- 15 шіл. 2022 00:00
- 229
Ә. Нұршайықовтың жастарға екі ауыз сөзі
Жігіттер! Алдымен сөзімді сендерге арнаймын! Менің сендерден өтінерім, арақ ішпеңдер, айналайындар! Арақ — адамзаттың жауы, халықтың дұшпаны. Арақ алдымен талантты адамдарды құртады. Содан соң өзгеге көз салады. Талантсызды да жалмап жұта береді. Ендеше, арақ ішпеңдер, бауырларым! «Мен мықтымын» деп оқыраңдай бермеңдер, асып бара жатқан күштерің болса, оны араққа емес, айналаңдағы адамдарға, ағайын-туыс, адал жарларыңа қамқорлық жасауға жұмсаңдар!
Қалқам! Арақты жеңемін деп дәмеленбе! Шарапқа бүйірім шыға бір тояйыншы деп талпынба! Ол ешкімді де тойдырмайды. Су екеш суды да сыздықтатып, сызылта ішсең ғана шөлің қанады. Адам арақ ішпегеннен өлмейді, араны ашылып арақ ішкенінен өледі. Әрбір арақ ішкен адамның өмірі аз, ғұмыры қысқа болады. Оның үстіне маскүнемнің өмірі — мәнсіз. Адамның өмірі онсыз да қысқа, ендеше, аз ғұмырды ардақтап, шамаң келгенше мағыналы етіп өткізгенге не жетсін?!
Жігіттер! Жандарыңда жүрген қыздарды құрметтеңдер. Қыз — болашақтың анасы. Қыз — алдыңғы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметте, қарағым!
Қыздар! Жандарыңда жүрген жігіттерді ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер! Арақ ішкізбеңдер, айқайға жолатпаңдар. Оларды түнгі 12-де мас болып рестораннан келіп, жұрттың шырқын бұзып, терезенің түбінде текедей бақылдатып өлең айтып отырмайтын етіңдер. Өйткені, қыз жетелесе, ілеспейтін, қыз қиылса, көнбейтін жігіт жоқ. Ақыл анадан тарайды. Адамгершілік әйелден басталады. Жаратушы өздеріңе сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда жүрген жігіттерге әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт жаныңда жүрсе — жолдасың, жауға жұмсасаң — жолбарысың. Ортада жүрсе — орманың, шетке шықса — қорғаның!