instagram.com/theaacademybcn
- 01 сәу. 2026 21:30
- 18
15 жастағы қазақстандық талант "Барселонамен" келісімшартқа отырды
15 жастағы қазақстандық футболшы Карим Мендиканов Испанияның атақты "Барселона" клубымен келісімшартқа отырды. Ол келесі маусымда командаға қосылады. Бұл туралы алғашқы болып испандық Mundo Deportivo басылымы хабарлады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мендиканов "Барселона" тарихындағы алғашқы қазақстандық ойыншы атанады. Қазіргі таңда жас футболшы Каталонияда өнер көрсетіп, командаға ауысуға дайындалуда. Испаниялық баспасөз оны "қазақстандық бриллиант" деп атап үлгерді.
Каталон футболына жол
Карим Испанияға 2022 жылы көшіп келген. Сол уақыттан бастап ол каталондық жасөспірімдер футболы жүйесінде дамып келеді. Өткен маусымда ол Cerdanyola клубында өнер көрсетіп, өз әлеуетін танытты. Биылғы маусымда Мендиканов Sant Cugat FC клубымен келісімшартқа отырып, лигадағы ең қауіпті оң қанат шабуылшыларының бірі ретінде танылды. Оны дриблинг шебері және чемпионаттың үздік ассистенттерінің бірі деп атайды.
Сарапшылар неге назар аударды?
Карим оң қанат шабуылшысы позициясында ойнайды. Испаниялық басылым оның ойын ерекшеліктерін, атап айтқанда, жылдамдығын, қарсыластарын бір-бірден алдай білу қабілетін және сәттер жасай алуын ерекше атап өтті. "Испанияның жастар футболы халықаралық таланттарды өзіне тарта береді, ал Карим Мендиканов есімдерінің бірі болып отыр... Бұл шынайы гауһар, оған әрбір сәтте қамқорлық жасалуда", - делінген мақалада.
"Барселона" таңдауы
Жас ойыншыға Испанияның бірнеше Ла Лига клубтары қызығушылық танытқанымен, футболшы "Барселонаның" ұсынысын қабылдады. Басылымның мәліметінше, келісімшартқа қол қойылған, ал Мендиканов жаңа жүйеге тезірек бейімделу үшін командамен бірге жаттығуларға қатысып үлгерген. Бұл жаттығулардың барлығы оның қазіргі клубы Sant Cugat FC-ның рұқсатымен өткен.
Ендігі жоспар
Мендикановтың жазғы кезеңде "Барселона" жүйесіне ресми түрде қосылуы оны клуб тарихындағы алғашқы қазақстандық ойыншы етеді. Келісімшартқа отырғанға дейін Карим ойын тәжірибесін жинауды жалғастырады. Mundo Deportivo-ның хабарлауынша, жақын арада ол Еуропадағы ең беделді жастар турнирлерінің бірі болып саналатын MIC (Mediterranean International Cup) турнирінде өнер көрсетуі мүмкін. Басылым сондай-ақ, ойыншыға деген жоғары қызығушылыққа және оның қарқынды дамуына қарамастан, Мендиканов әлі күнге дейін Қазақстанның жастар немесе ұлттық құрамаларына шақырылмағанын атап өтті. Сарапшылар "Барселонаға" ауысуы ойыншыға қосымша назар аударатынын айтты.