Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні

Алматы қаласы №151 ЖББМ-тің
қазақ тілі пәні мұғалімі Айтмұқан Айнур Ермухамбетқызы

Біз кімбіз?! Біз – бірлігі жарасқан елміз. Көгімізде көк туымыз желбіреген елміз. Ұшқан құстың қанаты, жортқан аңның тұяғы тозатын,  қарасаң көзің талатын ұшы-қиыры жоқ  ұлан-ғайыр жері бар бақытты елміз. Тасқа қашалып жазылған тарихы бар елміз. Төсінде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті, баяшатты ғұмыр кешіп жатқан елміз. Біз – бақытты елдің бақытты ұрпақтарымыз.

Талай ғасырдан бері осынау қазақ жерін қаншама ұлт өкілдері мекендеп келе жатыр. Қаймағы бұзылмаған тату-тәтті берекесімен бір шаңырақ астында ынтымақтаса күн кешіп жатыр. Солардың бір дәлелі ретінде №151 жалпы білім беретін мектепті айтуға болады. Қазіргі таңда білім ошағында 1872 оқушы білім алуда. Солардың ішінде қазақ, дүнген, ұйғыр, орыс, кәріс, өзбек, қырғыз сынды 16 ұлт пен ұлыстардың  балалары білім нәрімен сусындауда. Мектеп ұжымында да әртүрлі ұлт өкілдері мызғымас татулықпен бірге қызмет істеуде. Айта кетерлігі, бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып «Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деп білек сыбана жұмыс атқаруда. Бұл да болса, бірлігіміздің белгісі.

Қазір оқушыларымыз елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқып жатыр. Бұл әрине оқушыларымыздың бағдарламаны игеруіне еш кедергі келтіріп жатқан жоқ. Білімді де, білікті ұстаздарымыз балаларды қашықтықтан оқытуда. «1-мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні» аясында онлайн түрде «Бірлік түбі тірлік» сурет байқауы, «Бірлігіміз жарасқан!» ән байқауы, «Біз біргеміз!»сынды өлең байқауы өтті.

Өткен жылы ғана мектебімізде балалар ассамблеясының ашылуы болып, соның аясында «Бір шаңырақ астында» атты іс-шара өткен болатын. Осы іс-шара негізінде қатысушылар Қазақстан елінде тұратын халықтарға деген ыстық ықыласы мен шексіз махаббатын көрсете білді. Мектеп директоры Гүлшат Жақсылықовна өз сөзінде: «2019 жылы сәуір айының 26-сы Қазақстан халықтарының балалар ассамблеясы құрылды.  Бұл аасамблеяның негізгі мақсаты: балалардың патриоттық сезімін ояту, ұлттардың жан-жақты мәдени дамуын, сонымен қатар басқа ұлттардың Қазақстан мәдениеттануы мен әр ұлт өкілдерінің бірлігі» екенін баса айтты. Іс-шараны қолдау мақсатында көптеген ұлттық мәдени орталық төрағалары келді. Атап өтер болсақ, «Қалалық әдістемелік кабинеті» лабораториясының әдіскері – С.Р. Капалбекова, «Ауған орталығы «Ариананың» төрағасы В.Ахмадулла, «Дүнген мәдени орталығы «Щинсын»төрағаның орынбасары Р.З.Султанова, «Қырым татарларының мәдени орталығының» ардагерлер кенесінің төрағасы И.А.Лохманов, «Дүнген мәдени орталығының аналар кенесінің төрағасы Ф.М.Абдуллина  және де тағы да басқа  қонақтар келді. Іс-шара жоғары деңгейде өтті.

«Береке бастауы бірлік,ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін,біз үшін бұл мейрамның орны бөлек. Еліміздегі ең жарқын және мерейлі мейрамдардың бірі. Бірлігіміз жарасып, еліміз  тыныш болып,ұлт демей,тек қана татулықта,бейбіт заманда күн кешейік.                        


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама