- 15 қаң. 2020 00:00
- 194
Аңқауды алдаған айлакер
Көп жылдан бері бірге қызмет істеп келе жатқан екі жолдас болады. Мұның бірі — адамның аңқауы екен де, екіншісі — әрі айлакер, әрі есепкер адам екен.
Бір жылы осы екеуі соғымға бір семіз сиыр сатып алып, оны көшемен жетелеп келе жатады. Аңқау ең арғысы малдың да арық-семізін айыра білмейді екен. Ал енді айлакер қай малды болса да, бір көргенде оның ұңғыл-шұғылына дейін біледі екен.
— Достым, сатып алған малымыз семіз бе? — дейді аңқау.
— Қайдан семіз болсын. Жерлік қана еті бар. Мен қар бекіп, қыс түсіп қалған соң амалсыздан алдым. Болмаса осы сиырды алмас та едім, — дейді айлакер.
— Онда мұны мен алмаймын, достым! Бірақ енді сен ренжи көрме. Өйткені менің бала-шағамның басы бар ғой. Соларға көже-қатық боларлық семіз ет керек еді, — деп, аңқау үйіне бұрылып жүре береді.
— Ашықауыз аңқаулығың мен мал танымайтының маған мұндай жақсы болар ма? Бара бер, жолың болсын, аңқылдақ аңқауым! Бұйырса, бұл сиырдан екі жарым бұт май түседі, — деп айлакер ішінен жымың-жымың етіп қала береді.