Акация гүлі немесе басы жоқ адам
Ол жеңіл киініп далаға шыққан. Көктем мезгілі ғой. Аспан шайдай ашық екен. Қыста тымырайып, суық сорып жататын қала көшелері жадырай қалған. Ауада әдемі иіс бар. Бір сәтте дүр етіп бүршік атып, жапырақтарын жая қалған ағаштар да жас өмірдің жырын жырлап, жасыл нілге малына қалыпты. Шымқай. Жазушы мардымсыз ұзақ отырыстан қажыған сияқтанды. Ол көктемгі табиғатты жаңа көргендей елітіп, емірене қалған. Айналасына таң-тамаша. Оның анда-санда осылай бой сергітіп, серуендеп қайтатын әдеті бар еді.
Ұзын көшеге түспей-ақ, адам аз жүретін тар, шолақ көшелермен төтелей тартып, Сен-Жермен бульваріне келетін. Осы жолы да, сол баяғы жүрісінен жаңылмай сола қарай беттеген. Үйінен әжептәуір алыстаған да барып бір нәрсе кенет ойына түскен дей қалт тұра қалған. Кері кеткісі келген. Бірақ оның өзі де біршама жер болатын. «Сол адам тағы кездеседі-ау маған», — деген ой мазаласа да, алған бағытын өзгерпеуге тырысты. Әлгіндегідей емес жүрісін ширатып, ауырлау денесін жеңіл көтеріп келе жатқандай көрінді өзіне. Жан-жағына қарамауға тырысқан. Қоқырайған қоңыр цилиндрін баса киіп, еңкеңдеп келеді.
Бұл — де Тревиль сарайының сырт жағы болатын. Қаланың ауқаттылары тұратын аудан. Бірақ ол кездеспеді. Жазушы соған шын қуанды. Енді асықпай жүруге болады. Пысынап ыстықтағандай болған. Аздап алқынып қалған сияқты. Кең көшеге шыққанда, кәдімгідей тыныстап қалған. Аз аялдап ауаны құмыға жұтқан. Жолай үш-төрт адам бас изеп амандасқан. Бұл да жұмсақ жымиып, күле бас изеген.
Міне, алдында өзіне таныс Сен-Жермен бульварі. Шөлдегендей ме қалай. Ақыры сейіл құрып шыққан соң, оң жақтағы шарапханаға бас сұға кетуді жөн көрген. Қашан келсең де жатырқамай қарсы алатын таныс шарапхана. Оң қапталдағы үлкен екі терезден күн сәулесі жамырап тұр. Әзірше шарапханада ешкім жоқ секілді көрінген. Бұл екінші қатардың түпкіріндегі үстелге жайғасқан.
— Мсье, не ішесіз? Бойшаң келген арық жігіт қасына келген. Бұл ең жақсы француз шарабына тапсырыс берді. Бір бокал. Шарапхананың іші тып-тыныш. Үстіндегі сүртігін, бас киімін шешіп жайғасқаннан соң, айналасына барлай қараған. Сонда ғана байқады, мұнымен қатарлас үстелде жас келіншек отыр екен. Кіргенде қалай байқамаған. Жоқ әлде ол да жаңа келді ме екен? Жазушы ұзын, қалың шашын қайыра бір сілкіп тастап, шарап толы бокалын жайымен көтерген қалпы әлгі бикешке басын изеп, сәл күлімсіреп ишара жасаған.
Көзі жалт еткен әлгі бикеш те әдемі иегін сәл түсіріп, бұған жауап ретінде бас изеген. Еріндерімен әдемі өбіп шарап ішкен. Жазушы да шараптан бір ұрттап, хрусталь бокалды үстелге қойған. Еріксіз тағы бір қарап қалып еді, бейтаныс бикеш те тәкаппарлана көз тастап отыр екен.
— Мсье, сіз неге қарай бересіз? — Бикеш жұлып алғандай тіл қатқан.
— Ал, сіз неге қарай бересіз? Жазушы қарсы сұрақ қойған. Бикеш наздана бір күлді де:
— Мен сізді танитын сияқтымын, — деген. Осы сөз қанат бітірді ме, кім білсін жазушы еркінсіп кеткен.
— Айыпқа бұйырмасаңыз, сіздің қасыңызға аз уақыт жайғасуға болар ма екен?
— Мейіліңіз...
Бикеш әппақ, сүйіріктей саусағын ұсынып жатып, «Сюзанна де Бодуэн» деп аты-жөнін айтты. Назбен. Сыңғырлап. Күрең шляпасының маңдайынан түсірген қара шілтері ашық қабағын, кой көздерін сәл көлеңкелеп тұр еді. Жазушы бірақ аты-жөнін айтпады. Есте қаларлықтай отырыс болған. Әсіресе бикеш үшін. Өнбей жатқан жазу мен баспаның ісі расында жазушыны діңкелетіп тастаған екен. Ол шабыттана сөйлеп, әдемі, сүйкімді келіншекке әлсін-әлсін ұзақ қараумен отырды.
— Мархаббаттым, мен туралы бір кітап неге жазбасқа?! Сюзанна сықылықтай күліп әлде шын, әлде өтірік наз тастаған. Жазушы жымиған да қойған. Бұлар тысқа шыққанда бульварда адамдар көбейіп қалған екен. Ерсілі — қарсылы кешкілік серуенге шыққандар.
— Мсье, берірек жүріңізші, мен сізге бір нәрсе көрстейін, — деді бикеш қиылып. Екеуі бульвардың шығыс жағына қарай жүрген. Сюзаннаның жүрісі жеп-жеңіл. Еліктей орғып, яқтарын еркелеп басады. Өзі көңілді.
— Міне, көрдіңіз бе, менің ұлы жазушым?!
Ол жаңа гүлдеген акация ағашын нұсқады. Мимозаның алтын сары түсті гүлдері шашақтанып, төгіліп тұр екен. Көздің жауын алады. Бикеш шын шаттанып барып, күлтеленген шашақты гүлді құшырлана иіскеді де:
— Сіз білесіз бе, мен бақытытмын! Иә шексіз бақыттымын! — деп ауаны жаңғырықтыра айқай салды. Қос жанарында осынау өмірдің, әдемі, кіршіксіз өмірдің бал-бұл жанған нұры шалқып тұр еді. Ол бұрынығдан да сұлулана түскен. Ойлы көзімен тесіле қараған жазушы ішінен: «Иә сен, Сюзанна, бақытты болуға әбден лайықсың!», — деген тұр еді. Ол да балаша қуанып тұр еді...
Күн Де Тревиль сарайының аржағына қарай еңкейгенде, жазушы бикешпен қимай қоштасып, Сен-Жерменде кездесіп тұруға уағдаласып, үйіне қарай тың шабытпен асығып бара жатқан еді. Ол басқаның бәрін ұмытқан. Үстелге құлшына отыруға бейілді. Өзіне таныс көшенің бұрышын айнала бергені сол еді, баяғы таныс бейне көлденеңдеп тұра қалмасы бар ма.
— Мәртебелім, бұл қандай керемет күн! Дәл бүгін сізді жолықтармындеп ойлаппын ба? Бұл жағдай үш ұйықтасам да түсіме кірмейді ғой. Жүріңіз, мархаббат, біздей пақырдың лашығына бас сұғып шықсаңыз...Мен өмірбақиға айтып жүрер едім ғой.. Ой, менің үйіме кім келмеді деп.. Иә-иә, Аса мәртебелі Сіз келді деп.. Оңбағандар білсін менің кім екенімді!...
— Шикіл сары кісі, басындағы цилиндрін алып, тағы да бәйек болып тұр. Бұл мүмкін сегізінші, әлде тоғызыншы өтініші. Жазушы бір сылтау тауып, құтылып кететін. Немесе кейінге қалдыратын. Бірақ бұл жолы құтыла алмасын білді де, келісімін берді. «Уақытымды алмасаңыз... Өте асығыспын», — деген.
Париждің ауқаттылары қоныс тепкен ауданда тұратын адамның анау-мынау кісі емес екендігі белгілі ғой. Бірақ жазушының суқаны сүймейтін. Дембелше, шикіл сарыны. Өн бойынан пасықтық пен дарақылықтың иісі мүңкіп тұратындай еді. Байшыкештің қуанғаны соншалық, алақандарын соғып қалып, жазушының алдына түсе салып мәймаңдай жөнелген. Биік дуалға өзі бастап кіріп, екі қабатты үйдің ауласымен алып жүрген. Үлкен емен есіктің аржағына өткен. Екеуі. Табалдырықтан аттай салысымен әйеліне дауыстап жар салумен болды. Кірес берістегі үлкен залдың қарсы бетіндегі сәкіде париктер тізіліп тұр екен. Неше түрлі. Жазушы байшыкештің парик киетінін енді байқаған.
— Міне, мархабат, көрдіңіз бе? Парик деп осыларды айту керек! Қалай таңқалмайсыз, а?! Құдайым-ау, де Мольердің паригі, парик пе?!
Үй иесі сәңірейіп мақтанып, жазушыдан керемет қошемет күтіп тұр еді. Үндемеуге тіптен ыңғайсыз. Жазушы мырс еткен. Байшыкештің бар-жоғын ұмытқан сыңайлы қалып танытып, париктерге қарап тұрып былай деген еді:
— О, ғажап! Расында қалай таң қалмайсың! Құдай да шебер ғой, басы жоқ адамда осыншам ма парик болады екен-ау!..
Мұны айтқан француздың мәртебелі һәм ұлы жазушы Оноре де Бальзак болатын. Әлгі үйден шыға қашқан жазушының акация гүлдері туралы, әлгі Сюзанна туралы тәтті қиялын қайта таба алмай ұзақ әуреге түскенін ол пақырың білді дейсің бе...