Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ала мысық

Біздің мысығымыздың үш баласы бар. Бауырын жаңа көтерген бала мысықтар сүйкімді-ақ.

Бірде мектептен келсем, осы мысықтың екі баласын біреулер алып кетіпті. Тіпті ала мысықтың өзін де қолқалай келгендер болды.

Көрші ауылда тұратын Әлия апай:

— Үлкен мысығыңды бере тұр, үйімізді тышқан басып кетті, — деп апама бұйымтайын айтып жатты. Әрине, апам оның көңілін жыға алмады.

Алғашқы күндері бала мысық анасын іздеп, мияулаумен болды. Өзі жүдеп кетті.

Арада біраз күн өтті. Біз де едәуір көндігіп қалғанбыз. Таңертеңгі шайға отырған бетіміз еді. Бір мезгілде мысықтың мияулаған үні естілгендей болды. Пырылдап жатқан бала мысық есікке қарай жан ұшырып ата жөнелді. Есікті шалқайта ашып жібердім. Ар жағында арып-ашып кәдімгі ала мысық тұр. Ол кірген бетте бала мысыққа қарай ұмтылды. Кәдімгідей бауырына басып, жалап-жұқтап жатыр.

— Қайран ана жүрек десеңші?! Заты мысық демесең, бұл да ана. Анаға баласынан қымбат ешнәрсе жоқ екен ғой! — Апам бір түрлі елжірей үн қатты.

Бұл кезде ала мысық баласымен алаңсыз мәре-сәре боп жатты.

— Апа, ала мысықты енді ешкімге бермейікші! — дедім мен ана мен баласының қауышқан сәтін қызықтап тұрып.

— Жарайды, күнім, баласынан айырмай-ақ қояйық, — деді ол. Сол күннен бастап ала мысық пен баласының жұбы жазылмайтын болды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама