- 24 қар. 2019 00:00
- 273
Алып қара құс
Баяғыда кемпір мен шал мал бағыпты. Тоғыз ұлы бірінен соң бірі ес біле бастағанда шетіней береді екен. Оныншы ұлы дүниеге келгенде, шілдехананың үстіне құдайы қонақ келіп қоныпты. Қонақ кетерінде:
— Сіздің балаларыңыздың иесі алып қара құс. Сол иесіне жетпей, тіл-көзден өледі екен. Бұл ауылдан жыраққа кетіңдер. Ұлыңыз ер жеткен соң ораласыздар, — дейді.
Кеткен соң «қонақ — қыдыр, айтқаны жөн болар» деп кемпір мен шал бір түнде көшіп, бір тоғайдың шетіне барып үйлерін тігіп, сонда өмір сүре бастайды. Бала үш-төрт жасқа келеді.
Күндердің күнінде шал аңға шығып, жебесіне еш нәрсе ілінбей арып-ашып қайтып келе жатса, аспаннан бір алып қара құс көрінеді. Тырнағына қыстырған қызарғаны бар. Мұны көріп шал:
— Дәу де болса, сен еліктің лағын әкетіп бара жатсың ғой, — деп көздеп тұрып үш мәрте атады. Сонда құс қалықтап барып үлкен дарияның ар жағына құлайды. Шал олжаға кенелдім деп масаттанып, сал жасап дарияның ар жағына әрең өтіп, құсқа жетіп барса, қасында сұлап өзінің баласы жатады. Тасқа ұрылған алып қара құста жан жоқ.
Шал жылап-еңіреп, етегі жасқа толып отырғанда, құсқа жан да, тіл де бітіпті:
— Ей, аңшы, сенің ұлдарыңның көктегі иесі мен едім. Тоғыз ұлыңды елің өлтірді. Соңғы ұлыңды өзің өлтірдің. Мен оны адасып келе жатқан жерінен алып келе жатыр ем. Сен оны көктегі иесінен айырдың, — деп өледі.
Сонда барып шалдың есіне баяғы құдайы қонақтың сөзі түседі де, бармағын тістейді. Баласын шекпеніне орап үйіне оралады. Үйінде бәйбішесі жоқ екен. Баланы күндегі жататын орнына жатқызып қойып, домбырасын қолына алып, теріс бұрап отырғанда кемпірі кіріп келеді:
— Ой, құдай-ай, аспаннан алып қара құс көріп, балама бірдеңе болды ма деп өкпемді қолыма алып жүгіріп келмеймін бе? Сен нағып қабағыңды түйіп отырсың? «Таңғы нәсіп тәңірден», «өлмегенге өлі балық жолығар». Елден, жұрттан айналайын, сәлемдеме беріп жіберді, — дегенде, шал «Балаң өлді, бәйбіше» деп естірту күйін тартқан екен.
Күйді тыңдап бола бере кемпірі:
— Әй, шал, сен мұндай күйді тартпаушы едің. Мынауың суық хабар айтып тұр ғой, — деп, жүгіріп барып шалдың шекпенін көтеріп қалғанда, ұзыннан түскен ұлы сұлық жатыр екен. Сонда қарғап-сілеп, шалдың домбырасын қолынан жұлып алып, «Құлыным!», «Құлыным!» деп зарлап, солқылдап, өксіп күй тарта жөнеледі...
... Кемпірдің күйі тым зарлы, зәрлі, ащы болып, шал да шыдай алмай домбыраны қолына қайыра алып, «ойбай, ботам!» деп егіле тартады да, соңынан «Жылама, қатын, жылама» деп жұбату күйін шертеді.
... Сөйтіп, кемпір мен шал баланың өлігін көтеріп елге оралыпты.
(Ескерту: Тағы бір нұсқасында күй соңында бала тіріліп, көзін ашып алыпты, — делінеді.)