- 12 жел. 2022 00:00
- 228
Қатерлі ісік — қоғам дерті
Жаһандық медицина сәт сайын дамып, жағымды жаңалықтар жарияланып жатқанымен, адамзат баласы ауыздықтай алмай отырған кесел мен дерт әлі де аз емес. Әсіресе отандастарымызды онкологиялық аурулар алаңдатады.
Қатерлі ісіктен құлантаза айығуды армандаған адамның күдігі күшейгенімен, үміті үзілмейтіні белгілі. Алайда ауру бар болған соң, оның алдын алу ісі де бар екенін қаперден шығармаған жөн. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» дұрыс-ақ. Былтыр қарашада Қазақстан халқына онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жаңартылып, соның шеңберінде 2022 жылдан бастап «Жасыл дәліз» енгізілді. Бұл қадам адамдардың қатерлі ісікке деген күдігі кезінде пациенттерді тексеру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Жалпы оноколог маманның айтуы бойынша онкологиялық ауруларды анықтаудың ең тиімді жолы-медициналық скрининг. Азаматтар дер кезінде дәрігерлердің дабылына құлақ асып, уақытылы тексерістен өтетін болса аурудың алдын алған болар еді. Сондай-ақ қатерлі ісік ауруымен клиникаға ер адамдардан гөрі, әйел адамдардың көбірек келетіні айтылды.
Қазақстанда қатерлі сырқатқа қарсы скринингтік тексерулер 25 жастан басталады.
ҚР әрбір азаматы мемлекеттік қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға құқылы. Квота тегін тексеруге, емдеуге, соның ішінде операция жасауға және дәрі-дәрмек пен тамақтануға кепілдік береді. Халықтың тығыздығына байланысты әр аймаққа квоталардың белгілі бір саны есептеледі. Ең алдымен, пациент медициналық тексеруден өтіп, аудандық емхананың емдеуші дәрігерінен жолдама алуы керек. Квота стационар жағдайында мемлекеттік қаражат есебінен медициналық көмек көрсетуге есептелген. Медициналық көмек көрсету – емханалар мен ауруханаларда емдеу-мемлекеттен тегін медициналық көмек көлеміне кіреді. Егер сіздің диагнозыңыз тәулік бойы бақылауды қажет етпесе, онда тұрғындар амбулаториялық-емханалық деңгейде емделе алады. Стационарлық емдеуге көрсетілімдер болған жағдайда науқасқа жолдама беріледі. Тіркеу нөмірін алғаннан кейін Пациент республикалық госпитализация бюросының веб-сайтында ҚР ауруханаларында емдеуге жатқызу үшін бос орындарды дербес бақылай алады.
Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымдары сарапшыларының бағалауы бойынша дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40%-ның алдын алуға болады екен. Ендеше аурудың алдын алу, одан сақтану үшін өз қолымыздан келетін шараларды жасауды естен шығармайық. Айтылған ақпараттарды бойымызға сіңіріп, орындауға тырыссақ аты жаман ауру бізден алыстай түсері анық. Денсаулығымызды сақтап жүрейік!
Еркеназ Жалмұқашева Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 3 курс студенті