Велосипедтердің қандай түрлері болады
Ерте ме, кеш пе әрбір велошабандоз өзіне жаңа велосипед сатып алуды ойлайды. Кейбіреуінің велосипеді сынып қалады, біреу өз велосипедінен шаршайды, ал кейбірінің тіпті ешқашан велосипеді болмаған. Қай жағдай болмасын әрқайсында басты мәселе туындайды: дүкенде ұсынылған алуан түрлі велосипедтердің ішінде қайсын таңдау керек.
Бірінші кезекте, сізге велосипед не үшін қажет және оны қанша уақыт тебетініңізді анықтап алу маңызды. Бәлкім, сіз тас жол жарысына қатысқыңыз келетін шығар, болмаса велосипед жорығына шықпақсыз, трюктер жасамақсыз, таудан үлкен жылдамдықта секірмексіз немесе аптасына бір рет дүкенге барып келу үшін ғана керек шығар? Әрине сізге әрқайсына сәйкес велосипед түрін таңдау керек болады. Сонымен, дүкенде қандай велосипед түрлерін кездестіре алатынымызды талқылайық.
Велосипед түрлері
1. Жол велосипеді
Бұл мақаланы оқып отырған әрбір адам, бір рет болсын мұндай велосипедті теуіп көргенін сенімді айта алатын шығар, ал көбінің велосипедке деген құмарлығы дәл осы бірінші «ересек» велосипедтен басталған. Велосипедтің бұл түрін аса сипаттау қажет емес – бәрі онсыз да түсінікті. Айта кетерлігі, жол велосипеді икемсіз, біршама ауыр және ыңғайсыз, демек ұзақ жолда адамды шаршатып жіберуі мүмкін. Алайда оның да өзіндік артықшылықтары бар: құрылысының қарапайымдылығы, жоғары сенімділік және арзан баға.
Егер сіз қала сыртындағы саяжайда аптасына екі рет дүкенге барып-келіп тұруды көздесеңіз осы велосипедті алуыңызға болады – бұдан артыққа ол шыдас бермейді.
2. Серуенге арналған (қалалық) велосипед
Серуенге арналған велосипедтер сапалық ескірген жол велосипедінің логикалық жалғасы болып табылады: олар біршама ыңғайлы, жайлы, функционалды, бірақ сәйкесінше бағасы да қымбатырақ.
Көбінесе мұндай велосипедтердің алдыңғы немесе ерттелген амортизаторы, ашық (яғни үстіңгі түтігі жоқ) жеңіл рамасы (кейде жиналатын), кең жұмсақ ер-тоқымы, қанаттары, жүксалғышы (көбінесе азық-түлік корзинасы), шынжыр қорғанышы және кейде велофары мен веложыпылықтатқышы болады. Әдетте мұндай велосипедтер үлкен жылдамдықты (7-ден 21 жылдамдыққа дейін) кассеталық немесе төмен деңгейлі ауыспалы берілісті планетарлық механизмді болады. Серуендік велосипедтердің дөңгелегі алуан өлшемді болып келеді, сол себепті барынша қолайлы және ыңғайлы нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді. Мұндай велосипедте тік отыратындықтан, қол мен арқаға түсетін жүктеме біраз жеңілдеп, серуенмен рахаттануға болады. Тағы бір артықшылығы, көптеген механизмдері күтіп-баптауды қажет етпейді, бұл да уақыт үнемдейтінін ескеру керек. Дегенмен мұндай велосипедтер үлкен жүктемеге есептелмеген, сондықтан серуендік велосипедтер биіктіктен секіруге немесе күрделі веложорықтарға төзеді деу бекер.
Мұндай велосипед саябақта жайбарақат серуендеуге, баяу қарқынды кішігірім велосаяхаттарға және дүкен немесе жұмысқа барып-келуге жақсы. Бұдан өзге, серуендік велосипед егде жастағы белсенді адамдарға жарайды.
Тау велосипеді
Тау велосипеді ең көп таралған велосипед түрі болып саналады. Өйткені мұндай велосипедтер әмбебап және асфальт жолдармен серуендеуге де, орман жалғыз аяқ жолымен жүруге де ыңғайлы. «Тау велосипеді» мағынасына алуан түрлі, кейде тіпті бір-бірінен қатты ерекшеленетін және әртүрлі мақсатта жасалған велосипедтер кіреді:
Бастапқы деңгейдегі тау велосипедтері
Бұл санатқа негізінде серуенге арналған, бірақ сырт келбеті тау велосипедіне ұқсайтын аса қымбат емес үлгілерді жатқызуға болады. Мұндай велосипедтердің басқалардан ерекшелігі қалқа жабдықтарының төмен сапалы, отыратын жері биік болғандықтан қол мен арқаға күш түспейтіндігі, қымбат емес амортизаторлық айырлар, сонымен қатар ыңғайлылықты арттыратын жұмсақ орындық, басқыш, жүксалғыш және т.б. түрлі аксессуарлардың болуында. Мұндай велосипедтердің қолдану аясы тура серуендік велосипедтердегідей – қала мен сырт аймақта әуесқой серуендеу.
Кросс-кантриге арналған велосипедтер
Бұл түр сырт келбеті жағынан бастапқы деңгейдегі тау велосипедіне ұқсас, алайда бұл түрдің үлгілері беріктігін арттыратын мықты әрі жеңіл рамаға (баттинг), жоғары деңгейлі қалқа жабдықтарына және көп жағдайда дисктік тежегішке ие. Сонымен қатар блокталатын қысқажүрісті амортизаторлық айыр салыстырмалы түрде тегіс жолмен жүргенде артық күш салуды талап етпейді. Мұндай велосипедтердің орындығы алдыңғы түрлерге қарағанда төменірек. Және бұл үлгіде жұмсақ орындық пен азық-түлікке арналған кәрзеңке болмайды. Мұндай велосипедтер велошабандоздың ойлы-қырлы жерлерде барынша тез қозғалуына, өрге шығып-түсуіне ыңғайлы болу үшін арналған. Жалпы, бұл санаттағы велосипедтерді қалада серуендеуді және ойлы-қырлы жерлерде айдауды жақсы көретін велоәуесқойларға ұсынуға болады.
Триал/фристайлға арналған велосипедтер
Түрлі трюктерді орындауға арналған ерекше велосипедтер тобы. Мұндай велосипедті ажырату оңай: өте кішкентай бойлы берік рама, берік жалпақ дөңгелектер, мықты тежегіш, қанаттарының немесе басқа да сол сияқты жабдықтардың жоқтығы. Кейбір түрлерінің тіпті ер-тоқымы да болмайды – бұл трюктерді орындауға кедергі жасайды. Мұндай велосипед жорыққа шығуға, тіпті қысқа серуенге шығуға жарамайды – ол тек трюктер орындауға арналған.
Даунхилге арналған велосипед
Таудан жоғары жылдамдықпен ойлы-қырлы жерге түсу – мұндай велосипедтер дәл осыған арналған. Ауыр берік рама (салмағы маңызды емес), мықты дискілік тежегіштер, екі ұзынжүрісті амортизатор – велосипедтің бұл түрінің ажырамас бөлшектері. Мұндай велосипедтер тек қана даунхилге арналған және үлкен жүктемелерді көтере алады.
Тау велосипедтерінің ең негізгі түрлері осылар. Әрине, олардың тағы көптеген түрлері бар, мысалы дёрт-джамп, фрирайд немесе норт-шорға арналғандары, бірақ олардың бәрі жоғарыда аталып өткен байктардың бір түрлері болып саналады.
Тас жол велосипедтері
Мұндай велосипедтер тегіс асфальтта тез жүруге арналған. Бұлармен ойлы-қырлы жерлерде, шоқалақ жолдарда жүруге тыйым салынған. Мұндай велосипедтер жеңіл берік рамаға, үлкен әрі жіңішке дөңгелекке және «қойдың мүйізі» іспеттес жіңішке тұтқаға ие. Отыратын жері барынша төмен болғандықтан желдің кедергі болу деңгейін төмендетеді. Жалпы қозғалыстың барынша жылдам болуына барлық жағдай қарастырылған. Тегіс асфальтта тау велосипедінің тас жол велосипедін қуып жетуі тіпті мүмкін емес. Егер сіз «Тур де Франс» стиліндегі велошерулердің жанкүйері болсаңыз және жаяужол мен саяжайларда серуендеуді көздемесеңіз осы тас жол велосипедін алу ұсынылады.
Алайда тас жол велосипедін тректік велосипедпен шатастыруға болмайды. Өйткені соңғысы тек жарыс алаңына арналған. Дөңгелектерінің құрылысы ерекше болып келеді және мұндай велосипедтердің көбінде тежегіш болмайды. Мұндай велосипедтер жалпы қолданыстағы тас жолдарда айдауға келмейді.
Турингтік велосипедтер
Мұндай велосипедтер тас жол велосипедтеріне ұқсас, алайда олар веложорықтарға арналған – яғни оларға жүксалғыш орнатып, жүктерді тасымалдауға болады. Бұдан өзге, мұндай велосипедтердің дөңгелектері жалпағырақ және қалыңырақ болып келеді.
Гибрид
Бұл топ серуендік, тау және тас жол велосипедтердің аралық тізбегі саналады. Осылайша үш түрдің де артықшылықтарын бойына сіңірген. Тау велосипедіне қарағанда биігірек рама тас жолда қозғалуға ыңғайлы орындықты қамтамасыз етеді, үлкен дөңгелектер жоғары жылдамдықты ұстауға көмектеседі, ал амортизаторлық айыр ойлы-қырлы жерде саяхаттауға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, мұндай велосипедтер қанат, жүксалғыш, жарық жабдықтарымен және тіпті дискілік тежегіштермен қамтылған. Осылайша мұндай велосипед жоғары жылдамдықпен тас жолда серуендегенді жақсы көретін және мүмкіндік болса ойлы-қырлы аймақты да бағындырғысы келетін әуесқойларға арналған деуге болады.
BMX
Трюктерді орындауға арналған арнайы велосипедтер. Оларға тән ерекшеліктер: кішкентай дөңгелектер, дөңгелектердің жанындағы арнайы тіреуіштер, сонымен қатар тежегіш арқанын қатты бұрамай-ақ тізгінді бір бағытта айналдыруға мүмкіндік беретін механизм. Велосипед тебудің дәл осындай стилін ұнататындықтан ғана осы түрге назар аударуды ұсынамыз.
Унициклдер
Бұрын мұндай «велосипедті» тек циркте көруге болады деп ойлайтын. Алайда қазіргі кезде мұндай велосипедтерді көшеден кездестіруге болады, өйткені унициклдерді велосипед дүкендерінен сатып алуға болады.
Тандемдер (тондем емес, тандем)
Бір велосипедте екеу, тіпті үшеу болып серуендегенді, әрі басқышты әркім өзі айналдырғанын қалайсыз ба, онда тандем дәл сізге арналған. Отбасылық серуенге таптырмас дүние, сонымен қатар қатысушылардың күші әртүрлі болады (егер шаршасаңыз, басқышты айналдырмауға болады немесе аз күш жұмсай отыра айналдыру). Бұдан өзге, мұндай велосипедтерді мүмкіндігі шектеулі жандар жиі пайдаланады (мысалы көзі нашар көретін мүгедектер). Тандемдер серуендік, тау немесе тас жол велосипедтерінің пішінінде жасалады.
Круизерлер
Бұл велосипед атауын мотоцикл түрлерінің бірінен алады. Круизерлердің басты ерекшелігі – ыңғайлы тік ер-тоқым, ірі рама, биік тізгін, алуан түрлі әшекейлер. Мұндай велосипед жайбарақат серуен мен қыдырысқа арналған. Ол жылдам айдау, ойлы-қырлы жерде айдау немесе веложорықтарға мүлде жарамайды.
Велосипедтердің экзотикалық түрлері
«Велосипед ойлап табудың қажеті қанша» деген сұрақтың жауабын білетін адамдар баршылық. Дәл сол үшін әлемде алуан түрлі велосипедтер шығарылып жатыр. Олардың көбі, өкінішке орай, қолдануға жарамсыз жай ғана әдемі сурет, алайда кейбірі тебуге өте ыңғайлы. Басқаларды таңқалдырғыңыз келсе – экзотикалық велосипед сатып алыңыз.