Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Абай дәстүрі және тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасы

Академик Серік Қирабаев «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» кітабында: «Ұлттың рухани мәдениетінің ең үлкен бір саласы — көркем әдебиет. Оны халық тарихының бейнелеу жолымен жасалған көркем шежіресі деуге болады», — деп жазды. Ғалым «Абайдың шығармашылық өмірі — қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы» екенін айтса, «Абай және фольклор» кітабында академик Сейіт Қасқабасов: «Қазақ өміріне сын көзбен қараған Абай шығармашылығы, ой-пікірлері ренессанстық сипатта болғандығын, ол Адамды, оның рухани азаттығын, білімділігін барлық мәселелерден биік қойғандығын, қоғамдағы Адам рөліне айрықша мән бергендігін» ғылыми дәлелдеді. Академик Зейнолла Қабдолов: «Сөз өнеріндегі сыр мен сымбаттың үлгісі қандай? Мұның жауабын да Абайдан табамыз. Ол үшін Абайдың лирикасын пайымдап байқау шарт. Абайдың лирикасы — кең көлемді мол қазына; биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра», — деп жазса, академик Зәки Ахметов: «Басты мәселе — Абай халықтың түбегейлі мүддесін қаншалықты терең ұғып түсініп, қандай ойшылдық деңгейде, қандай көркемдік қуаттылықпен айтып жеткізе алғандығында» деп түйіндеді.

Француз тіліндегі идеал, грек тіліндегі идея — мақсат туралы ұғым, түп-негізі мұрат-мақсатқа келіп тіреледі. Біздің бүгінгі идеалымыз — Тәуелсіздік. Дұрысында ол бір бүгінгі ғана емес, халқымыздың сан ғасырлар көкейінде әлдилеген арманы болады. Ол өзі философиялық ұғым. Адам ойының практикаға қарай бет алуы, білімнің іске асуын қамтамасыз ететін үдеріс — идея десек, сол идеямыздың түп-төркіні де — Тәуелсіздік! Әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіретін қоғамдық сана, саяси, праволық, философиялық, моральдық, эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялық идеялардың жиынтығы бір идеологиядан көрінеді десек, сол идеологияның шынар шыңында да, қайнар көзінде де Тәуелсіздік рухы өз туын желбіретуге тиіс.

Тәуелсіздік рухын қанымен енгізіп, жанымен жеткізетін, жеткізгенде адамның ойлау жүйесінің басты қазығы — бастағы мыйдан бастап, жан-жүйеңді елжіретіп, жүрекке жеткізетін — әдебиет және өнер. Әдебиет пен өнердің ішінде шығармашылықтың анасы — поэзия. Біз топыраққа көмілген, жеті қат жер астында қалған тарихымызды — «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» «Жеті ғасыр жырлайды» атты поэзия қазынасынан іздеп таптық. Ол құдірет-күш қаламмен жазылып, қағазға түспей-ақ, қазақ жыршы-жырауларының басында жатталған. Жадында сақталған. Содан аман-сау жетіп, Тәуелсіздігіміздің төріне енді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауларында көрсетілген Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолының басты саласының бірі — рухани дамудың қазіргі кездегі жетістіктері мен мүмкіндіктерін айқын зерделеп, гуманитарлық құндылықтардың, оның ішінде әдебиет пен өнердің тәуелсіздік жылдарындағы сипатын зерттеп саралау — бүгінгі әдебиет сыны мен ғылымының басты мақсаты, негізгі бағыт-бағдары болмақ.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімізді орнықтырғанына он бес жылдан асты. Осы мерзімде Қазақстан түбегейлі өзгеріп, Тәуелсіздік дариясының кең арнасына түсіп, теңіз-тағдырына бағыт алды. Ұлттық әдебиет пен өнердің жаңа сипатты дәстүрлері, бостандық пен адамзаттық құндылықтарға негізделген жаңашылдық рухы қалыптасты.

Сондай жаңашылдық рух қазақ поэзиясында бар. Басында абдырап-дабдырап қалған қаламгерлер не жазамыз емес, не үшін жазамыз деген сауалдарға жауап іздеді. Бұрын айтылуға тиіс емес нәрсені айту батылдыққа баланатын еді. Енді бәрі ашық, не айтсаң да, нені жырласаң да қол байлау, аяқ тұсау тауқыметінен арылды.

Мақсатымыз — осындай тұста Қазақстан Тәуелсіздік алған жағдайда туған мүмкіндіктерді толық пайдаланып, соңғы он бес жылда жарияланған әдеби шығармалардың, оның ішінде қазіргі қазақ лирикасының тарихи-әдеби үдерісін жүйелі түрде жан-жақты зерттеп, талдап-баяндау, тәуелсіздік кезеңде туған қазақ лирикасына біршама баға беру.

«Қазақстан — 2030» бағдарламасының шарттарына, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жылына халыққа арнаған жолдауларында көрсетілген Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолының бағыттарына сәйкес қазіргі көркем әдебиеттің қыр-сырын зерттеу — парызымыз болса, рухани жаңғыруды тереңдете байыптау — басты мақсатымыз болмақ.

Тәуелсіздікті көзімен көріп, дүниеден ерте озған ақын Жарасқан Әбдірашев:

Тағдырымды бұйдалап ерен екпін,
Байтақ елді шаттыққа бөлемекпін.
Өткен күннің арқалап өкілдігін,
Болашаққа барғанда не демекпін?
Сабыр! Сабыр!
Озыпты озар айым!
Сілкінейін, қайтадан сөз алайын!
Өлең деген өлкеге жер аударып,
Жылдар бойы өзімді
«жазалайын!» —

дейді. Нағыз ақындық жүрек! «Байтақ елді шаттыққа бөлемек» үшін, «өлең деген өлкеге жер аударып», жылдар бойы өзімді «жазалайын» деуінде үлкен сыр жатыр. Жарасқан да — Кеңес өкіметінің бодауында болып, айтар сөзін булығып айта алмаған сәттері болған ақын. Тәуелсіздік кезеңде шиыршық атып, «құлыптасын» жазған тұста көз жұмды. Тәуелсіздікті күткен ақынның бірі де Жарасқан еді. Екеуміз Кеңес өкіметі тұсында жас ақындардың Ташкентте, Душанбеде, Мәскеуде өткен фестиваліне бірге қатыстық. Сонда Ресей ақындарынан басқа республикалардың өкілдері тәуелсіздікті ашық арман ететін. Мәскеудегі семинарда Жарасқан екеуміздің өлеңдеріміз өте жақсы баға алды. Семинар жүргізуші сыншылар, ақындар әжептәуір мадақтады. Бірақ мақтағаны бар болсын, кейін «Мен ағыспын, ағысқа қарсы ағатын», «Шахмат заңы» атты өлеңдерім үшін түнгі тергеуге алынғаным бар. «Сен қайсы ағысқа қарсысың, Кеңес өкіметінің ағысына қарсысың ба?» деген мақаммен «тұтқынға» түстім. «Шахмат заңы» атты өлеңімде король ешқашан пешка болмайтыны жайында жазғанмын. «Кеңес өкіметінде пешкілер де король бола алады. Сен неге бұған қарсы жазасың?!» деген сауалдармен қысым көрдім.

Мұны айтып отырған себебім, қазір қазақ елі тәуелсіз. Қазіргі қазақ ақындары — тәуелсіз елдің ақындары. Ақын жүрегі — халқын, ел-жұртын, Ұлы Отанын жан-тәнімен сүйетін жүрек. Бізге тәуелсіздік алып берген бостандық — ұлтжандылық идеясы. Сондықтан қазір ұлтын сүйген ақын үшін Тәуелсіздік туымызды ардақтай, ұлтымызды ұлағатқа бастарлық, халқымызға қайрат-жігер берерлік поэзияның туын көкке көтеретін шақ. Әрбір жанды шуаққа бөлеп, тірліктің тауқыметінен арыларлықтай қуат-күш берерлік ұлттық рухтағы поэзияның заманы. Тәуелсіздікті нығайта беру жолында өжет ұрпақты жігерлендіретін поэзияның дәуірі.

Тәуелсіз боп артты халқым сенімі,
Мұз боп қатқан қайғы-мұңым еріді.
Ақ шыңдары тауларының биіктеп,
Кең тыныстап Ұлы Далам кеңіді.
Жер бетіне қайта шықты алтыны,
Көлдерімде жүзді Аққу, қалқыды.
Толқын атып, дарияларым тасыды,
Тау өзені, ақ бұлақтар шалқыды, —
деуіміз де сондықтан.

Ана тілінің мемлекеттік тіл болуына қарсы кейбір дүбәраларға «Қайт райдан» деп:

Ел болдық, Елдігімізге ақылмен жетер,
Сонша момын болармыз ба, мақұлмен кетер.
Тілімізді сатпақ мәңгүрттер бар,
Ісіне қарасақ кәпірден бетер.
Болғаны ма шет жұрттан жиғаны көп,
Өзінен гөрі өзге ұлтқа ибалы боп,
Жүзі — қазақ,
мыйы басқа,
о, қасқа,
«Иншалла» десе де иманы жоқ, —
дей келіп:
Тоғыз ай толғатқан туған анаңды —
анам десең,
Әкеңнің арғы аталарын бабам десең,
Жаңылмас — жақ,
сүрінбес — тұяқ жоқ деген,
Қорық — Құдайдан,
Қайт райдан,
Қазақ жүрегінде қалам десең.
Қасиетті қазақ біліп ал,
Туған тіліңнің періштесі, пірі бар.
Ә-ә-й! Ата-бабаңның әруағы атқыр,
Анаңның тілінде не әкеңнің құны бар?! —
деуімізде сондықтан.

Өз буынын бұзып-жарып алға шыққан ақын Ұлықбек Есдәулетов:

Өмір саған келдім-кеттім,
Сонда нені тындырдым?
Зерін теріп зеңгір көктің,
Ботананы тұндырдым.
Өмір саған бардым-қайттым,
Таңғы шықты мекендеп,
Құдайыма қайғымды айттым,
Құлақ түрер ме екен деп.
Шыққыр көзді аштым-жұмдым,
Шолдым биік-төменді,
Тілін жұтқан тас тұнжұрмын,
Сөйлетпеңдер мені енді! —

деуі де сондықтан еді. Талантты ақын Ұлықбекті Тәуелсіздік қайта сөйлетті жүрегінің шоғын үрлеп маздатты. «Қазақстан» деген өлеңінде:

Арыстандай айбаттым,
Жолбарыстай қайраттым,
Аспандаған байрақтым,
Қанша жұлдыз жайнаттың,
Қанша бұлбұл сайраттың,
Қазақстан, ардақтым!
Тұлпарыңның шабысын,
Домбыраңның қағысын,
Күңіренткен тау ішін,
Дарияңның ағысын
«Сүйем!» десем — бәрі шын,
Қазақстан — намысым, —

дей келіп, арқаны кеңге салып, кең даласындай көсілген ақын:

Шаңырағың — шырағым,
Топырағың — тұмарым,
Ғаламда жоқ сыңарың,
Ғажайыбым, жұмағым,
Басы таза бұлағым,
Басылмайтын құмарым,
Қазақстан — қыраным!
Айың тусын оңыңнан,
Күнің тусын солыңнан,
Жұлдыз жансын жолыңнан,
Басыңа бақ орнасын,
Қыдыр болсын жолдасың,
Құдай сені қолдасын,
Қазақстан — көз жасым!..—

деп түйіндейді. Ақындықтың ширығар тұсы: «Қазақстан — көз жасым!..» деген тұс. Тәуелсіздікті иығымен арқалаған жан да, тәуелсіздікті сағынышпен күткен жүрек те: «Қазақстан — көз жасым!» деп толғанары хақ.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ мәдениетінде ұлттық жаңа әдебиеттің бастауында тұрған дара тұлға, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ойшыл Абай мұрасы мен дәстүрі мемлекеттілік тұрғысынан, шынында да, ерекше жоғары мағынаға көтерілді. Абайтану осы жылдарда барынша халықтық сипат алып, жоғары мағынаға ие болды.

Абай дәстүрі Тәуелсіздік кезеңге дейінгі әдебиетімізде де және қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетімізде де өз жалғастығын тапты. Дәуірмен үндесті.

Тәуелсіздік жылдарында өзінің лирикалық жырларымен, ерекше толғаныстарымен көзге түскен ақындардың жұлдызды шоғыры бар. Олардың атын атап, санамалап жату бұл жерде мүмкін емес және ол қажет те болмас.

Бір өкініштісі, тәуелсіздік кезеңінің өтпелі тұсында көз жасын көл етіп, не болса соған қайғырып сарсаңға түсетін кейбір күйрек ақындар да бой көрсетті. Олардың көбісі дүниеге ту тігіп жатқан Қазақ елі тәуелсіздігінің құдірет-күшін, мән-мазмұнын іштей сіңіре алмай да қалған болуы керек. Сондай тұста Ахметова Күләш ақын «Күн шыққанда күліп оян» атты жыр жинағында:

Сағынғанда сүйкімді түс көремін,
Күліп тұрған көңілден күш көремін.
Үлкен күнге үлес қой — әрбір адам,
Бір-біріне сыйласа кішкене күн! —

дейді. Ізгілікке толы ақын жүрегі күн шыққанда, күнмен бірге Тәуелсіздік таңы атқанда, күліп оянып, үлкен күнге үлес қосып, «бір-біріне сыйласа кішкене күн», бұдан артық не керек?! Адамға көп нәрсе қажет емес. Егер қажет болса, алдымен осындай адамды алға жетелейтін шуақ қажет.

Күләш ақын сезімін жалғастырғандай, «Жерорта» жинағында ақын Серік Тұрғынбеков:

Елімнің жарлығына,
Ой-пікір ойыспаса,
Халқымның зар-мұңына,
Қабырғаң қайыспаса,
Өмірдің дерегіне
Тамсанып табынбасам,
Ақын боп керегі не,
Ағымнан жарылмасам, —

дейді. Шынында да, Тәуелсіздік теңізі тербеткен тұста, ағынан жарылып, осынау бір тәңір сыйлаған бостандықты жырламаса, ақын парызы өтелер ме сірә?!

Есдәулетов Ұлықбек:
Жүрегім өзімде емес,
Түу алыста, ол кеткен сағынышқа,
қуанышқа, —

деп жырлайды. Ұлы Абайдың:

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі, —

деген сөздерімен үндесіп жатқандай.

Ұлтымыз азаттыққа қол жеткізіп, Тәуелсіздік деңгейінде ғұмыр кешіп жатқанда «Жүректің көзі ашылмаса» не болғаны?!

Абай айтады: «Артық жолдас таппадым татулықтан», — дейді, Тәуелсіздігімізді баянды етер басты мақсат— татулық. Ұлттық татулық — ұлттық мүддеден туады.

Академик Зәки Ахметовтың мына бір сөздері еске түседі: «Абай қазақ поэзиясының идеялық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер қалыптастырды. Абайдың лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда сан салалы, алуан түрлі, тақырыбы, идеялық мазмұны жағынан да аса бай, әрқилы өмір құбылыстарын қамтиды. Халықтың тағдырын, заман жайын толғайтын саналуан әлеуметтік, философиялық лирика түрлері, адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін жырлары махаббат лирикасы, сатиралық өлеңдері, табиғат суреттері, оларға қоса жеке адамдарға арналған жырлары, тағы басқа өлең түрлерін Абай поэзиясынан молынан табамыз. Оларда қуаныш сезімі де, өмірге деген зор сенімі де, мұң мен наз да, зәрлі ащы сын да — бәрі де бар».

Біз бүгінгі тәуелсіз кезең тудырған туындылардан осыларды іздейміз, Абайдың үрдіс-дәстүрін іздеп табуға ұмтылып, тапсақ — қуанып, таппасақ — қынжылып, заманауи ақындармен бірге ғұмыр кешеміз. Қазіргі қазақ әдебиетінде, анығырақ айтсақ, тәуелсіздік кезең әдебиетінде Абай дәстүрін жалғастырушы жаңа толқын, жас ұрпақ өсіп-жетіліп келеді. Әдебиетке бұрынырақ, соғыс жылдары келген Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев бастаған ақындар, олардан кейін «Жылымық» кезең деп аталатын 60-шы жылдары поэзия есігін ашқан Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев тұстастары әрқайсысы өзіндік қолтаңбаларымен дараланды. 70-жылдары топ жарып шыққан Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Темірхан Медетбеков, Күләш Ахметова, Ұлықбек Есдәулетов сынды жаңа толқын алдыңғы ағаларға қарағанда өзгеше, өзіндік үнмен, соны серпіліспен төрге озды. 80-ші — 90-шы жылдары өз даусымен енген ақындар өз алдына бір лек. Солардың барлығын жинақтап айтсақ, 60-шы жылдар мен 90-шы жылдар арасындағы әдебиетке енген ақындар Тәуелсіздік кезең поэзиясына ат салысты. Жол тапқандары да бар, бірден жол таба алмай, дағдарып қалған тұстары да аз емес-ті.

Тәуелсіздік тұсында ел-жұртына көріне бастаған жас ақындар легі — ақиқат шындықты бейнелі поэзия тілімен жырлауды, алдыңғы толқындырға ұқсамауды бағыт-бағдары санап, өлең көкжиегінен көріне бастады. Кейде саналы түрде, кейде өз жүрегінің үндескенін де байқамай қалып, Абай дәстүрінің сара жолын жалғастырып жүрген жас ақындар да баршылық. Жас ақын Аманғазы Кәріпжан әулеті өзінің «Сана суреттері» кітабындағы (2005ж.) «Абай тойында» атты өлеңінде:

Бағыт беріп заманның сырлы өтпелі
Ағып келіп жүрекке жыр көктемі.
Ұлы Абайды тірілтіп астанада
Тағы ашылды тарихтың бір беттері —
деп келіп, өлеңінің бір тұсында:
Күйінсе де ол еліне,
сүйіп көпті,
Міншіл көзге ел рухын биіктетті.
Жер-ананы тербеген тебіреніс,
Жүрегіне Абайдың сыйып кетті, —

дейді де, «Сана суреттерінде»:

Неткен бұл масқаралық...
Сорғалады санамнан аспан ағып.
Құшағымда бүріскен дүниеге,
Қиялымды босаттым баспана ғып, —

деп, «бар дүниеден іздеу салып, өзін-өзі таппаған ақын жаңа дәуірдің көзімен қарап, сөзімен сөйлеуге ұмтылады.

Абай дәстүрінің жалғастығы жас ақын Ақсұңқар Ақын-бабақызының жыр үндерінен өзінше естіледі:

Мен — Ақсұңқар!
Құстың баласы —
Аққу да емен,
Қаз да емен...
Өмірге көңіл наласы:
«Ой түбін үңгіп қаз!» деген!
Өлеңнің шоғын маздаттым,
Бұйырғай
Төрден нәсібім?! —
Қиылған қыршын Боздақтың
Төгілген
Нахақ жасымын!.. —

Өмірге өкпесі болса да, ақындық жүректің түкпірінде туған елге деген сағыныш, исі қазағына деген құпия махаббат сыры мен үлкен мақсат-арманы жатыр:

Ақбоз-арман
Жалына жармасыппын.
Қызыл аяқ
Қыр кезіп,
Жар басыппын...
... Кең Дүниеге
Көзімді ашып қарап —
Тауға шыққым келеді,
Тауға шыққым!

Өлеңнен өрепкіген ақын жүрегі көрінеді. Асығады. Өмірден тезірек өз орнын алғысы келеді. Содан да болар: «Сырт қалған қаракөзіңмін, қақтырмай есік ашыңдар?!» деп үн қатады. «Көзімнің жасы екі елдің етегін жасқа толтырып», «санатқа кірер ме екенмін» дейді ақын. «Екі ел» деп отырғаны — 1993 жылы Монғолиядан атамекенге оралған екен. Әрине, оралған жандардың өз еліне салмақ салмай, қайта салмақ-жүгін көтерісуге келгендігін жырласа оңды болар еді. Өйткені, қазақ еліне келген тәуелсіздік — күні кеше ғана келген тың олжа. Сондықтан жас ақындар өмірге өкпе артпай, тәуелсіздік туын бірге көтеріскені абзал.

Сары күз биыл тағы да
Қақпамды менің қағып тұр.
Сағындырғанның бағына,
Сағыныш-жаңбыр жауып тұр...
...Қыркүйектеп бұйығып,
Сары түске бағындым.
Адамзаттың биігі —
Ақындарды сағындым, —

немесе:

Көктегілер басып қалса түймесін,
Жаңғырып кейде естіледі түнгі есім.
Жұлдыз ақса бетіңізді сипаңыз,
Аққан жұлдыз ақын болып жүрмесін, —

деп, өлең өлкесіне сағынышымен келген жас ақын Әшімбек Жапарбектің жауқазын жырлары Сағи Жиенбаевтың жүрек-лүпілін еске оралтады. Сағи болса, «Көктем» деген өлеңінде:

Қара жердің өзін де
Қаттырақ басқың келмейді, —

дейтін. Қандай ұлы жүрек, нәзік сезім. Поэзия есігін қаттырақ қағып енетін ақынның сол бір ғажайып нәзіктігі.

«Қатардағы өлеңде»:

Тақыр жерге соқыр жаңбыр жауады,
Көзі соқыр тағдырым, ашылмады-ау қабағың.
Басымнан бақ бұлт сынды ауады,
Сені сүйгім келіп еді, қазағым!
...Өлеңімнен рухымды табады
Іздеген жан балдай тәтті таза мұң.
Көзімнен жас жұлдыз сынды ағады,
Сені сүйгім келіп еді, қазағым, —

деп жырланған туындыда өзіндік өзгеше құпия сыр бар сияқты. Бірақ «Сені сүйгім келіп еді, қазағым» деген жолда екі түрлі мағына бой көрсетеді. Қай жағына бұрсаң да лайық.

«Дариға ғұмыр, жыр-жүрек» кітабымен поэзия есігін айқара ашып, табалдырығынан аттаған жас ақын Маржан Ершутегі «Жапырақ-ғұмыр» өлеңін:

Күзгі жаңбыр,
Мен сені ұнатамын.
Жаурап тұр ғой әнеки құба талың
Жел ұшырған жазықсыз жапырақты
Жанымменен әлдилеп жұбатамын, —

деп келіп, «мекенін тастап кетерін бір күн біледі, жапырақ-жүрек! Алмасып өмір сүруін» деумен қарапайым шындықты, қарапайым бояуымен жеткізуі арқылы құндылыққа айналған.

Сенің мені сағынбағаның — қуаныш,
Сағыну деген дерттен өңге нәр бермейді.
Мен үшін сенің ауырмағаның — қуаныш,
Мендегі дерт,
О, ол ешқашан өлмейді!..
...Мазаламайды бұдан соң арымызды өкініш,
Онсыз да көп қой не тірлік.
Бұдан соң көңіліміз, жанымыз да тыныш,
Адасу — енді адаспауымызға кепілдік, —

деп жырлаған ақын Талғат Ешенұлының өлеңі, мағынасындағы кейбір кібіртіктерін былай қойып, несімен құнды десек, өзгеше қолтаңба, өзгеше ырғағымен, сонылығымен құнды. Жаңаша өлең жасау техникасы жалғыз ғана Талғат емес, қазіргі Тәуелсіздік кезең тудырған жаңа толқын, жас буынның басқа да өкілдеріне басты мақсаттай болып көрінетін сияқты.

«Абаймен сырласу» деген өлеңде де ақиқат-шындық бейнелі, астарлы оймен берілген. Жас ақын ұлы Абаймен сырласа отырып, «Тірі жүрсең жыртылар еді жырларың, // Тура жүріп атылар ең Мағжандай» дейді. Енді бірде: «Қойыныңда жатып өскен Шәкәрім, // Жаназасыз тасталды ғой құдыққа», «Жырын сүйіп аударып ең, арыстан // Ақын Бунин қашып кетті Парижге!» деп Уақыттың, Заманның қыспағын Абайдай ақын атасымен сырласу арқылы сыр түйген жас ақын Ақеділ Тойшанұлының да өзіндік соқпағы бар екендігіне куә болдық.

Дей тұрғанмен, Тәуелсіз елдің жас ақындарының өлеңдерінде елдік тақырыбы жетісе бермейді. Көбіне-көп күйкі тірлікті қаралаумен, даттаумен күй кешеді.

Бүгінгі жастарда кешегі Әбділдә Тәжібаев ақынның үні жоқ:

Теңіз!
Сенен ұлы болған емес бір ақын,
Жырың қандай, жырың қандай сұрапыл!
Арасында бұрқыраған дүлейдің
Түн жамыла жылап тұрып тілеймін.
Жүрегіңнің бөлшегін бер,
Өлеңіңнің өлшемін бер.
Ол аз десең, өзімді де ал,
Толқыныңа аямай сал.
Я күйрейін, күл болайын,
Я теңізге айналайын!

Кешегі орта толқын Мұқағали Мақатаевтың өршілдігі жоқ бүгінгі жастарда:

Ығысыңдар,
Ей, таулар,
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан жұмысым бар,
Ата болып не маған ұрысыңдар,
Адам болып немесе ұғысыңдар,
Ығысыңдар, ей таулар, ығысыңдар!
Ей, таулар, қойындарыңды ашып кірем,
Бар сырыңды айрандай шашып білем.
...Жартастардың беттері сора-сора,
Жылапты қарсыласпай, жасық білем...

Кешегі ақындардың 60-шы жылдардағы толқыны Төлеген Айбергеновтың асқақ үні жоқ бүгінгі жастарда:

Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып,
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда,
Мұнаралар басына шырақ тасып...
Білмедім мен, кеудемнен ашты ма кен,
Омырауы осынау тасқын әлем?
Күн көтеріп барады Маңғыстауда,
Мұнаралар аспанның астыменен...

Міне, көрдіңіз бе, Теңізге жұмсаған қуат күшін, бүгінде тірі болғанда, Әбділдә ақын Тәуелсіздікке жұмсар еді деп ойлайсың. «Ығысыңдар, ей таулар, ығысыңдар!» деген Мұқағали ақын Тәңір сыйлаған Тәуелсіздік туына өз поэзиясының туын бірге желбіретер еді. «Аруана-бауыр дүниені» бойына жинаған Төлеген ақын болса, бүгінде: «Күн көтеріп барады... мұнаралар аспанның астыменен» деп, Тәуелсіз қазақтың Астанасын бір тойындай жыр етер еді!

Қазіргі поэзияда ұлттық рух жетіспей жатыр. Оған себеп Тәуелсіздік деген ұлы ұғымды әлі де бойға сіңіре алмағандықтан болар. Біреу кедей, біреу бай, алмағайып заманға қарамастан, ақындық рух — ұлттық рух қашанда қаратабан тіршіліктен биік тұрған. Рухани ұлы тұлғалар ғана Бүгінгі күн үшін, Ертең үшін еңсесін биік ұстай алары хақ. Оған қазақ поэзиясындағы толқын-толқын шоғыр жұлдыздардың талант-дарыны жететініне өзіміз кәміл сенеміз.

Абай дәстүрін жалғастырушы Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасы ширығу үстінде. Теңіз-өмірдің мұхит арманындай Тәуелсіздігімізді паш етер дүниелерді Уақыт асыға күтеді. Күткен дүние алдымыздан шығары сөзсіз. Тәуелсіз елдің Астанасы қалай көз алдымызда көркейсе, Абай дәстүрін жалғастыратын Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасы да өз Бәйтерегін көкке көтеретіні кәміл!

Тәуелсіздіктің бір жолы — Абай дәстүрін көздің қарашығындай сақтап, мол мұрасының мазмұн тереңдігімен ұрпақтарымызға ұғындыру, Абай арқылы әдебиетіміздің анасы — поэзияға мойынсұндыру. Асылында, Абай поэзиясын түсінген ұрпақ — ұлт болашағын ойлайтын нағыз сенімді ұрпақ болып өркен жаяры аян.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама