Өмірдің мәні
Ертеде аты жалпақ әлемге әйгілі Тархан деген патша қартайып, төсек тартып жатып, қасына барлық уәзірлерін жинайды.
— Уа, кеңесшілерім, мына жалған пәниде мен татар тұз-дәм таусылуға жақын сияқты. Ұзамай бұл дүниеден де өтермін... Сондықтан ертең мына елге басшы болатын адамды көзімнің тірісінде таққа отырғызсам деп едім... — дейді ол өзінің тосын шешімін жариялап.
Бұған уәзірлер қатты абыржып қалады. Бастары салбырап, не уәж айтуды білмей қиналған олардың ішінен ең бірінші болып бас уәзір ес жияды.
— О-о, аса қадірлі әміршім, бұ қай сөзіңіз, мұныңызды қалай түсінбекпіз?! — дейді ол алыстан орағытып.
— Түсінгенде сол, әңгіменің тоқетері — тақтың болашақ иесін өз көзіммен көргім келеді! — дейді Тархан патша үзілді-кесілді.
— Ендеше-е... — дейді бас уәзір қипақтап. — Тәртіп бойынша, әке орнын бала басады емес пе?! Құдайға шүкір, бір емес, үш бірдей мұрагеріңіз бар ғой, қайсысын лайықты деп тапсаңыз...
— Жә, ол жағы белгілі ғой!.. — дейді патша уәзірдің сөзін бөліп. — Бірақ мен «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деген қағиданы бұзғым келеді. Елге жұрттың бәрінен ақылы асқан жан басшылық жасауы тиіс. Сондықтан жан-жаққа тегіс хабар жіберіңдер, кімде-кім менің сұрағыма дұрыс жауап берсе, сол патша тағына отырады. Тек ескертемін, сұраққа жауап беремін деп, дұрыс жауап бере алмаған адам бар қалған өмірін зынданда өткізетін болады!
— Сонда сұрағыңыз қандай?
— Адам өмірінің мәні неде?
Патша жарлығының талқыланбайтыны аян. Айтылған екен — орындалуы тиіс. Сол күні-ақ жан-жаққа шабармандар жіберіліп, хабар суыт таратылады.
Жарлық құлақтарына жеткен жұрт аяқ астынан әбігерге түседі. Ел арасы гу-гу алып қашты сөз. Қайсыбіреулер патшаның шешімін құптап: «Жөн-ақ, елді ақылы асқандар басқаруы тиіс», — десе, енді біреулері патшаны ақылынан алжастыға жориды. «Жын-шайтанның азғыруына түсіп, түйсіктен айырылған шығар» деп күдіктенушілер де кездеседі.
Алайда уәделі мерзім жетіп, патшаның алдына жиналар күні басын бәске тіккендер де табылған еді. Бойын бір үміт, бір күдік билеген бес кісі қолдарын қусырып, еңселі сарай табалдырығын аттаған-ды.
Есіктен имене бас сұққан бесеуді алтын тақта отырған Тархан патша жылы ұшырай қарсы алады. Ізетпен бастарын иіп, тізіле қалғандарды көз тоқтата шолып өткен патша:
— Менің шартым бәріңе түсінікті ме? — дейді.
— Түсінікті-і...
— Түсінді-і-к...
Тұрғандар үздік-создық бас шұлғысады.
— Ендеше, қане жауап беруді бастайық. — Тархан патша оң жақ шетте бірінші тұрған үлкен талғаммен сәнді киінген сұлу, мұртты жігітке иек көтереді.
— О-о, аса мәртебелі ақ патшам, мен сіздің өзіңіздің орныңызға ізбасар тағайындау жөніндегі бұл шешіміңізді адамзат тарихында бұрын-соңды кездеспеген нағыз көрегендік, нағыз әділдік деп білемін! Таққа отырғызар мұрагерлеріңіз — өз ұлдарыңыз бола тұра...
— Жә, ол жағын қобыратудың қажеті жоқ! — дейді патша барынша асқақтата жөнелген кербез жігіттің сөзін бөліп. — Одан да «Өмірдің мәні неде?» деген сұрағыма нақты жауабыңды айт!
— А-айтсам... — Бастапқы еркіндігінен жаңылып, едәуір абдырап қалған жігіт, біраз бөгеліп барып сөзін жалғайды. — Айтсам, менің кәсібім сауда-саттық. Сол сауданың арқасында бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ, дүниенің төрт бұрышын түгел шарладым. Құдайға шүкір, сол сауданың арқасында ішім-жемнен, киім-кешектен еш кенде болған емеспін. Дүние-мүлік те жетерлік. Барған жерімде қайда түсемін деп бас ауыртпаймын, әр шаһарда кең сарайдай бір-бір үйім бар... Қалтасынан алтын, күмістің сыңғыры естілген адамға дос-жарандар да, сый-құрмет те көп екен. Қайда жүрсем де ыстық қауышу мен көл-көсір сый-құрметтің аясындамын. Және бір байқағаным, молшылық байға да, кедейге де мейлінше ұнайтын сияқты. Өзен көлге құйып, көл үлкейген сайын сәулеленіп, алыстан көз тартатыны секілді, барша адамзатты өзіне ынтықтырып қойған осынау молшылық атаулының бір құдіреті болса керек. Сондықтан, меніңше, өмірдің мәні — молшылықта, ал молшылықтың кілті — байлықта дер едім мен! Бай адамның алдында барлық есік айқара ашық. Ол үшін алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Қай ортада да, қай заманда да оның жұлдызы жарқырай бермек!
Сөйлеген сайын айдарынан жел есіп, ұстараның жүзіндей лыпып тұрған жігіт кенет патша сол қолын көтерген сәтте сөзін кілт доғарады. Тілін тістеген ол қаққан қазықтай мелшиіп қалған еді.
— Бәрі түсінікті! — деп суық жымиған Тархан патша келесі адамға ишара жасады. — Қане, сені тыңдайық.
— О, мәртебелі патшам, мен өмірдің мәні — өз отбасыңның жанға жайлы жылуында дер едім! — Жас шамасы елуді еркін алқымдап қалған ұзын бойлы, мығым денелі, қайратты отағасы әңгімені төтесінен бастады. — Меніңше, аяулы жарың, сүйікті балаларың үшін қажет болса отқа күйіп, суға бату керек! Мен балықшымын. Көбіне ашық теңізде жүремін. Сондай кезде дүлей дауыл тұрып, қайығымды быт-шыт етуі де мүмкін ғой. Яғни, бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұр деген сөз. Бірақ мен ажалдан қорқып, балық аулаудан бас тартпақ емеспін. Өйткені мен отбасым үшін бәріне әзірмін.
— Түсінікті-і... — Алдыңғы сөзін селқос қайталаған Тархан патша келесі кісіге кезек берді. — Сені тыңдайық.
Ұзын шашын артқа қарай сілки қайырып тастаған елгезек жас жігіт тұрған жерінен алға қарай бір аттап:
— Уа, мәртебелі патшам! — дейді екі қолын көкке жая тебірене сөйлеп. — Мен әншімін! Менің әнімді еңбектеген бала да, еңкейген қарт та, сіңірі шыққан кедей де, шалқып тасыған бай да сүйіп тыңдайды. Есімім халық аузында. Қашанда тамсанып, сүйсініп, естеріне алып отырғандары. Жүрген жерімде құрмет, қошамет! Небір аты әлемге әйгілі патшалардың, хандардың той-думандары менсіз өткен емес. Қаншама бөгде елдің талай-талай игі жақсылары өздерінің дүбірлі жиын-салтанаттарында өнерімді тамашалау үшін артымнан арнайы ат жіберіп, шақыртып жатады. Міне, бақыт деп осыны айтыңыз! Меніңше, өмірдің мәні де осында —
атақ-даңқың жер-жаһанға тарап, ел ілтипатына бөленгенге не жетсін, шіркін!
— Түсінікті-і... — Басын самарқау шайқаған Тархан патша төртінші кісіге иек көтерді.
Манадан бері қасындағыларға немқұрайды қарап, біршекелей маңғаз тұрған мырза:
— Мәртебелі патшам, өмірдің мәні — билікте! — деді әр сөзін нығарлай сөйлеп. — Қолында билігі бар адамның сөзі де өтімді, ісі де өнімді. Шөлді — көл, көлді — шөл ету оған еш қиын емес. Билік — сиқырлы таяқша сияқты, сілтеп қалсаң айтқаның орындалады!
— Жо-о-қ! — Қабағы жауар бұлттай түнеріп кеткен Тархан қолындағы аса таяғын еденге дүрс еткізеді. — Бәрі бос сөз!..
Басқа артық әңгімеге бармай түйіліп қалған патша кезектегі бесінші адамға қыстыға көз тастады. Қатулы жанарынан «Сен де мыналар сияқты лағып кетесің-ау?!» деген күдікті аңғару қиын емес еді.
Осыны байқаған ұяң жүзді, жұпынылау киінген жігіт ағасы:
— Аса мәртебелі патшам, сұрағыңызға қанағаттанарлық жауап ала алмағаныңыз өте өкінішті! Көңіліңіздің қатты қалғаны сонша, тіпті әрмен қарай тыңдауға зауқыңыз да жоқ сияқты. Дегенмен бізді түгел тыңдап шыққаныңыз дұрыс болар еді, — дейді өзін барынша байсалды ұстап.
Жігіттің қайсарлығына сүйсінген патша райынан тез қайтады.
— Жарайды, сөйлей ғой! — дейді ол еңсесін басқан көңілсіздіктен біршама серпіліп.
— Мәртебелі патшам, сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін мен ең алдымен адам мен хайуанды салыстырар едім, — дейді жігіт ағасы бастапқы сабырлы қалпын өзгертпестен. — Рас, кез келген адамға бұл салыстырудың ұнамайтынын білемін. Бірақ шындығына жүгінсек, адам мен хайуанның тағдыры бірдей. Екеуі де өмірге келеді, екеуі де өмірден өтеді. Мәселенки, қойды немесе қоянды алайық... Я болмаса әлемде ең көп тараған тиінді алайықшы: тиін-нәресте туылады, содан тиін-ана бірнеше апта оны тамақтандырады. Көп ұзамай кішкентай үлпек тиін «көшеге» шығады. Арагідік жүгіріп тамақ іздегенін көресің. Дегенмен де оның мұнысы қарын тойдырудан гөрі, арлы-берлі шапқылаған ойынға, серуенге көбірек ұқсайтынын байқайсың. Жастығына сүйсініп, масайрайтынын аңғару қиын емес. Сөйтіп жүріп бір жыл өтер-өтпесте жас тиін өзіне жұп табады. Сосын олар бірлесіп ұя салады, дүниеге ұрпақ әкеледі... Жиған жаңғақ, жидек, дәндер жеткілікті болса тиіндер семіріп, «үйлерін» кеңітуге кіріседі. Алайда арада бірер жыл өткесін тиін қартайып, аурушыл бола бастайды. Сөйтіп бар-жоғы он жыл төңірегінде өмір сүрген тиін өледі... Егер басқа да хайуандарды зерттеп қарайтын болсақ, олардың да өмірі тап осындай. Тек бар айырмашылығы, біреулері қысқалау, біреулері ұзақтау өмір сүруі мүмкін. Ал енді адамдарды қараңыз: дүниеге нәресте келеді, оны ата-анасы әлдилеп өсіреді. Ол ішеді, жейді, күледі, ойнайды. Жастығына сүйсініп, масайрайды. Сөйтіп жүріп өзіне жұп табады, отбасын құрайды, дүниеге ұрпақ әкеледі... Жиған-тергені жеткілікті болса олардың көңілдері семіріп, тұрмыс-жайын жақсартуға кіріседі. Алайда арада бірер он жыл өткесін-ақ адам қартайып, әл-қуаты кеми бастайды. Содан бар-жоғы жетпіс-сексен жыл төңірегінде өмір сүрген ол жарық дүниемен қош айтысады... Міне, көрдіңіз бе, адам мен хайуанның тағдырында еш айырмашылық жоқ.
Бұдан әрмен үнсіз тыңдай беруге шыдамы жетпеген болу керек маңғаз жігіт:
— Оттапсың! — дейді тістене кіжініп. — Сонда адам да бір, хайуан да бір демексің бе?!
— Иә, негізінен адам мен хайуан бірдей, — дейді жігіт ағасы өзіне одырая қараған сұсты жанардан еш ықпастан. — Тек адамда бір ғана артықшылық бар. Ол — оның ақылы! Ал ақыл адамға мәнді өмір сүру үшін берілген.
Жүзі жылып, пәлсапашыға мейірлене қараған патша:
— Атың кім, кәсібің не? — деді толығырақ танысқысы келіп.
— Есімім — Сүлейке. Кәсібім — бала оқыту. Әлемді шарлап жүріп жиған-терген ілімімді шәкірттеріме беремін.
— Ендеше, Сүлейке, сен бері жақындап, әңгімеңді жалғастыр,— дейді Тархан өзінің оң жағын нұсқап.
Тура патшаның қасына жетіп бармағанмен жақындағанның ишарасын жасап, екі-үш қадам алға аттаған Сүлейке:
— Мәнді өмір сүру дегенді әр адам әрқалай түсінеді, — деп үзілген сөз желісін сабақтап әкетеді. — Жұрттың көпшілігі өмірдің мәні ақшада, байлықта деп ойлайды. Сол үшін әбігерге түсіп, жанталасып дүние жинайды. Байлықтың басы құралған сайын араны ашылып, толған үстіне тола түссем екен дейді. Күні-түні абыржып, ұйқысы қашады... Тап осы жерде тамақты қатты тойып ішкен адамды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Дөңбекшіп, мазасызданып, қатты қиналады ғой. Міне, артық байлықтың да дәл осындай өзіндік азабы жеткілікті. Түрлі азғындау мен сан алуан қылмыстар осы ақшаға, байлыққа шектен тыс қызығудың, құнығудың салдары. Ендеше, кісіге опа әпермейтін байлықты өмірдің мәні деп айту дұрыс бола қоймас.
— Ой, сен де бір... сыңғыры құлаққа жағымды, көзге ыстық, қолға жұғымды сиқырлы ақшаны соншама сүмірейтіп, түрпідей көрсеттің-ау! — дейді кербездене кергіген мұртты саудагер жігіт кекесін пішінмен.
— Кейбіреулер өмірдің мәні — отбасы деп ойлайды. Сондықтан да бала-шағасы үшін кез келген құрбандыққа әзір тұрады. Әрине, бұл бір жағынан жақсы да шығар. Бірақ соны балалары түсініп, бағалай ма екен? Егер әке-шешесінің тірнектеп жиғанын оңды-солды бейберекет төгіп-шашса ше?! Онда, әлбетте, өте өкінішті!.. Демек, бұл да бос қажу. Жаныңды рақатқа бөлей алмайтын тіршілікті өмірдің мәні деп айту қиын.
— Япырай, «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп бабаларымыз осы үшін айтты ма екен, ә!? — дейді балықшы кісі өзінен-өзі қобалжып.
— Біреулер өмірдің мәні атақ-даңқта деп ойлайды. Сол үшін де ондайлар кейде айрандай ұйыған отбасының бар қызық-шыжығын құрбандыққа шалып жібереді, — деп Сүлейке енді әлгіндегісіне қарама-қайшы ой толғады. — Атын шығару үшін жанын қинап, арын сатып, өлермендікке салынатындар қаншама?! Бірақ соншалық күш сарқып, «жұлдыз» атанғанда оны кім біліп жатыр?! Білсе — төңірегіндегілер білер, ары кеткенде белгілі бір топ, белгілі бір орта білер. Бірақ оның өзі де уақытша ғой. Күндердің күнінде әрең қолың жеткен биік шыңның үйреншікті төбеге айналғанын көріп, алып-ұшқан көңілің су сепкендей басылмас па... Көбіне сол «жұлдызды шыңға» иек арта алмай орта жолда діңкелеп, өкпесі өшіп, шаң қауып қалатындар қаншама?! Демек, бұл да бір — елеске елтіп, далада жел қуған да бір...
— Бұ... бұ... Бұл-л деген талантты бағаламау ғой! — дейді әнші жігіт екі қолын көкке жая алға қарай ентелеп.
— Тәйт, сөзін бөлмеңдер! — Патша елпеңдеген жас жігітті тыйып тастайды.
— Енді біреулер өмірдің мәні билікте деп ойлайды. — Сүлейке сөзін жалғастырады. — Бірақ бұл да бос әурешілік. Өйткені билік бүгін бар да, ертең жоқ. Оны мәңгі ұстап тұру мүмкін емес. Сондықтан да бір кездері шекесімен аспанды тіреп тұрғандай шалқақтайтындардың бір қарасаң сол торсықтай шекесімен жер сүзіп жатқанын көресің...
Аз-кем мүдіре ойланып қалған Сүлейкеге сынай қараған патша:
— Ал сонда, сеніңше, өмірдің мәні неде екен? — деп бастапқы сауалын және қайталайды.
— О, мәртебелі патшам, «Бетке айтқанның зәрі жоқ» деген, егер қатқылдау айтар болсам, айыпқа бұйырмаңыз! — деп басын иіп, тағзым еткен Сүлейке іле сөзін қайта жалғастырады. — Бір замандарда сіз де байлыққа қатты қызыққан едіңіз. Қазынаңыз дүниеге толған сайын тола берсе екен деп тіледіңіз. Ақыры алтын-күмістің сиқырлы сыңғыры қолыңызға қару алдырды. Көрші момын елдерді жаулап, барымта жасадыңыз, салық салдыңыз. Байлығыңыз бір басыңыздан жетіп-артылатын болған кезде, енді дүниені балаларыңызға, болашақ немерелеріңізге жинауға кірістіңіз. Тағы да соғыс... Жазықсыз төгілген қан... Езіле еңіреген халық... Тархан деген атыңыз ауыздан-ауызға жатталып, шартарапқа жайылып бара жатты. Алыс-жақын елдің бәрі «Тархан» деген үреймен таңды қарсы алып, «Тархан» деген үреймен күнді батырды. Атыңыз әйгіленген сайын өктемдік, өрлік пайда бола бастады. Бүткіл дүниені бір өзіңіз билегіңіз келді. Сол үшін жанталасып, сол үшін бар күшіңізді сарықтыңыз... Бірақ діттеген жеріңізге жете алмадыңыз. Қарттық келіп, аяғыңызға тұсау салды. Ісіңізді жалғастырар деген ұлдарыңыз ойыңыздан шықпады. Дайын асқа тік қасық боп өскен олар барды шашудан ары аспады. Сөйтіп билігіңіз қожырап, енді жан-жақтан сізге қыр көрсетушілер табыла бастады... Сол кезде барып сіз осыған дейін текке қажығаныңызды түсіндіңіз. Түсіндіңіз де күйіндіңіз... Күйіне отырып, ақылға жүгіндіңіз... Ал ақыл: «Өмірдің мәні — жақсылық істеуде» дейді. Иә, тек жақсылық қана адамға әманда қуаныш әкелмек. Бар ғұмырын тек жақсылық істеумен өткізетіндер ғана мамыражай, еш алаңсыз рақат өмір сүрмек. Тек жақсылық істейтіндердің ғана әрқашанда жүздері жарқын, көңілдері шат болмақ. Тек сол жақсылық арқылы ғана дүние көктеп, гүлдемек...
— Міне, мен күткен жауап! Тоқсан жасқа келіп, өмірден түйгенім де осы. — Патша орнынан тұрып, Сүлейкеге қарай оң қолын созады. — Мен сөзімде тұрамын. Тақтың ендігі иесі, елдің басшысы өзің боласың. Ал мына қалған кісілерді кештім, зынданнан босатамын.
Бұл хабар ел арасында тез тарайды. Жұрт бір замандарда тек байлықты, атақ-мансапты, билікті ғана мақсат тұтып, қылышынан қан тамызған қаһарлы Тархан патшаның өмірінің соңғы шағында ақылға жүгініп, жақсылықты мойындағанына сүйсініп, болашақ Сүлейке патшаның парасаттылығына қуанды.