Алаш арысы - Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қызметі
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн! – деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Мағжан Жұмабаев – қазақ халқының тарихында, әдебиетінде ерекше орын алатын ұлы тұлға. Оның шығармалары арқылы сол кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалыстың өрлеуі мен құлдырауын сезінуге болады. Ол өзінің шығармашылық қызметін халық өмірімен байланыстырды. 20 ғасыр басындағы қазақтың тарихын Мағжан өлеңдерінен аңғаруға болады. Бұл кезде Қазақстанды орыстандыру, жергілікті халықты түрлі қорлаулар жүріп жатты. Осыдан кейін Мағжан қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің ақындық үні болуға бел буады.
Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев кішкентайында ауыл молдасынан сауат ашып, кейіннен Қызылжардағы татар зиялысы М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Осы медресенің қабырғасында жүргенінде жазылған “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлеңі ақынның ұлтымыздың зиялы қауымына деген алғашқы өлеңдерінің бірі болды. Білімін жалғастыра отырып, Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды. Медреседен кейін Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүргенінде көрнекті Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды тұлғалармен таныс болып, қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты қоғам мәселелеріне белсенді араласа бастады. «Алаш» партиясының мүшесі болып, жалған айыптаулармен бір айға жуық түрмеге де отырып шықты. Бірінші және екінші жалпықазақ съездіне депутаттыққа кандидат ретінде және делегат болып қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төраға болды. Сонымен қатар, Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. 1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүрген кезінде Мағжанның жалпы қауымға арналған өлеңдері бойынша 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтары талқылауға түсіп, қатаң сынға алынды. Кейіннен педагогикалық қызметтер атқарып, көп ұзамай оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады.
Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жылдығына орай республика көлемінде халықаралық және практикалық конференциялармен қатар дөңгелек үстелдер өткізілуде. Соның ішінде, қазіргі таңда білімді әрі білікті маман дайындаумен қатар, еліміздің қарыштап дамуы жолында аянбай еңбек етуге қабілетті нағыз қазақ жастарын тәрбиелеп шығару жолында еңбек етіп келе жатқан еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарих кафедрасының Тарих-география мамандығының 1- курс магистранттары куратор эдвайзер Қозғамбаева Гүлнар Бестібайқызымен бірге 3-сәуір күні Рухани жаңғыру аясында «Алаш арысы - Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қызметі» атты тәрбиелік іс-шара өткізді. Іс-шара барысында магистранттар көрнекті тұлға Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы мен шығармашылығын, қазақ қоғамына сіңген еңбегінің маңыздылығы туралы айтылып, «Мағжан Жұмабаев және Алаш» тақырыбында баяндама оқылды. Іс-шарада Мағжан шығармашылығынан «Мен жастарға сенемін», «Қарындастарға», «Тірі бол», «Мен кім?» атты жігерлендіретін өлеңдері мәнерлеп оқылды. Мағжанның жалпы қазаққа, жастардың ынтасын, көздерін ашуға арналған өлеңдері қай заманда болмасын өте өзекті. Ұлт зиялысының елі мен жерінің егемендігін, қараңғы қоғамның көзін ашуға бағытталған қызметі аясында магистранттар өз ойларын ортаға салып, деректермен бөлісті. Іс-шараның мақсаты қазақ үшін құрбан болған көрнекті тұлғаның өмірін дәріптеу, ұлт үшін жанын қиған азаматтардың ешқашан ұмытылмайтындығын көрсету. Қорытынды сөз ретінде, куратор эдвайзер Мағжан сенген жастардың тарихымызды ұмытпай, еліміздің одан әрі дамуы үшін білікті маман, білімді ұрпақ болу керектігін айтып өтті.
Мағжан Жұмабаевтың жүрген жолы, жасаған қызметі әрқашанда қазақ тарихындағы маңызын ғана айқындап қоймайды, сондай-ақ, ең бастысы ұлттың ойлау жүйесіне әсер ету арқылы сіңірген еңбегі екендігін көре аламыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Профессор м.а. Қозғамбаева Г.Б.
Тарих факультетінің 1 курс магистранты Әубәкір Г.Р.