- 03 мам. 2021 00:00
- 181
Торғай
Ағаш арасындағы жол. Аңнан қайтып келе жатырмын. Итім алдымда жүгіріп келеді. Бір кезде итім алдымда құс барлығын білгендей болды. Жүрісін тежеп, ептеп басуға айналды.
Ілгері жолды қуалай қарасам, тұмсығының айналасы сарғылт, басына жұмсақ мамық жүн шығып келе жатқан торғайдың балапаны көзіме түсті. Жел ағаш басын теңселтіп тұр. Балапан ұясынан құлап қалып, жаңа өсіп келе жатқан сүйрік қанатын жайып, қимыл етпестен отыр.
Итім ептеп басып жуықтап қалды. Бір кезде жанындағы ағаштан кенет кәрі қара тамақ торғай ұшқан тастай зу етіп, тап иттің тұмсығының алдына келіп түсті. Жүні үрпиіп, түсі қашып, абдырап сасқан, кісі аярлық дауыспен шырылдап, ашып тұрған иттің аузына қарап бір-екі рет шапшыды.
Баласын қорғап құтқару үшін жаудың аузына қарсы ұмтылды. Құрттай денесі қорыққаннан дірілдеп, дауысы барқырап, қарлығып торғай өле жаздады. Торғай өзін-өзі құрбандыққа қиды! Торғайға ит қандай зор дажал. Сонда да қауіпсіз биік бұтағында жаны төзіп отыра алмады...
Еркінен әлдірек күш торғайды жоғарыдан төмен лақтырып түсірді.
Менің Құтпаным тоқтап, кейін шегінді. Ит те әлгі күшті мойындады.
Мен ұялып, сасып бүгежектеп қалған итті шақырып алдым. Торғайды сыйлап, көңілім бұзылып, жөніме жөнелдім.