Ақынсыз бір сәті, бір күні аңыз
Жылдың төрт мезгілін көшіп-қонумен қарсы алатын халқымыздың бүкіл тіршілігі өлеңмен өрілген екен. Даланың шексіз кеңдігі, таулардың таза шыңдары, өзендер мен бұлақтар, жұмбақтай сұлу жерлер, «белден асқан бұлттармен араласып» көшкен елдің көзіне нұр, көңіліне жыр құя берген-ау. Шілде күзету мен бесік жырынан бастап көңіл айту мен жоқтауға дейінгі аралықтағы сауық-сайран, той-тамаша, жәрмеңке, қонақкәде, қой күзету, қыз ұзату, бата беру... бәрі-бәрі өлең! Махаббат, ерлік жырлары, терме мен толғау, қисса мен шежіре, аңыз бен ақ өлең — шешендік, айтыс түрлері...
Әлемде дәл осындай ел бар ма екен жырды сүйген, жыр дарыған?
Одақтық әдебиет көгіндегі Белла Ахмадулина, Лина Костенко, Зүлфия, Фазу Алиева, Гулрухсор Сафиева сияқты талантты ақын қыздардың шоғыр жұлдызының арасында дара биігі бар Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Фариза Оңғарсынованың поэзиясын сөз ету үшін біз бүгінгі одақтық та, әлемдік те поэзияға емес, өз халқының тарихы мен рухына, ұлттық философиясына ой жібереміз. Ақын өлеңдері жүздеген жылдарды бастан кешірген жыр-ғұмырдың заңды сабағы; дәмі жаңа болғанмен, дәні көне, тамыры терең, мықты өркен.
Халықтық жырлардың алтын арқауы, басты тақырыбы — адам, адамның табиғатпен, даламен байланысы, арманы, күресі, өмір мәні десек, сол сипат біздің қанымызға сіңген қалпында поэзияға деген талғамымыздың биік өлшемі болып келе жатыр.
Фариза Оңғарсынова — осы өлшемдерге жауап берсем деген өз мұратына түбегейлі жетіп, түрлік, мазмұндық жағынан да кемелденіп, енді тек тереңдікке өз найзасын бойлатып, Мұқағали ақын айтқандай «Шындықтың ауылын шыр айналып», толассыз жаңа ізденістерге ойысқан ақын.
Тереңнен тамыр алу деген сөз айнытпай ұқсау емес, еліктеуден де бөлек нәрсе. Фариза ақын осы жағын зердемен меңгерген. Халықтың жанын, жырдың қуатын, сөздің реңкін табудағы сезгірлік таланты айрықша.
Шығарған шындық арды естен,
зұлымдықтарды қан кешкен
Махамбеттен қалған наркескен
айбалта — жырмен шапсам деп,
әділеттің шамын ғаламға,
қарамай құрсау-қамалға,
лаулатып солай жақсам деп,
қайсарларды жасқап шегерген,
тасқыны тылсым тереңмен,
серігім — жырым — жебеммен,
жүрегім — желкен, жел кернеп,
қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп,
қағылез құйттай денеммен
дауылдарды құшып келем мен!
Ф.Оңғарсынова — мұнша шеберлікке жетудің заңды сатыларынан біртіндеп өткен ақын. Ең әуелі ақынды да, оның оқырмандарын да ашқан топтама 1968 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарық көрген «Мен саған ғашық емес ем» циклі болды. Баршаны бірден баурайтын ондай сүйкімді сәтті қадам әрбір өнер иесінің маңдайына жазыла бермейді. Бұл циклді сол кездегі студент, біздер, қиып алып, сақтап едік. Алғашқы жыр кітабы дәл ондай әсер ете қоймағаны рас болатын.
«Мен саған ғашық емес емнен» кейін кешікпей «Мазасыз шақ» жинағы шықты. Бұл кітаптың сонылығы сонша — қазақ поэзиясыңда жаңа құбылыс — қыз ақындардың махаббат лирикасының тоғанын бұзып — бұрынғы бүркеме сезімдеріміз шымылдықтарын серпіп тастап, шынайы қалпы жыр болып буырқанды.
Мінезді, тегеурінді, ынтық өлеңдер, құштарлығы бойға сыймайтын іңкәр жырлар жылғаларды толтырған көктем суындай тасынып, тарала жөнелді. Фаризаның сіңлілеріне махаббат пірі жар болғандай, бұрын-соңды айтылмаған тәтті, назды, кейде кейіген, кейде қарғап-сілеп жерлеген, кейде момақан мойындаған жүрек күнделігіндей сүйіспеншілік жырлары қаулап өсіп, олар апасына да, бір-біріне де ұқсап кетіп жатты. Ақын қыздар есімі күннен-күнге қосылып, ақылды ақын Анна Ахматованың:
Я научила женщин говорить…
Но, боже, как их замолчать заставить! — деген жолдарын еске түсіретін. Бірақ, Фариза таланты оны өзін жақсы көріп еліктеген сіңлілерінен бөлек даралай алатын дәрежеде еді. Сондықтан да ақын бір арнада қалмай, жаңа сала, жарқын бағыт іздеді. Махаббат лирикасында басқалардың батылы жете бермейтін ұғымдарға еркін барып, бүтіндей бір кезеңнің көзқарасын қалыптастырып, ойын өзгертті.
Алыстарға кетейік,
қаланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,
ақ бас тауларға, аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.
Сен ғажайып ертегілердің батыры
Астындағы арғымақ атпен айшылық жолды бір аттар.
Өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын,
дозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!
Өңгеріп мені ап кетші —
көк ормандарға — тылсымын аяқ баспаған,
түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.
Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге
сенің екпініңнен қашқан аң!
От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей көрінсің —
жалғыз өзіңнен басқа адам.
Қанша үйреніп, қызыққанмен, бұл — әлі басқа қыздар жаза алмаған бұла тілек, бұрқанған жүрек әмірі. Сүйген жанының алдында шын сырын айтып, жалынып, жылап тұрса да аласармайтын биік, жасымайтын жасын бейне лирикалық кейіпкер — сыпайылық, ибалық шегінен асып кеткен әдепсіз қыз емес, ақынға жарасатын адуын мінез бен халықтың өзінде бар қасиет — пердесіз жас наз көңіл иесі, ел еркесі. Сезімін қанша ашық айтам десе де, ақын қыз табиғатында әлсіздік пен нәзіктік жоқ емес. Жібектен жұқа, пернеден сергек жан болмаса,
Шыр еткендей қоңырау — сонда есікке
жүрегім жүгіреді, — деген дірілді, жолдарды жазар ма?!
Ерлердің даңқы дүрілдеп тұрған ерте заманда туса Фариза ойын, бәлкім, басқаша өрер ме еді, бүгінгі қасаң да, бей-жай дүниедегі шектеулі сезім, бұйдалы ұғымдардың құлына айналған кейбір жалтақ жандардың қалпақ киіп жүргеніне ызаланғаңда қаттырақ кететіні рас та шығар. Онысын кінәлаудың бір ұшы бүкіл дәуірге тиетін болу керек. Фариза болса, осы заманғы әйел бастан кешетін сезімдерді жасырмай жырлап, жыр сапасын жаңа көркемдік дәрежеге көтере келіп, одан әрі қарай кемелдіктің белгісі — адам, қоғам, ғасыр мәселесіне байсалды бұрылыс жасады. Жыр көшінің әлеуметтік жүгін байытты.
Бостандығың шектеулі ортада ой мен сезім азаттығы аздау болады. Стандартты ұғымдарға бойы үйреніп, барға бауыр басып алған адамдар жан еркіндігінің баға жетпес құнын қайдан білсін?! Нағыз азаттыққа шөлдеу, уақыт пен кеңістік шексіздігін өн бойымен сезінуге құштарлық жан арпалысының күресқұмар күйін ашады.
Өзімді өзім қайраумен, тістенумен,
қуат сорып, ұшқын ап іштегі үннен,
табанымнан тілінген шөңге жұлып,
сәйгүлік — күшке мінгем.
Фариза поэзиясының басты ерекшелігі — ақын ойы мен сезімінің қалыпқа көнбей, қанатынан қан сорғалап тұрса да, биікке, заңғар көкке талпынып, шарқ ұрып, азаттық атты әулие ұғымның қасиетіне табынып, әуелей самғап, жан сырын ақ күміс теңгедей ашық шаша білуінде:
Ұқсаңдар, достар, егер де,
осынау өрттей жырларым —
шаттанғандағы сырлы өнім.
Өкінішім мен ұяттан
өртеніп, өліп тұрғаным —
орындалмайтын арманға
құлашымды ессіз ұрғаным.
Достарым, менің жырларым —
құштарлық қысқан кеудемнен
бұрқырап жатқан бір жалын.
Социалистік реализм әдісін таңдаған, өмірді шыншыл суреттеуге қақылы совет жазушысының да нені жазу, нені жазбау, қалай жазу, қалай жазбау керектігін айырып-ажырата білуі тиіс болғаны бұл күнде құпия емес қой. Атап айтылмаса да, түсінікті нұсқаудан шығып кететін жазушылардың шығармаларының тағдырлары белгілі болғандығы бізге қанша зиян әкелді?! Жазушының қас жауы жалтақтық пен жасқаншақтық емес пе? Сол себептен де ақындар кейбір ойларын әртүрлі астармен, мысалмен, аңызбен жеткізеді. Сондай амал-тәсілдің бірі монологтар жазу болғаны — шындық.
Ақынның:
Айдарыңнан ескенмен ғұмыр желі,
ауаны аңсар жаныңның діріл демі,
тағдырың мен еркіңе билігің де
Ай секілді шыңырау түбіндегі, — деуі ақиқаттан алыс емес-тін.
Дәуірге, ортаға, қоғамдағы астам да үстем жандарға қарсы айыптауларды ілгеріде өмір сүрген ата-бабалардың аузына салып айтатын ащы жырлар рухани азаттықтың тапшылығынан тумап па еді?!
Кешірсін бізді ұлы бабалар мен аналар, егер біз өз мүддеміз үшін олардың бейуақ әруағын қозғасақ!
Өткен заман ақындары айтыпты демесе:
Заман — толқыны үрейлі, ағысты жар,
жақындасаң жалмайды алыс мұнар.
Шыншылмын деп жанына тие берме —
жалған орта жағыңды қарыстырар, — сияқты жолдарды жіті көз редакторлар жібермес еді.
Ақын болған соң, қалай айтсаң, олай айт, тек айта біл! Фариза өлеңдеріндегі тарихи есімдердің бәрі тек өз қыжылы мен қысасын айту мақсатында алынған деуден аулақпыз. Десек те, кесек ойлар мен кермек шындықтардың уытты күшін біз Бұқар мен Абылай, Сара мен Майра, Қаржау мен «қыр қазағының», тіпті зындандағы қарақшының т.б. танымал тұлғалардың сөздерінен көбірек естиміз.
Фаризаның мықтылығы — монологтарының кейіпкер тағдыры мен мінезіне сай шығып, болмысымен үндесіп, үйлесіп кететіндігі, қиналып қиыстырғандай, жамау жамағандай жасандылығы жоқ, табиғилығы, әрі аса қуаттылығы.
Үш жүзге даңқы кеткен Сара басым,
сазымен табындырған дана, жасын,
айтысып, әлек болған талайлардың
тірідей оқытқанмын жаназасын.
Айтыста келе алмады маңыма адам,
елімнен жанға қуат жалын алам.
Топан жыр төгілгенде, талай ақын
тасқында ыққан қойдай маңыраған.
Бұл — біз білетін ақын Сараның өр мінезі.
Жайлы өмір сүрем десең, жұмыр жерде
бәйгеде басқалардан бұрын келме:
қым-қуыт қырдың жолы, қыз басыңмен
қосылма қиқулаған дүбірлерге !
Бұл — әнші Майраның ызалы шағы.
Заты әйелге шың емес, шоқы лайық,
даналық та, жүректің оты да айып.
Аруларға қарайды бөрік киген
ақымақ та адамдай қоқырайып.
Бұл — «Мүшәйрадағы» Айсараның өз ортасынан сезген өкініші, намысы.
Асқақтығым асып, ашуың қысса жарып же,
Жабайы қаздың жүрегін!
Бұл — қайсар сұлу Ақбөбек.
Арманда кеткен мұңдық апаларының жанын — намысқойлығы мен нәзіктігін, шарықтауы мен шарасыздығын, үміті мен өкінішін бүгінгі күн шындықтарымен сабақтап, сезімтал, сергек махаббатпен шыр-пыр болып қорғаған ақын Фариза өз жүрегінің сырын айтуға келгенде де албырт та шыншыл:
Жақсы көру! Не деген керемет ең!
Қарағаны біреудің жебеге тең.
Бейқам бара жатқан боп, ел ішінен
кімдер қалай қарайды — елеп өтем.
Өмір сүру үшін де біреулердің,
сені жақсы көруі керек екен.
Сол бір нұрлы сезімге жақсы көруге бәріміз де зәруміз. Бұл әлемде табиғаттың дархандығы мен жан жүректің жомарттығына жететін шапағат бар ма?! Өмір бойы шөлдеп, қанбай кеткен кәусарымыз — сол адалдық, сол мейірім, сол ықылас! Әсіресе, біздің қазақ көңіл мен құрметке мәңгі ынтызар! Қайтерсің, бірақ, өмірде мынау мөлдір де сұлу, жомарт сезім иелері көп емес-ау!..
Үйретпен мені ұғыңыз сезіңіз деп,
салқындық төзімнің де тезін үзбек.
Мен енді кетем кезіп Сарыарқаны
даланың қызды ардақтар кезін іздеп!
Әйтпесе,
Сол көрініс құйғандай қылаң шабыт,
құштарлығым қоймайды ұран салып.
Қара жерге көз салып көк аспаннан
Бір самғасам деп едім қыранша ағып.
Өршіл пафос, романтикалық екпін, ассоциацияға бай тасқынды лек, өлшемі еркін өрім-ырғақ, бірде түйреп өтетін мысқыл, бірде отырғызып қоятын отты сұрақ, бірде жалқының мұңы, бірде жалпының үні болып шақыратын сыр-сұхбат, тежеусіз теңеу, тентек мінез-ақын өлеңдерінің архитектоникалық ансамблі.
Аталған көркемдік нақыштардың орындалуына келетін болсақ — Ф.Оңғарсынова — қазақ өлеңінің қасиетін тани отырып, оны жаңа бояумен, бүгінгі күннің бедерлі мінез-белгісімен араластыра ажарлап, өлең құрылымына, өз қарымына лайық буындық-әуендік түр тауып, сана, сезім ағысына азат жол аша білген дарын. Бұл — өлеңдегі ең бір қиын шаруа, шын шеберліктің үлгісі.
Қасиетті менің, қасіретті менің мекенім!
Атой салғанда ата жауларың сан жақтан,
Бабаларымның қаһарына сонда елең де болмай
қарлы ақпан,
кеңдігіңді сақтар, елдігіңді сақтар айқаста
төсіңді тұлпар тұяқтарымен шаңдатқан.
Еркіндігің үшін егеулі найза алған ұлдарың
таңдайларына талықсығанда қан қатқан, — деген сияқты төкпе, еркін ырғақтармен прозаизмге де соғып кететін ақынның:
Зулаймын мұзда Күн күлген,
сақтанам — заңды бұл мүлдем,
сүрініп кетсем қапыда,
сүйемейтіндігіңді білдім мен, — деп те мінсіз моншақтай төгілдіре қоятындығына қарап, талантты адамның қандай формамен жазса да талантты өлең жазатынына көзің жетеді. Өз басым алдымда Фариза апа сынды поэзияға биік талаппен қарап, өзі де қияларға жол тартқан қыран таланттың болғаны үшін қуанамын. Фаризаның қыздар поэзиясының абыройы, жалпы қазақ поэзиясының да мақтанышы екенін бәріміз білеміз.
Өлеңді саясатқа айналдырмайтын, әлемдегі ауыспалы ағым, бағытқа адамзаттық тұрғыдан сабырмен қарайтын Фариза апайдың да аттап өте алмайтын қасиетті бір тақырыбы бар. Ол — революция тақырыбы.
«Мәңгілік қақпаларын қақырата» ашатын жырдың азапты жолына айбынданып шыққан өжет ақынның бітімінде революцияшыл қуат, ақ боран мазасыздық бар. Жартастан шыққан жаңғырықтай замандар дабылын, ұлы ақындар үнін жүректен еститін қағылез жан:
Революцияның дауылы керек
сілкілеп алар шаңдарын.
Ұмыт боп асқақ арман үн,
қасаңсып барады баяғы нәзік талғамым, — деп өзіне тыным бермей, ішкі бұрқаныстарды аңсаса, енді бірде:
Бастауларды бітейтін жолын бөгеп
көлбегендер өмірдің төрінде ерек,
данышпансып, күнгейдің талмап нұрын,
ұғуы үшін қаңбақтай салмақ, құнын
революция дауылы соғу керек, — дегенді айтады, мүлгіген сезімдерді оятып, жаңалық атаулыдан үркіп, кежегесі кейін тартып тұратын керенаулыққа қозғау салу, адамзат санасына сәуле іздеу — әлемдегі озық ойлы жандардың үлесі.
Жалпы, әділетсіздікке қарсы ниет қай адамның да бойында бар. Әңгіме — әрекетте, күресте. Ф. Оңғарсынова өзі түйсінген жайларды ақ пен қараға бөлумен қанағаттанбайды. Қауымының қамсыз күйіне, толып жатқан қаулылардың қауызынан шыға алмайтын кейбір билігі барлардың білімсіздігі мен бас изеген бағыныштының жігерсіз, көнбіс әдетіне, ақылды деген жандардың өзінің қара басынан артылмайтын қайрансыздығына өртеніп, күйіп, өрши түсіп, өлеңнен дауа іздейді:
Зула, менің жыр-күймем, шабыт жегіп,
жер бетіне ғұмырлық жарық беріп,
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге
әділеттен сыбаға алып беріп!
Өлеңнің бағы жолында жүрегін аямайтын іңкәр ақын өзі де жырдан үміт күтеді, қуаныш іздейді. Біз де соны құптаймыз. Біз, қазақ әдебиетінде Мәриям Хакімжанова бастаған ақтоғай-ақын қыздар қауымы, бұтағы қарсы біткен емендей қайсар дарын қаламдасымызға сәулелі қуаныштар тілейміз.
1989 ж.