- 12 жел. 2022 00:00
- 223
2026 жылға дейін 400-ден астам жаңа мектеп ашылады
2026 жылға дейін 400-ден астам жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
«Білім беру саласында жыл басынан бері 34 мың орындық 325 балабақша ашылды. 3 жастан 6 жасқа дейінгі қамту 98 пайызды құрады. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бекітілді. Биыл 106 мың орындық 201 мектеп ашылды. 2026 жылға дейін 842 мың оқушы орнына арналған 400-ден астам жаңа мектеп ашылады», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда 410 колледж 500-ге жуық кәсіпорынға мердігерлікке берілді. 2025 жылға қарай колледж оқушыларының 100 пайызы тегін кәсіптік біліммен қамтылады.
«Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. «Биологиялық қауіпсіздік туралы» жаңа заң қабылданды. Медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу механизмі енгізілді. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітімі 28 пайызға және ана өлім-жітімі 3,5 есеге төмендеді. Келесі жылы онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 3 жылдық кешенді жоспардың іске асырылуы басталады», - деді Әлихан Смайылов.