- 15 жел. 2019 00:00
- 221
Қоңыр үйрек
Жаздың тамылжыған күндерінің бірі болатын. Көкем екеуіміз шөп шабуға бардық. Шабындықтың шөбі қалың екен. Көкем атты доғарып, шалғы шыңдауға кірісті. Мен атты тұсамақ болып, белуардан келетін көк шөптің арасымен келе жатқам. Дəл алдымнан пыр етіп үйрек ұша жөнелді. Мен шошып кеттім. Жетелеп келе жатқан атым да елең етіп, құлағын қайшылап тұра қалды.
— Көке! Көке! Ұяда үйректің жұмыртқалары жатыр, — дедім дауыстап.
— Құстардың жұмыртқа басатын кезі, балам. Ұясына жолама! Безіп кетеді,— деп айғай салды көкем.
Мен үйректі аяп кеттім. Тамақ əкеп бергім келді. Оны көкеме айта алмадым. Ертеңінде қос уыстай бидайды қағазға орап ала келдім. Үйректің ұясына жақындай бергенімде, қоңыр үйрек тағы да пыр етіп ұша жөнелді.
— Ұяның қасына барма дегенім қайда? — деп əкем айғайлап шақырып алды.
— Енді бармаймын. Үйрекке жем əкеп едім, — деп шынымды айттым. Көкем үндеген жоқ.
Арада біраз күн өтті. Дайындаған шөбімізді тасуға кірістік. Үйректің ұясын көргім келді. Барып қарасам, ұя бос жатыр. Жұмыртқаның шашылған қабығынан басқа ештеңе жоқ. Балапандарын шығарып əкеткен ғой деп ойладым. Өзенге барып, атымды суарып жатқанымда үйректің барқ еткен дауысы шықты. Жалт қарасам, балдырлы қара қоғаның арасында құйтақандай балапандарын ертіп, қоныр үйрек жүзіп жүр екен.
— Көке! Көке! Қоңыр үйректі қара, балапандарын шығарыпты. Тез келші! Көрші! — деп айғай салдым. Көкем қасыма келіп, басымнан сипап тұрып:
— Анада сен жұмыртқасын алсаң ғой, мына балапандар дүниеге келмеген болар еді. Көрдің бе, жан-жануар, құрт-құмырсқа, жəндік атаулының бəрі тіршілік үшін күреседі. Сен оларға жəрдемші пана бола біл, балам, — деді үйрек жаққа қарап. Қоңыр үйрек үрпек бас балапандарын ертіп, өзеннің бетін қақ жарып, арғы жағалауға жүзіп бара жатты. Анда-санда біз жаққа мойнын бұрып, қарап қояды.