Зар заман ақындары
Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына "зар заман" ақындары деген ат қойдық. Бұл ақындардың дәуірі жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ, зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады.
Біз тарихи өлеңдерді қарастырған уақытта, осы жүз жыл қазақ тіршілігіне қандай жаңалық әкеліп, қандай күйге түсіргенін айтқанбыз. Бұрын өз бетімен еркін жүрген елдің тіршілігі осы дәуірде қайғыны да, қазаны да, толып жатқан өзгерісті де көрген. Сол ауыр күндері ел ортасынан екі алуан адамды шығарды дегенбіз. Біреуі – тарихи өлеңдерде саналған ел қаһармандары, екіншісі – ел тілегін айтып, зар, мұңын сөзбен шығарған ойшыл қария, өлеңші ақын, жырау болатын. Қазіргі қарастырғалы отырған зар заман ақындары – сол ел қамын сөзбен жоқтаған жоқшылар. Бұлардың туысы мен бағыт сарыны ел басына келген тарихи дәуірден туғандықтан, барлық ақынды тарихи көлемінде қарастыру керек. Бұларды ұғу үшін соларды туғызған ел мен шартты тарих бетінен ұғыну керек. Бірақ біз сол заманның жалпы тарихтағы нобай суретін тарихи әңгімелердің тұсында айтқандықтан, бұл бөлімде тарихи мағлұматтың дәл өзіне тоқтамаймыз. Оның орнына сол дәуірдегі өлең, жырға тарих суреті қандайлық болып түсті, зар заман деген бағыт неден басталып, немен бітті? Ақындары кім? Бұрынғы өлеңдерден басқалық жаңалығы бар ма? Кейінгі заманға қандай сарқыт қалдырды? Онан соң әдебиетте бұл дәуір қандай орын алады? Мінеки, бұл бөлімде әрбір ақынның өлең, мысалдарын көбірек көрсетіп отырып, анықтамақ болған түйінді мәселелер осылар.
Бұл бөлімдегі өлең, жырды, тарихи мезгілі бір болғандықтан, жоғарыда қаралып өткен тарихи өлеңдермен қатар қарастыру керек еді. Болмаса сол бөлімнің артынан келу керек еді. Бірақ біздің қазіргі тізімімізде бұл екі бөлімнің арасына ертегі мен айтыс өлеңдер кірді. Бұның себебі: зар заман өлеңдерінің өзге барлық өлеңнен ерекше бір айырмасы барлығынан. Біздің білуімізше, зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиет екінші жікке қарай ауысады. Бұдан бұрын қарастырған әдебиет жұрнақтарының барлығын ауызша әдебиет десек, мыналарды жазба әдебиеттің басы деу керек. Не болмаса қазақ топырағында ең алғашқы жазба әдебиетті туғызған анасы осылар деу керек.
Тарихшылардың көбі жазба әдебиет деп жазу кірген соң шыққан әдебиетті айтады, әйтпесе жалғыз ақынның жазып шығарған өлеңін айтады. Елдің әдебиетін ауызша мен жазбаға айыру үшін қолданылатын ең оңай, ең сыртқы белгі осы. Жаңағы зар заман ақындарына осы белгінің жалғыз өзін алып қарасақ, алғашқы ақындар жазып айтпаса да, орта буыннан бастап, соңғыларының барлығы да жазып сөйлейтін болған.
Бірақ ауызша әдебиет пен жазбаны айырудың жалғыз белгісі бұл болмауға керек. Бұл ғана емес. Біз осы кітаптың бас кезінде, екі түрлі әдебиеттің айырмасын айтқанда, жаңағы белгіден басқа тағы бір белгіні көрсеткенбіз. Ол белгі: ел әдебиеті жалпақ елдің сөйлеп, әңгімелеп, өзінше қалыптап жүрген жұрнақтарынан туады. Оның ішінде елдің өз ұғымына, өз пікіріне жат нәрсе болмайды. Не жаңалық, не ескілік болса, барлығы да елдің өзінікі.
Өлең қылушы ақын болса, ол құр ғана жақсы айтушы, әншейін ғана шешен әңгімеші. Өз жанынан елден бөлек ұғым, наным, пікір, ой туғыза алмайды дегенбіз.
Онан соң ескі әдебиет жұрнақтарының барлығында бір бетте бір мақсатқа қарай тартқан бағыт жоқ. Елді үйретіп, түзеп тастаймын, мұңын жоқтаймын деген тілек жоқ. Бұл жұрнақтардың әр қайсысы өздігімен туып, өз бетімен бөлек өмір сүреді. Барлық ескіліктің басын бір жерге қосатын тамыр жоқ.
Бұған қарағанда, жазба әдебиетті туғызатын, ең алдымен, жалғыз ақындар.
Әрине, бұл ақындар да ел тіршілігі мен ел ұғымынан тіпті жат шырқап кетпейді. Бірақ елмен кейде ұғысса, кейде ұғыспайды. Елді кейде мақтаса, кейде сынап, сөгеді. Кейде елмен бірге қуанса, үміт қылса, кей уақытта көптен жалғыз шығып, бөлініп алып, жылайды. Қамығады. Қайғырады. Не қылса да бұл ақын елден гөрі бойы озған, ой, сезім, білім шалымы көптен гөрі ілгерілеп, асып кеткен адам болады. Сондықтан бұлар кейде көптің сыншысы болса, кейде сол көпке ақыл, өсиет айтатын басшысы, ақылшысы да болады.
Осындай ақын шығып, көптің жайылып жүрген бетінен бөлек бір жаңа беттер тауып, қалың елге жаңа өріс, жаңа жайылыс табамыз деген ниеттер туған соң, бұл елдің әдебиетінде ең алғашқы бағыт, мақсат деген нәрселер туады. Жақсылыққа бастасын, теріске, жаңылысқа, жаманға бастасын, қайда тартса да, әйтеуір ел халқының бұрынғы халіне қанағаттанбай, жаңалықты іздеп, "бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын" деген күй бірлік, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастаған соң, жазба әдебиет дәуірі туа бастады деп есептеу керек. Ауызша мен жазба әдебиеттің арасын бөлетін белес, кезең осы.
Зар заман дәуірі қазақ әдебиетінің тарихында жаңағыдай кезең асқан дәуір болғандықтан, қазақтың жазба әдебиеті осылардан бастап әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт санасын құрай бастайды. Бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы шығады.
Сондықтан зар заман ақындарының алғашқы буыны өлең, жырын ауызша айтса да, жаңағы белгілерге қарап, барлық зар заман ақындарынан қалған сөздерді жазба әдебиетке қосамыз.
Енді зар заман кезеңінің ақыны деп кімді айтамыз? Бұл дәуірдің алғашқы ақындары кім болады? Барлығының басын қосатын күй қайсы? Көпшілігі не жайдан сөйлеген? Осы сұрақтардың шешуіне келейік.
Зар заман ақындарының көпшілігі XIX ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысының артынан шығады. Қалың қазақтың ұйтқысын шайқап шыққандай болып, Орта жүзді, Кіші жүзді түгел оятқан Исатай, Кенесары қозғалыстары қайғылы халмен біткен соң, елдің тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үміт болса, белгісіз келешектен күткен аз ғана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердің жолсыз жорығынан соң суалып біткендей болады. Сондықтан XIX ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел жайылады. Өкінішті қазаның артынан қара жамылған елдің жүрегінен қайғыдан басқа еш нәрсе шықпайтын сияқтанады. Сол қазалы күй осы заманның қайғышыл ақындарын туғызып, зар заманшыл уайымшылдардың санын көбейтті. Бұған қарағанда, зар заман ақынының қалың шоғыры өткен ғасырдың орта кезінде шықты деу керек.
Бірақ қазақ тарихында Кенесары дәуірінің ауырлығы жалғыз Кенесарының өз тұсында туған жоқ. Ауыртпалық арғы жерден, Абылай заманынан басталды дегенбіз. Қазақ елі қайда барып, қайда тұратыны туралы, басына келе жатқан ықтиярсыздыққа қарсы не шара қолдану туралы ең алғашқы рет қатты толғанып, ойланғаны Абылай тұсында болатын. Сол Абылай тұсында ілгергі күннің талай жұмбағына шешу айтылған сияқты болып, саяси бет, негізгі пікір сол кезде белгіленіп, қалыптана бастаған. Сол күнде-ақ, мүмкін болса, патша үкіметіне бағынбай, елдің өз іргесін өз бетімен бөлек сақтау түбегейлі ниет сияқты нық байланған болатын. Орысқа қараған күнде ел басына құлдық, зорлық, ауыртпалық келетіні ел басшысының барлығына белгілі болатын.
Сондықтан кейінгі заманда Кенесары, Исатай көтерілістері болса, барлығы да Абылай заманынан суат алады. Солардың тұсында нығайған пікір, қалыптанған бет кейінгі заманда ел батырларының көтерілістерін туғызды дегенбіз. Тарих жүзінде әлеумет тіршілігінде, Кенесары мен Абылай заманының арасында осындай байланыс болса, әдебиетте де Кенесары жорығының артынан шыққан зар заман ақындары мен Абылай дәуірінде болған ақындардың арасында сондайлық үзілмейтін жалғастық бар. Абылайдың ұясынан ұшқан балапаны Кенесары болса, кейінгі замандағы ақындардың ой, бағытын баулыған аналары да сол Абылай заманында тіршілік еткен. Ел тарихынан осы сияқты қадау-қадау белгі тұрғызып алған соң, әдебиет тарихының да көш асуы анығырақ ұғылып, анығырақ көрінетін болар дейміз.
Абылай дәуірінде зар заман ақыны екі алуан болған. Мұның бірі, елге келер күннің жұмбағын шешіп беріп, үлгі-өсиет сөйлейтін, болжап айтқан қария: екіншісі – толғау айтқан жырау. Екеуі де кейінгі заман ақындары сияқты, өлеңшілікті салт қылып, қазақтың ақындық өнерін дағды қылған адамдар емес. Екеуінің де көпке айтқан сөздері өлең күйінде айтылып, тақпақ, толғау болып кетсе, ол қазақтың баяғыдан шешендік үлгісін өлең күйінде бағалап, өлең түрінде жақсы ұғынып, жақсы тыңдайтындығынан туған. Сол себепті ескінің биі, батыры, барымташысы болсын, даугер жауапкері болсын барлығы да қара сөздің арасына тақылдаған тақпақ, желдірген өлең қоспаса сөзі сұйық болып, дәлелсіз болатындай көрген. Абылай тұсында болған жаңағы екі алуан жақсының көп сөзі өлеңге айналып кеткен себебі де сол.
Анығында, өсиетшіл қария, толғаушыл жыраудың негізгі міндеті өлеңшілік емес, елге басшылық істеп, басалқа айту болатын. Бұның екеуі де ең алдымен елдің ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы, қырағысы болатын. Сондықтан әрқайсысы өз елі, өз табының не биі, не батагөйі болады. Екеуі де жалғыз ел ақылшысы емес, елді меңгерген хан мен бектің де ақылшысы, уәзірі есебінде болған. Хан шеше алмаған ауыр түйін, қиын жұмбақ, көмескі келешек болса, барлығына да шешу сөзді солар айтатын.
Тыныштық заманда қиюы қашып, арасы ашылған қарындасты табыстырып, қысылшаң заманда сасқан елге жол табатын, бет нұсқайтын кемеңгер, көрегені болған. Жер таңдау, ел таңдау, көшу, қону да, соғысу, бітімдесу де, барлығында ханның ең алдымен ақыл қосатын кісілері солар болатын. Бұлар хан қасына қалың елдің ішінен қосылған қариялар кеңесі сияқты. Сондықтан хан аузынан шыққан ұшқары сөз болса, жөнге салатын да осылар. Көп елге хан жарлығын орнату керек болса, айтқан сөзі ем болатын дуалы ауыз да осылар. Кей кезде қалың ел ханнан да осылардың аузынан шыққан сөзді толымдырақ көретін. Ел тіршілігінің барлық ауыр істері осылардың қабылдауымен іске асатын. Қауым тіршілігінде бұлардың саяси салмағы сондайлық зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз де олқы болмауға керек. "Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс" болатын жақсылардың сөзі көптің көзінде мінсіз, толық болуы шарт. Көлденең кісі мін таба алмайтындай, қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болуы керек. Сол себепті бұлардың сөзі асыл өлең өлшеуімен шығуы шарт болған. Айтылған сөз: тақпақ толғау сияқты болса ғана ел көзіне мінсіз, асыл болып көрінетін. Ел билеген жақсы туралы заманның сыны мен ұғымы сондайлық болғандықтан, әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен сөз тапқыш өткір деген суырылған шешеннен, судырлаған ақыннан алатын. Осы салтқа Абылай да бағынған. Сондықтан тандап алған ақылшыларының ішінде Бұқардай жырау, Жәнібектей шешендер болады. Бұл адамдар ең алдымен ел меңгеру жолындағы саясат адамдары болғандықтан, көпке айтқан сөздерінің барлығы ел мұңына, ел қамына арналған сөздер болады. Бұлар өз заманындағы қазақтың жоғарғы табынан: билер, басшылар ортасынан шыққан, өздері әкім. Сондықтан ел тізгінін ұстаудың бір шарты көптің қамын жеу болғандықтан, артында қалған сөздерінің барлығы әлеуметшілдік сарынымен айтылады.
Қазақ елінің жазба әдебиеті алғашқы дәуірінде ел өмірінің осы сияқты қайнар бұлағынан, жуан тамырынан шыққандығын ойласақ, бергі заманда шыққан Абай сияқты ақындарды туғызған анайы топырақ, арғы ата-баба кім екенін анық ұғамыз. Осы жайды ұғынсақ қазақтың жазба әдебиеті кешегі өткен Абай емес, одан көп арғы жердегі көп сай мен көп саладан суат алатынын түсінеміз. Біз жоғарыда зар заман сарыны Абылай тұсындағы екі алуан ақыннан басталады дедік. Біреуі ақылшы би, қария, екіншісі толғаушыл жырау. Енді осы жіктің адамдары кім? Соларға келейік.
Әзірше бұл жіктің алғашқысына қосатынымыз: Асан қайғы, екіншісі – Бұқар жырау.
Бұл жерде Асан қайғыдай ертегінің адамы сияқты болып кеткен ескінің аты аталуы кейбіреулерге жат көрінуі мүмкін. Сондықтан Асан қайғы өмір сүрген заман туралы біраз сөз айтып өтейік. Ел аузындағы ескілік пен ел ортасындағы әңгімелерге қарағанда, Асан қайғы тіпті кәрі заманның адамы сияқты көрінетіні рас. Бүгінгінің қазағына Асан қайғы ертегінің Еділ-Жайығынан да, ел әңгімесінің Алдар көсе, Жиренше шешендерінен де жас сияқты көрінбейді.
Бұл күнге шейін біздің қолымызда Асанның қай заманда туып, қандай адам болғаны туралы ешбір анық мағлұмат жоқ. Бірақ қазақ даласын жайлап отырған қазақ руларының қайсысының ішіне барсаң да, Асанның аты мәлім, әйгілі болып шығады.
Себебі сол рулар отырған қоныс-қоныстың барлығы туралы Асан болжал, тұспал айтып кеткен. Болжалының барлығы қалың қазақтың қамын жеген ұлы қариямыздың дуалы аузынан шыққан жалынды сөз сияқты. Сол болжалдың өзіне қарап ел Асанды кәрі күннің сәуегейі, әулиесі сияқты көреді. Бұл күнде өз өміріне Асан қайғының тұспал сөздері келіп тұрған сияқтанады. Асанның сондағы айтқан сөздері келген сайын ел оны, тіпті кәрі заманды болжап, біліп қойған кісі қылып, атағы мен білімін зорайтып, ғайыпты болжаған қырағылығын күшейту үшін өз қолымен әдейі алыс заманға апарып қойғысы келеді. Сондықтан Әз-Жәнібектей алыс заманның ханымен тұстас қылады.
Оның үстіне ел әңгімесі Асанды желмаяға мінгізген соң, бұрынғыдан да алысқа шегініп, бір жолата ертегі заманның адамы қылып әкеткен. Себебі қазақ елінің көпшілігі "Желмая" – түйенің бір түрі екенін, осы күнге шейін Орал, Бөкей қазағының қол малы екенін білмейді. Орта жүз қазағының түсінуінше, желмаяны ертегінің жалмауыздары ғана мінеді. Сондықтан сол жалмауыздар сияқты жат бір нәрсе болып көрінеді. Осындай себептердің салдарынан Асан қайғы кейде болған адам сияқты емес, ертегі әуезе тәрізді, көмескі пішінді жан болып та көрінеді. Бірақ Асан қайғы жайындағы аз ғана мағлұматтар мен Асан айтты деген сөздерді қазақ тарихымен салыстырып көрсек, бұл адам ең алдымен Әз-Жәнібек ханның тұстасы болуға қисынбайды: тарихта Әз-Жәнібек Қобыландының тұстасы. Бұл ноғайлы қазақ бірлігінің заманында хандық құрған адам. Ол кезде қазақ елінің алдында орысқа қарау деген мәселе туған да емес. Ешбір жанның басына ондайлық суық ой келген де емес.
Онан соң бұл күнде Асан жайынан не білсек те, сол Асанның өз аузынан шыққан сөзден білеміз. Өз аузынан шыққан сөзге қарасақ, Асан Абылайдың тұстасы болмаса да, сол Абылай алдында аз-ақ бұрын өмір сүрген адамға ұқсайды. Өйткені Асанның қатты қиналып айтқан сөзі заман жайы туралы, қиналған заман қазақтың орысқа бағынуға жақындап қалған мезгілі. Сол кезде алдында төніп келе жатқан қарғыс күнді ойлап:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар.
Ол күнде қарындастан қайырым кетер,
Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлы, қызың орысқа бодан болып,
Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер, –
деген Асан қайғыдан қалған екінші бір сөз – жоғарыда айтқан Әз-Жәнібек ханға айтыпты деген сөз. Жәнібек хан Ертістің басынан қорған салдырыпты, қарадан қатын алыпты, құладынға қу ілдіріпті. Осы үшін жұмысына той қылғанда Асан келмейді. "Қуанышыма неге келмедің?" деп сұрағанда, Асан заман жайына қайғырып бірталай болжал айтқан. Сол сөзінің ішінде:
"Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан4.
Ел ұстайтын ұл таппас
Айырылар ата мұрадан.
Мұны неге білмейсің,
Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүні түледі,
Аққу құстың төресі,
Ен жайлап көлді жүреді.
Андып жүрген көп дұшпан,
Елге жау боп келеді,
Құладын қуды өлтірсе,
Өз басыңа келеді.
Құлың кеп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі.
Мұны неге білмейсің?
Арасынан қытай, орыстың
Қорған сап, тыныш жатырсың.
Өзің, Жәнібек, елден асқан батырсың.
Ертісті өрлеп орыс жүр,
Тіл алсаң іздеп қоныс көр.
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір,
Мұны неге білмейсің?
Бұл арадан көшпесең,
Айтқаныма түспесең,
Орыс алар қалаңды,
Шулатар қатын, баланды.
Осыны көрдім түсімде,
Біл десе де білмейсің:
Қош, аман тұр, Жәнібек,
Енді мені көрмейсің, –
деп желмаяға мініп, жүріп кеткен екен дейді.
Осы өлеңдердегі: орыс, қытайдың арасында отырған қазақ, Ертісті өрлеп жүрген орыс, бодан болғалы отырған ел, жат жұртқа құл болмас үшін ауа көшуді ем көрген басшылар, барлығы да Абылай дәуірінің суреті емес пе? Абылай дәл өз заманы, болмаса соның алдындағы 30-40 жылдай бұрын да болған хандардың анық белгісі емес пе? Сондықтан Асан өмір сүрген заманды Абылай дәуірінің айналасынан іздеу керек деп білеміз. Асанның мезгілі турасындағы сөзді осымен доғарып, енді жаңағы өлеңдердегі негізгі пікір мен сарынға келсек: Асанның аузынан шыққан сөз Абылай заманындағы барлық кемеңгер қария мен кемел бидің жүрегінде жатқан дерті, аузынан шыққан жалыны болатын. "Қилы-қилы заман болып, қарағай басын шортан шалғанда", "ұлы, қызы орысқа бодан болғанда, қайран ел есіл жүріп не болады", "не болады" деген ауыр сұрақ, ащы жұмбақ сол заманның барлық жақсысына тағдыр түйініндей кеселді түйін болған. Қалың қазақтың ішінен: "Не болады?" деген сұрақты ең алдымен өзіне қойған Асан. Содан кейінгі заманда шыққан жақсының барлығы да сол сұрақты мың қайтарып айтқан, бірақ ешбірі жауап бере алмай, шешу айта алмаған.
Әуел басы Асаннан басталып, барлық зар заман ақын ұлдары осы сұрақтың алдында не дерін білмей, қайғылы қара жамылып тұрып, амалы құрығандықтан күрсініп жылап, күңіреніп өткен. Бүгінгі күні – қайғы күні толып жатқан жара сияқты, ауыр дерт, ащы азап күні. Бірақ алда не болады? Қай жарға апарып соғады? Шығар жол, көрер сәуле бар ма? Оны ешкім білмейді. Сол жолды білмегендіктен ел қамын ойлаған ойшылдың барлығы да тығырыққа қамалған сияқты. Шығар есік табылмаған соң, зар менен шер жеңеді. Сол сұрақ, сол жұмбақ, жүз жылға шейін шешілмеген. Сондықтан жүз аса жыл бойында қазақтың есі кірген әдебиеті ылғи бір-ақ сарын, бір-ақ бағытпен өтеді. Ол бағыты – зар заман.
Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шаншулы мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың елдің қамын ойлап, күңіренген қария Асан. Алғашқы рет келешек заманның құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп, болжал айтқан Асан қайғы. Сол заманның өзінде басқа жерге ауайық десе де, өлең сөзді қауымның қызметіне жаратуға кіріскен тағы да сол. Кейінгіге ел қамын жоқтаған мұң, зар сарынын тастап кеткен де сол. Зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым Асан бастаған сарын. Сондықтан зар заман ақындарының алғашқы белгісі Асан қайғыдан басталады дейміз.
Абылай дәуірінде болжалшыл қарт, ақылшы биден шыққан бір алуан ақын – Асан қайғы болса, екінші – толғаушы жыршыдан шыққан – Бұқар жырау. Бұның заманындағы осы алуандас өлеңшіні ақын демей, жырау деген. Осы аттың өзі де жыраулар әншейін өлеңшіден бөлек, ой иірген ойшыл өлеңші екенін білдіргендей болады.
Жырау – құр ғана тақылдақ өлең айтпайды: бұл заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып, анықтап бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қылып айтады. Ұғарлық кісі сол жұмбақтан ұғыну керек. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі-күйі туралы, не көпке арналған ақыл, өсиет есебінде айтылады.
Осы сөздің барлығына әлшгіндей суреттілік, жұмбақтылық шарт болғандықтан, жыраудың салыстырған суреттері кейде біріне бірі қайшы келетін, арасы алыс жайлардан алынған сияқтанады.
Беті шалғай терістен, қиын қиядан, бұлт құшқан биіктен, шыңыраудың түбінен шыққандай "қиырдан жиылған" суреттер болады. Сондықтан толғауының ішінде "Құлан жортпас қу тақыр, қулықтан туған құлаша" бір мағынаны ұғындыру үшін қатар келсе, жоғарыда айтқан нобай белгі деп есептеу керек. Сыртқы аламыштығына қарап жатсынбай, ішкі жұмбақ мағынадағы түбірі бірлігін ойлап, соны ұғыну керек.
Жырау айтқан толғаулардың өзге сөздерден ерекшелігі болғандықтан, ең алдымен сыртқы түріне тоқтап өттік. Енді зар заман ақындарына Бұқар жырауды қосатын сарын қайсы, қандай белгімен, қай алуандас ақын болып зар заманшылдардың ішіне қосылады, сол жағына келейік.
Бұқар жырау Абылайдың жанындағы уәзірі, заман күйін сынға салып, қорытынды айтып, бет нұсқайтын кемел ақылшысы. Абылайдай ханмен бірге қалың елге де өсиет айтады. Айтатын сөзінің барлығы сол күнде қазақ елінің басына келіп тұрған саяси хал, тарихи дәуірге арналады. Ел билеген ұлықтың ішінен шыққан ақын болғандықтан, ақылының көбі елді бастап, билеп жүрген басшыларға, артынан ерген елге арналады. Қарашыны қалай билеп, қалай бастау керек екендігі туралы сөйлейді. Жыраудың міндеті осы жайлардың барлығын көпке тарайтын, көпке естілетін құрыш сөзбен айту. Сондықтан ең алдымен өлеңмен айтады. Екінші, өз алдында болған ойшыл жақсылар қазақ қамынан не сөз айтқан, нені тілеп, нені арман қылған, соның бәрін білу керек. Кейінгі көпке солар айтқан сөздің шешуін айту керек. Сондықтан Бұқардың ірі толғауы жоғарыңа Асан қайғы айтқан көмескі жұмбақты шешуге арналады. Асан қайғы қойған сұрақтың мағынасы қайсы? Дерті немене? Соны ұғындырады, бұл сөзбен Асанның қайғысын, жалғыз Абылайға емес, қалың елге де ашып береді.
Бұқардың заманы – ел басына ауыртпалық туған заман. Саяси хал, қазақ елінің басына құлдық ноқтасын кигізгелі қабағын түйіп, ауырлап келе жатқан. Сондықтан Бұқардың толғауында екі түрлі күй, сарын бар. Біреуі, жоғарыда айтқан шарт, әлеумет қамын сөйлеу, екінші, сол жайды сөйлегенде мұң зармен, арманмен сөйлеу, қайғылы пішін, қаралы көңілмен күңіреніп сөйлеу. Бұл сарын көрер көзге бола қолдан жасап алған сарыны емес. Сол заманның дерті улатқан ақынның жүрегінен қайнап шыққан шын жалын, шын қайғы. Сөйлесе жүрегінен қайғы ғана шығатын болғандықтан, Асанның сөзін айтпастан бұрын, "Осы қайғыны көпке жайғанша, айтпасам қайтеді" деп жыраудың өзі де қиналады. Сондықтан Абылай Асан сөзінің шешуін айт деп сұрағанда:
Ханға жауап бермесем,
Ханның көңілі қайтады.
Қайтара жауап сөйлесем,
Халқым не деп айтады.
Хан Абылай, Абылай,
Мұндай жаман хабарды
Сұрамасаң не етеді... –
деп тілек етеді. Бірақ бұл сөзді көпке ұғындыру - жыраудың міндеті. Жырау жасырғанмен, заман өз пішінін жасырып тұрған жоқ. Асан айтқан ауыр күн тақап келіп қалды, енді ел жыласа да, күңіренсе де, қандай заманға келгенін ақылшы, ойшылдарының аузынан естуі керек. Сондықтан жырау:
Енді айтайын тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң.
Қарағай судан қашып,
Шөлге шыққан бір дарақ.
Шортан шөлге шыдамсыз,
Балықтағы бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп.
Құбыладан келер бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір
Жаяулап келер жұртыңа.
Қара шекпен кигізіп,
Балдымай жағар мұртыңа.
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Есеп алар пұлынан,
Солдат алар ұлыңнан,
Күндердің күні, Абылай,
Есе тимес өзіңе,
Есіктегі құлыңнан... –
дейді.
Осы сөзбен Бұқар жырау өз заманының қайғы-шерін Асан заманының қайғысымен жалғастырады. Кейінгі зар заман ақындарына осы сарынды ұсынып, осы бағытпен қол созады. Бұқар жыраудан қалған толғау сөз көп, солардың ішінде Абылай заманындағы жыраудың бағыты мен сарынын анық көрсететін осы толғауы. Осымен күйі бір келетін тағы бір толғауы:
Бірінші тілек тілеңіз:
Шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың,
Өзіңнен басқа бір жанға
Тегіннен олжа болмасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан да сасып тұрмасқа.
Төртінші тілек тілеңіз:
Омыртқасы үзіліп,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа ... –
дейді.
Бұл толғауды туғызған да жаңағы сарын.
Келешек қандай күйлер әкеледі? Не сыбаға тартады? Зәлімнің тіліне еріп, ел аза ма? Алпыс басты ақ орда жатқа жем бола ма? Жер қайысқан қол келіп, ел саса ма? Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен аналар аңырап қала ма? Барлығы да келе жатқан кер заманда болуға мүмкін. Соны сезгендіктен ақын зарлайды. Соның ызғары өткендіктен жыраудың жүрегін қаралы қайғы басады. Бұл толғауы сол замандағы саяси халдің бетін ашып айтқан анық белгі. "Қарағай басын шалғалы жүрген шортанның" кім екенін түсіндіргені.
Жыраудың бұлардан соңғы кейбір толғауы саяси халдің дәл өзіне арналмаса да терең ой, терең өсиетпен: заман азып, заң тозып, тіршілікті уақыт өзгерісі билейтіні туралы тұспал айтады. Бұның мысалы: "Айналасын жер тұтқан" деген толғауында "Тіршілік бір қалпында тұрмайды. Өмірді уақыт билейді". Сондықтан:
Айналасын жер жұтқан
Айды батпас демеңіз,
Айнала ішсе азайып,
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр
Көлшік болмас демеңіз.
Құрсағы жуан биелер
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар, тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай,
Кемтік болар, бөлген соң...-
дейді. Мұның бәрі елге кемеңгер жыраудың толғанып айтқан ақыл өсиеті. Өмір даналығы. Өлең сөздің міндеті елдің ақыл-ойын тәрбиелеу, білім үйретіп, басшылық ету, ой түсіріп, көзін ашу, көңілін ояту. Сондықтан өмір ақиқатын теңіздей тереңнен толқытып әкеледі.
Бұл айтылған толғауларда Бұқар жырау заман сыншысы, бірақ жоғарыда айтқан бір сөзде жыраулар жалғыз ғана ел ақылшысы, ел сыншысы емес, ханға да ақыл айтып, ханды да сынайды, кемшілігін мінейді дегенбіз. Хан байлаған істің барлығына ел үндемей көне бермейді. Елдің ырза, наразылығын хан қасындағы жырау мен ақылшы би сөйлейді. Ханның байлауы солармен ұғысқан уақытта ғана байлау болады. Сондықтан ел басына келген соғыс, бітім сияқты мәселелер болса, барлығында байлау сөзді ел уәкілдері, жыраулар, билер айтады дегенбіз.
Бұқардың бір толғауы ескі күннің осы жайын анық білдіреді. Бұл толғау Абылай көптің қарсылығымен есептеспей, орыспен соғысам деген уақытта айтылған. Бұқар көп жағында, соғысқа қарсы. Сондықтан Абылайға:
"Ей, Абылай, Абылай,
Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің.
Әбіл-Мәмбет хандарға,
Қызметші болып тұр едің.
Сен қай жерде жүріп жетілдің.
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің.
Жиырма жасқа жеткен соң,
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа,
Бақ үйіңе түнедің,
Ақ сұңқар құстай түледің,
Алыстан тоят тіледің,
Қылышыңды тасқа біледің,
Он сан алаш баласын,
Жусатып қойдай өргізіп,
Жұмсап тұрсың қолыңнан.
Ашуланба, Абылай.
Көтерермін, көнермін,
Көтеріп қазына салармын.
Өтіңменен жарылма,
Өкпеңменен қабынба.
Орыспенен соғысып,
Басына моншақ көтерген,
Жұртыңа жаулық сағынба.
Күнде мендей сөйлейтін
Тоқсан үште қария
Енді саған табылмас, –
дейді.
Бұл өлеңдерге қарағанда, жырау құр ғана өлеңші, құр ғана ақылшы емес, керекті кезінде ханның да, қараның да қатты сыншысы, қатал тезі болатынын білдіреді. Ақылшы өсиетшіден шығып, кей кезде саяси салмағы бар, зор қуат иесі болатынын сездіреді. Сондайлық салмағы болып, айтқан сөзі кімге де болса ем болатындықтан, жырау кей уақытта бөлініп-жарылған елдің бітімші биі де болып кететін.
Қиюы қашып, жігі ашылған ерлерге жамаушының сөзі ем болмаған уақытта, кесікті билік пен нық байлауды айтып, көпті тоқтататын жырау болған. Бұның мысалы: Бұқардың Керейге айтқан сөзі, Керей өкпе ұстанып ел ұйқысын бұзып, ханға бағынғысы келмей, араздықпен ауа көшпекші болады. Сонда жырау өзінің қуатын білдіріп, ызғарланып, жуан сөйлейді:
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп.
Сен қашсаң да, мен қойман
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Мен арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен – бұзау тірісі шөншіксің,
Мен – өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа...
Жар басына қонарсың.
Жарты лашық тігерсің,
Ауызыңнан ас кетер,
Қара көзден жас кетер,
Бұл қылығың қоймасаң,
Сонау кеудедегі
Дулығадай бас кетер, –
дейді.
Бұл кезде жырау жуан даугер, жуан би. Ол қалың арғынның көптігіне сүйенген. Сол көпті соңына ерткен, салмағы ауыр тоқпағы. Бұқардың ханға жуан сөйлейтіні де сол.
Тарих сынымен қарағанда, Асан қайғы мен Бұқар жырау, қазақ қауымының жоғарғы табынан шыққан хан мен билер ортасынан туған ақындар. Өздері де ел меңгеріп жүрген басшы, ұлық. Бұларды туғызған қазақ тарихының хан билеп, би билеген дәуірі. Сондықтан дүниеге көзқарасы, ұғымы, ел тіршілігіне берген бағасы, барлығы да хан мен би заманының ой негізін, салт-санасын білдіреді. Асан қайғы Жәнібектей ханның қарадан қатын алғанын теріс көріп, келешек заманында құл билейді деп қорықса, "ханнан күш, қарағайдан шайыр кетеді!" десе, Бұқар жырау: "Күндердің күні Абылай, есе тимес өзіңе есіктегі құлыңнан" деп, "қараша торғай қаз болмас" десе, барлығы да ескі үлгіні сүйіп, өз заманының ұйытқысы бұзылмағанын тілегендіктен туады.
Бірақ Абылай заманындағы ақындарды сынағанында, жалғыз осы белгімен сынауға болмайды. Бұлар қазақтың өз тұрмысына, өз ісіне келгенде, ескі үлгіні сүйсе де, сонымен бірге ең терең, ең күшті сөздерін қалың қазақтың қамына арнаған. Қазақ елі өз бетімен еркін өмір сүруі мүмкін болса, Асан мен Бұқар сондай заманда өмір сүрсе, онда бұлардан байшыл ақынның толық үлгісі шығуға болар еді. Бірақ ол беттегі ел адамының өрісі аз болып, ең ауыр хал – орысқа бағынып, жаттан таяқ жеу болған соң, ақындардың да күйі мен сарыны қалың елдің мұң-зары мен тіршілік қамына айналып кеткен. Сол себепті Абылай заманындағы ақындардың желісі кейінгі заман ақындарымен қосылып кетеді.
Асан мен жыраудың өлеңдерін түр жағынан қарасақ, ылғи құба жондатқан жұмбақ пен жарыстырған ой, қатарластырған көп үлкен суретпен келеді. Барлық сөзі терең ой мен ақыл, өсиетке айналады. Кейінгі ақындарға тастаған үлгісінің бірі де осы. Болжалшыл қария, толғаушыл жыраудың сөздерін осы белгімен сынасақ, бұлар біздің әдетте өз бетімен туған салтанатты әдебиет белгісін көрсетеді. Қазақ топырағының өзінен, қазақтың тарихи дәуірінен туған үлгісі әдебиет дәуірі сияқты болады.
Абылай заманында болған зар заман ақындарының жайын шамалап білдік, енді бұлардың арты не болғанын айтайық. Ел тарихында Абылай заманынан соңғы үлкен толқын Исатай, Кенесары мезгілінде болған тарихи өлеңдерді қарастырған уақыттарда айтқамыз. Абылай заманында негізделген саяси бағыт Сырым, Исатай, Кенесары тұсында іс жүзіне шығып, қалың ел өмірінің астын үстіне келтіреді. Сол заманның пікір жолындағы басшысы, табалдырығы Абылай заманы болатұғын. Соңғы заман адамы ой суатын, саяси бағытын артқы дәуірден алды. Сондықтан бір заманда толғау айтқан қария кейінгінің ақыны мен ақылшысы басшысына қадірлі аруақ, қасиетті ұран сияқты болды. Ел билеген би болса, батагөй ақсақал, қария болса, заман халін Асан қайғыша қайғырып, Асанша жоқтап, күңіренетін болды. Өмір қажытып, қайғы жеңген басшысының барлығы Асанды үлгі қылып: "Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар" дейтін болды.
Осы күй Асан қайғы мен Бұқар жыраудан кейінгінің ақынында да күшті. Сондықтан жоғарыда айтылған жүз жылдық дәуірдің ақыны түгелімен осы күй, осы сарынды үлгі қылып, Абай заманына шейін жетті. Кейде сол сарынның арты Абаймен тұстас болған ақындардан да жоғалмағаны бар.
Енді осы дәуірдегі зар заман ағымына кіретін кім? Бізше бұл ағымға XIX ғасырда болған ақындардың бәрі кіреді. Бұл ғасырда қазақ ақындары екі алуан болған. Біреуі: есі кірген ойлы ақындар, нағыз зар заманның өз ақындары, екіншісі: елдің қызық-сауығын салт қылған айтыс ақындары. Жоғарғы айтқан ағымға айтыс ақындарының кіретін себебі: бұлардың барлығы бірдей ылғи айтыспен өткен емес. Көпшілігі айтыспен айт пен тойды қызықтап жүріп, сонымен бірге анда-санда ел басына келген ауыр күндерді де өлең қылатын. Орыс зорлығымен жерден ауған ел, елден қуылған ер болса, соның барлығына айтыс ақындары да жылаған, жоқтау өлеңдерін айта білген. Сондықтан зар заманға бұлар айтыстарымен кірмесе де, жаңағыдай есті өлеңдерімен кіруге тиісті.
Енді зар заманның өз күйін толық суреттеп көрсетіп, анық үлгі болатын ақындарға келсек, бұлардың саны көп болуға керек. Бірақ бұл күнде барлығының сөздері жиналмаған: жиналғаны болса, баспаға шықпаған. Сондықтан қазірде зар заманның бар ақынын түгел санап шығу мүмкін емес. Сол себепті көпке мәлім болып, жарияланған ақындардың бірнешеуін мысалға алып, солардың бағыты мен сарынына қарап жалпы зар заман ақындарының заманы мен қалпын ұғынып көрейік.
Бұқар жыраудан соң XIX ғасырдағы зар заман ақындарының басы - Махамбет. Одан кейінгілері: Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буыны Абаймен тұстас ақындар.
Әзірше бұлардың мысалына алатынымыз Нармамбет, айтыс ақындарынан кейбір өлеңдерімен осы жікке кіретін Шернияз, Досқожа, Күдері қожа сияқтылар. Онан соң зар заманның күй сарынымен әңгімелі өлең айтқан ақындар жоғарыда тарихи өлеңнің ішінде айтылған Нысамбай, Ығылман сияқтылар.
Енді жаңағы саналған ақындарды жеке-жеке қарастырып көрейік. Абылай тұсынан кейін зар заман ақындарының санын көбейтіп, сарынын күшейткен Кенесары, Исатайлар дәуірі дедік. Сондықтан бұл дәуірдің ақындарын жаңағы адамдардың оқиғаларына жақын тұрған Махамбеттен бастаймыз.
Махамбет жалғыз ғана ақын емес. Бір жағынан ақын болса, екінші жағынан Исатай оқиғасының қан майданында ірі қайрат көрсеткен атақты батыр. Әрі сөзімен, әрі ісімен әлеумет қызметкері болып, сол жолға бойындағы бар қуатын сарп еткен адам Махамбет. Бұқар жырау мен Асан қайғының жаңа замандағы жаңа үлгісі, тұтынған жолы мен көздеген мақсатта солардың ешбір айырмасы жоқ. Алдыңғылары өз заманына ақыл өсиетпен басшылық етіп, әкімшілік орында отырып, қызмет етсе, мынау алдыңғылар салған жолмен, солар нұсқаған бетке қол қайратымен жетпек болған. Исатай, Кенесарылар қазақ елінің ақырғы рет патша үкіметіне қарсы тұяқ серіпкен қимылын көрсетсе, Махамбет осылардың жолын түгелімен қабылдап, өзіне иман қылған адам. Жырау өсиет пен билік соңындағы адам болса, Махамбет солардың үлгісімен жаңа заманда, тар заманда шыққандықтан, үгіт пен істің соңына түскен адам. Сондықтан қалың елді артынан ертіп жүріп, үкіметке қара қайратпен қарсылық етеді. Көтеріліс жасайды. Соғысады. Сөз сөйлесе жалпы қазақтың қанын қыздырып, желіктіріп, осы жолға ертпекші болады. Өлеңіне қарасақ, өздері істеген істің алғашқы кезіндегі Махамбет осы пішінмен айқын көрінеді.
Бұның заманы Абылай заманынан да бұзылып кеткен. Бұл күнде бұрынғыша толғау айтып, алыстан қозғап, ой түсіремін деп отыруға болмайды, енді іс қана қалған. Жүрек тоқтатып, бекініп қолға найза алып аттану ғана қалды. Не өлу, не тірілу керек. Тыныс бітіп, тығырыққа қамалған жердегі жалғыз асу осы. Сондықтан қызулы үгіт сөзбен қалың қазақтың қайраты бар ерлеріне ұран салады. Көтеріліс жалауын сермеп, "Алақаны мұздамаған" ұл болса, соларға арнап:
"Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Егіндікті жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып, жат болмай,
Ашаршылық, шел көрмей,
Арып-ашып, ел көрмей,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай
Қу толағай бастанбай
Ерлердің ісі бітер ме...", –
дейді.
Бұл өлеңнің тұсында Махамбетте үміт бар. Алдынан күткен тілегіне жетем деген екпін, жалын бар. Бірақ бұл күйі ұзаққа барған жоқ. Істің басы осындай иманмен басталса да, тез уақытта бастарына қаза келеді. Ақынның екпініне қарсы қара дауыл шықты. Атқан оғы тасқа тиді. Қол бастаған ер болсын, артынан ерген ел болсын барлығының да тауы шағылды. От сөнуге айналды.
Исатай істеген іс – қазақ еліне жасалған сын еді. Тарихтың тар кезең, тайғақ кешуі еді. Осыған қарсы тұруға қайрат табылып, шыдам жетер деп еді. Соның бәрі табылмаған сияқты болды. Сондықтан елдің әлсіздігіне көзі жеткен ақын:
"Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға,
Қас үлектен туған қатепті,
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-бірін деп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек,
Біздің бұл іске", –
дейді.
Ақын ердің қазақ ішінен керек қылған қайраты сыртына шығып көзге көрінбеді. Жасыған ел алдынан соққан дауылға қарсы тұруға шыдамай, бет бұрып ықтап кетті. Сондықтан:
"Бұрынғыдай қарыштап
Қоналмадық қонысқа,
Келе алмадық келіске,
Жағалай қонып қонысқа,
Тағы жақын келдік орысқа..."
Бұрынғы тілек, үмітпен салыстырғанда, бұл өмір емес; жұбанатын сәуле жоқ. Қарғыс күн:
"Ат басына соқтырып,
Ата-енені сөктіріп,
Нәлет болсын, жігіттер,
Біздің бұл жүрген жүріске.
Тағыдай тандап су ішкен,
Тарпандай тізесін бүгіп от жеген,
Тағы сынды мырза едің,
Тағы да келдің тар жерге...
Таңдансаң тағы болар ма,
Тәңірінің салған бұл іске", –
дейді.
Қарсы көңіл жығылып, жалын жүрек суынған соң, жаңа заманға ықтиярсыз бағыну ғана қалды. Бірақ бұл бағынуда көнгеннің белгісі жоқ. Тастай қатқан қаттылық пен қарсылық әлде болса іште жатыр, сондықтан еңдігі қалған күнді тіршілік деп есептемейді. Нәлет оқиды. Ақын көңілінен жаңағы өлеңмен шыққан осы күй, қарсылық ақын көңілінен еш уақытта кеткен жоқ. Исатай толқыны өтті. Ел жығылып, жеңілді, жаңа заманға зорлықпен болса да бас иді. Жаңа өмірге ырза болған қанағатшылдар да шықты. Жаңалықтан рақат алатын "жақсылар" туды. Заман өзгермеген сияқты болып, бұрынғыша жұбаныш, қызық тапқандар болды. Бірақ ақын көңілі бұның біріне де қанағаттанған жоқ. Өзгеге жақсы көрінген өмір бұған тозақ есебінде көрінді. Тұтқын орын деп санады. Бүгінгі ырзалық – құлдың ырзалығы. Қорашыл төбет болғанына мәз болған жігерсіз, отсыздың ырзалығы. Шынында, бүгінгі күн қаралы күн емес пе? Қаралы болатын себебі:
Желкілдеген ала ту
Жиырылып ойға түскен күн.
Жез қарғылы құба арлан
Жез қарғыдан айрылып,
Қорашыл төбет болған күн.
Аса шапқан құлаша ат
Зымырандай болған күн.
Арқауылдың бойынан
Теріскей дауыл соққан күн.
Сағағы болат қылыштың
Балдағынан сынған күн.
Жас бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұспанның
Қуанып, көңілі тынған күн.
Заман осы болған соң, ақылды қанаттандыратын жұбаныш жоқ. Сондықтан бұның аузынан шыққан сөздің барлығында жаңағы зар заман күйі арылмастай қайғылы сарын болып, білініп отырады.
Зар заман ақындарының Махамбеттен соңғысы өлеңді жазып айта бастайды. Бұлардың алдындағы тарихи дәуір Исатай, Кенесарының жолсыз жорығымен байланысқан, жүдеулік қайғы күндері болатын. Ол уақыттағы елдің өміріне қандай жаңалық, өзгерістер, ауырлықтар кіріскенін бұрынғы ақындардың тұсында айтқамыз.
Енді сол тарихи оқиға мен патша саясатынан басқа тағы қосымша жаңалықтар болды ма? Болса, не жаңалық? Сол жаңалықтың әдебиетке қандай әсері болды? Зар заман ақындарының бұрыннан келе жатқан күй сарынын өзгертпесе де, бояуын жаңғыртып жаңа иіс кіргізгені бар ма? Сол жайдан біраз сөз айтып өтейік.
Бұқар жырау заманынан келе жатқан бұрынғы әлеуметшілдік, ойшылдық сарынына Махамбет заманында ісшілдік қосылса, кейінгі ақындардың тұсында жаңа әсер сияқты болып дін мен мәдениет иісі кіре бастайды.
Зар заманның орта буынынан бері қарай дін сарыны біздің әдебиетте жылдан жыл өткен сайын үлкенірек орын алады. Басы Шортанбайдан басталған діншілдік, XIX ғасырдың аяғына келгенде толып жатқан дін қиссаларына келіп соғады. Бірақ, бұл жазылып отырған әдебиет тарихында біздің мақсат қылған нәрсеміз ең әуелі қазақтың нағыз өз әдебиетін аршып алу болғандықтан, дін ағымымен туып, жат жұрттың үлгісі сияқты болып көшіп келген әдебиетін әзірше қозғамақшы емеспіз. Себебі қазақ әдебиетіне кірген дін қиссалары мен халық романдарын алсақ, барлығы да өзге елдерде туып, бізге көшірме сияқты болып келген.
Сондықтан қазақтың бір қиссасын қарастырудан бұрын, сол қиссаларды өзге елдердің әдебиетінен теріп, тексеру керек болар еді. Қазіргі міндет ол емес. Сондықтан біздің әдебиеттегі дін ағымын кең ауданымен қарастырмаймыз. Оның орнына жоғарыдан қарастырып келе жатқан зар заман ақындарында діншілдік әсері білінді ме, қаншалық дәрежеде білінді, соны ғана әрқайсысының өлеңінен қарастырып өтеміз.
Зар заманның орта буынындағы бір жаңалық – діншілдік сарыны делік. Екінші – жоғарыда айтқан мәдениет исі. Бірақ бұл дәуірде соңғы жаңалық оншалық айқын болып, толық күйінде білінбейді. Білінсе жалғыз Алтынсариннің ғана сөздерінде білінеді. Сондықтан мұны бір үлкен жаңалық демей, исі деп қана атадық.
Бұл айтылған жаңалықтардан басқа зар заман күйінде болған тағы бір өзгеріс: Махамбеттен соңғы ақындар, бұрынғы Бұқар жырау заманында биікте тұрған өлең сөзді ойға келіп, түсірді. Бұлардың тұсында өлең ел өмірінің ұсақ салаларына тарауға айналды. Бұрынғы ақын қазақ өмірінің ұлы құрсауын, үлкен ауданын сөз қылса, бұлардың сөздері, күндегі өмірдің ұсақтаған жамаушысы сияқты болып, жеке-жеке дертке арналатын болды.
Жырау жырлағанда ел басына келе жатқан жаңа заманның ұлы денесін, нобай суретін сөз қылатын, содан қорқып, толғанатын. Олар қазақ жайлаған сахараның бір шетінен шыққан шоқтай қара бұлтты көріп, соның белгісінен шошып, содан келетін бәле қандай екенін болжап, тұспал қылып айтатын.
Соңғы ақындардың заманында сол бұлт бір есептен қазақ даласының үстінен соғып өтті. Сондықтан бұл күннің ақындары баяғыдай шыққан бұлтты сөз қылмай, содан түскен бұршақты, үй жыққан дауылды, мал ықтырған соққынды сөз қылды. Дала жайлаған елдің өмірінде бұлттан түскен қаза менен дерт қандай болды, соларды айтып, күңіренетін болды.
Сол қаза мен дерттер қайсы? Дерт көп. Біреуі, елді орыс ұлығы билегенін арман қылады. Ел мінезінің бұзылып бірлік, берекеден айырылғанын айтады. Байлық кетіп, кедей болғанына қайғырады. Екіншісі, ел жайлауын орыс алып, жер тарылғанын, зорлық көргенін айтады. Бұрынғы кең қоныс, кең өрісін жоқтайды. Үшіншісі, дін жоғалып, қарындастық қадір тозып, ру тіршілігінің шырқы бұзылғанын сөйлейді. Кейбіреулер өзгеріп тұрған заманның ауыртпалығын айтып келіп, өткен күнге жоқтау айтады. Осының бәрін санаумен бірге тығырыққа қамалып, сенделген елдің қайғылы хандары кей-кейде ем айтқысы да келеді. Бірақ мұның ешқайсысы да алдыңғы заман неге соғатынын білмейді. Өткен күннен қалған ұлы жұмбақты шеше алмайды. Сондықтан әрқайсысының демі де әртүрлі. Кейбірінікі дін, кейінікі таза адамшылдық, тағы бірінікі шала күйде айтатын оқу өнер. Бұлардың сөз қылған жайлары басқа-басқа сияқты болып, атаған емдері де әртүрлі болғанмен, барлығының басын қосатын ортақ жері бар. Ол ортақ жері: заман халінің қайсысынан туатын өкініш, зар өткендей ойлап, күрсініп, сағынып, қазірден қажып, торығу, алдыңғыдан шошынып, қорқу, сондықтан ыңыранып, зарланып, зарығу. Жылауына зорлау.
Зар заманның пісіп жеткен кезіндегі толық шыны осы. Енді осы халдерді жеке ақындардың сөз мысалдарынан тексеріп қарайық.
Соңғы заман өлеңдеріне зар заман деген ат қойдық. Бұл аттың иесі Шортанбай. Бұл ақын "Зар заман" деген өлеңінде өзі көріп тұрған қазақ өмірінің барлық суретін айтады. Сол суреттер бойынша Шортанбай өмір сүрген заманның хал-жайы қалай пішінделеді, соны көрейік.
Шортанбай әуелі бұрыннан көп сөйленіп келе жатқан "Заманға" қай заман екенін атап, ат қояды.
Мынау ақырзаманда
Алуан, алуан жан шықты,
Арам, араз хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ.
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Баяғыдан құбылып, бұзылып келе жатқан заман, өзге заман емес, ақыр заман екен. Бұл арада дін ұғымы мен ескі қазақ көзқарасы бір араға қосылғандай болады. Сондықтан "ақша деген мал шығып, қайыры жоқ бай шыққаны" ақыр заманның белгісі. Заманның осы сияқты жаман белгісі "Зар заманның" ішінде көп айтылады. Ел өмірінде бұрынғыдан өзгерген жаңалық, жаттық болса, барлығы да ақыр заман нысанасы сияқты көрінеді.
Мұның өзі зар заман
Зарлығының белгісі
Ұлы сыйламас атасын.
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қазы, болыс, хан қойды
Некесіз туған шатасын.
Сол заманның кезінде
Қыз сыйламас шешесін,
Ержеттім деп, шаштасып.
Заманның бұзылған белгісі жалғыз адамда емес, табиғат та өзгереді. О да жұтап, жүдеп келеді:
Асылы асқан замандай,
Шөп сұйылды жердегі,
Құс таусылды көлдегі
Бай таусылды елдегі.
Бұның бәрі заман бұзылғанының анық белгілері. Енді осы заманды бұзған кім? Қандай іс, қандай қулық, қай өзгерістен соң бұрынғы заман бұзылуға айналды? Бұған ақынның беретін жауабы:
Заман қайтып оңалсын,
Адам қайтып қуансын,
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды сыпайың.
Арылмастай дерт болды
Нашарға қылған зорлығың.
Кінәзді көрдің піріндей,
Тілмәшті көрдің биіңдей,
Дуанды көрдің үйіндей,
Абақты тұр қасында,
Қазылып қойған көріндей.
Байлар ұрлық қылады,
Көзіне мал көрінбей.
Билер жейді параны,
Сақтап қойған сүріңдей.
Сол себепті:
Заманның түрі бұзылды
Текеметтің түріндей.
Мінеки, басында заман жайын ел өмірінің ұсақ белгісінен бастаса да, аяғында келіп тірелетіні баяғы ескі түйін. Заманның зарын айтып, күңіреніп келгенде, сол қайғыға салып отырған себепті іздесек, ол орыс үкіметінің билігі болып шығады. Бұрынғыдай емес, бүгінгі күнде үкімет елді басып, билеп алған, ел өміріне барлық суық пішінімен, суық мақсатымен жақын келіп, қоян-қолтық араласып кеткен. Сондықтан "ұлық болған жандарал, пір болған кінәз, би болған тілмәшпен" бірге солардың кейпіне түсіп, азып кеткен ұрлықшыл бай мен парашыл би де заманды бұзушылардың бірі деп саналады.
Енді осындай заманның ішінде өмір сүрген зарлы ақынның өмірден үміті бар ма? Үміті жоқ. Жалғыз жұбаныш: бүгінгі залымның бәрі осы күнгі ісінің жазасын ақыретте тартады деп сенеді. Сондықтан осы тез құрылатын заманның болуын тілегендей болып:
Келе жатыр жақындап
Ай мен күннің арасы.
Таңда мақшар болғанда,
Таразыны аударар,
Залымның қылған күнәсі,
Әкімнің қылған зинасы, –
дейді.
Зар заман ақындарының ішінде қауым тіршілігін, әлеуметтің қайғысын дін бояуымен бояп айтқан осы Шортанбай.
Зар заманның бұдан кейінгі көрнекті ақыны Мұрат. Мұрат зар заман ақындарының ішінде патша саясатының бір тарауына көп көңіл бөлген ақын. Ол тарауы қазақтың жері алынуы болатын. Сондықтан бұл ақын көп жырында қоныс пен өрістің жоқшысы болады. Жер тарылып, заң бұзылып, ел сасқан соң, бұрынғы ұйтқысы бұзылмаған ру тіршілігі көркінен айырылып, құбылып, қуарып бара жатқан сияқтанады. Бұзылған заман мұның да өлең сөзінің бар күшін әлеумет қамына жұмсатады. Мұрат зар заман ішіндегі ірі ақынның бірі. Бұның сөз үлгісі баяғының толғауы сияқтанып, қарсыға шапқан жүйріктей көсіліп, құлашын керіп келеді. Елдің жайлауы мен қонысын жоқтағанда жалғыз өз заманынан бастамайды. Қазақтың қайғылы күйі алыстап, ескіден келе жатқанын айтып:
Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны
Ойдағысы болғаны
Қоныстың бар ма қалғаны
Мал мен басты есептеп,
Баланың санын алғаны.
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны, –
дейді.
Қазақтың ата қонысы, мекені алына бастағаны, бүгіннен емес, көптен басталған. Сондықтан бұл зорлықтың тарихын шолып өтеді.
Ел өмірін осындай ескіден келе жатқан дерт кернеген соң, заман бұзылмасқа шара жоқ. Бұған да заман өзгеріп, "қырсық шалғандай" болып көрінеді. Бұ да азған заманның белгісін айтып келіп, заман неден бұзылғанына шешу айтады. Шешуі Шортанбайша табиғат бұзылғандықтан, дін жоғынан емес. Табиғат бұрынғы қалпында, заманды бұзған қазақтың өз қауымы:
Бәйіт еттім бұл сөзді,
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын.
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады, –
Бұның бәрі адамнан...
Осыдан кейінгі сөздерде адамның бұзылғанының белгісі қайсы екенін айтады. Белгілері: бұрынғылар айтқан берекесіздік, арамдық, жат бауыр болып қарындастан айырылғандықтан. Қауымды бұзған себеп:
Қатпа болған түйедей,
Киеңкі болған биедей,
Ел биледі бір сымпыс
Екі бұты таралған, –
дейді.
Заманды аздырған себептің бірі осы болса, екіншісі күшті дұшпан. Бұл дұшпан иыққа шығып, қырандай қадалып бағып тұр. Мойын бұрғызбайды. Сондықтан ақын:
Дұшпан тазы, біз түлкі,
Қашсақ ерікке қоймайды,
Інге кірсек суырып
Құлғанадай қадалып,
Қазынасы кең құдайым,
Сақтағайсың саламат, –
дейді.
Мықты дұшпан ақын жүрегін шошытып, жаратқан иесінен тілек тілетеді. Тыныс бітіп қажыған соң, әлі құрыған зарлының арғы тірегі құдай. Сондықтан "сақтай көр" деп соған жалбарынады. Қайғы мен үмітсіздік жеңген ақын алдыңғы заманнан да шошиды, алдыңғы заман ел сұрқын бүгінгіден де жаман бұзатын сияқты. Көмескі келешек тағы да талай бұзық белгіні сездіріп тұрған сияқты. Өмір ұйтқысының бұзылуы ақын заманындағы жамандықпен тоқтамайды. Жақында тағы қауіп бар. Ол қауіп:
Ұстай ма деп білегін,
Нығая ма деп жүрегін,
Кейінгі туған баланың
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін,
Адыра қалғыр заманның
Жаратпаймын сүреңін.
Бұл сөзде жақындап келе жатқан заманның ақынды күпті қылған жұмбағы бар. Ол жұмбақ патша үкіметінің қазақ елін орыс қылмақ саясаты. Мұрат сол ниеттің шетін сезген. Өз заманындағы көп белгіден топшылап, сол күн бола ма деп қайғы шеккен. Көрген күні осы болған соң, бұ да тіршілікке ырза емес. Сондықтан "адыра қалған заманы" – Махамбеттің "нәлет" оқыған заманынан өзге емес. Сондай қайғылы, сондай дертті заман екенін білдіреді. Мұраттың ел қайғысын көрсететін бір үлкен өлеңі "Сарыарқа". Мұнда жерден ауған елдің арып-ашқан күйлерін, бұрынғы дәуренін айтады. Мұнда да күшті сарыны – заман қайғысы. Бұзылған, азған заманның жыры. Сонымен бірге қазақ қоныс қылған жердің құтсыздық, сорлылығын айтады.
Кірін жуып, кіндігін кескен жерден,
Қысылмай, ер кете ме еркіменен.
Бұрын да адыра қалғыр құтсыз еді,
Егескен ердің бәрі жер тіреген, –
дейді.
Жер үшін талай ел өмірін сарп қылып, еңбек еткен. Бірақ ежелден баяғы батыр мен жауынгер елдің ешбіріне пайызды қоныс бол маған құтсыз жер. Сондықтан басшысынан айрылған қара халықта қарсы тұрарлық шара жоқ.
Елдің іргесі ыдырап, тозғаны жалғыз бүгін емес:
Әуелі Әлімменен Табынды алды,
Тоздырып ақсүйектің тағын да алды.
Әленді Көсеппенен Сібірге айдап,
Бұ жұрттың қара түгіл ханын да алды.
Сондықтан алып көңіл басылып жүр демеске шара жоқ.
Зар заман ағымына өлеңнің кейбір сарынымен қосылатын ақын Ыбырай Алтынсарин. Бірақ сонымен бірге сол ақынның өзгелерден бөлек бір жаңалығы бар. Бұл мәдениетті ақын. Сондықтан кейбір өлеңдері оқымысты, үлгілі ақындардың салтымен жазылған. Ондай үлгінің мысалы: "Сәуірде көтерілер рахмет туы" деп даланың жазғы түрін суреттеп айтқан өлеңі.
Алтынсариннен ең алғаш рет қазақ әдебиетіндегі сипаттау өлеңі басталады. Европа ақындарының үлгісімен қыр тұрмысының көркін суреттейді. Бұл өлеңінде әлеуметшілдік сарыны, ел қамы жоқ қазақ әдебиетінде алғашқы шыққан жаңа үлгі болғандықтан, сол жаңалық мысалының есебінде атап отырмыз.
Әлеумет қамына арналған өлеңдерінің сыртқы үлгісі мен күй сарыны бұрынғы ақындарға ұқсайды. Бұ да елге үлгі, өсиет айтады. Жүдеген елді жұбатқысы келеді, ел түгелімен көңілі кірбең, ғарып сияқты, сондықтан жұмсақ қолмен ұстап, жылы сөзбен келіп, көңіліне қонатын ұғымдай ақыл айтпақшы. Елдің басына келген күн көп сөйленген, көп айтылған.
Сондықтан ендігі сөзді Алтынсарин заманды жоқтап, заман зарын айтуға арнамайды. Заманның қайғы шерін қалың елдің өзі сезіп-біліп, көріп түр. Оның орнына, мүмкін болғанша, ем айтқысы келеді. Бірақ мұның айтқан емінде бір бағыттық, анықтап бастаған екпін, ағын жоқ. Елдің әр алуанына әртүрлі ем айтады. Елдің үміт, сүйенішін жас буынға артқандай болады. Сондықтан балаларды оқуға шақырып, бата береді.
Ақынның қалың елге айтқан өсиеті көмескі, ұғымсыз. Өз заманындағы оқымаған надан көпшілікке ешбір үміт арта алмаған сияқты, олардың қолынан іргелі елдік келеріне. де сене алмағандай. Сондықтан қалың елге кейде таза адамшылықты ем қылады. Кейде дін өсиетін үлгі қылып ұстайды. Зар заман ақындарының ішінде дін сарынын шығарып, дін мейманалығын көп ұсынатын ақын Алтынсарин. Таза адамшылық жолында елге айтатын ақылы:
Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен,
Өліп кет, басың кетсе шындықпенен.
Алланың рахметінен күдер үзбе,
Телмірме еш адамға мұңдықпенен,
Мақтанба бай болдым деп, бағыңызға,
Қартаймақ, о да қиын тағыңызда.
Дөң аспай бақ дәулеттің кетуі оңай,
Басыңнан бақыт тайған шағыңызда, –
деген сияқты жалпы адамшылдық үгітімен келеді.
Дін сарынымен келетін өсиеті тәкаппар болмау, сабырлы болу, әділдік пен иесінен ұялу, иман байлығын жиюға тырысу. Осы үлгінің барлығын дін жақсыларының өміріндегі мысалдарымен айтады.
Айубты жеті жылдай мың құрт жеді,
Тәні де бөлек-бөлек болып еді,
Тақыт, тәж, мал-мүлкінен қабат безіп,
Жапанда жалғыз жатып "алда" деді.
Кәпірлер кеше күндіз жәбір етті,
Айуб тағы бәлеге сабыр етті,
Артында михнаттың рахат бар ден,
Не келсе құдайдан деп бәрін күтті.
Дүниеде патша болып Дәуіт те өткен,
Ғаламға әділдікпен даңқы жеткен.
Бар ғой деп отыз ұлым көптік ойлап,
Бір құдай жалғыз күнде әлек еткен.
Наушаруан өзі ғаділ, кәпір екен,
Дұзаққа әділдікпен жығылмады.
Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін.
Жиясыз оны-дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің ұлығы екен,
Не болды тәкаппарлық қылғаны үшін.
Ұмытпа бай болдым деп бір құдайды,
Жер жұтқан қайыры жоқ Қарынбайды,
Мекені қайда екенін білесіз бе?
Жомарттық қылғаны үшін Атымтайды, –
дейді.
Мұның барлығы жоғарыда айтылған дін мейманалығы. Жуасып, жүдеген елге ақырғы тыныштық, жұбаныш осыдан табылмас па екен, ендігі өмірдің емі бойсұнып, сабырмен шыдап, дінмен тірек іздеу болмас па екен дейді. Әр заманда, әр елдің тарихында, үміт кемесі су астындағы жартасқа соғылып, талқан болған шақта, әрбір жан өз жарасымен ыңырануға айналғанда, осындай момындыққа түсіп, мұңға батып, дін бесігінің тербетуін іздейді. Тағдырына бас иіп, үміт, тілекке қош айтып, жарық сәулені ол дүниеден күтеді.
Өлеңнің мағынасы мен үлгісі өзгелерден жат болса да, Алтынсариннің өзге зар заман ақындарымен жалғасатын желісі бар. Ол желісі жаңағы айтқан көңіл күйінде, түпкі сарынында, зар заман ағымының бір саласы осы бетпен, осы күймен кеткен.
Осы айтылған зар заман ақындарының сарыны жүз жылдан артық дәуірдің ішінде өмір сүрген қазақ ақынының барлығына да күй, сарын болды. Зар заманның артқы ақыны XIX ғасыр мен XX ғасырдың жапсарында өмір сүріп, сол кезде өлең айтқан Нарманбет. Заман зарының ең ақырғы күйін шертіп, тоқтаған осы ақын.
Осының заманымен, осыдан кейінгі дәуірде зар, күй қазақ әдебиетінен бітеді. Нарманбет мезгілінде зар күйінің басын шертіп, алғашқы толқынын шығарған толғаушы жырау, ақылшы қария да жоғалған. Бұның тұсында Бұқар жыраудың өз дәуірі де арман қылатын қызық дәурен сияқты көрінген.
Қалың елдің қамын тұтас ойлап, тұтас жоқтайтын қамқордың бәрі біткен. Заманның өзгерісі мезгіл сайын құбыла келіп, аяғында танымастық болып басқарған. Енді кәрі күйді жоқтаудың өзі де ескірген сарын болып, ол жайлы сөз қылатын алжыған шал сияқты бірен-саран ғана болып қалған. Елдің жақсы деген кісісінен Абылай заманының күйін күйлеу түгіл, Кенесары, Исатайдың да ісі мен мақсатын білетіндер де бірен-саран-ақ болған. Қалың ел, бұрынғы көп тілекті кемітіп, бойұсынып болып, жаңа заман жетегіне жүруге ынтық бола бастаған, құлдыққа, қорлыққа, таршылық пен зорлыққа елдің еті үйреніп, денесі уланып, өліп кеткен. Енді зар заманды Махамбетше айтып, жаңалыққа қарсы болса, ақынды елдің өзі де тыңдамайтын, ұқпайтын сияқты болған.
Нарманбет осы дәуірдің ішінде туған ақын болған соң, зар заманның барлық бағыт, мақсатын ұғып отырса да, солар айтқан күйді қайта шертудің мезгілі өтіп кеткенін сезген. Бірақ ақын жүрегі бұл күнге солардай ырза емес, соларша құсаланып, қайғырып, шерленеді. Қиялы солардың заманында, көңілінің күйі солармен туыстырады. Бірақ олардың үлгісі өтіп кеткенін күндегі өмір мен күндегі тіршілік мақсаттары көп дәлелмен миландырып, ұқтырып отыр. Сондықтан бар зар заман дәуірінде "Сарыарқа" деген өлеңмен қош-қош айтады. Зар күйінің ақырғы толғауы мен ақырғы ырғағы осы өлеңмен келіп бітеді.
"Сарыарқаның" басы зар заманшылардың ескі құлақ күйінен басталады. Ақын алдыңғы сөзде заман бұзылған соң табиғат та бұзылып, бұрынғы көркінен, бұрынғы жарастық қызығынан айырылады дейді:
Сарыарқа, сарқыраған суың қайда,
Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?
Нажағай жарқ-жұрқ етіп нөсер құйған,
Көк-жасыл кемпірқосақ туың қайда, –
деген сөздер бүгінгі күннің табиғатына да наразы болған көңілді білдіреді. Зар заман Нарманбетке келгенде жоқтау болып кеткен, ескі күнге қош айтуымен бірге сол ескінің қасиетін айтып, жоқтау араластырады. Бұнда бұрынғылардай ем айтып, ел дертінен шығарлық жол іздеу жоқ, өзінің мақсаты ескіні жоқтау болғандықтан, сол үлгіден ауыспай отырып:
Бай бар ма баяғыдай барқылдаған
Асы мол, аты тегін тартылмаған?
Алдыңнан атыңды ұстап құрмет еткен,
Жайдары жеңгең бар ма жарқылдаған?
Пайдалы балығы көп дарияң бар ма?
Сыбырсыз сыр айтатын жарияң бар ма?
Аузынан ая толым қақырық тастап,
Батагөй басалқы айтқан қарияң бар ма? –
дейді.
Зар заманның артқы ақыны бұрынғы зарлы мұңның бәріне ақырғы күмбезді тұрғызып, әдебиеттің бір ғасырлық дәуірін осы жоқтаумен тындырады. Біз зар заман дәуірін осы саналған ақындармен бітіреміз. Бұл дәуірге аты белгілі ақындардан кіретін көп болуға керек еді. Өйткені арғы заманның Сыпыра жырауы, Қазтуғаны, бергінің Алаша Байтоқ жырауы, Базар жырауы, Досқожасы болсын – барлығы да зар заман дәуірінен үлкен орын алатын ақындар. Көбінің сөз саптауы мен күй сарыны осы шеңбердің ішіндегі үлгімен келеді. Бірақ әзірше қоса алмауымыздың екі себебі бар. Біріншісі, көбінің өлеңі басылып жарыққа шықпағандық, шықса да, біздің қолымызға түспегендігі, екінші себеп, қазіргі әдебиет тарихында бетке ұстап отырған мақсатымыздан туады. Бүгінгі мақсат – қазақ елінің әдебиет жұрнақтарын сыртқы түрі мен мағынасына қарап арнаулы жіктерге бөліп, әр түрінің орнын көрсету. Бұл кітаптың түп мақсаты сол болған соң, бір дәуірде бір түрлі өлең айтқан ақынның бәрін санаудың орнына, солардың ішінен мысал боларлық бірнешесін алып, осылардың өлең мысалын тексерумен әдебиет тарихының желісін тартып алмақшымыз. Әр жерде шашылып қалған белгілерге қарап, әдебиет тарихының ұзын жолынан қалған сүрлеуді тауып алуды талап етіп отырмыз.
Осы мақсатпен қарасақ, жаңағы саналған ақындардың бірталайы, Бұқар жырау, не Махамбет, не Мұрат сияқты ақындардың күй сарынын екінші рет қайтарып, қайталап айтқан ақын болып шығады.
Сондықтан бұл кітаптың ішінде бәріне бірдей бөлек-бөлек тоқтауды қажет көргеніміз жоқ. Қазақ әдебиетінің тарихы зар заман дәуірінен соң Абайға келіп тіреледі. Сол себепті енді Абайға көшеміз.