- 22 қар. 2019 00:00
- 221
Ақ Ертіс
Орта жүз Керей ішіндегі он екі ата Абақтың бір бұтағы — Жантекей деп аталады. Жантекейлер өсіп-өнген іргелі ел. Ол жөнінде ел ішінде «Бір Жантекей ауса бүкіл Абақ-Керейге сыймайды, бүкіл Абақ-Керей ауса, бір Жантекейге сіңіп кетеді» деген сөз бар. Мұнысы, Жантекейлер санының көптігін айтқаны.
Міне, осы Жантекей елінің ішінде елдің қадірлі бір адамына әңдігер ас беріліпті дейді. Аяқ жетер жерге сауын айтылып, Қара Ертістің батыс қапталынан құятын бір өзеннің шүйгін алқабында ас беру белгіленеді.
Межелі күн де келіп жетеді. Көшпелі елдің қуаныш пен қайғыны бөліп көтерісетін қашанғы әдеті ғой, ас беретін алқап ақтылы қой, алалы жылқыға толады. Әр үйден, әр ауылдан арнайы әкелінген еміздікті қара сабалардың сары қымызы быжылдап, өзен жағасындағы салқын шымға қаз-қатар бауыр басады.
Әрине, ас пен тойдың өкпе-назсыз өтпейтін әдеті тағы бар. Осы аста Абақтың ноқта ағасы — ителі елінің бір адамы «маған арнайы үй тігілмеді» деп жатып ашуланады. Ноқта ағасы руларға өзгеден бөлектеу құрмет көрсетіліп, алдымен жол беріліп, төрелігіне тоқтайтын дәстүрдің бары рас. Сол дәстүр ителінің адамына көңілдегідей болып жасалмаған ғой.
Содан бұрқ еткен ашу оңайлықпен басыла ма, ителінің адамы ашу үстінде өзен жағасында қаздай тізілген қара сабаларды бір-бір төңкеріп, қымыздың бәрін суға ағызып жіберсе керек. Асқа әкелінген қымыздың көптігі сондай — өзен арнасы көтеріліп, ақ толқын көбік шашып еді дейді. Содан бері Қара Ертістің бұл сағасын Ақ Ертіс деп атайтын болыпты.
Осы оқиғаны асқа қатысқан бір өнерпаз күй тіліне түсіріп, оны «Ақ Ертіс» деп атаған екен.
Күні бүгінге дейін ителі руы Монғол Халық республикасының Баян-өлгий аймағындағы Қобда алабын, Ақ Ертіс бойын мекендейді. Ителі өз ішінде Ақбақты, Күйік, Бесшал болып үш атаға бөлінеді. Ұрандары — Бұқарбай, Күйік пен Бесшал ұрпағы осы ғасырдың 30-50 жылдарындағы аласапыран ауыртпалықта Еуропаға ауып кетті. Бірақ ата жұртында қызық дәуреннің белгісіндей болып күй қалды.
«Ақ Ертіс» күйінің ел ішінде айтылатын екінші бір аңызы бар. Бұл аңыз бойынша, төрт түлік малды тіршілік тірегі еткен ел Ақ Ертістің қос қапталына кезек аунап көшіп, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді екен дейді. Яғни өзеннің бір беті қыстау, бір беті жайлау болған ғой.
Бір жыл көктем ерте белгі беріп, қар аяқ астынан күрт еріп, Ақ Ертістің суы көтеріліп кетеді де, қалың ел жайлауға шығып үлгере алмай қалады. Қыс бойы аяқты малдың тебінінде болған қыстау маңының өрісіне қамалуға мәжбүр болады. Сол жы- лы төрт түлік мал қоң жинай алмай біраз шығын болып, елдің берекесі кетіңкіресе керек.
Ел бейғам болмасын, Ақ Ертістің де ақ өркеш толқыны болатынын ұмытпасын деген ниетпен бір өнерпаз «Ақ Ертіс» күйін шығарыпты дейді.
Бұл күйді ел ішінде «Ертіс толқыны» деп тартатындар да бар.