- 15 шіл. 2022 00:00
- 219
Ананың есебі
Ертеде Күйік деген қаланың маңындағы Жылуан өзенінің бойында кемпір мен шал өмір сүріпті. Қартайғанда көрген Есен есімді жалғыз баласы болыпты. Есеннің әкесі отбасын асырау үшін күн сайын дарияға ау салып, балық аулап нәпақасын сонымен табады екен. Анасы болса күнде бақшалы жердің басына барып, күн ұзаққа кетпені қолынан түспейтін болыпты. Есеннің өзі бұғанасы қатпаған әлі жас бала болғандықтан бір мезгіл үй жұмысын істеп, содан соң ауқаттан артылған балықты қала базарына барып сатып келеді екен. Сөйтіп жүргенде бір күні ұйқыға кетер алдында Есенге тосын ой келіп, қағаз бетіне жазып, анасының жастығының астына жасырып өзі ұйықтап қалады.
Таңертең анасы төсегін жиған кезде жастығының астынан бір қағаз тауып алады. Ондағы жазу мынау екен:
«Анасының Есенге күнделікті берешек ақшасы:
— балықтарды тазалағаны үшін – 50 теңге,
— отын жинағаны үшін – 30 теңге,
— тіл алғыш бала болғаны үшін – 50 теңге,
— от жаққаны үшін – 50 теңге, барлығы 180 теңге».
Кешке Есен базардан келсе анасы оның сұраған ақшасын дайындап қойған екен. Бала ақшаны көргенде қатты қуанады. Анасы теңгелерге қоса бір жапырақ қағаз да қалдырыпты. Онда былай деп жазылған екен, — «Есеннің анасына беретін қарызы;
— Осы үйде өткізген 10 жыл бақытты өмірі үшін – ештеңе,
— 10 жыл ішінде ішіп-жегені үшін – ештеңе,
— Ауырған кездегі бағым-күтімі үшін –ештеңе,
— Жақсы ана болғаны үшін – ештеңе. Барлығы: ештеңе.
Қағазды оқыған Есен ұялғанынан қызарып кетіп, бақшада жүрген анасына жүгіріп барып, кешірім сұрап, ақшаны қайтарып беріпті.