина шығып кетеді.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Әбден қажытып бітірді. Екі аяғымнан зорға тұрмын.

ВОЙНИЦКИЙ. Сізді ол қажытса, мен өзімді-өзім қажытып жүрмін. Ұйықтамағаныма үш күн болды,

ЕЛЕНА ДНДРЕЕВНА. Бұл үйдегі тірліктің қиюы әбден кетіп тұр. Сіздің анаңыз әлгі брошюралары мен профессордан басқамыздың бәрін де жек көреді. Профессор ашудан терісіне симай жүр. Маған сенбейді, сізден қорқады. Соняның әкесіне көңілі бітпейді, маған да ептеп реніші бар. Екеуіміздің сөйлеспегенімізге екі апта болды. Сіз менің күйеуім мен өз анаңызды өлердей жек көресіз. Менің де сіркем су көтермей барады, бүгін жиырма рет жылай жаздап барып, өзімді-өзім әзер бастым... Бұл үйден сән кетейін деді.

ВОЙНИЦКИЙ. Осы бір пәлсапа соққанды қояйықшы!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иван Петрович, сіздің ғой осы бір кісідей ақылыңыз да бар, біліміңіз де бар. Дүниені қайдағы бір қарақшылар да, өрт пен топан да емес, осындай өшпенділік, дүрдараздық, ұсақ-түйек кикілжің құртатынын жақсы білесіз. Сондықтан да өзіңіз бас болып тосыраңдағанша, мына қырғиқабақ жұртты неге бітістіруге күш салмайсыз:

ВОЙНИЦКИЙ. Маған әуелі өзім мен өзімді бітістіріп беріңізші, қымбаттым... (Қолына жабысады).

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Тоқтаңыз! (Қолын тартып алып). Кетіңіз!

ВОЙНИЦКИЙ. Қазір жаңбыр құйып өтеді. Жаратылыс тегіс жарқырап, жадырап бір дем алады. Ол нөсер тек менің жанымды ғана жаңғырта алмайды. Есіл өмірім бекерге рәсуа болды-ау деген жексұрын ой албастыдай айқара басып алқындырады да жүреді. Өткен өмір болса түкке керегі жоқ ұсақ-түйекке дая боп күлді көмеш ол өтті, бүгінің болса, мәнсіздіктен басқа еш нышан танытпай, бедірейіп бұл тұр. Өмірімді де, махаббатымды да сіздің жолыңызға шалдым пидаға: қайда жұмсап, қайда құрт дейсіз – өз аузыңыздан айтыңызшы. Есіл ықыласым құрдымға құлаған сәуледей құр бекерге тәрк боп барады. Өзім де, міне, құрып біткелі тұрмын.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сіз осы бір сүйетін-күйетініңізді айтқанда, мен қараптан-қарап мәңгүрт тартып, не айтарымды білмей абдырап қалам. Кешірерсіз, мен сізге ештеңе айта алмаймын. (Кетуге ыңғайланады). Қайырлы түн!

ВОЙНИЦКИЙ. (Алдын кес-кестеп). Мынау үйде өзімнен басқа және бір пенденің – мына сіздің есіл өміріңіздің бостан босқа күйреп бара жатқанын ойлағанда қайтып күйзелетінімді көрсеңіз ғой. Сіз осы не күтіп жүрсіз? Қарғыс атқыр қандай пәлсапа аяғыңызға тұсау боп тұр? Түсінсеңізші өзіңіз...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Жүзіне тесіле қарап). Иван Петрович, сіз массыз.

ВОЙНИЦКИЙ. Мүмкін, о да мүмкін...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Әлгі доктор қайда?

ВОЙНИЦКИЙ. Анда... бүгін маған қонып шықпақ. Мүмкін, о да мүмкін! Мүмкін емес нәрсе бар ма, тәйірі!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Бүгін де ішіп алыпсыз! Неге бүйтесіз?

ВОЙНИЦКИЙ. Мына қу тіршілік ішіп алсаң ғана, өмірге ұқсайтын сияқты... Маған кедергі болмасаңыз екен, Елена!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Бұрын сіз ішпейтін едіңіз, бүйтіп көп сөйлемейтін де едіңіз... Барып ұйықтаңызшы! Сізді көрсем зерігіп кетем.

ВОЙНИЦКИЙ. (Қолына жармасып). Аяулым менің, асылым...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Ренжіп). Жоламаңыз маған... Осындайыңызды тіпті жек көрем... (Кетеді).

ВОЙНИЦКИЙ. (Жалғыз). Кетті де қалды...

Пауза.

Мен бұны осыдан он жыл бұрын марқұм апайымның қасынан көріп едім. Ол кезде бұл он жетіде еді де, мен отыз жетіде ем. Сонда неге ғашық боп, сөз салмадым екен? Өйтуіме ол кезде әбден мүмкіндік бар еді ғой. Сөйткенде ғой, бұл бүгінде менің әйелім болар еді... Иә... Онда қазір екеуміз мына найзағайдан бірге шошып оянатын едік... Ол қорқып, менің бауырыма тығылар еді. Мен оны аймалап: «Қорықпа, мен қасыңдамын ғой!» – дер едім. Ой, шіркін, ой неткен тамаша еді... Тамашалығы сондай, тіпті өңіме күлкі жүгірді ғой... Ой, тоба десеңізші, басымда сан ойлар сапырылысып жүр-ау... Неге қартайдым екен? Ол неге түсінбейді екен, ә? Әлгі бір ділмарсығаны, самарқау сөйлеп ғибрат айтқаны, дүниенің қалай құритыны туралы маған миыңа қонбайтын салғырт ойлары менің қаралай зығырданымды қайнататынына нағып түсінбейді екен?

Пауза.

Қап, қалай қапы соғып қалдым десеңші! Әлгі профессор сымақты, белін көтере алмай жүрген безгелдекті сондай қадірлеуші едім-ау, ол дегенде көк өгіздей көнтеріленіп, бар жұмысын бітіріп беруші ем! Соня екеуміз мына қонысының бар шаруасын жайғастырып ек; екеуміз кулактар құсап, тұзсыз май, бұршақ, сүзбе бәрін сатып сауда жасайтын едік. Сонда солардың шетінен ауыз тиіп те көрмейтінбіз. Тиыннан-тиын балалатып, мыңдаған сомды өзіне салып өсе беретінбіз. Оның ғылыми еңбектеріне мақтанып көкірегімізді көтеруші ек. Оларсыз өмір сүре алмайтындай, тіпті ауа жұта алмайтындай көруші ек! Оның қаламынан туған, аузынан шыққан сөз, әр сөз данышпандықтың шырқау шыңындай көрінуші еді... Ал, енді қазір... Міне, ол отставкаға шықты, не бітіріп, не тындырғаны енді белгілі болды: өлгенде оның артында қалар бір бет мұрасы жоқ екен, оның есімін бір жан білмейді екен, ол былайғы жұрт үшін ешкім де емес екен! Сабынның аспанға айналып шыға келетін ақ езу көпіршігі екен, әншейін! Сөйтсем, мен алданыппын, ақымақ екем!

Үстінде жилеті де, галстугы де жоқ, тек сюртук киген Астров кіреді. Көңілді. Қасына гитара ұстаған Телегин еріпті.

АСТРОВ. Ойна!

ТЕЛЕГИН. Жұрт ұйықтап жатыр ғой!

АСТРОВ. Ойна!

Телегин баяулата күй шалады. (Войницкийге). Жалғызсыз ба? Ханымдар жоқ па? (Баяулатып ән қосады). «Пешіңді құлат, үйіңді құлат, иеңе ұйықтар орын тап!» Нөсер оятып жіберді. Керек-ақ жаңбыр! Сағат қанша өзі?

ВОЙНИЦКИЙ. Сайтан білсін!

АСТРОВ. Құлағыма Елена Андреевнаның дауысы естілгендей болып еді ғой!

ВОЙНИЦКИЙ. Ол әлгінде ғана осында болған!

АСТРОВ. Қатқан келіншек! (Стол үстіндегі шыныларға көз тастайды) Дәрілер-ау, шамасы! Рецептері неткен көп! Харьковтың да, Москваның да, Туланыңда дәрігерлерінің қолы жүр! Қайдағы бір сарық ауруына бола, барлық қалаларды ығыр қылған түрі бар. Ол өзі, шынында да, ауру ма, жоқ, әдейі істей ме?

ВОЙНИЦКИЙ. Ауру.

Пауза.

АСТРОВ. Сен бүгін нағып жабырқаусың. Әлде әлгі профессорды аяп тұрсың ба?

ВОЙНИЦКИЙ. Мазамды алма.

АСТРОВ. Бәлкім, профессоршаға ғашық шығарсың.

ВОЙНИЦКИЙ. Ол әйел – менің досым.

АСТРОВ. Достасып та үлгердіңдер ме?

ВОЙНИЦКИЙ. «Үлгердің бе» дегенің не сөз?

АСТРОВ. Әйел еркекпен достасу үшін әуелі танысы, сосын көңілдесі, содан соң барып досы болады.

ВОЙНИЦКИЙ. Нақұрыстардың пәлсапасы!

АСТРОВ. Қалайша? Иә... Мойындағаным дұрыс. Осы мен, шынында да, нақұрыс болып барам. Көріп тұрсың ғой – маспын. Әдетте айына бір рет қана бүйтіп мас болғанша ішуші ем. Ал, енді мас болды бар ғой, нағыз барып тұрған оспадарсыздың өзі болып шыға келем. Ол кезде маған Еділдің суы жұлықтан келмейді. Қандай қиын операцияларды да оп-оңай-ақ қағып тастаймын. Болашақ жайында не керемет жоспарлар жасаймын. Ондай кезде өзімді әпенде санаймын. Адамзатқа шаш-етектен пайда келтіріп жүрмін деп ойлаймын. Ол кезде бар ғой, мен өзіме өзім бір өз алдына дербес философиялық ілім ашқан асқан данышпан көрінем де, мына сіздердің бәріңіз жәй-әншейін көбелек... жоқ, тіпті микроб секілді бірдеңе боп кетесіздер. (Телегинге). Вафля, ойна!

ТЕЛЕГИН. Достым, сенің жолыңда жанымды пида шалуға бармын, бірақ қазір үйдің іші түгел ұйықтап жатыр ғой!

АСТРОВ. Ойна!

Телегин баяулата күй тартады.

Ішсек қайтеді. Жүріңдер, ана жақта таусылмаған коньяк қалды. Таң сібірлей бізге тартамыз. Жарамай ма? Менің бір фельдшерім бар. Ешқашан «жарай ма» демейді, «джарайма» дейді. Барып тұрған арамза. Джарай ма? (Кіріп келе жатқан Соняны көріп). Кешірерсіз, мен галстук тақпап едім. (Тез шығып кетеді).

Телегин ере шығады.

СОНЯ. Ваня ағай, доктор екеуіңіз тағы ішіп алғансыздар ма? Жарасқан екен қос қыран. Доктордың ылғи осылай бусанып жүретін әдеті. Ал саған не жорық? Сенің жасыңда бұл ұят қой!

ВОЙНИЦКИЙ. Бұл арада кімнің қанша жаста екенінде қалып тұрған қандай шаруа бар? Өмірдің өз сиқы сондай сұмпайы болса, көлеңдеген көк сағымға алдана тұрғаннан басқа амалың қайсы? Құр алақан құлазып отырғаннан ол да, әйтеуір, шүкіршілік қой.

СОНЯ. Пішен болса – маяулаусыз жатыр, күн болса мынау – күнде селдетіп тұрғаны. Ал сен болсаң – қайдағы бір көк сағымды қуып көлеңдеп жүргенің. Шаруаның шартарап болып жатқанынан хабарың да жоқ... Жалғыз өзім тыпырлай-тыпырлай әбден шаршадым (Шошып кетіп). Ағатай, көзіңде жас тұр ғой!

ВОЙНИЦКИЙ. Қайдағы жас! Әншейін ақымақтық қой... Сенің әлгі бір қарағаның марқұм анаңды есіме түсіргені. Аяулы... (Бетінен қолынан сүйеді). Аяулы апайым... апатайым... сен қайдасың? Егер сол мұның бәрін білсе ғой. Мұны ол білсе ғой!

СОНЯ. Сізге не болған, ағатай! Ол нені білуге тиісті еді?

ВОЙНИЦКИЙ. Ауыр... Жақсы емес... Ештеңе етпес... Кейін білерсің. Жарайды, мен кеттім... (Кетеді).

СОНЯ. (Есікті қағып). Михаил Львович! Сіз ұйықтап қалған жоқ па едіңіз? Бір минутке шығып кетіңізші!

АСТРОВ. (Есік сыртынан). Қазір! (Сәлден кейін галстугын тағып, жилетін киіп шығады). Не бұйырасыз?

СОНЯ. Зауқыңыз соғып бара жатса, өзіңіз ішіңіз, жалынамын, ағатайыма арақ ішкізе көрмеңізші! Оған арақ тіпті жақпайды.

АСТРОВ. Жарайды. Бұдан былай ішпей-ақ қояйық!

Пауза.

Қазір өз қонысыма аттанамын. Уәде - құдайдың аты. Ат жегіп болғанша таң атып үлгереді.

СОНЯ. Сыртта жаңбыр ғой. Таң атқанша кідірсеңізші.

АСТРОВ. Бұлттың беті ауды. Бізге сіркіреп тұрған бір шеті ғана. Жолымнан қалмайын. Бұдан былай әкеңізге бола мені шақырта көрмеңіз. Мен оған бұныңыз буынның сарығуы десем, ол, жоқ «құяң» дейді, мен жатыңыз десем, ол түрегеліп отырады. Ал бүгін, өзіңіз көрдіңіз ғой, тіпті сөйлескісі де келмейді.

СОНЯ. Иә, бабы таптырмайтыны рас. (Буфеттен бірдеңе іздеп). Тағам ауыз тимейсіз бе?

АСТРОВ. Тисем тиейін.

СОНЯ. Мен түнде тамақтанғанды жақсы көрем. Буфетте бірдеңе бар сияқты еді ғой. Ол заманында әйелдерден қатты жолы болған кісі дейді ғой. Сол немелер өзін еркелете-еркелете әбден есіртіп жіберген сияқты. Міне, ірімшік табылды, алыңыз.

Екеуі буфеттің жанында түрегеліп тұрып тамақ жейді.

АСТРОВ. Мен бүгін аузыма тамақ алмаппын, тек іше беріппін. Сіздің әкеңіз мінезсіз кісі екен. (Буфеттен бөтелке суырып). Бола ма? (Бір рюмка құйып ішеді). Бұл арада ешкім жоқ, күлбілтелемей ашық сөйлесейік. Білесіз бе, мен сіздің үйіңізде бір ай да тұра алмас ем, мынандай қапырық ауадан әлдеқашан тұншығып өлер ем... Әлгі кітабы мен сырқатынан басқаны білмейтін әкеңіз, өмір бойы тортаңдайтын да жүретін Ваня ағайыңыз, әжеңіз ақыр аяғында, әлгі өгей шешеңіз...

СОНЯ. Өгей шешемнен не көрдіңіз?

АСТРОВ. Адамның өңі де, киімі де, жаны да, ой-пиғылы да бәрі әдемі болғаны лазым. Оның әдемі екеніне дау жоқ, бірақ... ішкен-жегеннен, ұйықтағаннан, серуен құрып, ажарымен бәріміздің басымызды айналдырғаннан басқа ештеңеге зауқы соқпайды екен. Өз мойнына ешқандай міндет алмайды, ол үшін өзгелер қызмет қылса болғаны... Солай емес пе? Ендеше мұндай бос сенделген өмір де тазадық болуы мүмкін емес.

Пауза.

Бәлкім тым қатал айтып тұрған шығармын. Кім біліпті, олай емес шығар. Мен де сіздің Ваня ағайыңыз сияқты өмірге риза емес кісімін... Әлде содан екеуміз де ештеңеге көңілі бітпейтін тортаң-тосыраң боп бара жатқан шығармыз.

СОНЯ. Сіз өмірге риза емессіз бе?

АСТРОВ. Жалпы өмірде ғашықпын, бірақ біздің мынау өмірді, уездің өмірін, орыстың өмірін, тоғышарлық өмірді ынты-шынтыммен жек көрем. Ал, менің жеке басымның тіршілігін алып қарайтын болсақ, оның да құдай-ақы, жетісіп тұрғаны шамалы. Білесің бе, егер қараңғы түнде қалың орманның арасында келе жатып, жер түбінен бір от көрер болсаң, шаршағаныңды да, қараңғыны да, жолдағы бетіңнен тырнап, етегіңнен тартып жатқан тікенді бұталарды да біржолата кетесің ғой. Өзіңіз білесіз, осы уезде аянбай еңбек ететін біреу болса, ол мына менмін; тағдыр маған тауқыметін аямай-ақ тартқызып келеді, кейде тіпті мұндай азапқа шыдай алмастай көрінем, бірақ, менің алдымнан әлгіндей жылтылдап тұрған от жоқ. Мен өзім үшін ештеңе талап етпеймін, мен адамдарды да жек көретін болып барам. Біреуді өліп-өшіп ұнатып көрмегеніме де көп болыпты.

СОНЯ. Ешкімді жақсы көрмейсіз бе?

АСТРОВ. Ешкімді де. Тек сіздің үйдегі күтуші кемпірді ғана баяғы әдетім бойынша ептеп іш тартатын сияқтымын. Мұжықтар болса бірінен-бірі өткен надан, нас, ал интеллигенциямен тіл табысу қиын. Олар қаралай шаршатады. Олардың бәрі де біздің ескі таныстарымыз, ойлары таяз, сезімдері таңқы, мұрнынан арғыны көрмейді, қысқасы шетінен ақымақ. Ал, азын-аулақ ақылы барлары ашушаң, жоқтан өзгені ойлап, жіктеп-талдап, қараптан қарап сіркелері су көтермейді... Сәл нәрсеге бола жылап-сықтап, сәл нәрсеге бола өшігіп, даттап бағады, кісіге қырын қарап, қырыстап: «Ой, соны қойшы, қояншық қой», «Әй, ол мылжыңнан не шығушы еді» – деп қаралай торығып жүргендері. Маған қандай айдар атақ тағарларын білмегенде: «Бұл бір қызық адам» деп, кекеп-мошқайды. Мен орманды сүйсем – ол да таңсық, ет жемесем – ол да таңсық. Кісіге деген үйірсектік, адал таза көзқарас әлдеқашан құрыған... Енді іздесең де таба алмайсың. (Арақ ішпек болады).

СОНЯ. Жоқ, өтінемін, жалынамын, енді ішпей-ақ қойыңызшы.

АСТРОВ. Неге өй дейсіз?

СОНЯ. Сізге арақ ішкен жараспайды. Сіз сондай сымбаттысыз, даусыңыз да сондай нәзік... Ол ол ма, сіз мен көрген адамдардың бәріне де ұқсамайсыз, сіз сондай әдемісіз. Сіз әлгі карта ойнап, арақтан ауызы құрғамайтын қарадүрсін адамдардай болуға сонша неге құмартасыз? Сіз өйтпеңізші, өтінемін! Сіз адамдар табиғат бергенді молайтудың орнына жоғалтуға, құлпыртудың орнына құртуға құмар деп өзіңіз айтушы едіңіз ғой! Ендеше, неге өзіңіз құртасыз? Өйтпеңізші, жалынамын, жалбарынам, өйте көрмеңізші!

АСТРОВ. (Қолын ұсынып) Ендігәрі ішпеймін.

СОНЯ. Маған уәде бересіз бе?

АСТРОВ. Уәдем, уәде!

СОНЯ. (Қолын қысып) Шексіз ризамын сізге!

АСТРОВ. Жақсы! Мен айықтым. Көрдіңіз бе әбден құлантаза айығып кетіп, енді өле-өлгенше осы қалпымнан танбаймын. (Сағатына қарайды), Сөйтіп, әлгі әңгімемізді жалғастырайық. Жаңа саған менің дәуренім өтті, енді бәрі кеш деп едім ғой... Қартайдым, жұмыс та қажытты, тұрпайыланып та біттім, сезімім де дөкір тантқан, енді маған кісімен тіл табысу онша оңай бола қоймас. Ешкімді жақсы көрмеппін, енді кімді жақсы жақсы көріп қарқ қыла қоярмын дейсің? Енді мені қызықтыратын жалғыз нәрсе сұлулық қана сияқты. Ол дегенде енжар қала алмаймын. Егер Елена Андреевна зауқы соқса, менің басымды бір күнде-ақ шыр көбелек айналдырып ала алатындай көрінеді де тұрады... Ол бірақ махаббат та, үйірсектік те емес қой... (Қолымен көзін басып, екі иығы селк-селк етеді).

СОНЯ. Сізге не болған?

АСТРОВ. Оны ұмытатын уақыт болды емес пе!

Пауза.

СОНЯ. Айтыңызшы, Михаил Львович... Егер менің бір құрбым не сіңлім

болып, оның сізді өліп-өшіп сүйетінің білсеңіз, сіз оған қалай қарар едіңіз.

АСТРОВ. (Иығын қиқаңдатып). Біле алмадым. Шамасы, оған сүйе алмайтынымды сездіруге тырысып бағатын шығармын... Жә, ол туралы тіпті басым да ауырмайтын сияқты. Қанша дегенмен, қайту керек болса, қайтатын уақыт болды. Сау тұр, көгершінім, әйтпесе, бұл түрімізбен екеуіміз таң атқанша мылжыңдаса берер жәйіміз бар. (Қолын қысады). Мен, егер рұқсат етсеңіз, қонақ үй арқылы шығып кетейін, өйтпесе, орта жолдан сіздің ағайыңыз ұстап қап жүрер. (Кетеді).

СОНЯ. (Жалғыз). Сүйтіп маған ештеңе айтпады... Оның жаны мен жүрегі мен үшін әлгі шытырман жұмбақ, сүйте тұра, мен өзімді бір түрлі бақытты сезінетінім қалай? (Күліп жібереді). Мен оған жаңа сіз сондай сымбаттысыз, инабаттысыз, даусыңыз да сондай нәзік дедім-ау... Соным ыңғайсыз болмай ма екен? Сөйдегеніме даусы дірілдеп кетті, құлағыма күйдей жағады, ауада әлі қалқып жүр... Менің сіңлім туралы әңгімеге ол атымен түсінбеді... Осыншама ажарсыз болғаным қандай өкінішті! Неткен сұмдық! Ажарсыз екенімді жақсы білем... Өткен жексенбіде шіркеуден шығып келе жатқанымда сөйлесіп тұрған әйелдердің бірінің мен туралы: «Ол сондай қайырымды тәрбиелі қыз, бірақ, бір өкініштісі, сондай ажарсыз», – дегенін өз құлағымнан естідім. Ажарсыз қыз...

Елена Андреевна шығады.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА (терезені ашады), Нөсер басылды. Ауа қандай тамаша!

Пауза.

Доктор қайда?

СОНЯ. Кетіп қалды.

Пауза.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Софи!

СОНЯ. Не?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сіз маған қашанға дейін бүйтіп бұртиясыз да жүресіз. Біздің бір-бірімізге жасаған ешқандай жамандығымыз жоқ. Ендеше, қараптан-қарап сызданғаннан не бітеді? Жетер осы да...

СОНЯ. Мен өзім айтам ба деп жүр ем... (Құшақтайды). Осы ренжіскеніміз жетер.

Екеуі де қатты толқиды.

СОНЯ. Папам жатты ма?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жоқ, қонақүйде отыр... Екеуіміз апталап бойы бір-бірімізбен сөйлеспейміз. Неге екенін бір тәңір біледі...

(Буфеттің ашық тұрғанын көріп). Бұл не?

СОНЯ. Михаил Львович тамақ жеді.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Шарап та бар ма?.. Кел, екеуіміз брудершафт ішейік.

СОНЯ. Жарайды.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Бір-бір рюмкадан ішіп қойсақ қайтеді... (Құяды). Осы жақсы. Алдымен сен іш!

СОНЯ. Сен іш.

Ішпес бұрын сүйіседі.

Мен баяғыда-ақ татуласқым келген-ді, бірақ қысылып жүр едім...

(Жылайды).

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сен неге жылайсың?

СОНЯ. Ештеңе емес, жәй әншейін.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жә, жетер.

(Жылап жібереді).

Әпендем-ай, мені де жылаттың-ау...

Пауза.

Сен мені әкеңе бір өш есебі боп күйеуге шыққан сұмпайы әйел көресің ғой? Егер сенер болсаң, ант-су ішейін – мен оны сүюі едім. Ғалым, атақты адам болғасын сыртынан қатты құмартушы едім. Сөйтсем, оным нағыз махаббат емес, әншейін қызығушылық екен. Бірақ, ол кезде шынымен ғашықпын деп ойлайтынмын. Менің жазығым қанша? Ал, сен болсаң, біздің тойымыз өтпей жатып, бойыңды менен аулақ салып, секем алған кісідей сезіктеніп қарап әбден азаптанып біттің.

СОНЯ. Жә, жаңа ғана татуластық емес пе? Енді ұмытайық бәрін...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сен бұдан былай маған өйтіп қарама – ол саған жараспайды. Бәріне де сену керек, әйтпесе, өмір сүру тозаққа айналып кетеді.

Пауза.

СОНЯ. Сен маған дос ретінде шыныңды айтшы... Бақыттысың ба?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жоқ.

СОНЯ. Мен оны білетінмін. Тағы да бір сұрақ. Тек шыныңды айт – жас күйеуің болғанын қалар ма едің?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сен өзің сәби екенсің ғой. Әрине, қалағанда қандай? (Күледі). Тағы да сұрақ қойшы, тағы да Соня, саған доктор ұнай ма?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Өте ұнайды.

СОНЯ. (Күледі) Менің сиқым ақымақ кісінің сиқына ұқсайтын шығар... Солай ғой? Ол болса баяғыда кетіп қалды, ал мен болсам міне, оның дауысы мен аяқ басқанын әлге дейін естіп тұрмын; қап-қараңғы терезеге қарасам да, соның жүзін көргендей болам. Түгел айтып болғанша мұрша берші... Бірақ ол жайында бүйтіп жасырмай айтуға ұялам. Менің бөлмеме барайықшы, сонда әңгімелесейік. Мен саған есуас кісі сияқты көрінетін шығармын? Рас па... Ол туралы маған бірдеңе айтшы...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Не айт дейсің?

СОНЯ. Ол сондай ақылды... Қолынан келмейтіні жоқ... Ағаш та отырғыза алады, адамдарды емдей де алады.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Гәп орманда ма екен, медицинада ма екен... Сүйіктім ау, түсінсеңші ол талант қой! Ал, сен талант дегеннің не екенін білесің бе өзің? Талант деген – батылдық, еркін ойлап алатын ақылды бас, кеңге құлаш сермейтін қарымдылық. Ағаш отырғызса, ол бұдан мың жыл кейін не болатынын көз алдына елестете алады, бүкіл адамзаттың бақытты болатынын алдын ала көріп біледі. Ондай адамдар өте сирек кездеседі. Сондайларды сүю керек. Ол ішетін шығар, кейде дөрекі сөйлейтін шығар – онда тұрған не бар екен! Талантты адамдар Россия жағдайында тап-таза, ақ періште боп жүре алмайды. Өзің ойлашы, әлгі доктордың өмірі қандай тауқымет! Жол болса, баттасқан батпақ, шақырлаған аяз, жалаңдаған боран, жер-аяғы қашық, халық болса, шетінен тұрпайы, шетінен дөрекі, төңірегің толы – жоқтық, індет, ылғи осындай жағдайда еңбек етіп, күрес жүргізіп келе жатқан кісі қырыққа өтіп қайдан тап-таза, сап-сау боп жүре алатын еді? (Бетінен сүйіп). Мен саған шын жүректен тілектеспін, сен бақытты болуға сондай лайық жансың. (Орнынан тұрады). Ал мен болсам, көрген түстей сағымдай тез жоғалатын көп күңкілдек кездейсоқ адамдардың бірімін... Өнер қуып та, күйеуге шығып та, ғашық болып та баянды ештеңе таба алмаймын, жерде де, мен бір төбеден түскендей кездейсоқ адаммын. Шынымды айтсам, Соня, мен сондай бақытсызбын! (Қатты толқып, сенделіп кетеді). Жоқ, бұл дүниеде бақыт жоқ! Жоқ! Жоқ! Сен маған күліп тұрғаннан саумысың?!

СОНЯ. (Бетін қолымен басып күледі). Ал мен сондай бақыттымын! Шексіз бақыттымын!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Күй ойнағым келіп тұрғанын қарашы. Қазір қуана-қуана күй шалар ем, шіркін!

СОНЯ. Ендеше, ойна! (Құшақтайды). Ұйқым бәрібір келмейді... Ойнай ғой!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Қазір. Әкең ұйықтаған жоқ. Ауырған кезінде музыканы суқаны сүймейді. Барып сұрап келші. Рұқсат етсе, ойнап берейін.

Бар.

СОНЯ. Қазір. (Кетеді).

Күзетшінің тоқылдағы естіледі.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Ойнамағаныма да біраз болыпты. Күй ойнасам, ақымақ адамдай ағыл-тегіл жылай жөнелемін. (Терезеге). Тоқылдақ соғып тұрған сенсің бе Ефим?

КҮЗЕТШІНЩ ДАУЫСЫ: «Мен!»

Тоқылдатпа, қожайын сырқат.

КҮЗЕТШІНІҢ ДАУЫСЫ: «Қазір кетейін!» (Ысқырады). «Жучка, кә, күнім! Жучка!».

Пауза.

СОНЯ. (Қайтып оралып). «Болмайды», – деді.

Шымылдық

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Серебряков үйінің қонақжайы. Оң жақта, сол жақта, ортада – үш есік. Күндіз.

Войницкий, Соня екеуі отыр және Елена Андреевна ойға батып сенделіп жүр.

ВОЙНИЦКИЙ. Гер профессор мейірімі түсіп, бүгінгі сағат бірге бәрімізге осы қонақжайға жиналуға пәрмен еткен екен. Жарық жалғанға тағы қандай жар шашпақшы екен, естиікші?!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Шамасы, бір шаруасы болған шығар.

ВОЙНИЦКИЙ. Әй, соның қандай шаруасы болушы еді! Былжыратып бірдеңе жазып, басқалардың бақытын қаралай қызғанып, талағы тарс айрылғаннан басқа соның қолынан не келуші еді!

СОНЯ. (Ренжіп). Ағатай!

ВОЙНИЦКИЙ. Жә, айыптымын. (Елена Андреевнаны көрсетіп). Қараймын да, сүйінем: жалқаулықтан әбден жүрісінен жаңылып, шайқалақтап қалыпты. Сүйкімді-ақ емес пе! Айтуға сөз жетпейді.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Күні бойы ызыңдайсыз да отырасыз. Қайтып жалықпайсыз! (Мұңданып). Ішім пысқаннан өліп барам, не істерімді білмеймін!

СОНЯ. (Иығын қиқаңдатып) Іс қылғысы келген кісіге іс аз ба?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Мәселен?

СОНЯ. Шаруашылыққа қара, жұртты емде, бала оқыт. Аз боп тұр ма? Папам екеуіңіз келмей тұрғанда Ваня ағай екеуіміз базарға барып үн сататынбыз.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Қолымнан келмейді. Оның үстіне, соның ешқайсысына зауқым соқпайды. Тек әлгі жоғары идеялы романдарда ғана біреулер мұжықтарды оқытып, емдеп босқа арам тер болып жатпайтын ба еді. Ал, мен қайтып, бас жоқ, көз жоқ, олардың ортасына жетіп барып, ауру емдеп, бала оқытуға білек сыбанып кірісіп кете қояйын!

СОНЯ. Ал, мен оларды оқытып, емдеуге болмайтынына түсінбей тұрғаным. Сәл шыдап көрсең, артынан оп-оңай-ақ үйреніп кетпейсің бе? (Құшақтайды). Зерікпе, бауырым! Сен зеріккеннен өзіңе өзің орын таппай жүрсің. Ал зерігу мен сайранпаздың жұртқа жұғатын жұқпалы індет екенін білесің бе? Көрші әне: Ваня ағай ештеңе істемей, көлеңкең құсап, қасыңнан бір елі шықпай құр сенделіп кетті. Мен де, міне, бар шаруамды тастап, сенімен мылжыңдасып отырмын. Сондай жалығып кеттім, ештеңе істей алар емеспін. Доктор Михаил Львович бұрын айына бір-ақ рет зорға соғатын. Тіпті шақырып келтіре алмайтынбыз. Енді қазір орманды да, медицинаны да ұмытып, құдайдың құтты күні ат сабылтып келеді де тұрады. Сенің, сірә, жұрттың басын айналдырып ала қоятын бір сиқырың бар-ау деймін.

ВОЙНИЦКИЙ. Неге мұңданасыз? Қымбаттым, мұныңыз бекершілік ақылды болыңыз. Бойыңызда су перісінің қаны бар екен, су перісі болыңыз! Өміріңізде ең болмаса, бір рет сезімге ырық беріп, өзіңіз секілді және бір су тәңірісін тауып алып, өліп-өшіп ғашық болыңыз, герр профессор мен біздің бәріміздің көзімізді байпақтай қылып, барыңыз да басыңызбен батпақ ұйыққа қойыңыз да кетіңіз!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Ашуланып). Мендегі шаруаңыз қанша осы! Қандай қатыгез жан едіңіз! (Кетуге тырысады).

ВОИНИЦКИЙ. (Жібермейді). Жә, жә, сүйіктім, кешіре көр... Ғафу өтінем. (Қолын сүйеді). Татуласайық.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Өзіңіз де келісетін шығарсыз, сізді тыңдауға періштенің де төзімі жетпес еді.

ВОЙНИЦКИЙ. Татуласқанымыздың құрметіне барып бір шоқ райхан әкелейін. Тәңертең әзірлеп қойып ем. Күзгі райхан... Әрі сұлу, әрі мұңлы райхан гүл...

СОНЯ. Күзгі райхан... Әрі сұлу, әрі мұңлы райхан гүл.

Екеуі де терезеге қарайды.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Міне, сентябрь де келеді. Бірдеңе етіп қысты да өткізерміз.

Пауза.

Доктор қайда?

СОНЯ. Ваня ағайдың бөлмесінде. Бірдеңе жазып отыр. Ваня ағайдың кеткені қандай жақсы болды, сенімен сөйлескім келіп еді.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Не туралы?

СОНЯ. Не туралы дейсің бе? (Көкірегіне басын қояды).

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жә, жетер, қой енді... (Басын сипайды). Қой, жарар...

СОНЯ. Мен ажарсызбын ғой.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Шашың қандай әдемі!

СОНЯ. Жоқ! (Басын көтеріп ап айнаға қарайды). Жоқ! Ажарсыз әйелді әдетте: «Сенің көзің қандай жақсы еді» деп жұбататын. Мен оны сүйгелі алты жыл болды; туған анамнан бетер жақсы көрем; даусының қандай екенін, қол қысқанының қандай екенін бір сәт ештен шығарған емеспін. Қазір ол кіріп келетіндей, есік жаққа жалтақ-жалтақ қараймын да отырамын. Енді, міне, сол туралы айтқым келіп ылғи саған келгіштеп жүрмін. Қазір ол бұл үйге күнде келгенмен, маған бір рет көз салмайтын болып алды. Бұдан асқан азап бола ма! Үмітім енді үзілді... Жоқ, жоқ! О, тәңірім, бұдан әрі шыдай алар түрім жоқ... Түн баласы жылап шығам... Қасына ылғи өзім барып, бірінші болып тіл қатам, жаутаң-жаутаң көзіне қараймын... Намысты да ұмыттым, өзіме өзімнің әлім жетер емес... Кеше одан әріге сабырым жетпей, Ваня ағайға оны сүйетінімді айтып қойдым... Бұл жәйінде бүкіл малайлар біледі. Түгел біледі.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Ал ол ше?

СОНЯ. Жоқ, оның менің өлі-тірімде ешқандай шаруасы жоқ.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Ойға шомылып). Өзі бір қызық адам... Жарайды, егер келіссең, онымен мен сөйлесейін... Тұспалдап сыр тартып көрейін...

Пауза.

Қашанғы бұлай үн-түнсіз жүре бересің... Жарай ма? (Соня мақұлдап бас изейді). Ендеше, өте жақсы. Сүйетін-сүймейтінін білу онша қиын емес. Сен босқа қысылып-қымтырыла берме; көгершінім, босқа абыржыма, мен оны өзіне де байқатпай тергеуге ап көрейін. Сүйетін, сүймейтінін білсек болды ғой.

Пауза.

Егер көңілі жоқ болса, енді мұнда келмей-ақ қойсын! Солай емес пе?

Соня мақұлдап бас изейді.

Көзің көрмесе жаның көп қинала бермейді. Сөз бұйдаға сала беріп қайтеміз, бүгін-ақ сұрап білеміз. Ол маған бір чертеж көрсетем деген. Бар, мен онымен жолыққым келеді де.

СОНЯ. (Қатты абыржып). Сен сосын маған бар шындықты айтасың ба?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иә, әрине. Меніңше, қандай ащы шындықтың өзі беймәлім дүдамал жүргеннен әлдеқайда жақсы. Маған сен, көгершінім.

СОНЯ. Иә, иә... Мен барып сен чертеждеріңізді көргісі келіп отыр деп атайын. (Жүре беріп, есікке жете бере тоқтап қалады). Жоқ, сол дүдәмал жүргеннің өзі артық... Қанша дегенмен үмітіңді үзбейсің ғой...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Неге тоқтадың?

СОНЯ. Жәй, әншейін.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Жалғыз). Дүниеде біреудің құпиясын біліп ап, қол ұшын беруге дәрменің жетпегеннен жаман нәрсе жоқ. (Ойланып). Доктордың сүймейтіні көрініп тұр, бірақ ол неге үндемейді? Ол ажарсыз болғанмен деревнядағы доктор үшін мынандай жасқа жеткенде таптыра бермейтін тамаша жұбай емес пе! Ақылды, қайырымды, ісіне тап-тұйнақтай... Жоқ, бұның да қисыны жоқ...

Пауза.

Мен бұл бейшара қыздың жағдайына жақсы түсінем. Мынадай жап-жас шағыңда адамдардың орынына қайдағы бір сұрғылт елестер толып жүрген қайдағы бір тұрпайы жәйттерден басқа ештеңе естілмейтін, жұрттың бәрі ішкен, жеген, ұйықтағаннан басқа ештеңе білмейтін жан шыдамас қапас өмірде анда-санда бір соғып кететін сол бір өзгелерге ұқсамайтын көрік десе көрік бар, тартымды десең тартымды, ақылды кісі оған қараңғы түнде жарқырап туған жарық айдай ыстық көрінетін шығар... Берілсең, сондай адамның ырқына беріліп, мына былықтың бәрін ұмытқанға не жетсін... Осы мен соған өзім ынтық боп қалғаннан саумын ба... Иә, ол келмесе, жер-көкке сыйып отыра алмаймын; ойыма ол түсті-ақ, өзімнен өзім күлімдеп қоя берем... Жаңағы Ваня ағай маған бойыңда су перісінің қаны бар дейді. «Өміріңізде, ең болмаса, бір рет өзіңізге өзіңіз ырық беріңіз» дейді. Мүмкін, сонысы рас шығар... Сіздердің бәріңді, бәріңнің ұйқылы ояу манаураған жүздеріңді, пыш-пыш әңгімелеріңді, тіпті сендердің дүниеде бар-жоқтарыңды түп-түгел ұмытып, азат құс боп әлдеқайда еркін самғап кетер ме ем... Бірақ, мен қорқақпын ғой, ұялшақпын ғой... Артынан ұят қинайды ғой... Әйтпесе, оның күнде келіп жүргенін көрмей жүрмін бе, неге келетінін білмей жүрмін бе? Сол үшін өзімді бір түрлі айыпты санап қаралай қысылмай жүрмін бе... Тіпті кейде Соняның аяғына жығылып кешірім сұрағым, ағыл-тегіл жылағым кеп кетеді...

АСТРОВ. (Картограмма алып кіреді). Қайырлы күн! (Қолын қысады). Сіз менің шимайымды көргіңіз келіп пе еді?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Маған кеше жұмыстарымды әкеп көрсетем деп едіңіз. Қолыңыз тие ме?

АСТРОВ. Әрине! Сөз бар ма! (Столға картограмманы жайып, мық шегемен бекіте бастайды). Сіз қайда туып едіңіз?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Оған жәрдемдесіп жүріп). Петербургта туғанмын.

АСТРОВ. Қайда оқыдыңыз?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Консерваторияда.

АСТРОВ. Ендеше, бұның сіз үшін қызық болмауы мүмкін.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Неге олай дейсіз? Рас, мен деревняны біліп жарымаймын, бірақ, ол туралы көп оқығанмын.

АСТРОВ. Бұл үйде менің өз столым бар... Иван Петровичтің бөлмесінде тұр. Әбден сілем құрып шаршағанда, бар шаруамның бәрін тастап, бірер сағат болса да осы бір нәрсемен айналысу үшін осылай қарай жүгіремін. Иван Петрович пен Софья Александровна екеуі сартылдатып шоттарын қағып жатады, ал мен болсам, өз столыма кеп отыра қап, осы немені шимайлай жөнелем. Жаным жай табады. Сыртта шегіртке шырылдап қоя береді. Бірақ, мен мұндай рахатқа көп беріле бермеймін. Айына сол бір-ақ рет қана... (Картограмманы көрсетеді). Енді мында қараңыз. Біздің уездің осыдан он бес жыл бұрынғы көрінісі. Қою жасыл, сұйық жасыл бояулармен боялған жолақтар ормандарды білдіреді, уездің жарты жерін орман басып жатыр. Жасыл бояудың үстіне қызыл тор сызылған бөлік бұрын бұланай, жабайы ешкілер өскен жерлер... Мен мұнда өсімдік дүниесін де, хайуанат дүниесін де бірдей қамтыдым. Мына бір көлде аққулар, қаздар, үйректер болыпты; кәриялардың айтуынша, жоқ емес құс жоқ еді дейді, қара бұлттай ұйысып қаптап жүретін еді дейді. Селолар мен деревнялардан басқа да, өзіңіз көріп тұрсыз, әр түрлі жеке қоныстар, хуторлар, қашақтардың баспанасы, жел диірмендер быжынып жатыпты... Мүйізді ірі қара мен жылқы да кеп болыпты. Оның мынау көгілдір жолақтардан аңғарып тұрған шығарсыз. Мәселен, мына бір болыстың жеріне көк бояу қою түсіпті; бұл арада үйір-үйір жылқыдан көз тұнады екен. Әр үйге үш жылқыдан келетін еді деседі.

Пауза.

Енді мында қараңыз. Бұл осыдан жиырма бес жыл бұрынғы көрініс. Уезд көлемінің бар болғаны үштен бірінде ғана орман қалған. Ешкілер құрып кеткен, бірақ бұланайлар ара-тұра ұшырасып қалып отырады. Жасыл бояу мен көк бояу әбден сұйқылт тартыпты. Аржағындағы әңгіме айтпасақ та түсінікті. Енді мынау үшінші бөлікке көз салайық: бұл уездің қазіргі көрінісі. Баяғыдай тұтасып жатқан жасыл жолақтар жоғалған, теңбіл-теңбіл боп әр жер – әр жерден ғана ұшырасып қалады. Бұланай да, аққулар да, керең құрлар да біржола құрыпты... Бұрынғы жоқ-жоқ қыстаулар, хуторлар, қосындар, жел диірмендерден жұрнақ та қалмаған. Қысқасы, бірте-бірте қирап, құрып бара жатқан өмірдің көрінісі, бұның біржола күйреп бітуіне енді, көп болса, он-он бес жыл ғана керек шығар. Сіз, бәлкім, бұның бәрі мәдениеттенудің әсері ғой, заманы еткен көне жаңаға орын босатуы керек емес пе дерсіз. Иә, бұл құрып кеткен ормандардың орнына тас жолдар, темір жолдар салынса, заводтар, фабрикалар, мектептер бой көтерсе, халықтың әл-ауқаты артып, денсаулығы күшейіп, ақыл-санасы өсетінін мен де білем, бірақ бұл арада ондай жаңалықтың елесі де жоқ!

Уезде сол баяғы батпақ, сол баяғы сары маса, сол баяғы жолсыздық, сол баяғы кедейлік, сол баяғы сүзек, қызылша, сол баяғы өрт... Бұның бәрі өмір сүру үшін одан арғы күреске шыдай алмаған дәрменсіздіктің салдары; надандық пен кертартпалықтың салдары, өзіңнің кім екеніңді, өлкеңнің қандай екенін білмейтін, білгісі де келмейтін кереңдіктің салдары; әбден шаршаған, иінінен су өткен, аш-жалаңаш ауру адам қараптан-қарап жан тапсырмас үшін, өз перзенттерін аман сақтап қалу үшін ындыны бітеп, үстін жылыту үшін ертеңді ойламай, өлермендікке басып, жан-жағындағының бәрін жамап бітпей ме? Бұл да сол... Бар нәрсенің бәрі түгел дерлік құрып біткен, бірақ оның орнына ештеңе жасалмаған. (Кенет секем ала қарап). Өзіңізден көріп тұрмын, бұл сізді қызықтырмайтын әңгіме сияқты.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Мен бұның бәріне түсіне бермеймін ғой.

АСТРОВ. Мұнда түсінбейтін ештеңе жоқ. Одан да зауқым жоқ деңіз...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Шынымды айтсам, менің ойым басқада боп тұр. Кешірерсіз. Мен сізді аздап тергеп көруім керек еді, бірақ сөзді неден бастарымды білмей қысылып тұрғаным.

АСТРОВ. Тергеу дейсіз бе?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иә, тергеу екені рас, бірақ кісі шошынатындай ештеңесі жоқ. Келіңіз, отырайық.

Отырады.

Әңгіме бір жас адам жайында. Біз достарша ештеңені күлбілтелемей адал ашық сөйлескеніміз жөн. Сосын арамызда болған әңгіме осы арада қалатын болсын. Жарай ма?

АСТРОВ. Жарайды.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сөз менің өгей қызым Соня туралы. Ол сізге ұнай ма?

АСТРОВ. Ия, мен оны қатты сыйлаймын.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сіз оны әйел ретінде ұнатасыз ба?

АСТРОВ. (Мүдіріп). Жоқ.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Енді бір-екі сұрақ қояйын да, сөзді бітірейін. Сіз ештеңе байқамадыңыз ба?

АСТРОВ. Жоқ.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Қолына ұстап). Сіздің оны сүймейтініңізді көзіңізден керіп тұрмын... Ол бейшара азапқа түсіп жүр... Осыған түсініңіз де... мұнда келуді доғарыңыз.

АСТРОВ. (Түрегеледі). Кететін уақытым болды... Енді отырғаным ағаттық болар. (Иығын қиқаңдатып). Сонда қашан..? (Қып-қызыл боп ұялып тұр).

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Фу, неткен қолайсыз әңгіме еді бұл! Мен бір мың пұт жүк арқалап отырғандай қатты қысылып отырғаным. Құдайға шүкір, айтарымды айттым-ау ақыр! Арамызда ешқандай әңгіме болмағандай тату тарасайық... Кетіңіз... Сіз ақылды кісісіз ғой, түсінетін шығарсыз...

Пауза.

Шиқандай боп қызарып кеттім-ау деймін...

АСТРОВ. Бұл әңгімені осыдан екі ай бұрын айтсаңыз, ойлансам, ойланар едім, ал қазір... (Иығын қиқаңдатып). Ал, егер ол азапқа түсіп жүрсе, онда әрине... Бірақ бір түсінбейтінім: сізге мұндай тергеудің не керегі болды? (Көзіне қарап, саусағын кезейді). Сондай... Сіз сондай айлакер екенсіз ғой.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Ол не дегеніңіз?

АСТРОВ. (Күліп). Қуыңызды-ай! Жарайды, Соня азапқа түсіп-ақ жүрсін оған мен сенейін-ақ, бірақ әлгіндей тергеуге алудың қанша қажеті бар? (Сөйлеуіне мұрша бермей). Жә, жә, өтірік аңқаусымаңыз, менің мұнда күнде-күнде неге келіп жүргенімді сіз жақсы білесіз. Кім үшін және не үшін келіп жүргенімді сіз білгенде қандай білесіз! Жыртқыштардың монтаны келетін әдеті бар еді, сіз де маған бүйтіп түк білмегенсіп қарай-ақ қойыңыз!!! Мен де қашанғы қақпаспын, бәрібір ішім сезіп тұр...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Таңырқап). Жыртқышыңыз не? Түк түсінсем бұйырмасын!

АСТРОВ. Кіп-кішкене сұп-сұлу құндызым-ай!.. Сізге де жем керегіп тұр-ау, шамасы! Міне бір ай болды, ештеңе істемеймін, бар шаруаны тастадым, өзіңізді бір көруге құмартам да тұрам, соным сізге қатты ұнайды екен ғой, солай ма... Жарайды, мен тізе бүктім, оны сіз тергеп, тексермесеңіз де, білетін едіңіз ғой. (Қолын кеудесіне қойып, басын иеді). Бас ұрамын! Жемтігіңіз алдыңызға басын иіп келіп тұр!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Ақылыңыздан алжасқан шығарсыз.

АСТРОВ. (Мошқай күліп). Сіз ұялшақ екенсіз ғой...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сіз ойлағаннан әлдеқайда тәуір, әлдеқайда жоғарымын. Сенбесеңіз, ант-су ішейін! (Кетуге ыңғайланады).

АСТРОВ. (Жолын бөгеп). Бүгін кетем, бұдан былай келмей-ақ қояйын, бірақ... (Қолынан ұстап, бетіне қарайды). Сонда біз қайда кездесетін боламыз? Тезірек айтыңызшы: қайда кездесеміз? Біреу-міреу келіп қалмай тұрғанда тезірек айтыңыз... (Үздігіп). Неткен әдемі, неткен тамашасыз... Тым болмаса сүйгізіңізші... Шашыңыздан бір сүйейінші...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Рас айтам.

АСТРОВ. (Аузын ашқызбай). Ант-су ішудің қажеті қанша! Ант-су ішпей-ақ қойыңыз. Артық сөздің керегі жоқ... Ой, неткен сұлу едіңіз! Қолыңыз қандай! (Қолынан сүйеді).

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жарайды, жетер... Кетіңіз... (Қолын тартып ап). Сіз ақылыңыздан алжасқан шығарсыз.

АСТРОВ. Ертең қайда кездесеміз, айтыңызшы енді! (Белінен құшақтайды) Білесің бе, біздің қалайда кездесуіміз керек! (Сүйеді).

Осы уақытта қолында бір шоқ райхан гүлін ұстаған Войницкий кіріп кеп, есік алдында тұрып қалады.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА (Войницкийді көрмей). Мені аяңыз. Босқа әуре болмаңыз... (Астровтың басын көкірегіне басып). Жоқ! (Кетуге ыңғайланады).

АСТРОВ. (Белінен қысып). Ертең сағат екіде орман шаруашылығына келіңіз... Жарай ма? Келесің ғой.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Войницкийді көріп қап). Жіберіңіз! (Қатты қысылып, терезеге қарай бұрылып). Сұмдық қой мынауыңыз.

ВОЙНИЦКИЙ. (Гүлді орындыққа қойып, бетін, мойын сүртіп). Ештеңе етпес... Жә... жақсы.

АСТРОВ. (Сасқалақтап). Күн бүгін қандай тамаша, қадірлі Иван Петрович. Тәңертең жаңбыр жауатындай түнеріп тұр еді, ал қазір жарқырап кетті. Шынын айтқанда, биылғы күз жақсы өтті ғой, күздік егіс те жақсы бас алды. (Картограмманы шиыршықтап орап ап). Бір өкініштісі: күн қатты қысқарыпты... (Кетеді).

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Шұғыл басып Войнищийдің қасына кеп). Сіз бар ықпалыңызды жұмсап, күйеуіміз екеуімізді бұл арадан бүгіннен қалдырмай аттандырып жіберуге жағдай жасаңыз! Естисіз бе? Бүгіннен қалдыра көрмеңіз!

ВОЙНИЦКИЙ. (Бетін сүртініп). А, жарайды... Мен, бәрін көрдім...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Шамырқанып). Естисіз бе? Мен бұл арадан бүгіннен қалмай кетуім керек!

Серебряков, Соня, Телегин, Марина кіреді.

ТЕЛЕГИН. Менің өз денсаулығым да, аса мәртебелім, онша емес. Екі күн болды сүйретіліп зорға жүрмін. Басым бір түрлі зеңе береді.

СЕРЕБРЯКОВ. Қалғандары қайда жүр? Мен осы үйді жек көрем. Шым-шытырық шытырман бірдеңе. Айлапаттай-айлапаттай жиырма алты бөлме, кімнің қайда кіріп кететінін білмейсің. (Қоңырау соғады). Мария Васильевна мен Елена Андреевна екеуін осында шақырыңдаршы!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Мен осындамын.

СЕРЕБРЯКОВ. Отыруларыңызды сұраймын, мырзалар.

СОНЯ. (Елена Андреевнаның қасына барады. Қатты абыржулы). Ол не деді?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Артынан айтармын.

СОНЯ, Сен дір-дір етіп тұрсың ғой! Бірдеңеге қатты абыржулысың ғой! (Жүзіне тесіле қарап). Иә, түсіндім... Ол бұдан былай бұл үйге келмеймін деген ғой... Солай ма? Айтсаңшы, солай ма?

Елена Андреевна басын изейді.

СЕРЕБРЯКОВ. (Телегинге). Ауруға бірдеңе етіп көндігуге болады, ал енді мынау деревняның өмір салтына үйренісе алар емеспін. Бір түрлі жер бетінде жүргендей емес, басқа бір планетаға тап болғандай сезінем де тұрам... Отырыңыздар, мырзалар, өтінем Соня!

Соня оны естімейді, басы салбырап, өзімен өзі мұңданып тұр Соня!

Пауза.

Естімейді ғой. (Маринаға). Әжесі, сен де отыр. Күтуші кемпір отырып, шұлық тоқи бастайды.

Өтінем, мырзалар! Ынт-жынттарыңмен құлақ салып тыңдауларыңызды сұраймын. (Күледі).

ВОЙНИЦКИЙ. (Абыржып). Менің, бәлкім, керегім жоқ шығар? Кетуге бола ма?

СЕРЕБРЯКОВ. Жоқ, осы арадағы ең керек адам – сенсің.

ВОЙНИЦКИЙ. Неге керек болдым екен?

СЕРЕБРЯКОВ. Сен нағып бұртиып тұрсың?

Пауза.

Егер сенің алдыңда айыбым болса, кешірім өтінем.

ВОИНИЦКИЙ. Жә, сыпайысып қайтесің. Іске көш... Не керек боп қалды?

Мария Васильевна кіреді.

СЕРЕБРЯКОВ. Міне, шешеміз де келді. Сөзді бастайық, мырзалар.

Пауза.

Менің сіздерді шақырған себебім, мырзалар, бізге тексеруші келе жатыр. Жә, қалжыңды қоялық. Бір маңызды мәселе боп тұр. Мен, сіздерді, мырзалар, өздеріңнен кеңес пен көмек сұрағалы шақырып отырмын, сіздердің ықылас-ілтипаттарыңыздан бұрыннан да жақсы хабардар болғандықтан, ондай ақыл, ондай көмектен бас тартпайтындарыңызды алдын-ала біліп шақырып отырмын. Мен кітаптан бас көтермейтін оқымысты адаммын, шаруашылық пен тіршілік харекеттерінен хабарым шамалы. Өздерің сияқты көзқарасты кісілердің ақыл-көмегінсіз мен аттап баса алмаймын. Сондықтан сенен, Иван Петрович, сізден Илья Ильич, сізден, мамашым... өтінетінім, мынандай бір шаруа шығып тұрғаны... Бәріміздің де алдымызда қара түн тұр дегендей, ақыры бір қара түнге тап келеріміз, жазмыштың жазуынан қашып құтыла алмасымыз белгілі, мен болсам, қартайдым, аурудан шықпаймын, сол себепті өз дәулетіме байланысты мәселелердің алдын ала басын ашып қойғанды жөн көрдім. Өйткені, ол мәселенің менің семьяма тікелей қатысы бар. Өз қара басым жасарымды жасап, асарымды асап болдым, сондықтан өз жағдайымды ойлап отырған жоқпын, ойлап отырғаным – жас жұбайым мен жалғыз қызымның жағдайы.

Пауза.

Бұдан әрі деревняда тұруға күйім келер емес. Біз деревняда тұруға жаратылмаппыз. Ал қалада тұруға бұл имениеден түсетін қаражат аздық қылады. Жарайды, орманды сатар ек, ол бірақ қанша күнге дәулет болады. Сондықтан да біздің жыл сайын белгілі мөлшерде тұрақты табыс түсіріп тұратын бір тыңғылықты шара қарастырғанымыз жөн секілді. Мен сондай бір амал ойлап тапқан сияқтымын, соны сіздердің талқыларыңызға ұсынамын. Жай-жапсарын түгел ежіктеп жатпай-ақ, ұлы жобасын айтайын. Біздің қонысымыз орта есеппен жылына екі проценттен артық табыс түсірмейді. Мен оны сатып жіберуді ұсынам. Одан түскен қаржыға процент қағаздарын сатып алсақ, төрт проценттен бес процентке дейін табыс түсіре аламыз екен. Ол ол ма, тіпті бірнеше мың сом артылып қалады, оған Финляндиядан бір шағын дача сатып алуға әбден болады ғой деп ойлаймын.

ВОЙНИЦКИЙ. Тоқтай тұр... Мына құлақ не естіп тұр? Сенейін бе, сенбейін бе... Осы сен не айтып отырсың? Қайталашы!

СЕРЕБРЯКОВ. Қаржымызды процент қағаздарына айналдырып, қалғанына Финляндиядан дача сатып алу керек деп отырмын.

ВОЙНИЦКИЙ. Финляндияңды қой... Одан басқа да бірдеңе айтып ең ғой.

СЕРЕБРЯКОВ. Мына қонысты сатуды ұсынам.

ВОЙНИЦКИЙ. Е, негізгі мәселеге енді жеттің. Сен сонда бұл қонысты сатасың, ә! Одан асқан данышпандық идея болар ма? Жарайды. Сонда сен маған, мына кәрі шешем мен Соняға қайда барып, бас сауғала деп бұйырасың?

СЕРЕБРЯКОВ. Оны уақытында көре жатармыз! Бәрін бірден қалай шешеміз!

ВОЙНИЦКИЙ. Тоқта. Сонда осы кезге дейін мен де бір тамшы ақыл болмағаны-ау! Мен ғой, осы кезге дейін бұл қонысты Соняның меншігі деп келдім. Менің марқұм әкем бұл қонысын марқұм апайыма енші қып сатып әперген-ді. Аңғал басым осы кезге дейін заңды түріктерше тонын айналдырып түсінудің орнына, апамнан қалған қоныс Соняға көшеді деп біліппін ғой.

СЕРЕБРЯКОВ. Иә, қоныстың иесі – Соня. Оған кімнің таласы бар! Соняның келісімінсіз сата алмаймыз, Оның үстіне, мен бұның бәрін Соняның қамын ойлап істеп отырған жоқпын ба!

ВОЙНИЦКИЙ. Мынауың енді миға сыймайды. Иә, мен ақылымнан алжасқанмын, иә...

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Жан, әуелі Александрдың айтқанын тыңдасайшы. Ол ненің жақсы, ненің жаман екенін бізден гөрі біліңкірейді ғой.

ВОЙНИЦКИЙ. Жоқ, маған бір жұтым су әперіңіздерші (Су ішіп). Жарайды, айтатыныңызды айта беріңіз.

СЕРЕБРЯКОВ. Мен сенің неге осынша абыржып отырғаныңа түсінбеймін. Мен өз ұсынысымды ең керемет идея деп отырғам жоқ. Егер бәрің мақұлдамайтын болсаңдар, қалай да солай ету керек деп қыстамаймын.

Пауза.

ТЕЛЕГИН. (Ыңғайсызданып). Аса мәртебелім, мен ғылымға тек бас иіп қана қоймаймын, оны өзіме өте жақын дүние санаймын. Менің ағайым Григорий Ильичтің әйелінің ағасы, бәлкім естуіңіз бар шығар Константин Трофимович Лакедемонов, министр болатын...

ВОЙНИЦКИЙ. Тоқтай тұр, Вафля, біз әуелі мына шаруаның басын ашы алайық... Тоқтай тұр, кейін айтарсың... Сен осыдан сұрашы. Осы қоныс әуелде осының ағасынан сатылып алынған.

СЕРЕБРЯКОВ. Оны сұрап қайтем? Қажеті қанша?

ВОЙНИЦКИЙ. Бұл қоныс сол уақыттағы ақшамен тоқсан бес мың сомға түскен-ді. Әкем оның жетпіс мыңын төлеп, жиырма бес мың сомға борыштар боп қалған. Тыңдай түсіңіз... Егер мен жақсы көретін апама бола өз еншімнен бас тартпағанда бұл қоныс қолға түспейтін еді. Оның үстіне, мен он жыл бойы бас көтермей еңбек етіп, әлгі қарыздың бәрін өтеп шықтым...

СЕРЕБРЯКОВ. Осы әңгімені қайдан ғана айта қойып едім деп өкініп отырғаным.

ВОЙНИЦКИЙ. Бұл қоныс менің арқамда ғана барлық қарызынан құтылып, талан-таражға түспей аман қалды. Енді, міне, қартайғанда мені құйрығымнан бір-ақ теуіп қаңғытып жібермексіңдер!

СЕРЕБРЯКОВ. Сонда өзің не айтпақсың, түсінсем бұйырмасын!

ВОЙНИЦКИЙ. Жиырма бес жыл осындағы шаруашылықты басқардым, сүрініп жығылғанша жұмысыңды жасадым, артыңнан ақшаңды үзбей салып тұрдым, ең адал приказчигің де мендей болмас, сонша уақыттың ішінде сен маған ең болмаса, бір рет рахмет айтпапсың. Сонша уақыттың ішінде – жас кезімде де, қазір де – сенен жылына бес жүз теңге жалақы алып тұрдым. Қайыршыға садақаға беруге ұялатындай ақша! Бірақ соған, ең болмаса, бір сом ақша қосу мына сенің ойыңа да келген жоқ.

СЕРЕБРЯКОВ. Иван Петрович, оны енді өзің айтпасаң, қайдан білейін? Мен шаруаға қырсыз, ол жағынан ештеңе түсінбейтін адаммын. Өзіңе қанша қосам десең де, қолыңнан қағатын ешкім жоқ еді ғой.

ВОЙНИЦКИЙ. Бәсе десейші. Неге ұрлық жасамадым екен? Сөйтсем жөн болады екен ғой, сонда ғана мен бүйтіп жұтап жүрмейді екем ғой.

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. (Зекіп). Жан!

ТЕЛЕГИН. (Абыржып). Ваня, достым, қайтесіз, қажеті жоқ... мен тіпті қалтырап-дірілдеп тұра алар емеспін... Жап-жақсы қарым-қатынасыңды бұзып қайтесің? (Бетінен сүйеді). Қажеті жоқ.

ВОЙНИЦКИЙ. Жиырма бес жыл бойына шешеміз екеуміз көртышқан құсап ешқайда шықпай мына төрт қабырғаны күзеттік... Барлық тілегіміз сенің үстіңде болды. Күндіз сен туралы, сенің жұмыстарың туралы ауыз жаппай айтып масаттанып бақтық. Артыңнан өзің әз-әулие қып әзер айтушы едік. Түн баласы, қазір көрсем, құсқым келетін, – қайдағы бір газет-журналдарды оқумен көз майын тауысатынбыз.

ТЕЛЕГИН. Қажеті не, Ваня, керегі жоқ... Қойшы енді...

СЕРЕБРЯКОВ. (Ашуланып). Түсінсем бұйырмасын, сонда не қыл дейсің?

ВОЙНИЦКИЙ. Сен біз үшін қол жетпес арман ең, сенің мақалаларыңды біз жатқа соғушы ек... Енді менің көзім ашылды! Енді бәрін көріп жүрмін! Сен өнер туралы жазасың, бірақ өзің өнерден ештеңе түсінбейсің! Бір кезде әз-әулие көрген еңбектерің соқыр тиынға да тұрмайды екен. Сен біздің басымызды босқа қатырып келіпсің!

СЕРЕБРЯКОВ. Мырзалар, мынаны тыныштандырыңыздаршы, әйтпесе, бұл арадан кетемін!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иван Петрович, сөзді доғаруыңызды талап етем! Естисіз бе?

ВОЙНИЦКИЙ. Доғармаймын! (Серебряковтың жолын бөгеп). Тоқта, мен әлі айтарымды айтып біткем жоқ! Сен бүкіл өмірімді зая қылдың!! Мен жұрт қатарлы өмір де сүргем жоқ. Өмірімнің ең жақсы жылдарын, сенің қырсығыңнан құр бекерге рәсуа еттім. Сен менің қас дұшпанымсың!

ТЕЛЕГИН. Жоқ, мен бұдан әрі шыдай алмаймын, кетемін... (Қатты абыржып кетіп қалады).

СЕРЕБРЯКОВ. Сонда сен менен не талап етесің? Сен менімен бұлай сөйлесуге қандай қақың бар? Түкке тұрмайтын бейшара! Қоныс сенікі болса қайтып-ақ ал, маған түкке керегі жоқ!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Мен мына тамұқтан қазір-ақ кетем! (Айқайлап). Бұдан әрі төзе алатын жәйім жоқ!

ВОЙНИЦКИЙ. Рәсуа болған есіл өмір-ай! Талантты едім, батыл едім, ақылды едім... Дұрыс өмір сүргенде менен не Шопенгауэр, не Достоевский шығуы да мүмкін еді... Енді бәрі бітті! Ақылымнан алжаса бастадым. Анашым, мен әбден күйініп тұрмын!

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. (Қатал зекіп). Александрдың айтқанын тыңда!

СОНЯ. (Күтуші кемпірдің аяғына жығылып, соған тығылады). Әжетай! Әжесі!

ВОЙНИЦКИЙ. Анашым! Не істеу керек маған? Жә, айтпай-ақ қой, қажеті жоқ! Не істеу керек екенін өзім де білем! (Серебряковқа). Сен мені әлі-ақ есіңе аларсың! (Ортадағы есіктен шығып кетеді).

Мария Васильевна соңынан ілеседі.

СЕРЕБРЯКОВ. Мырзалар, бұл сонда не болғаны? Мені мынау нақұрыстан құтқарыңдар! Мен онымен бір шаңырақтың астында өмір сүре алмаймын! Ол осы мына бөлмеде тұрады ғой! (Ортадағы есікті көрсетіп). Тіпті қасымда екен ғой!.. Дереу деревняға, флигельге ауыстырыңдар, әйтпесе мен кетем, әйтеуір бұдан былай мен онымен бір үйде бір күн де өмір сүре алатын түрім жоқ.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Күйеуіне). Біз бүгін бұл арадан кетеміз. Қызметшілерге тап осы бойда жолға әзірленуге тапсырма бер.

СЕРЕБРЯКОВ. Түкке тұрғысыз неме қалай-қалай көкке шапшиды, қарай көр өзін?!

СОНЯ. (Жер тізерлеген күйі әкесіне бұрылады, жылап тұрып) Мейірімді болу керек қой, папа! Ваня ағай екеуміз сондай бақытсызбыз! (Күйзелгенін басуға тырысып). Мейірімді болу керек қой! Жасырақ кезінде Ваня ағай мен әжемнің сенің керек кітаптарыңды орысшалап беріп, түн баласы қағаздарыңды көшіріп шығатынын есіңе алсайшы. Ваня ағай екеуміз жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жұмыс жасап, өзімізге жұмсауға бір тиын да қимай, тапқан-таянғанымызды саған жіберуші ек... Біз жеген нанымызды адал жедік! Мен қайдағы-жайдағыны айтып тұрған шығармын. Бірақ, сен бізді түсінуің керек емес пе, папа! Мейірімді болуың керек қой.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Абыржулы). Александр, құдай үшін, онымен дұрыстап сөйлесіп, түсінісші... Жалынамын.

СЕРЕБРЯКОВ. Жақсы, сөйлесейін... Мен оған ешқандай айып тағып тұрғаным жоқ, ренжіп те тұрғам жоқ, бірақ әлгі мінезі, жұмсартып айтқанда, ақылға сыймайтын қылық қой. Жарайды, мен оған барып сөйлесейін. (Ортадағы есіктен шығып кетеді).

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жайлап сөйлес, сабасына түсір... (Оған ілеседі).

СОНЯ. Әжетай Әжесі! (Нянясына тығылады).

МАРИНА. Балам, ештеңе етпейді. Ата қаздардың бір қиқылдасып алып барып басылатын қашанғы әдеті... Қиқылдасты ғой – басылар.

СОНЯ. Әжетай!

МАРИНА. (Басынан сипап). Сақылдаған сары аязда тұрғандай қалтырап барасың ғой. Жә, жетімегім, тәңірдің өзі жарылқасын. Не бүлдірген салған шәй ішші, басылады... Қапа болма, жетімегім... (Ортадағы есікке қарап). Алшақ басқан ата қаздардың көздері құрыды ғой, арттарына бір уыс топырақ!

Сахна сыртынан мылтық атылады, Елена Андреевнаның шыңғырған даусы шығады; Соня селк ете қалады.

Ау, мына ант атқырларға не болған!

СЕРЕБРЯКОВ. (Қорыққаннан зәрі құты қалмай қашып шығады). Ұстаңдар оны! Ұстаңдар! Ол жынданып кетті!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Оның қолындағы револьверді алмақ боп). Беріңіз енді! Беріңіз деймін!

ВОЙНИЦКИЙ. Жіберіңіз, Елена! Жіберіңіз мені! (Босанып шығып, көзімен Серебряковты іздейді). Қайда құрыды әлгі! Ә, мұнда ма едің! (Көздеп атып қалады).

Пауза.

Тимей кетті! Тағы да қапы қалдым! (Ашулы). Ах, сайтан алғыр... (Револьверді жерге бірақ ұрып, орындыққа отыра кетеді).

Серебряков аң-таң: Елена Андреевна жүрегі қысылып қабырғаға сүйеніп тұрып қалған.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Мені бұл арадан әкетіңіз! Әкетіңіз, әйтпесе, өлтіріңіз! Мен бұл арада қала алмаймын.

ВОЙНИЦКИЙ. (Күйзеліп). О, не істедім? Бұл не істегенім?

СОНЯ. Әжетай! Әжетай!

ШЫМЫЛДЫҚ

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

Иван Петровичтің бөлмесі, оның ұйықтайтын бөлмесі де, имениенің кеңсесі де осында. Терезенің алдында кіріс-шығыс кітаптары мен әртүрлі қағаздар қобырсыған үлкен стол, конторка, шкаптар, таразы. Кішірек стол Астровқа арналған, оның үстінде – сурет салуға керек бұйымдар, бояулар, қасында папка жатыр. Шымшық отырғызылған тақыр тор. Қабырғада Африканың картасы, шамасы, оның мұнда ешкімге керегі шамалы. Клеенкамен қапталған абажадай диван. Сол жақта – ұйықтайтын бөлмелерге шығатын есік; оң жақта – ауыз үйге шығатын есік; оның алдында мұжықтар аяғын сүртіп кіру үшін тасталған төсеніш жатыр. Күзгі кеш. Жым-жырт тыныштық.

Телегин және Марина бір-біріне қарама-қарсы отырып, шұлық тоқитын жүн шүйкелеп отыр.

ТЕЛЕГИН. Тездете көріңіз, Марина Тимофеевна, әйтпесе қазір қоштасуға шақырады. Атты жегуге әмір еткен.

МАРИНА. (Жұмысын жеделдетіп). Аз-ақ қалды.

ТЕЛЕГИН. Харьковқа аттанбақ. Сонда тұрамыз дейді.

МАРИНА. Сонысы жақсы.

ТЕЛЕГИН. Қатты қорықса керек... Елена Андреевна «бұл арада енді бір сағат та тұра алмаймын... Кетейік те кетейік» дейді. «Харьковқа барып тұрамыз, заттарды сосын есімізді жиғасын алдырамыз» дейді. Ештеңе алмай жеңіл кетпек. Сөйтіп, Марина Тимофеевна, тағдыр оларға бұл арада тұруды жазбаған болу керек. Жазмыштың жазуы солай болса, амал бар ма!

МАРИНА. Қайта, солары жақсы. Айқайласып, мылтық атысып әңкі-тәңкімізді шығарып еді.

ТЕЛЕГИН. Иә, Айвазовский қаламына лайық сюжет.

МАРИНА. Енді көрсем, көзіме теріскен шықсын.

Пауза.

Қайтадан бұрынғы үйреншікті қалпымызға түсеміз. Таңертеңгі сегізде шәй ішеміз, сағат бірде – түскі тамақ ішеміз, кешке жатар – тұрарымызды ішеміз. Бәрі де жұрт сияқты христиандарға лайық өз кезек, өз тәртібімен болады. (Күрсініп). Мен, күнәһар басым, көптен бері кеспе ішпеппін.

ТЕЛЕГИН. Иә, бізде кеспе пісірілмегелі көп болды.

Пауза.

Бүгін тәңертең, Марина Тимофеевна, деревняны аралап келе жатсам, дүкенші артымнан: «Әй, біреудің қазанына телмірген бұралқы!» – деп айқайлады. Көңілімнің қараптан-қарап құлазып қоя бергені.

МАРИНА. Сен ондай көңіл бөлме, көкешім. Бәріміз де бір құдайдың қас-қабағына телміреміз. Сен де, Соня да, Иван Петрович те – қолын қусырып отырған ешкім жоқ, бәріміз де әліміз жеткенше тырбынып жатамыз! Осы Соня қайда?

ТЕЛЕГИН. Бақшада. Доктор бәрі Иван Петровичті іздеп жүр. Ол өзіне өзі зақым жасап қоя ма деп қорқады.

МАРИНА. Пистолеті қайда?

ТЕЛЕГИН. (Сыбырлап). Мен погребке жасырып қойдым.

МАРИНА. (Иығынан күліп). Күнәкарлар-ай!

Қора жақтан Войницкий және Астров кіреді.

ВОЙНИЦКИЙ. Мені жәйіме жүргіңіздерші. (Марина мен Телегинге). Сендер де кетіңіздер. Ең болмаса, бір сағат оңаша қалуға мұрша беріңдер! Мен осындай асты-үстіне түсіп аялай қалатын жанашырларыңды жек көрем.

ТЕЛЕГИН. Кеттім, Ваня, кеттім. (Аяғының ұшынан басып шығып кетеді).

МАРИНА. Атақазым-ай, әлі қаңқылдап болмаған екенсің ғой? (Жүнді жинап, шығып кетеді).

ВОЙНИЦКИИ. Сен де кет!

АСТРОВ. Қуана-қуана кетер ем, мекеніме кететін уақытым әлдеқашан болды, бірақ менен алған нәрсеңді өзіме қайтармай, бұл арадан бір елі де аттап шықпаймын.

ВОЙНИЦКИЙ. Мен сенен ештеңе алғам жоқ.

АСТРОВ. Рас айтам – жолымнан қалдырма. Қайтатын уақытым болды.

ВОИНИЦКИЙ. Мен сенен ештеңе алғам жоқ.

Екеуі де отырады.

АСТРОВ. Иә? Біраз күтемін, ал сосын, көңіліңе келмесін, күш жұмсауға тура келеді. Тұла бойыңды түк қалдырмай тінтіп шығам. Мен мұны қалжыңдап айтып тұрғам жоқ.

ВОЙНИЦКИЙ. Қалағаныңы істе.

Пауза.

Ол немені екі атып тигізе алмай мазақ боп қалғаным үшін өзімді өзім өле-өлгенше кешірмек емеспін!

АСТРОВ. Атқыш болсаң, өзіңді өзің қақ маңдайдан қадалта салмадың ба?

ВОЙНИЦКИЙ. (Иығын қиқаңдатып). Қайранмын. Мен ғой кісі өлтіргім келіп, біреуге қару жұмсадым, ал мені ешкімнің тұтқынға алып, сотқа беретұғын ойы жоқ. Демек, сонда жынды деп ойлағандары ғой. (Кекете күледі). Мен жындымын да, профессордың, оқымысты көзарбаушының пердесін жамылып, өздерінің дарынсыздығын, топастығын, қара жүрек қайырымсыздығын жасырып жүргендер жынды емес. Мен ғой, сенің ол әйелді қалай аймалап тұрғаныңды өз көзіммен көрдім!

АСТРОВ. Иә, аймаладым, ал саған, міне, мынау! (Тұмсығына қолын апарады).

ВОЙНИЦКИЙ. (Есікке қарап). Жоқ. Біз сияқты нақұрыстардың қақ айырылып кетпей, қайыспай көтеріп жатқан қара жердің өзі жынды!

АСТРОВ. Сандалыпсың!

ВОЙНИЦКИЙ. Несі бар, мен – ақыл-естен ада, жындымын, не сандалсам да, айыбы жоқ.

АСТРОВ. Баяғыдан белгілі былшыл. Сен жынды емессің, әпендесің. Мен бұрын көрінген әпендені есі дұрыс емес сырқат біреу ғой деп ойлаушы ем, қазір ол пікірімнен айныдым; сөйтсем, адамның ең дені дұрыс қалпы – ол әпенде қалпы екен. Сенің есің дұрыс.

ВОЙНИЦКИЙ. (Бетін қолымен басып). Ұят-ай! Менің қайтып ұялып отырғанымды сен білсең ғой! Ешқандай қан қақсатқан жарақат мынау өзегіңді өртеген өкініштің қасында түк емес. (Мұңдана). Шыдай алар емеспін! (Столға сүрінеді). Енді не істеуім керек? Не істегенім дұрыс?

АСТРОВ. Ештеңе істеме!

ВОЙНИЦКИЙ. Маған бірдеңе берші! О тәңірім-ай! Қазір қырық жетідемін, егер алпысқа дейін түрі жүрер болсам, оған әлі он үш жыл бар. Тым ұзақ! Сол он үш жылға қайтып шыдаймын? Не істеймін, сонша ұзақ уақыт бойына нені ермек етем? Түсінесің бе?.. (Астров қолын сілкілеп). Сол қалған ғұмырда басқаша өмір сүру мүмкін бе? Бір күні жарқыраған тыныш таңда жайбарақат түрегеліп, өзіңнің өзгеше өмір бастағаныңды, баяғының бөрі көрген түстей сағымдай өте шыққанын бір-ақ білсең ғой. (Жылайды). Жаңа өмір бастасам... Оны қайтып бастаймын, неден бастаймын, айтсайшы...

АСТРОВ. (Ренжіп). Әй, сен де бір! Қайдағы жаңа өмірді айтып тұрсың? Сені мен бізге енді ешқандай үміт жоқ!

ВОЙНИЦКИЙ. Солай ма?

АСТРОВ. Оған көзім анық жетеді.

ВОЙНИЦКИЙ. Бірдеңе берсейші... (Жүрегін көрсетіп) Күйіп барады ғой.

АСТРОВ. (Ашулана айқайлап). Доғар енді! (Жұмсарып). Жүз жыл ма, жоқ екі жүз жыл ма кейін туып, мына бізді өз өмірлеріңді осынша мәнсіз-нәрсіз рәсуа қылдыңдар деп жазғыратын жаңа ұрпақ қана қалай бақытты болудың амалын таппаса, мына біз... Айтпақшы, бізде әлі де бір үміт бар екен-ау... Ертең қара жамылып табытқа жатқанымызда бәлкім біздің көз алдымызға бір сәтті елестер келер... Содан басқа үлесті көре алмай тұрмын. (Күрсініп). Иә, бауырым, бүкіл бір уезде жөні түзу екі интеллигент кісі бар едік, ол мені мен мына сен едік. Бірақ, айналасы он жылдың ішінде мынау қарғыс атқыр тоғышар қауым қанымызды улап, бізді де өзгелер сияқты тұрпай топас маубастарға айналдырды. Бірақ, сен маған босқа тісіңді қайрамай, алған нәрсеңді қайтып бергенің жөн.

ВОЙНИЦКИЙ. Мен сенен ештеңе алғам жоқ деп айттым ғой.

АСТРОВ. Сен менің жол қапшығымнан бір құты морфий алдың.

Пауза.

Егер қалайда өзіңді өзің өлтіргің кеп отырса, онда орманға бар да атылып қал. Ал, морфийімді қайтып бер. Әйтпесе, жұрт оны саған мен берді деп сөз қылады... Менің ертең сенің серейген өлігіңді кескілегенім де аз бейнет бола қоймас... Сен оны бір қызық шаруа ғой деп ойлайтын шығарсың?

Соня кіреді.

ВОЙНИЦКИЙ. Жарқыным, тыныштық берші.

АСТРОВ. (Соняға). Софья Александровна, сіздің ағайыңыз менің жол қапшығымнан бір құты морфий алып бермей отыр. Оған бұнысының ақымақтық екенін айтыңызшы. Босқа жолымнан қалдырып тұрғаны. Кететін уақытым болып еді әлдеқашан.

СОНЯ. Ваня ағай, морфий алдың ба?

Пауза.

АСТРОВ. Алғаны рас. Оған иманым кәміл.

СОНЯ. Қайтып бер! Сен бізді неге қорқытасың? Бере ғой, Ваня ағай! Мен де, міне, сенен өткен бейбақ болсам да, бәріне шыдап тірі жүрмін ғой. Қашан көрер жарығым таусылғанша, бәріне де шыдап берем, көресімді көре берем... Сен де шыда, аға!

Пауза.

Бере ғой! (Қолын сүйеді). Айналайын, ағатай, сүйіктім, бере ғой! (Жылайды). Сен мейірімдісің, бізді аяйтын шығарсың, бере қойсайшы, Шыда, ағатай, шыдамды болған дұрыс!

ВОИНИЦКИЙ. (Столдан құты алып Астровқа береді). Мә, ал! (Соняға). Бірақ, тезірек бір шаруа тауып, бірдеңе етіп қарекет қылмасақ, шыдай алар емеспін...

СОНЯ. Иә, дұрыс айтасың жұмысқа кірісейік. Мыналарды шығарып салған бойда іске кірісеміз. (Столдағы қағаздарды жинай бастайды). Үйдің іші ыбырсып кетті.

АСТРОВ. (Банканы қапшығына салып). Енді жолға шығуға болады.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Кіреді). Иван Петрович, сіз мұндасыз ба? Біз кеткелі жатырмыз... Александрға барыңызшы, бірдеңе айтпақшы.

СОНЯ. Жүре ғой, Ваня ағай! (Войницкийді қолтығынан алып). Жүрейік. Папам екеуің бітісіңдер. Ол өте қажет.

Соня мен Войницкий кетеді.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Мен кетем. (Астровқа қолын береді). Сау тұрыңыз.

АСТРОВ. Осы қазір ме?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Аттар әзір тұр.

АСТРОВ. Сау тұрыңыз.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сіз бүгін маған бұл арадан кетем деп уәде беріп едіңіз.

АСТРОВ. Есімде. Қазір кетем.

Пауза.

Қорыққаныңыз ба? (Қолынан ұстап). Бұл сонша ма, қорқынышты іс пен еді?

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Иә.

АСТРОВ. Қалсаңыз қайтеді? Ертең орман шаруашылығына...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Жоқ... Мәселе шешілген... Кететінім айдан анық болғасын, мен сізге қаймықпай қарап тұрмын... Жаңғыз-ақ тілегім бар: мен туралы жаман ойлап қалып жүрмеңіз. Сіздің мені сыйлағаныңызды өтінер ем.

АСТРОВ. Ә! (Күйгелектеніп). Қалыңыз, өтінем. Өзіңіз ойлаңызшы бұл дүниеде сіз бітірер дәнеңе де жоқ, өмірге қойған мақсатыңыз да жоқ; ерте ме, кеш пе, әйтеуір, сезімнің дегеніне берілесіз оған ешқандай күмәніңіз болмасын. Сондықтаң ондай әзәзіл сезімге Харьковте ме, әлде Курскінің бір түкпіріне ме, әйтеуір бір жерде ырыс бергенше, одан да осы арада табиғаттың құшағында иліге салмайсыз ба? Тым болмаса, бұл ертең ақындарға жырға қосуға лайық өте бір келісті шаруа болады ғой... Осы маңда орман шаруашылығында, әлгі Тургенев жазатындай жартылай құлап бітуге айналған бір көне усадьба бар еді...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Неткен күлкілі адамсыз... Өзіңізге тіпті ренжіп те қалдым, бірақ ертең рахаттана еске алатын шығармын. Сіз сондай қызық, ешкімге ұқсамайтын ерекше адамсыз. Біз енді кездеспейміз ғой, сондықтан несін жасырайын, мен сізді тіпті ұнатып та қалып ем. Кел, онан да достарша қол алысып, достарша айырылысайық. Сөге-жамандай көрмеңіз.

АСТРОВ. (Қолын қысып). Иә, кетіп қаласыз... (Ойға шомып). Сіз бір қарағанда соншалықты жайдары, жақсы адам боп көрінгенмен, тұла бойыңызда бірден түсіне қоймайтын жұмбақ бірдеңе бар. Бұл жаққа күйеуіңіз екеуіңіз келе қалып едіңіз, осында өздерінше бірдеңе жасаған боп тырбынып жүрген жандардың бәрі шаруаларын тастай салып, сіздің күйеуіңіздің сал ауруымен әлек болды. Сіздердің еріккендеріңізді көріп біз де еріге бастадық. Мен мында кеп сізге елігіп, бір ай бойы жұмыс істемей, серуен құрып жүргенде, бұл уезде талай адам ауырды, жаңа егілген жас талдарымның арасына талай бақташы мал жайды. Сүйтіп, күйеуіңіз екеуіңіз аяқ басқан жеріңіздегі нәрсе атаулы күйреп, қирап, бүлініп шыға келеді. Мен, әрине, қалжыңдап тұрмын, бірақ бұл сөзімнің жаны да бар. Егер бұл оқиға бұдан гөрі ұзағырақ кідірер болсаңыз, бұдан гөрі көбірек дүниені бүлдіріп кететініңізге менің еш күмәнім жоқ. Мен де мерт табар ем, сіз де жетісе қоймас едіңіз. Жарайды, жолыңыз болсын. Осымен комедия тәмам!

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Оның столынан карандаш ап жасырады). Мен мына карандашты өзіммен бірге ала кетейін.

АСТРОВ. Шынында да, ғажап, өзі... Танысқанымыз да жаңа ғана еді, енді міне, не себептен екені белгісіз, енді бұдан былай ешқашан кездеспейтіндей боп айырылысқалы тұрмыз. Бұл дүниеде барлық нәрсе осылай басталып, осылай біте бермекші. Бұл арада ешкім жоқта, Ваня ағай гүл құшақтап келіп қалмай тұрғанда маған өзіңізді сүйіп алуға рұқсат етіңізші... Соңғы рет... Жарай ма? (Оны бетінен сүйеді). Міне, енді дұрыс болды...

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Сізге барша ізгі тілектің бәрін тілеймін. (Жан-жағына қарап). Жарайды, өмірде бір-ақ рет қой! (Бас салып құшырлана сүйіседі де, тез ажырасып кетеді). Енді кету керек.

АСТРОВ. Тезірек кетіңіз. Ат әзір болса, аттанғандарыңыз дұрыс қой.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. Біреулер келе жатқан сияқты.

Құлақ түре қалысады.

Астров, Серебряков, Войницкий, қолына кітап ұстаған Мария Васильевна, Телегин және Соня кіреді.

СЕРЕБРЯКОВ. Кім өткенді ұмытпаса, соның көзі ойылсын. Әлгіде болған оқиғадан соң мен бірнеше сағаттың ішінде талай нәрсені бастан кешіріп, талай ойға батқаным сонша, тіпті арттағы ұрпаққа қалай өмір сүру керектігі жайында бүкіл бір трактат жазып шыға алатын сияқтымын. Мен сенің кешірім өтінгеніңді қуанышпен құп алып, өзім де сенен кешірім сұраймын. Сау тұр! (Войницкиймен үш рет сүйіседі).

ВОЙНИЦКИЙ. Бұрынғы алып тұрғаныңды бұдан былай да ұқыпты түрде жіберіп тұрам. Бәрі бәз-баяғысынша болады.

Елена Андреевна Соняны құшақтайды.

СЕРЕБРЯКОВ. (Мария Васильевнаның қолын сүйіп). Мамам...

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. Александр тағы да суретке түсіп, маған фотографияңызды жіберерсіз. Мен үшін сіздің қаншалықты қымбат екеніңізді өзіңіз жақсы білесіз ғой.

ТЕЛЕГИН. Сау тұрыңыз, аса мәртебелім! Бізді ұмыта көрмеңіз!

СЕРЕБРЯКОВ. (Қызын сүйіп). Сау тұр... Бәріңіз де сау тұрыңыздар! (Астровқа қол беріп). Жақсы мәжілістес болғаныңызға алғыс айтамын. Ойларыңызды, құмар кәсіптеріңізді, жігеріңізді құрметтей тұра, мендей кәрінің қоштасар сәтте бір ескерту жасауына рұқсат етерсіз. Мырзалар, іс істеу қажет! Иә, іс істеу қажет! (Жұртқа иіліп тағзым етеді). Ал, сау тұрыңыздар! (Кетеді).

Оған Мария Васильевна мен Соня ілеседі.

ВОЙНИЦКИЙ. (Елена Андреевнаның қолын құшырлана сүйіп). Сау тұрыңыз. Кешірерсіз... Бұдан былай кездеспейміз ғой енді.

ЕЛЕНА АНДРЕЕВНА. (Көңілі бұзылып). Сау тұрыңыз, көгершінім. (Басынан сүйіп, кетеді).

АСТРОВ. (Телегинге) Вафля, айта салшы, менің де аттарымды әзірлесін.

ТЕЛЕГИН. Айтайын, достым. (Кетпеді).

Астров пен Войницкий екеуі қалады.

АСТРОВ. (Стол үстіндегі бояуларын жинап чемоданға тығады). Сен неге оларды шығарып салмайсың?

ВОЙНИЦКИЙ. Жүре берсін, ал мен... шығарып сала алмаймын. Маған ол ауыр тиеді. Өзімді өзім ұмытатын бір шаруа табуым керек тезірек... Жұмыс... Жұмыс істеу керек. (Қағаздарын ақтара бастайды).

Пауза.

Қоңырау дауысы естіледі.

АСТРОВ. Аттанып кетті. Профессор қуанышты сияқты! Оны енді мұнда шақырып та келтіре алмассың!

МАРИНА. (Кіреді). Аттанып кетті... (Отыра қап шұлық тоқуға кіріседі).

СОНЯ. (Кіреді). Аттанып кетті... (Көзін сүртеді). Құдай жолдарын қылып, барар жерлеріне аман жеткізгей. (Ағасына). Ваня ағай, бір шаруа таппасаң, болмас.

ВОЙНИЦКИЙ. Иә, жұмыс... Жұмыс істеу керек!

СОНЯ. Мына столдың басында бірге отырмағанымызға көп уақыт болыпты. (Стол үстіндегі шамды жағады). Сия да таусылыпты. (Сия сауытты ұстап, шкафтан сия құйып қайтады). Олардың кеткеніне мен біртүрлі қынжылып отырмын.

МАРИЯ ВАСИЛЬЕВНА. (Жайлап басып кіреді). Аттанып кетті. (Отыра қап кітап оқуға кіріседі).

СОНЯ. (Столға отырып, кеңсе кітабын ақтара бастайды). Ваня ағай, әуелі есептеп алайық. Әйтпесе, бәрі былығып кетті. Бүгін тағы да счет жіберіпті.Сен біреуін жаз, мен біреуін жазайын...

ВОЙНИЦКИЙ. (Жазады). «Счет...»

Екеуі үнсіз жазу жаза бастайды.

МАРИНА. (Есінеп). Ұйқым келуін қарашы.

АСТРОВ. Жым-жырт тыныштық. Сыр-сыр етіп қалам сытырлайды. Шыр-шыр етіп шілделік шырылдайды. Жылы, жайлы... Тіпті кеткім келмей тұрғаны.

Қоңырау сылдырайды.

Міне, аттар да әзір бопты... Достым менің, сіздермен сосын мына столыммен қоштасудан басқа амалым қалмады. Енді жөнімді табайын! (Картограммаларын папкаға сала бастайды).

МАРИНА. Сонша әлек боп қайтесің! Отырсайшы!

АСТРОВ. Жоқ, болмайды.

ВОЙНИЦКИЙ. «Ескі қарыздан қалғаны екі жетпіс бес...»

Қызметші кіреді.

ҚЫЗМЕТШІ. Михаил Львович, көлік әзір...

АСТРОВ. Естіп тұрмын. (Аптечкасын, чемоданын, папкасын ұстатады).

Мә, мыналарды ұста. Папканы мыжып алма, абайла!

ҚЫЗМЕТШІ. Құп! (Кетеді).

АСТРОВ. Иә...

СОНЯ. Сонымен, қашан кездесеміз?

АСТРОВ. Жаз шықпай кездесе алармыз дейсің бе? Қыста ыңғайы келе қоймас... Егер бірдеңе болса қалса, хабар беріңіз, келем ғой, сірә. (Қолын қысады). Нан-тұздарың, ықыластарың – бәрі үшін де көп-көп рахмет. (Күтуші кемпірдің қасына барып басынан сүйеді). Сау тұр, кәрия.

МАРИНА. Шәй ішпестен кеткенің бе?

АСТРОВ. Зауқым жоқ, әжесі.

МАРИНА. Бәлкім, арақ ішерсің?

АСТРОВ. (Батылсыздау). Мүмкін болса...

Марина шығып кетеді. (Паузадан кейін). Менің бір атым ақсап қалыпты. Кеше Петрушка суатқа апара жатқанда байқадым.

ВОЙНИЦКИЙ. Тағасын жаңартқан жөн.

АСТРОВ. Рождественноедағы ұстаға соға кету керек болды-ау. Басқа амал жоқ (Африка картасының қасына барып үңіледі). Шамасы, қазір Африкада күн күйіп тұрған шығар. Сұмдық қой!

ВОЙНИЦКИЙ. Иә, солай шығар.

МАРИНА. (Бір рюмка арақ пен бір үзім нан салынған поднос әкеледі) Алып қой!

Астров арақ ішеді.

Денің сау болсын, көкешім... (Иіліп тағзым етеді). Нан ауыз тисеңіші.

АСТРОВ. Жоқ, мен былай-ақ... Ал жақсы тұрыңдар. Мені шығарып салмай-ақ қой. Керегі жоқ.

Ол кетеді. Соня қолына шырақ ұстап шығарып салады. Марина креслосына отырады.

ВОЙНИЦКИИ. (Жазуға кіріседі). «2 февральде... Тұзсыз шыны май 20 фунт,... 16 февральде тағы да тұзсыз шыны май 20 фунт... Құмықтың жармасы...».

Пауза.

Қоңырау сылдырайды.

МАРИНА. Кетті.

СОНЯ. (Қайтып кеп, шырағын столға қояды). Кетті.

ВОЙНИЦКИЙ. (Шот қағып, қағазға жазады). Жинағы – он бес... Жиырма бес...

Соня да отыра қап жазуға кіріседі.

МАРИНА. (Есінеп). О тоба, күнәһарларыңды кешіре гөр.

Телегин аяғының ұшынан басып кіріп, есіктің қыр көзіне отыра қап, гитараның күйін келтіреді.

ВОЙНИЦКИЙ. (Соняның шашынан сипап). Маған қандай ауыр тиіп отыр, балақайым! Маған қандай ауыр екенін білсең ғой!

СОНЯ. Амал қайсы, өмір сүру керек.

Пауза.

Біз! Ваня ағай, өмір сүреміз. Әлі талай ұзақ-ұзақ күндер мен ұзақ кештерді бастан кешеміз, тағдырдың жіберген қай тауқыметін де тайсалмай бағамыз: қазір де, ертең қартайғасын да біреу үшін сілейіп қатып еңбек ете береміз; шекті мерзім жеткенде үн-түнсіз жан тапсыра саламыз; табытқа түскесін қандай азап шеккенімізді, қанша рет жылағанымызды қанша қасірет тартқанымызды тапжылтпай айтып береміз; сонда тәңірдің бізге мейірімі түседі, ағатай сүйікті ағатай, сіз екеуміз сонда әсем, сондай тамаша өмір кешеміз, қатты қуанамыз, тіпті осы қазіргі бақытсыздықтарымыздың өзіне күлімдеп сүйсіне көз тастаймыз, сосын ағыл-тегіл рахатқа батамыз. Мен бұған, ағатай ынты-шынтыммен сенемін. (Алдына барып жер тізерлеп басын кеудесіне тығады, қатыңқы дауыспен). Біз сонда ғана демаламыз!

Телегин баяулатып күй шертеді.

Сонда ғана рахатқа батамыз! Ақ қанатты періштелерді көреміз, бүкіл аспанның меруерт моншақ тағынғанын көреміз, біздің көрген тауқыметіміз күллі дүниені жайлап алған мейірім мұхитына батып жоқ болады; біздің өміріміз сондай жайдары, сондай нәзік сондай тәтті аялы алақанға айналады. Мен бұған сенемін, қатты сенемін... (Ағасының көз жасын сүртіп). Байғұс менің Ваня ағайым, ағатайым, сен жылап отырсың ғой... (Өзі де жас алып). Сен өміріңде еш қызық көрген жоқсың, Ваня ағай, бір-ақ сәл шыдашы... Біз де тынығамыз... (Аймалап). Біз де дем аламыз!

Күзетші тоқылдақ тоқылдатады. Телегин баяу күй шертеді. Мария Васильевна брошюраның жиегіне бірдеңе жазады. Марина шұлық тоқып отыр.

Біз де тынығамыз!

ШЫМЫЛДЫҚ ЖАБЫЛАДЫ.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама