Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Әкімшілік процесс және іс жүргізу

Әкімшілік процесс — кең көлемді, күрделі құрылымды процесс. Ол көптеген мемлекеттік басқару аясын және әр түрлі жеке істердің категорияларын қамтиды. Сондықтан ол бірнеше әкімшілік өндіріс түрлеріне бөлінеді. Әкімшілік процесті жекелеген іс жүргізу түрлеріне бөлудің себебі, әрбір жеке басқару ісінің әр түрлі ерекшеліктері мен қасиеттеріне байланысты, оларды қараудың және шешудің заңда белгіленген өзіндік тәртібі бар. Мысалы, азаматтардың өтініштері, шағымдары мен ұсыныстарын қарап, шешім қабылдаудың және мемлекеттік органдар тарапынан азаматтардың қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін мадақтау тәртібі мен реті бөлек. Әрбір әкімшілік іс жүргізу басқару істерін қарау мен шешім қабылдауды реттейтін нормалар жүйесін құрайды. Сондықтан ол жекелеген әкімшілік процессуалдық құқықтық институт болып саналады.

Әкімшілік құқық ғылымында әкімшілік іс жүргізу түрлері бойынша біртұтас пікір әлі қалыптаспаған. Бірақ жоғарыда келтірген белгілерге байланысты әкімшілік процесті келесі әкімшілік іс жүргізу түрлеріне бөлуге болады:

— азаматтардың ұсыныстары, өтініштері мен шағымдар өндірісі;
— мадақтау істері бойынша өндіріс;
— істер бойынша өндіріс;
— әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша өндіріс.

Әрбір өндірістің әр түрлілігіне қарамастан, аталған әкімшілік іс жүргізу түрлері мемлекеттік басқару аясында жүзеге асырылады және іс жүргізудің қандай да болмасын түрін жүргізу өкілеттілігі атқарушы билік органдардың және оның лауазымды тұлғаларының құзыретіне берілген.

Азаматтардың ұсыныстары, өтініштері және шағымдары бойынша өндіріс

Өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ басқа да жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның немесе мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында азаматтардың басқару органдары мен олардың лауазымды тұлғаларына өтініш жасауға құқығы бар. Оның көрінісін ҚР Конституциясының 33-бабына сәйкес «ҚР азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жөнінде, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар» деп белгіленуінен көруге болады.

ҚР азаматтарының өтініштерін қарау тәртібі «Жеке және занды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 Заңымен реттеледі. Бұл заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында олардың өтініштерін беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

Осы заңда мынадай өтініш түрлері бекітілген:

— арыз — адамның өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құықтары мен бостандықтарын іске асыруда жәрдем көрсету туралы өтініш хаты не заңдардың және өзге де нормативтік құқықтың актілердің бұзылуы, өтініштерді қарайтын субъектілердің, лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарлама не олардың қызметін сынау;
— өтініш — өтінішті қарайтын субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жіберілген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған электронды құжат нысанындағы ұсыныс, арыз, шағым, сауал немесе үн қосу;
— сауал — тұлғаның жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтініші;
— ұсыныс — адамның заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық және өзге де қызмет салаларын жақсарту жөніндегі ұсынымы;
— үн қосу — адамның мемлекет жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өз көзқарасын білдіруі;
— шағым — адамның өзінің бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру, лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін жою, сондай-ақ субъектілердің заңсыз шешімдерінің күшін жою туралы талабы.

Қарауға жатпайтын өтініштер:

— мұндай өтініште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер бар және мемлекеттік органдардың құзыреттеріне сәйкес оларға дереу жіберілуге тиіс жағдайларды қоспағанда, иесі бүркемеленген өтініш;
— мәселенің мәні баяндалмаған өтініш.

Егер өтінішті қараусыз қалдыруға негіз болған жағдайлар кейіннен жойылса, субъект немесе лауазымды тұлға аталған өтінішті қайта қарауға міндетті.

Жазбаша өтінішке қойылатын талаптар

Өтініш құзыретіне өтініште қойылған мәселелерді шешу кіретін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жіберілуге тиіс.
Жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты, пошталық мекен-жайы, заңды тұлғаның өтінішінде — оның атауы, пошталық мекен-жайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі. Өтінішке арыз иесі қол қоюы не ол электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуға тиіс. Шағым жасалған кезде іс-әрекетіне шағым жасалып отырған субъектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегі және аты-жөні, өтініш жасау себептері мен талаптары көрсетіледі. 3. Субъектіге тікелей жазбаша өтініш жасаған арыз берушіге тіркелген күні мен уақыты, өтінішті қабылдаған тұлғаның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон беріледі.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, тіркеу және есепке алу тәртібі:

Жоғарыда аталған заңда белгіленген тәртіппен беріл-ген өтініштер міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға тиіс. Өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыреті шегінде статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастырудың, қабылдаудың, тіркеудің және есепке алудың жай-күйі үшін субъектілердің басшылары мен лауазымды тұлғалар дербес жауаптылықта болады.

Өтініш жеке немесе заңды тұлғаның өкілі арқылы енгізілуі мүмкін. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Жеке және заңды тұлғалардың жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес түскен өтініштері осы Заңда белгіленген тәртіппен қаралуға тиіс. Өтініште қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кірмейтін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға келіп түскен өтініш үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы арыз берушіге хабарлана отырып, тиісті субъектілерге жіберіледі.

Өтінішті қарау мерзімдері

Қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілмейтін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші күнтізбелік он бес күн ішінде қаралады. 2. Қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші субъектіге, лауазымды тұлғаға келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.
Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда, қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады. Өтінішті қарау мерзімін субъектінің басшысы немесе оның орынбасары ұзартады.

Егер өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап етсе, онда өтініш түпкілікті орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады.
Мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитындарды қоспағанда, өтініштерді қарау үшін маңызы бар актілер, құжаттар мен басқа да материалдар өтініштерді тікелей қарайтын субъектілерге немесе лауазымды тұлғаларға күнтізбелік он бес күн ішінде беріледі.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі

Субъектілер мен лауазымды тұлғалар өз құзыреті шегінде:

1. жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін объективті, жан-жақты әрі уақтылы, қажет болған жағдайда олардың қатысуымен қарауды қамтамасыз етеді;
2. жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;
3. арыз берушілерге олардың өтініштерін қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабарлайды;
4. арыз берушілерге олардың өтініштері өздерінің құзыретіне сәйкес басқа субъектілерге немесе лауазымды тұлғаларға қарауға жіберілгені туралы хабардар етеді.

Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіру, заңды әлденеше рет немесе өрескел бұзушылықтар туралы өтініштер субъект басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті жерге барып тексерілуі мүмкін.

Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірі қабылданады:

— өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;
— осындай шешім қабылдауды негіздей отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы;
— өтініштің мәні бойынша түсінік беру туралы;
— өтінішті қарауды тоқтату туралы.

Бір тұлғаның мүддесі үшін бір мәселе бойынша бірнеше өтініш келіп түскен кезде бірінші өтініш негізгі өтініш ретінде тіркеледі, ал кейінгілері негізгі өтінішке қоса тіркеледі және бірінші өтініш келіп түскен күннен бастап есептелетін белгіленген мерзім шегінде оларды шешудің нәтижелері туралы арыз берушілерге хабарлана отырып, бір өтініш ретінде қаралады.

Өтініштерге берілетін жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негізделген және дәлелді, мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде болуға, арыз берушінің қабылданған шешімге шағым жасау құқықтарын түсіндіре отырып, оның дәлелін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректерді қамтуға тиіс. Жауапқа қатысты қандай да бір ұсынымдар, талаптар, өтініш хаттар, өтініш айтулар болған кезде, олар назарға алынады және оларды субъектінің басшысы немесе оның орынбасары іске қосады. Егер қайта жасалған өтініштерде жаңа дәлелдер немесе жаңадан анықталған мән-жайлар келтірілмесе, ал осының алдындағы өтініштің материалдарында тексерудің егжей-тегжейлі материалдары бар болса және арыз берушілерге белгіленген тәртіппен жауаптар берілсе, өтініштерді қарау тоқтатылады. Өтініштерді қарауды тоқтату туралы шешімді субъектінің басшысы немесе оның орынбасары қабылдауға құқылы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама