Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әлім болыс

25-жылдың жазы еді.

Қарасу елінде сайлау. Ел екі жік. Бір жағын бастап жүрген Құламбайдың немересі Берден. Екінші жағын бастаушы — Басығараның Әлімі. Басығара атқа мініп, ел тізгінін ұстағанда өлке бойындағы елде қарсы шығар, бетін қайтарар жан болмады деп Дәкең марқұм аңыз қылып отырушы еді. Әлім де заманында олқы болған жоқ. Ағасы Ахмет он жыл ұдайы болыс болып, Қарасу елін ашса алақанында, жұмса жұдырығында қылды.

Сол Әлімнің ауылында сайлау. Қатарлап тігіп тастаған ақ үйлер. Ауыл сыртында лек-лек болып үйірлеп тұрған қалың жылқы, қотан толған қой, өріс толған сиыр, түйе...

Сайлауға жиналған адам құрттай қайнайды. Төбе-төбенің басында топтанып отырған жұрт. Топтан бөлек екеу-екеу, үшеу-үшеу сыбыр-сыбырға, жыбырға кірісіп жатыр.

— Аналар не айтады?

— Уа, тәйірі, Берденде табан бар ма? Жеңілетінін білген соң көлгірсуге айналыпты: "Әлімнің өзі сайланам десе сөзім жоқ. Әйтпесе, жаман Итаяқтың баласын дәріптеп көтергенше, мен де басқа адамы емеспін ғой, жолын маған берсін",— дейді.

— Жалынайын деген екен...

— Айтып айтпады, осы Әлімнің өзі неге сайланбайды?

— Сайлаушы төре ыңғай бермей отырған көрінеді ғой: "Байды сайлап келдің деп мені айыптап жүрер, одан да ыңғайыңыздан шықпайтын біреуді сайда",— деп.

— Онысы да дұрыс екен. Итаяқтың баласының болғаны Әлімнің өзінің болғаны ғой...

Бұл — партия басы, жігіт ағаларының күңкілі. Бұлардан шығып байлаулы тұрған топты аттың жанына таман барсаң, жалбау киімді, жаман етікті кедейлерді көрерсің. Еріндері кезеріп, күнсіп отыр.

— Ау, кім сайланбақшы болыпты, білесіңдер ме?

— Уай, мейлі, әйтеуір біреуі сайланар. "Өзімізге жоқ көтен боғымен піссін", Бізге сол болыстығынан да бірер аяқтан қымыз берсе екен. Қашанғыдан бұрын таңдайымыз кеуіп болды...

— Осында бізді қандай сор айдап келді, шалабымызды ішіп, тыныш жатсақ болмады ма?

— Бәсе, десейші!..

— Уа, кім сайланды?

— Әлім сайланды!

— Бәсе, солай болса керек еді ғой!

...Әлім болыс шау-шау етеді:

— Қит етсе, "кедеймін" дегенді шығарып алыпты бұл жұрт. Неғыл дейді екен? Малын тартып алған біреу бар ма екен?

Байдан таяқ жеп, басы жарылған бір малай үсті-басы қан-қан болып кіріп келіп еді, Әлім болыс шіміркеніп қоя берді:

— Шық, шық!.. Кім шақырды сені?!

Оң жақта емізіктенген қара сабаның жанында таранып отырған Ағжан сұлу-бәйбіше қабағын кіржитіп, байына наздана қарады:

— Немене құл-құтанды үйір қылып жібергенің?.. Үйдің маңына ондайларды келтірме деп әлгі жігіттерге неге айтып қоймайсың?..

Басы жарылған малай бір ауыз мұңын айта алмастан үйден шықты. Жыламсырап кетіп бара жатып:

— Біздей сормаңдайларға қолының ұшын беретін жан бар ма екен? — деп өксіп-өксіп жылады.

* * *

Кенел стансасына кіріп келсем, стансаның есік жағында төменгі жаулықты басына сәлде құсатып ораған, көне барқыт шапанды қаусырына түсіп бір қазақ әйелі отыр. Аққұба, қыр мұрынды келген маңғаз адам. Шырамытайын деймін бе, қалай?.. Апырмау, бұл кім? Ойлап келе таптым — Ағжан бәйбіше екен!

Ірілі-ұсақты екі-үш баласы бар. Көне текеметті жерге төсеп, жағалай отырыпты. Бәйбіше күрсінгенде жүрегі қарс айрылғандай болады.

— Ойқой, заман! — дегенде көзінің жасы мөлт-мөлт етеді.

Қара құманға шәйді әзірлеп Ағжан бәйбіше дастарқанын жайды.

Көңілсізденіп, бұйығып енжар болып отырған балалары шайға бірден қол қойған жоқ, бұрынғы "тоқмейілдігін", "ұяттығын" істегендей болып, шіренісіп отырды.

Ағжан қабағын кіржитіп қарады да:

— Сормаңдайлар, неге жетісіп шіреніп отырсыңдар? Ішіңдер мына керелеріңді! — деді.

Есіктен Әлім кірді. Баяғы "болыстық" қалып жоқ, ұры иттей жылмаңдап, кішірейіп мүжіліп қалыпты.

Қара құманның жанына отырып, кесесін жерден алып жатып:

— "Көресінді көрмей, көрге кірмейсің" деген осы екен ғой, —деп күрсінді...

* * *

Әлім кәнпескеленген. Бәйбішеде маңғаздық жоқ. "Қалқа", "шырақ" қылып өсірген балалары енді "сормаңдай" деген атты алған.

Бұл күйге түсірген кім?

Кім болсын:

— Сайлауда сөз тимей аттың жанында күнсіп жататындар!

— Басы жарылып, бір ауыз мұңын айтуға мұршасын келтірмей, үйден қуылып шығатын малайлар!

— Мыңдаған қойды, жүздеген жылқы-сиырды аш жүріп, жалаңаш жүріп, бағып-қаққан, өсірген жалшылар, батырақтар!

Малай, батырақ кеңеске кірген соң, ел тізгінін қолына алған соң, ойдағы мұңын қорықпай айта алатын болған соң — Әлім аласталып, қуылып отыр.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама