Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
“Абай: ақындық тағылымы” және “Құдіретке жүгіну”

зерттеуші ғалым Жұмағали Ысмағұлов пен ақын Жүрсін Ерманның шығармашылығы жайында

Филология ғылымдарының докторы Жұмағали Ысмағұлов Абайдың ақындық тағылымы деп, дарынды суреткерлікті терең ойшылдықпен ұштастырған кемелді кемеңгер, ғұлама дана екендігін айта отырып, ақын туған табиғаттың тылсым сырларына үңілсе де, адам жанының не бір қатпарларын қопарып ақтарса да, немесе өзі өмір сүрген ортаның, туған халқының, әріден айтқанда, бүкіл адамзаттың өткені мен болашағына көз жіберіп, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тереңіне бойласа да, ол әрдайым ой тереңдігі мен кемеңгерлік кемелдігін танытып отыратын тұлға ретінде бағалайды.

Ғалымның тағы бір ғылыми тұжырымын Абайдың шығармашылық мұрасындағы аса бір нәрлі де мәнді бөлігі — оның Адам мен Табиғат, Өмір мен Өлім жөніндегі толғаныстары екендігін, ол имандылықты адам өмірінің түпкі мұраты деп, шынайы өнерді мәңгі өлместіктің кепілі деп ұққандығының және де қайталанбас ақындық дарыны мен биік адамгершілік қасиеті арқылы туған халқын заманында ізгілікке тәрбиелегендігін, болашаққа даналықты өсиет етіп қалдырғанын ғылыми қортынды пікір ретінде ұсынады. Замандар өткен сайын жаңа қырларымен жарқырай ашылып отыратын әулиелігімен халқының ғасырлар бойы қадір-қасиеті келмейтін абырой-беделіне айналғандығын, ақын ұлылығының асқар биіктен күн шалған алтын тәні де осында екендігіне арнайы тоқталып, Абай тұлғасына лайық баға береді.

Сонымен қатар, зерттеуші-ғалым Ж.Ысмағұлов ақын мұрасы — халқымыздың сарқылмас асыл қазынасына айналғанын, адам тіршілігінің сан саласын қамтып, бүгінгі мен болашақты ұштастырған өміршеңдігімен, әмбебап әрқилылығымен қымбат екендігін, халқымыз тарихи дамудың қаншама асуларынан асып, қандайлық биігіне көтерілсе де, Абай аты мен Абай сөзі әрдайым оның аузындағы жыры, қазақ халқының көкірегіндегі иманы, санасындағы ұжданы болып қала беретіндігін, Абай ақындығының тарихымызбен бірге жасайтын ұлы тағылымы да — осында екендігін зерделі оймен жеткізе білген.

Зерттеуші-ғалымның талдағанындай, өлеңнің сыртқы көркемдігі мен ішкі мазмұнының үйлесімі, талғам тазалығы мен тіл бейнелілігі, көркем шығарманың халық өмірімен өзектесе отырып арқалайтын әлеуметтік жүгінің салмақтылығы, тағылымды тәрбиелік мән беру, талантты жастарды осындай өрісті өнерге баулу — Абай эстетикасының түбірлі де түбегейлі қағидалары десек, мұндай өнердің өзекті ойлары, яғни Абай дәстүрі Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасында да жалғасын тапқан. 2005 жылы жарық көрген Жүрсін Ермановтың “Құдіретке жүгіну” кітабында ақын өз ойын түйіндеп, былай дейді:

“Ұят дейтін бір кінәз, нәпсі дейтін бір кесел — арбасады да жатады. Содан ба екен, қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра береді, кітабымды кідірте береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір томға жетер-жетпес өлең болған Абай аға да көкжелкемнен қарайды да тұрады. Ол кісі де қатал-ақ! Осылайша бар мен жоқтың, от пен судың арасында қапылған шамшыл шайырдың тым болмаса бір шумақ өлеңі, тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын жібітуге жараса нетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа, құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!”

Бұл ақынның жыр ұсынар алдындағы тұжырымы.

Таба алмай көркем қисынын жырдың
Иінім түсіп, иісініп жүрмін.
Қиуым қашып, қиындады ма іс —
Ойымда — Муза, миымда — дыбыс.
Шылдырлап бақыр тиындай сөзім,
өлеңге сыймады құйындай сезім.
Қаламның бүгін неге аз мідеті —
Айдындай таза қағаздың беті.
Есімі Муза жақпай сұлуға
Татайын десең, таппайсың у да!

дейді ақын. Жырдың қисынын тапқан ақын: “Қисынын жырдың — исініп жүрмін”, “Қиындады ма іс — миымда дыбыс” тәрізді күрделі ұйқаспен өз ойын өрбітеді.

Қаламды әкел, қарманып жазайын жыр,
Жаным төсеп жазғаным азайып жүр.
Ылһамымды ұйытқан наурыз айы
Мақамыммен ұмытқан көзайым ғыл.
Жазушы едім наурызда жап жасыл жыр,
Биыл осы дағдым да алжасып жүр.
Сыйқырымен тербейтін сөз-қазынам
Тиындайын қағады ол да сылдыр.

дей келіп,

Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып,
Отырамын ішімнен өзім біліп.
Базар баққан бәдіктер ортасында
Кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып.
Бір күніңнен аумайды бір күніңіз,
Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз.
Саңырауға беретін сәлемдей-ақ
Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз?

деп түйіндейді. Өлеңге наз арта отырып, “базар баққан бәдіктер ортасында, кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып” дейді ақын. “Сыйқырымен тербейтін сөз-қорынан, тиындайын қағады ол да сылдыр” деп, сөз түсінер жандардың аз қалғанына қаймыға жыр етеді. Бұл, әрине, шала қазақтарды да, нарық тұсында — тұрымтай тұсында кеткен бүгінгі оқырманға да айтылған наз-өкпе. Бұдан әрі ақын:

Ертеректеу ер жетіппін,
Өтіп дәурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі есіктің
Жұлығындай тозып барам, —

деп налиды. Налиды да оның себебін ақын өзінен іздепті:

Тұлпарын бір тебінуге
Қысса жастық тақымын сәл,
Жігіт болып желігуге
Жібермеді ақылым — шал, —

деп, ақынның кексе ойына жүк артса, енді бірде:

Саяқ жүрген құлындаймын,
Жығылады жығам қай күн?
Ештеңеге қуанбаймын,
Ештеңеге жұбанбаймын.
Жүрегімен арыстанның
Қозыдайын көгенделдім.
Дел-сал болған данышпанмын,
Қайғы жұтқан кемеңгермін, —

деп, “дел-сал болған данышпандылығын” қайғы жұтқан кемеңгерлігін алға тартады. Келісуге де болады, келіспеуге де болады. Ақындықтың өзі оқырманын өзіне ілестіре отырып, қалай ой топшылауға да болатынына ерік беру. Жүрсін Ерманов та сондай ақын.

Көз ашқалы
Көгергенім сөз астары.
Әр көңілдің болса егер өз аспаны,
Әр сөздің де болады өз асқары, —

деумен, өз ұлына қарата айтып отырып, барша ұрпаққа айтылар жыр ұсынады.

Қазақ Елі секілді зерек елде
Сөз қадірін ұсыну керек ерге.
Шашқың келсе — дүние, малыңды шаш,
Тек сөзіңді беталды бере көрме!

дейді ақын. Сөз қадірін бағалау — өзіңді бағалау екенін, халқың мен ұлтыңды бағалау екенін тізгіндеп алға тартады. Бұл да ақындықтың көрінер тұсы.

“Аттан жығылсаң да — оқасы жоқ, Жығылуға болмайды сөзден болам!” — деп, сөз бағасын қапысыз сезген бабалар тағылымының ұрпаққа ұлағат етіп ұстанады.

Тәуелсіздік кезең ақыны Жүрсін Ерманов “Көз ашқалы көргенім — сөз астары” десе, “Шашқың келсе дүние, малыңды шаш” ал сөзді беталды шаша көрме” десе, бұл да ұлы Абай өлеңінің үлгісі. “Абай болса өлеңге берілген тағы қошеметшілдердің аузынан шыққан жел сөзді жалғау, мақтау болмай, асылдың мәнін шынайы тану болсын және сол тануынан ілезде танып кететін “екі сөзді тәуір айтқанның саудасына айналып кетпесін” деп Абай:

Сатып алма сөз сатса,

Ол асылды аңдамас, — деп, енді бірде:

Мен мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Антұрған көп пұл емес,
Өлім барда қорлық жоқ, —

деп түйеді. Кейінгі ұрпаққа салмақ сала сөйлейді, иықтарына ауыр жүк артады. Халқының мәңгі өлмейтін рухани азығына айналдырарлықтай ұлағатты сөз айтады:

Әуелесін қалқысын,
От жалын боп шалқысын.
Жылай-жылай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын, —

дейді ақын. Ұлы Абайдың шығармасын зерделеп, өзінің рухани күшіне айналдырған 60-шы-70-ші жылдардағы ұрпақ, М.Әуезов айтқандай, жыл келгендей жаңалық сезіп, қарсы алған баға берілген ұрпақ.

“Жаңа толқын — жас толқын” ұрпақ Абай поэзиясын өздерінің рухани туы етіп көтере білді. Олар 60-шы жылдары әдебиетке келген Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев сынды ақындар шоғыры болса, 70-ші жылдары әдебиетіміз табалдырығын еркін аттап, енген ақындар Жарасхан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Темірхан Медетбеков, Мұхтар Сейсенұлы, Рафаэль Ниязбеков, Серік Тұрғынбеков, Нұрлан Оразалин, Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулетов, Исраил Сапарбаев, Ибрагим Исаев сынды ақындар да ұлы Абай поэзиясын мұқият зерттеп өсті. Поэзиядағы бағытында — Абай лирикасын өздерінің темірқазығы етті. Бұл толқынмен бірге іле-шала әдебиетке енген Жүрсін Ерманов лирикасы үлкен биікке көтерілді.

Парызды көп мойнында өтелмеген,
Сөз шығындап,
Жазамыз бекерге өлең.
Өмір деген шөліндей Кербаланың,
Жеткізбейді жеріңе жетем деген. —

Бұл өлең де, өлең ұсынған Кербаланың шөліндей жеткізбейтін парыз да кейінгі ұрпақтың үні. Қиын да, күрделі жолындағы жанайқайы.

Басқаларды қайдам:
Менің басым — біреу.
Жалғыз басқа, айнам,
Таппай жүрмін тіреу.
Тауға да оны ұрдым,
Тасқа да оны соқтым.
Есеңгіреп тұрдым,
Есті болған жоқпын.
Жарғақ басым қанын
Сорғалатты кілең.
Сірә менің жаным
Басымда емес білем.
деп ақын, түйінінде:
Бітпей мәңгі егес
Ағарғанмен шашым
Тыншу табар емес
Менің қара басым.
Таусылғанша демім
Қуармын бір елес.
...Тыныш жүрер едім:
Басым екеу емес!

деп, тыншу таппас “қара басы” тау мен тасқа соғып, төрге ұмтылады. Абай жырлағандай:

Жұртым-ай, шалқақтамай, сөзге түсін,
Ойланып, сыртын қойып, сөздің ішін —

десе, Абай бағытын бетке алған бүгінгі күннің ақыны да, Абай жырын айналсоқтап шыға алмайды. Сол ойларды бірге дамытқысы келеді.

Ақыннан ес кететін,
Жырдан — маза.
Керегі не дақпырттың құр даңғаза:
Таңда мақшар болғанда, әр пендеге
Анық болса бір әділ тұрған жаза?!
Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер,
Болжамасам халімді — халқым күлер.
Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді —
Өзінің шамасы мен шарқын білер.
Жайдақталып кеткенмен замана тым
Өңмендеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге
Қалғып кетпе, қазақы қанағатым!

деп түйіндейді ақын. “Кешейін қайдан қоңыр тіршілігімді — өзінің шамасы мен шарқын білер” деп тебіренсе, енді бірде “Шұға жауып жатса да көптеп жерге, қалғып кетпе, қазақы, қанағатым!” деп әдемі де, әсерлі түйін жасайды. Бұл да ақындық шеберлік. “Мұхтар Әуезов қабірінің басында жазылған жырлар” атты өлеңінде Жүрсін Ерманов:

Босап аға,
Келетін боздап іні,
Бар қазақтың бұл қабір — өз қабірі.
Итке атамай салғаннан иман таппай,
Сені іздедік — өлгенде сөз қадірі, —

деп жырласа, “Қызда — қауіп, бұл күнде ұл да алаң барын” бағаласа керек. Сондай қазақы кемшіліктерге ашынған ақын:

Солай.

Аза бойыңды қаза қылған
Ит өмірдің несі кем дозағыңнан?
Қазақ, қазақ дегенде қар сындырып
Көресіні көрдік сол қазағыңнан.
Дандайсыған дәлдүріш данасынар,
Жанап кетсең — жабатын жаласы бар.
Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе —
Жай табатын жалғыз жер — мола шығар.

деп, таусыла жырлайды. Таусыла жырлауына себеп те жоқ емес. “Сарқытыңнан садағы кеткірлер-ай, бірі — рушыл ағаның, жершіл бірі” деп түңіледі. Ұлы Абайдың:

Сайра да зарла қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын, —

деп жырлаған жыры жадыңа оралады. Зерттеуші ғалым Жұмағали Ысмағұлов мұндайда былай ой түйіндейді:

“Осындай алапат күштің өзін “Қара басқан қас надан” сезбейді, ұға алмайды. Сондықтан тәкаббар ақын жаны одан түңіліп, теріс айналады да, көкірегінде оты, санасында ойы бар ер тұлғасын іздейді. Зәуеде ондай да адам табылмаса, өз жүрегінің көйгөйін өзі шертіп, өзімен-өзі болады. Бірақ асыл сөз өлмейді. Ақын жүрегінен әуелеп қалқып ұшып, от-жалын боп шалқып жанған қайран өлең өмірден жырлап етіп, жылап өлген ақынның кейінгі ұрпаққа аманат еткен мұрасы болып қалады”.

Бұдан әрі ғалым, өз ойын өрбітіп, мың-сан адам сырттан естіп таң қалғанша, ішкі сырын аңғаратын бір есті табылса екен деп арман етеді. Құлақпен қармамай, жүрекпен ұғатын ұрпақ келер-ау дегендей, бұлдыр үміт ақын жүрегіне жылу бергендей болады.

Не пайда бар — мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті,
Ішкі сырын аңғарсын, —

дейді Ұлы ақынның жүрегі, бүгінгі ақын жүрегімен ұштасып жатыр, шынында да ғалым жазғандай “әр қияға шарқ ұрып, маза таппай жүрген көңілімен тағы да бетпе-бет келіп сырласқанда ақын сөз ұғарлық, қауымның өлең жөніндегі пікірінің айнымалы болмай, тың көңілден шыққан ықылас, тұрақты баға болуын діттейді”. Ал, ақын Жүрсін Ерман болса:

Талпынам да, тұсалып, тежегемін,
Төзген, төзбек бәріне төзеді елім.
Сәбиімдей мен сені әлдилеймін,
Сен аман бол, киелі сөз өнерім, —

деп сенім мен үміттің алақанын жаяды.

Бұғын десең — бұғындық,
Жығыл десең — жығылдық.
Аярлықтың майынан
Жүрек кілкіп, шығындық.
Ойсыраған ойымды ұқ:
Теспей бітеу сойылдық.
Шөліркедік шындыққа,
Өтірікке тойындық.

деп сілкінген ақын:

Жетер, жетер, жетті енді!
Қабындырма өкпемді.
Қоям сөздің соңына
Найзадай ғып леп белгі!

дейді. Бұл леп белгі — төзімнің де таусылғанын шыдай-шыдай сабырдың да суалғанын танытса керек.

Ғалым Ж.Ысмағұлов ақынның ақыл қып айтылған жай сөз бен өлең сөздің арасында қандайлық айырма бар екенін ұғындырып айтқаны ерекше ғибратты екенін дәлелдей отырып, Абайдың:

Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бартамырды қуалар, —

деген шумағын алға тарта отырып, салқын ақыл мен ыстық жүрек лебізінің адам санасына тигізетін әсеріндегі мұндай кереғарлыққа біреу келісер, біреу келіспес, бірақ ынталы жүрекке тек өлең ғана тікелей әсер ете алатынына, бейнелеп айтқанда, ол адамның алпыс екі тамырын қуалап барып, зердеге мықтап орнығатынына ешкімнің дауы бола қоймас дейді зерттеуші ғалым.

Абайдың “Ақылмен ойлап білген сөз, бойыңа жұқпас, сырғанар” демекші, қазіргі заман ақыны да “көне салып, көнсе де” өз сөзін айтып жығылғандай:

Сырыңды алып іргеңнен
Күле қарап кіргенмен
Осал жерден көздейтін
Заман мынау сұр мерген.
Өз басымен жол ашар
Мен екенмін сол осал:
Көне салдым — көн десе,
Болдым — десе бола сал.
Төзім бітті, жоқ тоба,
Түсем енді отқа да.
Ақыл айтқың келе ме —
Аузыңды жап! Оттама!
Ақыл тыңдап болғанмын,
Тоғандайын толғанмын.
Тыңдай-тыңдай миғұла
Болуға да сәл қалдым.
Жөні бар деп мұңаяр
Біз байғұсты кім аяр?
Жүрек айнып жиренем
Күлкілерден кіл аяр.
Елдің мұңын екшедім,
Көсегемді көкседім.
Үміт те жоқ менде енді,
Арман да жоқ.
Жоқ сенім!

деп бұдан әрі “Ақыл тыңдап болғанмын” деп өз, ойын ірікпей айтады. Енді бірде ақын “Киелі түс” көріп, оны өзінше жориды.

...Кісі екенмін бұдан гөрі тұрмысты
Және күнде жазады екен жыр күшті.
Қанжығаңды қандап жүр деп осымен,
Абай ағам бере салды бір құсты, —

дейді ақын, өлең түйінінде:

Қыр басында салып тұрмын қиқуды,
...Бұл не деген әдемі түс, сүйкімді.
Ит өмірге оянбай-ақ қояйын,
Бұзбаңдаршы, бұзбаңдаршы ұйқымды, —

деп түске өзгеше мағына береді.

Жүрсін Ерманның “Абайға мұң шағу” өлеңінде:

Жүз елуге Сіз беттеп,
Біз — елуге,
Жал құйрығы жалғанның күзелуде.
Зәрін шашқан замана бұл қазаққа
Мұрша берер түрі жоқ түзелуге.
Батырар деп белшеден кімді ұйыққа,
Тіксінеміз үңіліп тұңғиыққа.
Атан түйе тарта алмас қасіретің,
Абай аға,
Алаңсыз мінді иыққа.
Күн өтпейді тіл тістеп, тіс қажалмай,
Аяр заман алқымнан қысты ажалдай.
“Ұстарасыз аузына мұрты түскен”
Еліңді ойлап, қайнайды іш қазандай!
Алдымыздан ақ боран жолықпай қыс,
Өтіп жатқан және жоқ қамықпай тұс.
Жалықпаймыз қашанғы жұртты алдаудан —
Алданудан жалықты халық байғұс.
Шортанбай шал болжаған заманақыр
Жетті ме екен: әйел би, бала-батыр.
Ақылымның азабын тартып жүрсем,
Үйретеді үйде олар маған ақыл.
Ағайын да қатыбас — сол қалпында
Азамат жоқ алашқа болған тұлға.
Ешкіемердей еліңді теспей сорған
Алаяқтың қалтасы толды алтынға.
Ит құтырар — тезегін дәрі десең,
Бәрі — әулие қазақтың, бәрі — көсем.

деп ақынға ақын мұң шағады. “Ешкіемердегі еліңді теспей сорған, Алаяқтың қалтасы толды алтынға” деп, “Ит құтырар тезегін дәрі десең, Бәрі — әулие, қазақтың бәрі — көсем” деп алдына алақан жаяды.

Біз емес пе қызыл көз арлан қасқыр,
Арлан қасқыр сонарды малданбас құр.
Ақынына көрсету көрешекті
Бізге ата-бабадан қалған дәстүр.
Қазақ қана қазақтың болды аңшысы,
Соны ұғынар тарихты шолған кісі.
Біздің басты жармаса өкінер ек,
Саған тиген қазақтың сол қамшысы.
Не болады ел көңілде кек тұнса бір,
Не болады ел қастыққа бет бұрса кіл,
Абай жеген таяқты мен де неге,
Жемеймін деп, тоба ғып, еттім сабыр!...

деп, Абай жеген таяқтан бүгінгі ақын да құр қалмағанын баян етеді. “Сенің құның не бәрі жиырма теңге, Менің құным көк тиын ағайынға” деп, шер тарқатады. “Шығып едім ортаға Абай аға, Ағайыннан таяқ жеп келдім бүгін”, “Құдай атқан қазақтың баласымыз, Жеткен кеше мұратқа сені сабап” деп сарқыла сөйлейді. Ғалым Жұмағали Ысмағұлов Абай өлеңдерін талдағанда “Заманды түзетемін, онымен бірге адамды қоса түзетемін” деп жүргенде, алдынан көлденең шығар бірінші жау сол надандық екендігін, сондай-ақ көп надан қосылып, көзі ашық бір адамға татымайтындығына да ақын көзі айқын жететіндігін, содан да болар:

Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, онын қосқанға
(“Мәз болады болысың”).

деген сөз — осының айғағы екенін талдап дәлелдейді.

Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ.
Күлкішіл керден наданның
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның.
(“Сегіз аяқ”).

Осындай кекті дерттен қоғамның өздігінен арыла алмайтынын білгендіктен, ақын оған қарсы айқасқа енді біржола бел шешіп кіріскенін ғалым зерттеу еңбегінде тайға таңба басқандай жаза отырып, екі шумақ өлеңін келтіреді.

Бұл ақынның бір кезеңін қорытындылауы болса, оның жанын күйзелтетін басты себеп:

Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық еш адам,
Біздің сөзге ергенді,

дейді. Бұған қоса ақын:

Өзің жалғыз надан көп,
Ұқтырасың сен не деп,
Әулекі, арсыз елге енді! —

деп тұйыққа тірелгендей болады. Бүгінгі ақын Жүрсін Ерман:

Бөтенің жоқ, бөгдең жоқ, бәрің қандас,
Кінәлауға бәріңді арым бармас.
Қолым сынса оқа емес жең ішінде,
Бөрігімнің астында жарылған бас.
Сағым сынса, мейлі ғой, ол да ішімде,
Ақылыма ақпанның болды шілде.
Көпке деген сенімім солқылдамай
Қалса болды әйтеуір сол күшінде.
Бітер қолдың сынығы, жазылар бас,
Шәй орамал көңілдің назы қалмас.
Айтып-айтып алдыңда арылайын
Халық емес едік қой сөз ұға алмас.

деп жазса, Абайдың: “Ынсапсызға не керек, істің ақ пен қарасы?” деген сөзі ойға оралады.

Абай дәстүрі және тәуелсіздіктің кезеңдегі қазақ лирикасын барлап, барын зерделеп, жоғын жоқтап, ой талқысына салғанда, Абайдың ізбасар ақындары, жолын жалғастырар ұрпақтары барына көз жеткіземіз. Соның бірі — ақын Жүрсін Ерманның шығармашылығы болса, онан “Құдіретіне табыну” кітабы дәлел екендігін айту еді. Біз сол межеден табылуға ұмтылдық. Зерттеуші-ғалым Жұмағали Ысмағұловтың “Абай: ақындық тағылымы” жаңа дәуір ақынының үнімен үндесетіндігіне біршама куә болғандаймыз. Абай ақынның жалғасы бар. Яғни, ол тірі деген сөз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама