Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ақ Еділдің тасуы

Жазғытұры басталған соң-ақ, менің табиғатты қатты сүю сезімім оянды. Жазғытұрғы лай селдердің өрден төмен төбенің бауырымен шулап, сылдырлап жүгіргенін қарап тұрғанда өте рахаттанушы едім. Тағы бір қызық көретін нәрсем – селдің бетін шыбықпен тазарту еді, бірақ мұны маған көп лұқсат етпейтін. Есігіміз алдынан Ақ Еділ көрініп жатады. Мен өзен қашан бұзылар екен деп тыншымай күттім. Ақырында сарғайып күткен күнім де жетті! Есекең ертеңгісін мен тұрар-тұрмастан асығып кіріп келіп, қуанып: «Ақ Еділ бұзылды» – деді. Көзді ашып-жұмғанша киініп, есік алдына ырғып шықтым. Біреуді жеп жібергендей болып қарай бастадым. Екі жиектің арасымен қарауытқан жалпақ көк мұз жосып бара жатыр кейде сары мұз да зырғып өте шығады.

Өзенді кесе түскен қысқы жол әлдеқашан жөңкіп асып барады, оның үстінде бір сорлы қара сиыр есінен танып, ол шетімен бұл шетіне шапқылап жүр. Шабуылдап жүрген сиыр титтей жаңылып басса, қасымдағы қыз-қатындар аяп шу ете түседі. Сиырдың өкіргені кұлаққа тиіп тұр. Сорлы малды мен аяй бастадым. Биік тік жардың сыртына бара бергенде, өзен жалтарып кетеді, жартас артында жол да, үстінде өңкілдеп жүгірген сиыр да тасаға түсті.

Бір кезде мұз үстінде екі ит көрінді, бірақ олардың сасқалақтап секіргені аяудың орнына қасымдағылардың арасында күлкі туғызды. Жұрттың бәрі де иттер суға кетпейді я қарғып, я жүзіп шығар деп сенді. Мен де соған нанып кетіп, сорлы сиырды ұмытып, басқалармен бірге күле бастадым. Иттер жұрттың үмітін аяқсыз қалдырмады. Көп кешікпей жиекке өтіп шықты. Мұз әлі тұтас тізбекпен өтіп жатыр.

Мұз сықырлап, дал-дал болып сынып жатыр, араларында су шалп-шалп етеді. Мұздар бірінің үстіне бірі ырғып мініседі, ірірек мықтылары әлсіздерін бүгерлеп астына салып барады. Мұздар сіресіп, буылған жерде бір қыры көкке көтеріліп, жөнеліп кетеді. Кейде соғысып кеткен екі мұз күл-талқан болып ұсатылып, астына батады. Қобыздың күңіренгені сияқты сарнап, анық құлаққа тиеді.

Сол қорқынышты зор тамашаға қарап болып, үйдегі әжеме келдім де, көрген-білгенімді қызғындап айта бастадым. Малдан әкем қайтқан соң, Ақ Еділдің бұзылғанын бұрынғыдан да бетер қызғындап ұзағырақ сөйледім. Үйткені, неден екенін білмеймін, әкем ықыластырақ тыңдады.

Сол күннен бастап, Ақ Еділге дайым қарап тұратын болдым. Өзен арнасынан шығып, аласа жиегін жапты: теңіздей жарқырап, даланы шая бастады. Күнбе-күн өзен түрі өзгеріп, ақырында су сегіз шақырымнан асу жерді шайып, бұлтқа араласты. Мінер жақта ұшына көз жетпейтін жарқыраған су, беті теп-тегіс, тап-таза шыны сияқты. Үйдің тіке қарсы алдында судан басы қылтиып, үрпиіп тұрған шегіршін мен емен ағаштар қарауытады, уақ аралға ұқсайды. Тасқын су көпке дейін қайтпады.

Ақсақұлы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама