tengrinews.kz
- 03 сәу. 2026 20:00
- 29
Алматыда жылыту маусымы қашан аяқталады: мерзімі белгілі болды
Алматыда 3 сәуірден бастап жылытуды кезең-кезеңімен өшіру жұмыстары басталады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл шешім ауа райының жылынып, бес күн бойы тәуліктік орташа температураның +8 градустан жоғары болуына байланысты қабылданды.
Жылытуды өшіру реті
Жылытуды өшіру жұмыстары сатылап жүргізіледі. Ең алдымен әкімшілік ғимараттар, содан кейін тұрғын үйлер, ал соңғы кезекте әлеуметтік нысандар жылудан ажыратылады.
Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, биылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Жылу және электр энергиясымен жабдықтау тұрақты болды, температуралық графиктер толық сақталды.
Өткен жылы жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. 39 шақырым жылу желісі жаңартылып, 17 қазандық жөнделіп, 67 қазандықта жұмыстар жүргізілді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.