Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Абай шығармашылығындағы бүгінгі қазақ

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Абай Құнанбаев

Абай – қараңғы қазақ көгіне нұрын шашқан дана дария. Ақиық жан өзінің өнегелі өлеңдерінде халқымыздың тұрмыс – тіршілігімен сабақтасып келе жатқан кертартпа мінездеріне тоқтау салып, жастардың жарқын болашағына үлкен үміт артады. Жүрегінің түбіне терең бойлауға шақырған дара тұлға байырғы жұртымыздың көзге көрінерлік кемшіліктерін қара сөздерінің адуынды күшімен жаза білді. Сол сарқылмас мол мұраның толқыны бүгінгі жаңа заманның жағалауына келіп, алыс айға талпынған жас жүректерді бұрыс жолдың бағытына мойын бұрмай, даналардың жолымен жүруге үгіттейді.

Бүгінде Абай армандаған жас буындардың бейнесі қалай қалыптасып келеді?  Қазіргі таңның жарқын мақсатын болашақпен байланыстыратын ХХІ ғасырдың өрендері өресі кең бабаларымыздың дала төсіне сіңген үні мен жаһандану жаңғырығының арасында қайсысының айтар ойына құлақ түрерін білмей адасып жүр. Шартарапты шарқ ұрған шағаладай арпалысқа түсіп жүрген жастар әлемдік даму жолын ұлттық дәстүрлерімізбен сабақтастыру үшін не істеуі керек? Бұл сұрақтың жауабын махаббатты ғадауатпен майдандастырған ақынның «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінің терең толғанысты шумақтарынан табуымызға болады.

Керек іс бозбалаға – талаптылық,

Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтан сөйлеп,

Сыртқа пысық келеді, көзге сынық, - дейтін тармақтардан ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай істері бітпейтін, Отансүйгіштігі отбасынан басталатын ерлердің талап қылуы арқылы ұлтымыздың тағдырының көгеретінін аңғаруымызға болады. «Ұлттық дәстүр – халықтың генетикалық коды» - деп, Елбасымыз, Н. Ә. Назарбаев айтқанындай денеміздегі әрбір жасушаның құрылымын құрап тұрған дәстүр атты генетикалық кодымызға «қазақ» атауын өзгертіп жіберуге қауқарлы шет елдік мәдениеттердің артық белгілерін қоспай – ақ, дамушыдан дамыған елдердің қатарына тұрақтануды қалайтын Қазақстанның көркем келбетін қалыптастырғанымыз жөн болар. Осы орайда «Көрсеқызар келеді байлауы жоқ, Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртаң» , - деген ақын Абай Құнанбаевтың сөзін санамызға сіндіріп, әрекет етсек қиындықты сүрінбей еңсеретін елге айналарымыз анық. Бұл біздің еңбекқор «Қыпшақ Сейітқұл» негізін қалаған бақуатты халықтың жобасын жасаудағы күресер бірінші кемшілігіміз болмақ.

Ендігі кезекте екінші осал тұсымызды көкейімде өрілген өрім ойларыммен айтып өтейін. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен шақта, еліміздегі жастар ағысының бағыты шет мемлекеттердің білім ошағының жарығына бет бұрды. Ғылым жолына адымдаған халқының сүзілген жібек баулы қанаттарының ілімге қарай ілгерілеуі дұрыс әрине, бірақ олардың жұдырықтай жүректерінің топырағы қанына сіңіп кеткен туған жеріне мойын бұрмауы өкінішті.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге...

Өлеңді сөздің патшасына балаған кең құлашты жан «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде келер ұрпағыныңайдарынан жел есіп тұрған ғұлама ғалымдардан дәріс алуға шақырады, алайда атамекеніне қайтып оралмасаң да болады деген жоқ. Сонда келешектің көшбасшылары Абай салған соқтықпалы, соқпақсыз жолдың жалғасын өзге ұстанымдармен қаруланған мекендерде жалғастырмақ болғаны ма? Ондай ойлы жастарға менің айтарым «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!».

Менің ойымша, өркениетті Қазақстанды көріктендіретін жас бұлбұлдарымыз осы екі кемшілігін ауыздықтар болса, талап, еңбек, терең ой мен қанағат, рақымды ойлайтын жастар болып қалыптасып,Абай атауына ие бесінші мұхиттың даналығына қанып, шөліркемесі анық. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?», - деп, Абай атамыз қалдырған өсиетке лайықты болып адамдық борышымыздан айнымайық...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама