- 13 нау. 2020 00:00
- 185
Халық аузынан
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, қазіргі Шалқар совхозының жерін мекендеген Тілеу руында Мұса деген адам болған. Бұл жерде Мұса ХІХ ғасырдың аяқ шенінде өмір сүрген. Қазір Шалқар қаласында Мұсаның өз баласы Мәжит бар. Сыдық — пенсионер. Мәжит — аудандық қамсыздандыру бөлімінің бастығы.
Мұса өте қуақы адам болған. Халықтың айтуына қарағанда, Мұса осы қылығын дін иелерін әшкерелеуге арнаған сияқты. Мысалы, сол Шалқар ауданында осы кезге дейін «әрине, Бәтуалы болып келеді ғой» деген мақал көп айтылады. Бұл мақалдың шығуына мынандай себеп болған.
Тілеу руында Қарамерген ауылы деген ауыл болған. Бұл ауыл кісіге тойдырып тамақ бермейтін, қонақты сыйламайтын сараң ауыл болса керек. Халықта осы мінезге байланысты мынадай мақал тараған «қарның ашса, Қарамерген ауылына бар». Мұса олардың осы сараңдығын, дінге сенгіш ұғымын халыққа күлкі етеді.
Бірде Мұса ауыл иесінің жоқтығын пайдаланып, қасына Оспан деген ноғайды алып, сол ауылдың үлкен үйі Бекмағанбеттің үйіне барады. Өзі сол елдің белгілі ишаны Бәтуалы болып киінеді. Үйге келгеннен кейін қасындағы кісіні былай таныстырады:
— Мына кісі — Шапата деген қаладан келген үлкен молда. Намаз сабағын білмейтін жас әйелдерді жинап жүр. Тездетіп тамағыңды ас, жақсылап сыйла. Әйтпесе, алып кетеді, мен тамақ піскенше бірсыпырасын үйретейін. Тамақтан кейін соны жатқа айтып берсең, тастап кетеді, — дейді.
Сөйтіп, барлық ата, қайны-қайнағаларының атын жаттатады сол үйдің әйеліне. Әйел ата, қайнағаларының атын атағысы келмесе, алып кететінін айтып қорқытады.
Сөйтіп, сараң үйдің бар тамағын ішіп, әйеліне аталарының аттарын ататтырып Мұса жөніне кетеді. Үй иесі келгесін әйелі көрген-білгенін айтады. Бұны тек Мұса істейтінін білген үй иесі:
— Әй, бұл Мұса залым болмаса игі еді, — дейді.
Әйелі:
— Жоқ, ойбай, Бәтекең ишан ғой, — дейді.
Сонда үй иесі:
— Әрине, ол залым Бәтуалы болып келеді ғой, — деген екен. «Әрине, Бәтуалы болып келеді ғой» деген мақал осылай шығыпты.
Бірде сол жердегі атақты мешіт иесі Бахраддинді масқара етеді. Бахраддиннің ұзатқан қызы болса керек. Сол қызы төркіндеп келеді деген хабарды есітіп, қызы болып киініп, түйеге екі қап кигізіп, зат етіп артып, бір тай өгізді айдап, намаздыгер оқып жатқан кезде Бахраддиннің ауылына келеді. Алдынан шығып көріскен жеңгелерінің «қызы» көрісіп жүріп етектерін түріп масқара етеді. Оны әйелдер «сағынып қалғансың-ау» деп әуелі елемейді. Үйге кіріп жайласқан кезде, мал сойылып жатқан бір бала Мұса екенін танып қалады. Сөйтіп, Мұса молданың малын сойдырып, келіндерінің етегін түріп, абыройларын төгіп, қашып кетеді.
Бірде Төртқара руының бір батырының атын айтып мақтанған жігітін де қорқытыпты деген әңгіме бар.
Бірде үйдің қасына қонған байғызды атып тастайды, бұны көргендер:
— Байғыз қарғайды ғой, неге аттың? — десе,
— Мен қарғауға үлгермейтін етіп аттым, тез жаны шығып кетті, — депті.
Бұған қарағанда, сөз тапқыш та адам болыпты. Мұсаның атына байланысты осындай ұсақ әңгімелер көп, оны Шалқар ауданының көп жері әңгіме, мысал, мақал ретінде пайдаланады.