- 12 сәу. 2020 00:00
- 215
Ақсақ Темір (ІІІ нұсқа)
Тарағайдың ортаншы әйелі Тәкинә қатын осы Темірге екіқабат болған кезінде түс көреді. Түсінде Қызыр ғали әссалам әулиеден бала сұрайды. Әулие оған денесі тастан, жүрегі дүниенің ең нәзік гүлдерінен жаралған ұл береді. Емшегін жөндеп еме алмаған баласын анасы құйрығынан салып қалғанда, тастан жаралған баланың денесінен қолы қатты ауырып кетіп, анасы жылап қоя береді. Анасының жылағанын көріп, жүрегі нәзік гүлдерден жаралған баласы енді қосылып жылайды. Анасы мен баласының көзінен жасы ағыл-тегіл төгіледі. «Қалай, балаң ұнайды ма?» — деген Қызыр ғали әссалам әулиеге Тәкинә қатын: «Маған мұндай жылауық баланың керегі жоқ, басқа бала бер», — деп жалынады. Сонда әулие оған керісінше денесі гүлдей жұмсақ, жүрегі тастай басқа бала береді. Бұл да анасының емшегін дұрыстап еме алмайды. Анасы бұны да ұрады. Бірақ қанша ұрса да, баланың көзінен жас шықпайды. Баласының бұл мінезіне қуанған анасы сылқылдап күліп жатып оянып кетеді. Ертеңіне Тәкинә қатын түсін бір білгір кәрі кемпірге жорытады. «Түсіңде жыласаң, өңіңде қуанарсың, ал түсіңде қуансаң, өңіңде жыларсың. Бекер алғашқы балаға көнбеген екенсің. Сенің мына туғалы тұрған балаңның денесі ет пен сүйектен біткен жұмсақ болғанмен, жүрегі тастан да қатты келеді екен, түбі өзгені қойғанда өзіңді де талай жылатар», — деген екен.