Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Ақсай мен Көксай

Біздің ауыл Ақсайдың қақ басында,
Күміс жүген судырар ат басында...

(Қазақ ауылының өлеңі)

Көксайдың бойуун этектеп
Мен коноюн, Бекбекей.
Қара мақмал тонуңа
Жен болоюн, Бекбекей...

(Қырғыз айылының ыры)

1

Біздің ауылды Ақсай дейді. Ал ел аузында Ақсаймен қатар Көксай да көп аталады. «Ау, мұның Ақсайы біздің ауыл болғанда, Көксайы қай жақта!» — деуші едім өзіме өзім.

Көп ұзамай Көксайды да көрдік.

Айша мені ерте оятты. Соғыстың үшінші жылына аяқ басып бара жатқан кез. Құдайға шүкір, бала болсақ та ерте оянуға үйренгенбіз. Қанша айтқанмен, таңғы тәтті ұйқыны қиып түрегелу ауыр-ақ.

— Тұр, Барсхан, Қорғанбайдың апасы келді, — деді Айша.

«Қорғанбайдың апасы» деп тұрғаны — Арзы. Ал Айша — менің шешем. Тек әкей жастайымнан оның атын ататып үйреткен.

Бүгінде Арзының үлкен екі ұлы — Орха мен Ноха әскерде. Айша Орха мен Ноханың атын атамайды: «мырза аға», «шырақ» дейді. Ал олардың інісі — Қорғанбай да қайнысы ғой, бірақ оның атын атай береді де, Арзыны «Корғанбайдың апасы»дейді. Қорғанбайдың менен екі жас үлкендігі бар.

— Үлкен үйдің көк есегін әкеп байлап қойдым,тұра ғой, Барсхан.

«Үлкен үйдің есегі» — Оңғарбай атамның тайқары. Аты есек демесең, аттай шабады. Оны біреулер жабайы құланның тұқымынан екен десіп те жүрді. Көк тайқар біз сияқты бала-шағаның тақымына түсе бермейді. Оңғарбай атам оны көрінгенге мінгізбейді.

— Даладан көк есектің ішін тарта ышқынып ақырғаны естілді. Айша асықтырды:

— Әне, Қорғанбайдың апасы да келіп күтіп тұр, бол, жылдам.

— Барсхан қайда барады, а, апа? — деп қарындасым мен інім қыңқылдады.

— Қырғыз атаның ауылына барады.

Жайшылықта оларға кәдірім жоқ, жағаласып, таласып ұрсыса беретін. Енді қазір екеуі де менің беделімді үнсіз мойындап, мені бір мына соғыс кезінде майданға аттанып, жауды жайратып оралатын хас батырға балап тұрған сияқты.Екеуі де езу тартып, ербиісіп, менен қысылғандай жалаң аяқтарын қайда қоярын білмей тұр.

— Әй-у, Айша, болдың ба? Қайда әлгі Барсхан? — деп сырттан Арзы апам дауыстады.

Далаға атып шықсам, Арзы апам жүні жалбыраған, қарны салбыраған қара мәшіге мініп тұр екен. Ақ полотнай кимешек, ақ дәке күндік салып, көк доқаба қамзолын киіпті. Айша:

— Қорғанбайдың апасы-ау, тойға баратындай киініпсің ғой, тегі, — деп күлді.

— Күнде барып-кеп жүрген жер емес, көптен көрмеген қырғыз құдаларға жүдегенімізді білдірмей, сыртқы жүнімді қампайтқаным ғой, түге.

— Қайран Қорғанбайдың апасы, сырлыаяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді деген осы-ау, — деп Айша мені көк есекке қолтығымнан көтеріп болып еді, көнбей өзім-ақ қарғып міндім. Көк тайқар шыдамсыздана шыр айналды. Колхоз бастық Тасхожа үстінен түспейтін ақ боз айғыр тақымыма тигендей едәуір көтеріліп қалдым. Інім мен қарындасым ауыздары аңқайып дәлізге шығып қарап тұр. Таңғы ызғардан жақ жүндері үрпиіп, ауыздарынан бу шығады.

— Әйда, үйге барыңдар! — дедім мен кісімсіп.

— Ал жолдарың болсын! Домалақ әулиенің аруағы қолдасын! — деді Айша.

— Айтқаның келсін, — деді Арзы апам.

Содан ауыл сыртындағы қара жолға түспек болып, Манас шоқысын бетке алып жүріп бердік.

Ақсайдан салқын самал сезіледі. Ақбас арыстан аузын ашқан күйінде қатып қалған тәрізді. Енді оның сол аузынан шыққан дем де сап-салқын. Тау аңғары осындай. Ал, аспан жүзі жас нәресте көзіндей жәудір, көкжиегін ғана кілегей шарбы бұлттар тұтып тұр. Шымшықтар шықылықтап, құмыр құрқылдап қалыпты. Үні тарғыл-тарғыл шығып, қарға да қарқылдап қояды, шұбар көкек сұңқылдайды.

Енді бірде Ақсай аңғарынан самал емес, салқын дария күллі аспан астын толқындата үн-түнсіз шалқып ағып, біз бүкіл үй-жайымызбен, ауыл-аймағымызбен, қара жол, ой-қырымызбен қоса сол көзге көрінбес қасиетті мұхитта әлдеқайда жүзіп бара жатқан сияқтымыз. Ауаны алақанмен уыстап мөлдір бұлақ суындай сіміруге болатын тәрізді-ау.

Артымыздан айқай шыққанға шошып қалып, бұрылып қарасақ Айша екен.

— Әй-бу, Қорғанбайдың апасы-ау, ұмытып кетіппін ғой. Қырғыз атаға айта бар: Барсханға Медетханды көрсетсін. Өткенде не болмады. Балалардың жазығы не. Бірін-бірі біліп жүрсін, — деп Айша көзіне жас алды.

— Қой әрі, балаң жол жүріп бара жатқанда, жылап жаман ырым қылма. Қой, Айша!

— Қойдым, қойдым, Қорғанбайдың апасы, қойдым.

Айша артына қарай-қарай үйге кайтты. Сұр шинелі оның жотасын бүкірейтіңкіреп жібереді-ақ. Станцияда бір солдат пойыз жүрейін деп тұрғанда асығып арзанға сата салған екен. Қазір Айшаның бір киері де сол. Әттең, Айшаның үстінен сұр шинелі түсер күн бар ма екен, деп армандаймын.

Сай қабағындағы аз ауыл аулақтан үркердей үрпиіп көрінеді. Қара жолдың бойындағы қызыл изен мен бұйра бүргеннің басынан бозторғай пыр-пырлап ұшып, бізбен біраз жерге дейін ілесіп отырды.

Жол жағалай селеу-селеу, түп-түп ақши. Қаражол Шоқыбас сайының басынан айналып өткен жерде жермен-жексен болып зират жатыр. Ішіне сиырлар да кіріп жайылып жүр. Айналасы қоршалмаған. Жер жетпегендей тура түбінен тақап тұрып егістік жыртыпты.

Арзы апам зираттың тұсынан өтіп бара жатып, аузы күбірлеп қос алақанымен бетін сипады.Онан соң маған бұрылып:

— Зираттың тұсынан өткенде, «Қиямет-қайым жақын» деп өт! — деді.

— О не деген? — деп сұраймын аңқайып. Аруақтар қиямет-қайымды күтіп зарығып жатады дейді. Жолаушылар: «Қиямет-қайым жақын» деп өтсе, жарықтық аруақтар қуанып қалады дейді. Ал тірі адамдар зират тұсынан үндемей өтсе, аруақтар қапаланып қалады дейді.

— Қиямет-қайым деген не ол?

— Ақырзаман. Ақырзаман болғанда о дүниеде адамдар бір-бірімен табысады. Ана баласымен, бала әкесімен...

Бұ сағыныш дегенде дауа болсашы. Өлген аруақтар да жақындарын сағынып жатады екен ғой.

Жол қатқақ. Шынының сынығындай боп қабыршақ мұз кездеседі. Марттың іші, наурыз болса да әлі ызғар бар. Осы таяуда ғана алтын күрек желі соғып, қалған-құтқан үрінді қарды сыпырып-сиырып әкетіп, сай-сайда гүрілдеп қызыл су жүрген. Енді су тартылып, көк қылтиды. Бәйшешек жұмыртқа жарып шыққан балапан құсап, жердің қабыршақтанған топырағын тесіп шығып, шоқ-шоқ болып тұнып тұр.

Өткенде апта бойы азынай соққан ақ борандардың азабын көрген шоңайна, сиырқұйрық, шырыш сияқты бойшаң өскен қурай бір жамбастап жатып қалған. Түбінен балақтап жаңа тіршілік басталып, жасыл барқыт балауса бас көтерген.

Тәңіртау әрі қары түрілмей,тек бір ожар тік бет тастары ғана жалаң төстеніп, тағы бір қысты қасқая шығарып салып тұр. Жағрапия мұғалімінің айтуынша, біздің бұл тауымыз жүз миллион жылдан астам жасапты. Мұның жасына қарағанда бір адамның ғұмыры тозаң сияқты. Міне, мен, мысалы, он үшке шықтым. Айша:

— Бір мүшелге шықтың, Барсхан. Мүшел жыл ауыр болады деуші еді, аман болшы, әйтеуір, — деген.

Азанғы қатқақпен едәуір жер өндіріп тастадық. Оң қол жағымызда — Керегетастың қар жұқпас қара құздары қалып барады. Сол жағымызда Қаратау жарысып келеді. Алдымыз — Манас шоқысы.

ЬІбырай сайынан да өттік. Мыңбұлақтың ең тереңі осы. Қыстыгүні боран тықпалаған үрінді қар сіресіп көпке дейін жатып, жақында ғана еріп біткені әлі көгі көпсімеген қаратақыр қабақтан білініп тұр. Өткен ақпанның аяғында кенет күн жылынып, қар кетіп, мал далаға жайылып жадырап қалып еді. Сонда осы ЬІбырай сайдың үрінді қарына Пияш кемпірдің ала сиыры түсіп кетіп, арам өлді. Қардың беті қатты болғанмен, астынан еріп, кеуек пайда болады екен де, үстінен жүрген мал кеуекке түсіп кетіп, үйелеп қалады екен. Тіпті бір көктемде Бейсалы шалдың жоғалған тушасы әбден қар кеткен соң сай табанында жаңа туған лағымен жайылып жүрген жерінен табылған. Бірақ сиыр ешкі емес қой, үйелеп өліп қалыпты. Жалғыз баласы соғыста жүрген Пияшты шалдар аяп, «суда өлген мал адал» — деп ала сиырды сойып, елге «қырық жілік» қылып таратып, ақша жиып, орнынан тұяқ тұрғызған.

Арзы апам ұйықтап қалған ба, үндемейді. Есектердің пысқырғаны, қабыршақ мұздың шытынағаны ғана естіледі.

Балаларын ойлайтын шығар. Орха мен Ноха қандай еді. Сайдың тасындай, екеуі де еңсегей, нұрлы жүзді, ай маңдай азаматтар еді. Арзының өзі ажары асқан көркем кісі, сол соғыс басталғалы бері, әсіресе соңғы кезде тым қартайып кетті.

«Бірдеңе десе қайтеді?» — деп үн-түнсіз келе жатқан Арзы апамның бетіне қарап-қарап қоямын. Ақыры шыдамай:

— Апа, әлі алыс па? — дедім.

Арзы қалғып кетіп, көзін ашып алған адамдай басын көтеріп:

— А! — деп жан-жағына қарады. — Е, мынау Шоңқара ғой. Енді біраз бар. Анау Манастың тұсына таянсақ жетеміз. Әлі Көксайдан өтеміз.

Ары-бері қатынаған жолаушы көрінбейді. Аспанда бірлі-жарым тау бүркіттері асықпай қалықтап жүр. Олардан басқа қыбыр еткен жан, жүгірген аң, ұшқан құс жоқ. Жол тастақ, есектер бұрынғыдай қаздаңдамай тасырқап келеді.

— Баяғыда осы жолмен сенің ұлы апаң ұзатылған, — деді бір кезде Арзы үндемеуден жалыққан адамдай, сөз бастап.

— Ол қай ұлы апа?

— Сенің әкеңнің әпкесі қазір біз бара жатқан Нұралы қырғызға ұзатылған. Жарықтық, жатқан жерің жаннат болғыр, әлгі әпкеміз әуеліде жат жұртқа үйрене алмай қиналса керек. Қырғыздар жаз жайлауға шығып, тау асып кетеді. Сонда асуда жалғыз аяқ жолмен өтеді екен көштері. Жоғары қарасаң — төбеден төніп тұрған құз, төмен қарасаң — басың айналатын шыңырау. Аттың аяғы сәл тайса бітті, алаукиакпар дей бер. Сонда қырғыздар:

— О, қоқи, ана қазақ келіннің көзін таңып тастаңдар, — дер екен. Әйтпесе басы айналып, құздан құлап кетер екен. Сөйткен жарықтық, о да өтті дүниеден, шалы болса әлі тірі. Сенің жездең ғой, барған соң құлағынан тарт, — деп Арзы апам сылқ-сылқ күліп қойды.

— Арзы апа, Медетхан неге бұ жаққа кетіп қалған? — деп көптен көңілімде көмулі жатқан жұмбақтың шешуін сұрадым. Өйткені шешем ылғи:

Медетхан деген бауырың бар. Қырғыз жақта, — дейді. — Сенімен түйдей жасты, — деп қояды. — Неге о жақта, неге бізбен бірге емес? — десем, үндемей күрсіне береді, кейде жылайды.

Қазір мына Арзы апам да күрсініп қойып:

— Байғұс бала, қай-қайдағыны еске салып... — деп түйіліп біраз отырды.

— Әлгіде айттым ғой, ұлы апаң осы қырғыздар жаққа ұзатылған баяғыда деп. Оның інісі — сенің әкең Мұрат, о, атыңнан айналайын, пейіште нұрың шалқығыр... Одан кейін Әміреқұл... Әміреқұл көкеңді білесің бе? Әй-бұ, сен қайдан білесің, о кезде бір жаста екенсіңдер ғой, Медетхан да бір-ақ жаста болатын. Сол Әміреқұл көкең әлгі қырғызға кеткен әпкесінің соңынан барғыш еді. Сонау қырғыздың жайлауына жаз бойы кетіп те қалушы еді. Сөйтіп жүргенде Османалы деген бір қырғыздың Шәрбан деген қызын алып қашып келсін. Ол өзі бір жерге айттырып қойған адам екен, құдайым өзі пана болсын, қырғыз-қазақ қырғын бола жаздап барып әрең басылған. Қыз:

— Өз ықтиярыммен келдім. Мен үшін қырқыспаңдар», — деген соң саябырсыды. Әйтпесе Осмоналылар райға келед деген не? Сөйтіп алған қыздың ақыры не болды? Ай, өзі де маңдайға сыя қоймас хас сұлу еді ғой. Сұлулығын күндеп, ішімізге сексеуіл шоғы түсіп кеткендей болушы ек. «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды». Әдіре қалғыр дүния сол екен ғой. Әміреқұл мен Шәрбанның бақытын күндемеген адам кемде-кем. Әйтеуір, сол елдің тіл-көзі тиді ме, кім білсін, бейшара. Әміреқұл көкең сендер туған соң бір жылдан соң қайтыс болды. Сол, сірә, отыз үшінші жылдың күзі болар...

Шәрбан күйеуінің өлгеніне сенбей, есінен адасқандай боп қалды. Сәрсенбай қайнағасына күнде барып жылайды екен.

— Әміреқұлды бір көрсет, — деп. Ел-жұрт, ата-бабаның салтында жоқ болса да, әлгі періштедей әйелдің жалынғанына шыдай алмай Сәрсенбай жарықтық мүрдені ашып, Әміреқұлдың денесін алып шығып көрсетіпті. Әдемі сұлу мұртының бір шеті жидіп түсіп қалған екен дейді. Әйел түңіліп, теріс айналып кетіпті. Көңілі суып сала берсе керек. Сол-ақ екен, жылына жетпей төркініне кетемді шығарды. Қайран қазақ, әмеңгер жолымен сенің әкең Мұратқа қосамыз деп көріп еді, осы жаман шешең шан-шұң шығарып көнбеді. Енді осы күні өзі өкініп жүр. Шәрбаннан қызғанған күйеуі ақыры өзіне де бұйырмай кетті. Алда айналайын мырзаға-ай, жатқан жерің жаннатта болғыр-ай!.. АҺ-Һ!

Дәл жолдың жиегінен пыр-пыр етіп бір топ құс жер бауырлап ұша жөнелді де, көп ұзамай қона кетті. Менің таң қалғанымды байқап, Арзы апам:

— Кекілік қой. Құда қаласа, Көксайға да келдік, — деді.

Мен көк тайқарды тебініп, әлгі кекілік қонған жерге шоқырақтата жөнеліп ем, Арзы апам:

— Қой, ақымақ болма, кекілік саған ұстатар ма еді, — деп тоқтатты. Айтса айтқандай топ кекілік тағы да жер бауырлап пыр-пырлай ұшып, ойпаңға түсіп кетті. Сонда байқадым, еңістен үлкен аңғарға құлап келеді екенбіз. Арғы бет құж-құж, қатпар-қатпар, жырым-жырым жар екен. Толып жатқан үңгірлер көрінеді. Шаңқ-шаңқ етіп әлдеқандай дәу-дәу құстар айналып жүр. Табанда үні булыға шығып өзен ағып жатыр екен. Есектеріміз еңкеңдеп суға тұра ұмтылып, әбден қанып болғанша аяғын бір баспай қойды. Әккілігі ұстайын деді ме, қара мәші қарны қампайып кетсе де әлі ішкенсіп, тұмсығын судан көтермей, көзін жұмып тұрып алды.

— Барсхан-ай, мына арамды ұрып жіберші, ө, өле қалғыр, ых! — деп Арзы апам қара есектің қос өкпесінен тепкіледі. Қолымдағы жуан көк таяқпен құйымшағынан салып қалып ем, қираң етті де суды жалдай кешіп, арғы бетке өтті.

Сол жерде бізде түсіп, сусындап, ұйып қалған аяғымызды жазып, жан шақырдық. Су осыншама аңғардың табанында ғана жалтырап жатыр. Жан-жағалай үйдей-үйдей дөңкиген тастар екен. Бәрін тасқын домалатқаны көрініп тұр. Малта тастан аяқ алып жүргісіз. Малта тасты мүк басқан. Сағыз шөп, текесақал, итмұрын, құбатал көрінеді әр жерден. Құбаталдың шыбықтары осы қазір бүршік жарайын деп, буаз сиырдың желініндей сыздап тұр. Егер мына сарқырап жатқан судың сарыны болмаса, құбаталдың ашылайын деп тұрған бүршіктерінен әдемі бір сыбызғы саз естілердей көрінеді.

«Бәрі өзіміздің Ақсай аңғарында өсетін шөптер ғой» деймін өзіме-өзім.

Тек есектер ғана өмірі мұндай шөп көрмегендей жер тістеп, бас көтермейді.Суының сарқырап аққанына дейін біздің Ақсайға ұқсас. Ал аңғары аңғал-саңғал, адам қорқатындай екен. Жалғыз-жарым жүру үрейлі-ақ. Біз судың жағасына түскеннен-ақ бір бозторғай төбемізде салбырап, шыр-шыр етіп тұрды да алды. Әлде осының бір жерінде ұясы бар ма? Әлде бізді бір қауіптен сақтандырғысы келді ме — белгісіз.

Арзы апам кимешегін күндіктен асыра түріп тастап, қос білегін сыбанып, беті-қолын жуды. Содан соң күнге бір қарап қойды да,болмаса да, белбеуін жайып, намаз оқыды. Беталысы — құбыла, өзіміздің ауыл. Ешкім жоқ жерде тілеген тілегім құдайдың құлағына мүлтіксіз естіледі деді ме — әйтеуір, мінәжат айтып отыр. Құдайдан құлдық ұрып тілегені сонда, сірә, Орха мен Ноханың амандығы еді ғой. Бірақ оны құдай тыңдаған жоқ. Жалбарынушылардың бәрін тыңдай берсе — ол құдай бола ма? Әрі-беріден соң со жолы құдайдан мүйіз сұраймын деп құлақтан айрыла жаздадық.

Шақыр-шұқыр дыбысқа намаз оқып отырған Арзы апам да амалсыз бұрылып қарады. Жоғарыда жолсызбен малта тасты кібіртіктей басқан ақ есектің үстінде еңгезердей біреу отыр. Біздің көк тайқар әңкілдеп ала жөнелді. Ішін тартып бір ақырғанда аңғардың ішін азынатып-ақ жіберді. Мен шылбырынан қатып ұстап тұрмасам, ақ есекке тұра шабатын. Ұрғашы есек көрсе жыны бар. Өй әңкілдейді, құйрығын бұлғаңдатып, құлағын тікірейтіп алып, тұла бойы шиыршық атып, есінен тана жаздайды, қара басқыр.

Ақ есек мінген қара дәу жақындап келді. Әдетте ақ есекке ел қыдырған дуана мініп жүруші еді, дуана ма дейік десек, оған келіңкіремейді. Басында даңғарадай дәу бөрік. Сеңсең қозының терісі ескіріп қалыпты. Үстінде түгі түскен қара сукно шекпен. Стволын төмен қаратып, тақымының астына жалғыз ауыз мылтық басып алыпты. Алақандай алакөз. Шалғы мұрты салбырап тұр. Түсі суық екен. Біздің көк әңгінің онымен ісі жоқ. Мені сүйрелеп отырып, ақ есектің тұмсығына тұмсығын тигізіп иіскеп-иіскеп көрді, пысқырып алып, тағы еңкілдеді. Ақ мәші шыжбаңдап, артқы аяғын көтеріп тоңқымақ болып еді, Бадырақ көз оны қамшымен бастан періп кеп жіберді, біздің көк тайқарды да құлақтан тартып-тартып жіберді. Сонда барып байғұстың арыны басылайын деді.

— Иә, қайда бара жатырсыңдар? — деді Бадырақ көз.

— Аршағұлға, — деді Арзы апам.

— Онда кімдерің бар еді?

— Нұралы деген кісінің үйіне.

— Неғып ауыл қыдырып жүрсіңдер? Колхоздың жұмысын кім істейді? Колхоз бар ма өзі сендерде? — деп Бадырақ көз кенет үнін өзгертіп салды. — Әй, сен неге әскерге бармай жүрсің? Әскерден қашып жүрген дезертер емессің бе? — деп маған шүйлікті.

— Қой, ойбай, онысы несі, қаршадай баланы әскерден қашты деп, — Арзы апам шыр-шыр ете қалды. Бадырақ көздің мылтығына қайта-қайта қарай береді. — Әлі бесіктен белі шықпаған бала ғой. Тыныштық замана болса — көжесін жыламай ішпейтін нәресте емес пе. Заман мынадай болғасын ересек көрінеді де көзге. Ала жаздай қабырғасы қайысып колхоздың жұмысын істеп жүрген де осылар. Бұғанасы қатпай жатып еңбектің ащысын татты ғой. Өзіңіз неге бармай жүрсіз әскерге? — деп Арзы апам кенет Бадырақ көздің өзіне тап берді.

— Иә, мен бе? — деп әлгі сасып қалды. Жалма-жан тақымын көтеріп, мылтығын жөндеп қойды. Сонан соң езуі жайындай жайылып тұрып күлді. — Соғыстың алдында ғана бірінші май мейрамында күреске түсіп, қабырғаларым, оң қолым сынған. Сонда инвалид боп қалдым, құдағи!

— Кәне, құдағи, қоржыныңда не бар! — Өңкиіп есектен түсті. Mылтығы өзінен бұрын сарт етіп жерге құлап қалды.

— Ойбай, түк жоқ, не болад біз сияқты мүсәпір жолаушыда. Мына Аршағұлда жегжатымыз бар еді, соларға жолығып, сау-саламат айтыспақпыз. Не болад бізде, — деп Арзы апам азарда-безер бебеулеп қалды.

Сәл үнсіздік кезінде бағанағы бозторғайдың төбеден шырылдаған даусы тағы да ап-анық естілді-ау. Айнала аңғал-саңғал аңғар, тіпті Тәңірітаудың шыңдары қылтиып әрең көрінеді. Төбеңнен төнген аспаннан басқа кеңістік жоқ. Айқайласаң — ешкім естімейді. Қашып құтылмассың. Кәрі кемпір, жас бала. Анау болса — зіңгіттей, балуандыққа түскені рас та болар.

Бадырақ көз ақ есекті бос қоя беріп, Арзы апамның қоржынына қорбаңдап барып қол салды.

— Әй-бұ, мына қараң қалғыр кәйтеді, әй, денің сау ма? Жоқ, айдалада жол торыған қарақшымысың? Ұялмайсың ба? Қарусыз қатын мен қаршадай баланы тонағанша! — Арзы апам тырмысып қоржынға жармасты.

Mен шыдай алмай көк есекті қоя бере салып:

— Ағай, тимеңіз! — деп әлгінің жеңінен тартып едім, бұрылып бетіме қарағанда зәрем кетті. Көзі тостағандай, ақсиып күледі екен. Мені итеріп кеп жібергенде, жығыла жаздап, тәлтіректеп барып қалдым.

— Ойбай, құдай көрсетпеген қорлығың осы ма еді! — деп Арзы апам отыра қалып жер тырналады. Қоржынның басында ши барқыт кездеме жатқан. Мамыт жәкемнің ептеген саудагерлігі бар еді, анда-санда колхоздың жұмысынан қолы қалт еткенде, Тәшкенге барып, мата-пұл алып келіп, соны Борандының базарында азыққа айырбастар еді. Қазір Борандыда дән баласы ұшпайды. Мата тұрмақ, алтынға да азық айырбастап ала алмайсың. Содан қырғыз ағайындар тоғырақ болушы еді-ay, деп Арзы апам ши барқытты осы жаққа алып келе жатыр еді ғой. Оған қоса Арзы апамның қойнында Айша берген азын-аулақ ақшада бар. Жалғыз сиырдың майын жиып, базарға апарып қадақтап сатып, тісін тісіне қойып тиынын шығармай, астық сатып алуға сақтаған ақшасы ғой ол Айшаның. Арзы апам жарықтық жаңа бір қолымен қоржынды жасқаса, бір қолымен омырауын басып, Айшаның аманатын қызғыштай қорғап жүргенін байқадым.

Сөйтіп бүкіл бір қауым ел бетіне қарап отырған ши барқытқа шын қауіп туды. Жаңа астыққа жеткенше әлі көктем бар, жаз бар... Бадырақ көз Арзы апамның қоржынын ақ есектің үстіне сала беріп, қайтып алды. Көк есекке көзі түсіп, күлімсіреді. Шалғы мұрты шалқайып, тістері ақсиды.

— Әй, балақай, есек айырбастайсың ба? — деді.

— Айырбастамаймын, — дедім қасарысып.

— Қой, айырбасталық. Менің есегім буаз. Қодығы саған пайда.

— Болмайды, — дедім қасарыса түсіп.

Көк әңгі кетсе — онда менің ауылдың бетін қайтып көрмей-ақ қойғаным жақсы. Оңғарбай атам онсыз да осы көк есекке бола өзінің туған інісі, мына Арзы апамның шалы Мамыт жәкеммен араздасып қалған.

Мамыт жәкем астық науқаны кезінде элеваторға астық тасушы қызыл керуенді басқарады. Жеке меншіктің бүкіл күш-көлігі осы науқанға жегіледі. Әрине, Оңғарбай атамның көк есегі алдымен алынады. Сонымен апта бойы, ай бойы өз есегі өз тақымына тимей, қарға адым жер баса алмай, Оңғарбай атам мүсәпір болады. Інісіне:

— Ау, Мамыт-ау, менің есегімде ақың қалса да қайтарсаңшы енді, — деп күнде барады. Мамыт айтады:

— Соғыстың не екенін білесің бе? Жұрт көлігі тұрмақ туған балаларын да аяған жоқ соғыстан. Сенің арам есегің кімнің шікәресі, — деп жанды жеріне тиеді. Ағасының ол кезде ұл баласы жоқ, сондықтан от басынан соғысқа аттанған ешкім жоқ. Сол бар, әрі десе көк есектің ашуы бар, інісінің жағасынан ала түсіп, қолындағы таяқпен жон арқадан тартып-тартып жібергенін қырман басында көзімізбен көрдік.

Сондай жанжалдың себебі болған көк тайқарға енді мына шалғы мұрттың көзі түсті, құдайым өзі сақтасын. Есектен айырылсам, шешемнің күні не болады? Бетіне өмірі тіктеп қарамаған қайнағасының тілі тисе — қорлыққа ол қайтіп шыдайды?

Ал Бадырақ көз болса, көк тайқардың тізгінінен ұстап алып, үстіне Арзы апамның қоржынын салып, есектің сауырынан алақанымен ұрып-ұрып көрді. Көк есекке бәрібір, құйрығын шыжбаңдатып пысқырынып қояды. Үстіне Бадырақкөз мінсе, атырылып ала-ала жөнелейін деп тұр. Арзы апам жалынып, әлгінің етігіне жармасты.

— Құдай тілеуіңді бергір, әшейін қалжыңдадым деші. Әшейін ойнап бізді қорқытқаның болсын. Өміріңде жаманшылық көрмей өт. Босат бізді. Қайтесің, кембағал мүсәпір жандармыз.

— Қарай гөр мүләйімсуін, баяғының бәйбішесі құсап сәнденіп киінесің. Тағы да кембағалмын дейсің. Мынауың контрабанда, Соғыста жұрт қан төгіп жатыр. Ал сен кемпір болсаң сәнденіп той тойлауға барасың. Болмайды, мұның бәрін мен өкіметке өткіземін.

Бадырақ көз шынымен көк тайқарға мінуге ыңғайланды. Көк есек пысқырынып, бір орында тыныш тұрмай, шыр айналады. Ақ есекті тастайтын түрі бар. Тіпті түсіп қалған мылтығына да қарар емес. Айтпақшы... Лезде басыма бір қыршаңқы ой сап ете қалды. Жүгіріп барып жерде жатқан мылтықты көтеріп алдым да, Бадырақ көзге аулақта тұрып кезеніп:

— Кәне, тайып тұр! — деп айқайлап жіберіппін. Арзы апам:

— Ойбай, жүгермек, таста, ойбай, бәлесіне қаламыз? — деп екі қолын ербеңдетті. Бірақ жақындамайды.

Ал Бадырақ көз сасар емес, қайта сақ-сақ күлді. Онысынан абыржиын дедім.

— Ол атпайды. Пыстаны су боп қалса керек. Түнде далада шық тиіп, су болған. Жаңа ана бұлымның ар жағында тобылғының түбінде бір ұрғашы елік күнге маужырап ұйықтап жатыр екен. Көздеп тұрып басып қалсам, шырт етіп оталмайды. Затворды қайта қайырып, қайта салып, тағы басып қалсам, тағы от алмайды. Патронды ауыстырып, тағы атам — тағы болмайды. Ыза болғаным соншa, елікке жақындап келіп мылтықтың өзімен жіберіп кеп ұрып едім ата кеп жөнелді, дүмі тимеді. Сөйтіп ауызға түсіп тұрған бір еліктен қағылып, қапа боп келе жатқанда, сендер кез болдыңдар. Бұ да болса, құдайдың несібесі. Әй балақай, мылтықпен ойнама. Ол бәрібір атпайды. Әйтсе де мылтықпен ойнамас болар.

Сонда да кезеніп біраз тұрдым. Қарауыл бадырақ көздердің арасында қозғалақтайды. Қолымның қалтырағанын содан сезем.

Адамға қарай мылтық кезенудің қиыны-ай. Оның үстіне Арзы апам шындап ойбай салып жылады.

— Тумай жатып әкесін жалмаған жүгермек, енді өз басыңды жалмайын демесең таста қолыңдағыңды! — деп екі қолын ербеңдетіп шыр-шыр етеді.

— Жарайды, — деп мылтықтың стволын төмен түсіре бергенімде, анадай жерде сайдың қабағында тарғыл таста қалбиып отырған қарақұсты көріп қалдым. Тым болмаса ашуымды содан алайын деп көздер-көздемес шүріппені басып кеп қалып ем — гүрс ете түсті. Бұрқ еткен түтіннен ештеңе көрінбейді. Жартастар жаңғырығып, сатыр-сұтыр тау құлап жатқандай болды.

Зәрем зәр түбіне кеткенде, көзімді ашып алсам, Бадырақкөз құлап жатыр. Оқ соған тиген екен десем, тарғыл тастың үстін тұтас жауып, қанаты сала құлаш жайыла түсіп қарақұс жатыр. Бадырақ көз басын көтерді. Әлпет деген не, өңі боп-боз, көзі жыпылық-жыпылық етеді. Абайлап орнынан тұрды. Бір-бір басып өзінің ақ есегіне барды. Ала жіптен арта салған үзеңгіге аяғын әрең іліп, желқом ерге асыла мінді. Есегін кібіртіктетіп бір-бір бастырып, қасыма келді. Үндеместен қол созып мылтықты алды, үндеместен стволын төмен қаратып тақымының астына басты. Ақ есектің басын бұрып, су жағалата ылдиға түсіп, бұрылып та қарамастан кете барды.

— Иә, аруақ, иә, тәңірі, жеті теңге, жеті нан құдайы, иә, аруақ, — деп Арзы апам келіп менің аузыма саусағын салып, таңдайымды көтерді. Сірә, менің мелшиіп тұрып қалған түрім кісі шошырлық кейіпте болса керек.

— Бісміллә, бісміллә! — деді Арзы апам таңдайымды көтеріп. Ақ есектің қарасы бұлдырап ұзай берді, ұзай берді.

2

ЬІмырт үйіріле, Аршағұлға келіп жеттік. Сұрай-сұрай қырғыз атаның үйін де таптық. Қырғыз ата таяғына сүйеніп, есігінің алдындағы төбешікте тұр екен. Бізді көріп төмен түсті. Әуелі танымай қалды. Үйден жүгіріп шыққан бір қартаңдау әйел танып, асты-үстімізге түсіп, бәйек болып, тіпті жылап та жіберді.

— О, қағылайын, Мұраттан қалған жарығым, тұлпардан қалған тұяғым,— деп менің кім екенімді білген соң бетімнен олай да сүйді, былай да сүйді. Арзы апамды құшақтап тұрып, арқасынан қаққылады.

Көзі жөнді көрмей, құлағы жөнді естімей, аң-таң қалып тұрған аппақ қудай бүкір шалға әлгі қартаң әйел:

— О, атекем, танымай қалдың ба, тайекем келді, тайекем, Мұраттың баласы мен Мамыттың үйіндегі тайеке келін келді, — деп айқайлады.

Шал қос қолын маған созып, ағаштай аяқтарымен бір-бір басып, жаныма келді. Менің ыңғайсызданғаныма қарамай басымды арық кеудесіне басып, тұла бойы дір-дір етіп, үнсіз өксіді. Арқамнан сидиған арық қолымен сипалай берді, сипалай берді.

Әкей кеткелі, еркек атаулыдан мұндай мейірім көрмеген басым, көңілім босап, оның үстіне жол-жөнекей көрген қорлығымыз есіме түсіп, оқыстан даусым шығып кетті де, булығып-булығып шалдың ақ жейделі арық кеудесіне басымды тыға түстім. Өзім ес білгелі тұңғыш рет дидарласып тұрған қарттың маған әкемдей жақын көрінгені сонша, оның бауырынан ажырағым келмеді. Әлі булығып, өксігімді тоқтата алмай, қайта солығым үдей түсті. Бұл үнсіз, тұншыққан жылауда толып жатқан шағым бар еді: әкейдің жоқтығы, Қайрақбай қарауылдың сиырың колхоздың жоңышқасына түсіп кетті деп, шешемді былапыт сөзбен балағаттағаны, қыстың ұзақ боранды түндерінде үрпек бас үш бала Айшаның бауырына тығылып, бір көрпенің астында боранның ұлыма даусын тыңдап қорқып жататынымыз; Жуанқұл бастықтың жұмыртқаны ұрлап жейді деп Ақжол дейтін күшігімізді атып өлтіргені; Салман дейтін шалдың мені көрсе дереу: о жетімек, о жетімек! — деп бас шайқай беретін; тамыздың айсыз түнінде Борандының элеваторынан қайтып келе жатқанда, есегі жүйріктер озып кетіп, мен елдің соңында жалғыз қалып, жол-жөнекей терең-терең сайлардан өткенде үрейден тынысым тарылған кезде, Евгеньевканың бұзық балалары жалғыз өзімді ортаға алып сабағаны; сонда менің жүзін көрмей, сыртынан медеу тұтып жүретін Медет деген бауырымды іздегенім, бәрі-бәрі мына шалдың алдында ақтарылған арыз еді. Үнсіз, тілсіз арыз. Кәрі көкірек соның бәрін айтпай-ақ түсініп қойды. Мені бауырына қысып, көпке дейін егіліп тұрып алғаны да сондықтан.

Әлде кім біледі, ол да маған сонда арызын айтып шағынды ма! «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма батады, балам. Сен бесіктен белің шықпай жатып көрген қиыншылықтың бәрін мен кәрің білемін. Түнде түсіме кіресің, күндіз ойымнан шықпайсың. Итті құдай иесімен қинасын. Әкең жоқ болған соң менің алыста жүріп уайымдағанымнан не пайда. Қол ұшын бере алмадым, балам. Қапа болма. Бала да болсаң әкеңнің орнын басқан азаматсың. Жақсы әкенің аруағы жаман балаға қырық жыл азық. Әкең жақсы еді. Сенің әкең менің балдызым болатын. Өзім қырғыз, қазақтан қыз алып, содан бала сүйдім. Нұралы деген атым қырғыз-қазаққа ортақ еді. Бүгінде қартайдым, балам. «Ат арыса — тулақ, адам арыса — аруақ». Тірі аруақ боп қалқайып отырмын. Әбдібек жиенің әскерде. Көптен бері сендерге ат ізін салмай кеттім. Кәріліктің зауалы, соғыстың зардабы балам...»

— Оу, атекем, мына Мамыттың үйіндегі келініңізбен амандаспайсыз ба? — деп қартаң әйел шалдың құшағын менен ажыратты.

— Е, қағылайын, Мамыттың үйіндегі келін бе? — деп, шал қалт-құлт етіп, жығыла жаздап, Арзы апама бұрылды. Арзы апам қос қолын беріп амандасты.

Осы ұзақ көрісудің басынан-аяғына дейін мен қатарлы бір бала біресе құлағына дейін жайыла күліп, біресе қабағын түйіп қасымызда тұрды:

Қартаң әйел бір кез оған қарап:

— Оу, Мамытбек, бұ тайекеңдердің есектерін байла, — деді. Мамытбек ылдым-жылдым жүгіріп, біздің көліктерімізді жайғады. Содан үйге кірдік. Үй дегенде біздің ауылдағы сияқты тоқал там. Сығырайған жетілік шам. Төрге шығып, жүгері паяның үстіне төселген сырмаққа отырдық.

Қартаң әйел бетіме қайта-қайта қарап:

— Қағылайын, тайекем! Танисың ба мені? Ауылыңа барғанда талай көтеріп едім ғой. Мен Сусар апаңмын ғой. Танымайсың, ә? Қайдан танисың. Онда кішкентай едің ғой. Мен Зинат дейтін қызымыз екеуміз барғанбыз... Е, Зинат есіңе түсті ме? Зинатты күйеуге бергенбіз...

Иә, енді еміс-еміс білетін сияқтымын. Басына шошақ бөрік киген, шашын майда-майда толып жатқан бұрым етіп өрген бойжеткен қыз есіме түсті.

— Мынау Мамытбек жиеншарын. Әбдібек жиеніңнің жалғыз баласы осы. Сенімен түйдей жасты.

Мамытбек екі езуі құлағына жеткенше ыржия күліп маған қарап отыр. «Мамытбек қайда?» — деп қойдым ішімнен.

Нұралы атам қос қолымен жер тіреп барып, баяу шөгіп, әрең орналасып отырғаннан кейін, Арзы апамнан жасаураған, еті қызарған көзін айырмай:

— Қалай, келін, балалар есен бе? Мамыт ақсақал аман ба! Әскерге кеткендерің барма? — деп сұрады. Арзы апам орнынан бір ұмтылып, атайға жақын отырды да, дауыстап:

— Балалар, құдайға шүкір, аман. Екеуін әскерге бергенбіз. Алла-құдай сақтасын деп мойнымызға ала бұршақ салып отырмыз. Үлкенінен біраздан бері хат тоқтап қалды. Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, қу тамақ арсыз, әйтеуір, шығарға жан бөлек болған соң сүлде сүйретіп жүрміз ғой. Шал байғұс бір уыс боп қартайды. Бұрынғыдай қайрат жоқ. Сонда да колхоздың жұмысын көк өгіздей сүйреп келеді.

— Әп, бәрекелді, — деді Нұралы атай. Екі тізесіне шынтақтап бүк түсіп жатып алып, ақселеу сақалын салалап төмен қарап отыр. — Көппен ұлы той, келін. Бетіне қараған Әбдібекті әскерге атандырып мына бізде отырмыз.

Мамытбек қаусаған атасынын иығына асылып алып, маған қарап жымиғанын қоймайды. Езуін жияр емес.

Әдеттегі амандық-саулық сұрастырылып болды. Нұралы атам Әбдібек әскерге кеткен соң, көрші айылдағы қызы Сусар апамды қолына алыпты. Қазір шалдың кір-қоңын жуып, асын пісіріп, үсті-басына қарап отырған осы Сусар апам екен. Келіні Сәнәмбүбі қайтыс боп кетіпті. «Сәнәмбүбі, Сәнәмбүбі» дегенді біздің Айшаның аузынан көп естуші едім. Сөйтсем ол марқұм мына Мамытбектің шешесі екен. Енді тоқсандағы Нұралы ата қаршадай жалғыз немересі мен қартайған қызы Сусардың қолына қарап қалған.

Арзы апамның:

«Жездеңнің құлағынан тарт» дегені есіме түсіп күлкім келді. Бір жағынан аяп та отырмын. Бір уақытта Нұралы атам еңсесін көтеріп алып:

— Уа, Сусар, әңгімеге айналып отырып қалдық. Шайыңды қой, қазан көтер. Тай сойса да, қой сойса да жарасатын меймансыңдар. Көктемнің көк өзегі, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Екі-үш ешкісі түскір лақтап қалып еді, сендер келгенде тышқан мұрнын қаната алмағанымыз жанымызға қатты батады. Наразы болмаңдар. Амандық болса, әлі-ақ жарылқап күн туып, ақ түйенің қарны жарылар. Жасаған жақсылығын берсін, — деді.

Сусар апам жалма-жан абыржып:

— Қағылайын, тайекем, қағылайын, тайекем, — деп орнынан атып тұрып шай қамына кірісті. Лезде есік алдындағы аласа пеште қураған жүгері сотасы шатырлап жана бастады.

— Айтпақшы, — деді Арзы апам. — Айша келініңіз сәлем айтты: мына Барсханды Медетханға жолықтырсын дейді. Жатбауыр боп кететін болды дейді.

Нұралы атам:

— О-о-о! — дегенде көкірегі сырылдап, жасаураған қызыл жиек кілегей көзі үйдің есік жақ төбесіне қадалды да қалды. «Онда не бар?» — деп мен де қарасам, жақында жауып өткен қалың жаңбырдан түсіп қалған сылақтың орны екен. Жүрегім су етіп, ішім мұздап қоя берді.

— Медетхан! — деді даусы дірілдеп. Сөйлеуге шамасы келмегендей ентігіп қалды.

— Оған не болды? — дедім шырылдап шыдай алмай.

— Ештеңе де болған жоқ, — деді шал.

— Ә, қағылайын тайекем-ай! — деді Сусар апам. — Медетханды бұ жолы көре алмайтын болдың да. Шарбан бар болғыр басқа күйеуге тиіп, баланы алып, Қарабалта дейтін жерге көшіп кетті де, Әміреқұл тайекемнен қалған жалғыз тұяқ... — Сусар апам көсеуге маңдайын тіреп отырып, жан-жағына теңселіп, астыңғы ернін тістеледі. Онан соң! аһ! — деп бір күрсінді де:

Жөнелдім Қарабалтаға

Бір тиын жоқ қалтада, —

деп сыңсытып барып, етегін қағып орнынан көтерілді де, құм қыздырған қазанға жүгері қуыруға кірісті.

Теппе шайды біз құмға қуырылған аппақ жүгері шайнап іштік. Тәтті-пәтті деген көрінбейді. Ішімнен «қырғыздар жақта тоқшылық дегені қайда?» деп қойдым.

Арзы апам Көксайдан өтерде бізді бір бейсеубет адам қорқытқанын айтты.

— Құдай өзі жар болсын! — деді атам тұнжырап. Ол қайтып үндеген жоқ. Қат-қат қалың ойдың орманына сүңгіп кетіп, мұнда адам барын ұмытқандай ақселеу сақалын тарамдап отырды да қалды.

Оның есесіне Сусар апамның жағы семген жоқ. Күйеуге кеткен Зинат қызын сағынып жүргенін, әскердегі Әбдібекті түсінде көретінін, Шарбанның басқа күйеуге тиіп, Медетханды алып кеткенін айтты. Енді екі кемпір менің Әміреқұл көкеммен Шарбан хикаясын қисадай қып тағы айтысты. Ақырында екеуі де жылап тынды. Есіл Әміреқұлдан қалған жалғыз тұяқ өгей әкенің қолында қалай күн көреді десті.

Мамытбек тері шанашқа салған түрлі-түсті асықтарын көрсетіп, менің көңілімді ауламақ. Көзім асықта, көңілім кемпірлердің әңгімесінде. Сусар апам алаша тоқырда жүнді түрлі-түрлі бояуға салады екен, сонда асықтарды да қызыл, жасыл, сары, қара, көк бояуға бөлек-бөлек тоғытатын көрінеді. Мамытбек маған ауылға қайтарда бір шанаш асық сыйламақшы болды. Ішінде құлжасы да бар екен.

Ақырында май шам өлегзи бастаған соң, екі кемпір әңгімені лажсыз тоқтатты-ау. Жүгері паяның үстіне киіз салып, Мамытбек екеумізді қатар жатқызды.

Ертеңгі шайдан кейін Нұралы атам есегін ерттеп, Арзы апамды ертіп, Шекер дейтін айылға кетті. Сол жақтан астық қарастырмақшы. Біз Мамытбек екеуміз Күркүреу сайдың бойын араладық. Көктем шығып келе жатса да, өзен жағасына киіз үй тігіліпті. Үйдің төбесінде бақанға байлаулы аттың қара құйрығы тұр екен. Менің аң-таң болғанымды көріп Мамытбек:

— Қара қағаз, — деді жақындап барып, есігінен баспалап қарап едік, қара жамылған екі әйел

іргеге қарап, жоқтау айтып отыр. Бізі көріп босағаға он-он төрт жастағы қызбала жақындады. Бізге кет деп айта ма деп едім, кет деген жоқ. Қайта келгенімізді құптағандай. Үстінде түгі түскен шибарқыт қамзол,омырауына жағалай күміс теңге тағып тастапты. Шашын майда өріп, жағалата бұрым салған. Басында үкілі дөңгелек бөркі бар. Мамытбекті таниды екен. Мені көрсетіп:

— Бұл кім? — деп сұрады.

— Бұл қазақ туысқанымыз. Аты Барсхан, — деді Мамытбек.

— Менің атым Чолпон, — деді қыз.

Іргедегі екі әйел жоқтау айтып әлі отыр. Олар осылай қозғалмай тас мүсін боп қатып қалатын шығар...

Киіз үйдің сыртын айнала берсең-ақ гүрілдеп аққан асау өзеннен әлгі әйелдердің даусы естілмей қалады екен. Жоқтау әуенін жоққа шығарғысы келгендей ақ көбігін аспанға атқылап, тастан-тасқа соқтығып, арқырап жатқан айбарлы су. Жағасында дөңкиіп- дөңкиіп түйе тастар жатыр. Түйе тастың күн жақ беті жып-жылы екен: үстіне шығып отырдық. Төбеден Манас шаншылып тұр. Манастан батысқа қарай созылған сеңгір-сеңгір таулар. Осының бәрі Тәңірітау.

— Сенің ауылың қай жақта? — деп сұрады Чолпон.

— Сонау жақта, — деп таулар тізбегінің ең шетін нұсқадым.

— «Сонау» деген не? — деп күлді қыз.

— «Тігіне» дегені ғой, — деп түсіндірді Мамытбек.

— Анау үйдегі екі әйел не айтып отыр? — деп сұрадым да ыңғайсызданып қалдым. Бірақ онымды Чолпон ерсі көрген жоқ.

— Әжем мен апам жоқтау айтады. Әкем соғыста қайтыпты деп хабар келді. Содан бері әжем мен апам «Қарағұл ботамды» айта беред. Ертеде бір мерген кісінің жалғыз ұлы болған екен. Қарағұлға еліктің терісінен тон тігіп кигізіп қойған екен. Бір күні жаңа қонысқа келіп қонғанда, мерген киік аулап кетеді. Бірақ ол күні жолы болмай, құр қол қайтып келе жатып, үйіне жақындай бергенде атқұлақ қурайдың түбінде жатқан елікті көреді де, атып салады. Әлгі елік дегені «апа!» деп жатып қалады. Барса, елік емес, елік терісінен тон киген жалғыз баласы Қарағұл қансырап жатыр. Сөйтсе ол әкесін іздеп шығып, атқұлақтың түбінде жатып ұйықтап қалған екен. Абайсызда баласын атып алған мерген сонда ұлын жоқтап айтады екен:

Кең қолдың басы кен шеңбер, ботам,
Қансырап жатқан, Қарағұл ботам.
Тар қолдың басы тар шеңбер ботам,
Талықсып жатқан, Қарағұл ботам.
Алтыннан сақа құйылды, ботам,
Айына жетпей қиылдық ботам.
Күмістен сақа құйылды, ботам,
Күніңе жетпей қиылдың ботам.
Мен елік атып тигіздім, ботам,
Мен елік тон қайдан кигіздім, ботам.
Ертең бір аулың көшеді, ботам.
Көк Қайқы барып қонады, ботам.
Мен абайсызда қарамай, ботам,
Балдырған түбі былқ етті, ботам.
Балалы елік ден қалдым, ботам,
Мен ботамды жеп қойдым, ботам.
Тобыршағың тер болар, ботам,
Сенің тозағың тартып қор болар, ботам.
Тоқсандағы атекең, ботам,
Арғымағың ат болар, ботам.
Алпыстағы анаң сенің
Азабыңды тартып қор болар, ботам.
Құлыны өлген биедей, ботам,
Қуартып кеттің, Қарағұл ботам.
Ботасы өлген түйедей, ботам,
Боздатып кеттің, Қарағұл ботам.
О, Қарағұл ботам! О, Қарағұл ботам!

Тасқа су арылдай соғып, тозаңы бетке шашырайды. Бізге айбарлана:

— Тек! — дегісі келгендей.

Кейде судың сарыны әлгі әуенмен үндесе шығады.

Әлдекім айқайлағандай болды. Күркіреу судың шуылынан әрең естіледі. Қарасақ, Сусар апам қол бұлғап бізді шақырып тұр екен. Түйе тастан түсіп, үйге қайттық. Чолпон соңымыздан қарап тұрды Мен қазір тамақ ішіп қайтып келетін шығармыз деп ойладым.

— Қайтып келеміз, — дедім бұрылып.

Үйге келсек, Арзы апам буынып-түйініп, ала қаптың үстінде отыр. Нұралы атам есіктің алдына бөстек салдырып жантайып жатыр. Шекерден келіп қалыпты.

— Барсхан қарағым-ау, қайда жүрсің? — деді Арзы апам ренжіп.

— Бұ Арзы апаң қайтамыз деп асығып отыр. Бүгін жатып,ертең жүріп кетсеңдер де болар еді, — деді Сусар апам.

— Ойбу, жиен қыз-ay, осындай заманда адам меймандықта жүріп алар ма? Барсханның ертең оқуы бар. Менің шалым жұмыста, өзімді бригадир бір күнге босатып еді. Қайтпасақ тегі болмайды.

— Күн түс боп қалды-ау, — деп Нұралы атам да қимады.

— Ештеңе етпейді, кешке дейін, құдай қаласа, барып қаламыз, — деп Арзы апам көнбеді.

Мен мұнша тез аттанамыз деп ойламап ем, мына Нұралы атамды, Сусар апамды, Мамытбек бауырымды қимай, тамағыма жас тығылды. Тұңғыш рет Мамытбектің күлмей, байсалдана қалғанын көрдім. Күлмесе түрі суықтау екен. Есектердің жүгі ауырлады. Бір-бір десте қап дән алып қайттық. Бұл баға жетпес байлық еді.

3

Күн кешегіден гөрі ыси түскенін жолға шыққан соң сездік. Арзы апам тіпті шапанын шешіп астына басып алды. Екі есек ауылға бет алғанын біліп, жүрісі жөнделді. Үстіндегі жүкті бұйым көрер емес. Есектің күші адал деген осы да. Арзы апамның қабағы ашылып, бұрынғыдай ой тереңіне кете бермей, жарқын-жарқын сөйлеп, кейде тіпті ыңылдап ескі әуендерге де салып келе жатты. Бәйшешектің қуыс құлағы бадырайған жүгерідей ашылып, шоқ-шоғымен кемел кезіне келген екен. Күннің қызуына шыдай алмай алқа-салқа шешініп тастаған сияқты. Қартаңқұлақтың да жапырағы жайылып, сап-сары қоңыраугүл жайнаң қағып қалыпты. Аспан астын бозторғайдың құйқылжыған әуені кернеп кеткен. Тәңірітаудың көк тіреген шоқылары бүгін аса айбынды. Тұман тұтпай, мұнар баспай ап-айқын көрінеді. Жаңа шыққан көктің арасындағы арагідік былтырғы боз жусан кілем үстіне аяғының батпағымен шығып кеткен әдепсіздің ізіндей боп ескілігін жасыра алмай тұр. Жол жағалай отар-отар қой жайылып жатыр. Қоздағаны көп. Жүні тықыр, қызыл шақа мәліш қозылар, аяқтары дірілдеп әрең-әрең жүреді. Жаңа туған қойдың уызын сауып отырған қойшының екі беті шиқандай екен.

— Қойдың сүті қорғасын деген рас-ау, шіркін, — деді Арзы апам. Анадай жерде бықсып от жанып жатыр.

— Ана сауып отырған сүтін қазір пісіреді, — деді Арзы апам. — Жалғанда тәтті тамақ сол ғой, шіркін. Анау отта тас қызып жатыр. Отқа әбден қызған тасты сүттің ішіне тастап-тастап жіберсе, сүт сақыр-сұқыр қайнап шыға келеді. Әне, оны ішіп алсаң — мұртыңды балта шаппайды.

«Осыдан ауылға барған соң бұл амалды Күзембай қойшыға айтпасам ба?» — деп ойладым. Бірақ біздің колхоздың қойы — қырық құрау: қазақы қойы да, мәліші де бар, аралас, ешкісі көп. Ал мынау кілең жібек жүнді меринос. Бұл аты шулы «Көксай» совхозының қойлары еді.

Әне-міне дегенше Көксай аңғарының ернеуіне де келіп іліндік. Бірақ көтеріңкі көңіл бір сәтте су сепкендей басылды. Аңғардың табанындағы кеше ғана мөлдіреп жатқан кәусар су бүгін ісіп-кеуіп, арнасынан шығып, лайсаңданып, ботана боп алас ұрып жатыр. Қояншығы ұстаған адамдай, түріне қарап не болар емес. Қалш-қалш етіп, жағаны қауып,жартастардың етегіне жармасып, төске шауып арсылдайды.

Ентелеп келе жатқан есектердің де жүрісі кібіртіктеді. Дәл алдында аждаһа жатқандай шегіншектей береді.

— Ойбу, құдай сыйлады! — деп Арзы апам санын бір-ақ салды. — Мынадан қайтіп өттік енді?!

Суға ұзақ қарасаң басың айналып, жүрек айниды. Тілсіз дүлей. Заңғар таудан құлап, аласұрып асыққанда қайда барады? Қарқынына қарасаң — мұхитқа жығылмай тынбайтын-ақ сияқты. Бірақ бұл өзендердің арыны қатты да, адымы қысқа. Осыдан осы Көксай Күркіреуге барып қосылмақ. Ал Күркіреу болса Маймақтың Қапшығайында Теріс өзенімен табысып, сол жерден бастап екеуінің де есімдері жойылып, Аса аталады. Әулиеата жақтағы колхоздың арық-атыздарына жетекке ілеседі де, қызылша алқабына жетіп ада болады. Осындай ерте көктемде,не қыста ғана төменгі Билікөлге барып құяды. Бұлардың мұхиты — Билікөл.

— Әй, әттесі-ай, сәл ертерек шықпаған екенбіз, — деді Арзы апам күйініп. — Күн қызбай тұрғанда, бұл судан тауықта аттап өтуші еді...

Не істерімізді білмей дағдарып, мең-зең боп тұрдық та қалдық. Кейін қайтайық десек оның лажын таппаймыз. Екі ара талай жер. Әрі десе қайтып барып жүру ұят-ақ. Жақын жерде ел жоқ. Айнала аңғал-саңғал алпауыт аңғар. Сарқырама су. Басқа дыбыс жоқ. Кешегі Бадырақ көзден қорқып қалғанымыз және бар. Күн болса қиялап бесіннен ауып бара жатыр. Бұл су, сірә, түнге қарай тартылар. Түней салуға түн салқын, әрі десе айдала, иесіз аңғар. Кешегі бозторғай да жоқ. Кеше ол не қорыды екен? Егер сайдың табанына ұя салып жүрсе, онысы әлдеқашан судың қақпақылында кетті.

Екеуміз де есектен түстік. Ұйып қалған аяқтарымызды жазып, жан-жаққа қарап біраз тұрдық. Есекпісің деген, ана екі арам:

— «Ал енді амалын өздерің табыңдар, біздің шаруамыз шамалы» дегендей қайта-қайта пысқырынып тастақ беткейдің тырбық көгін іскектеп, бырт-бырт үзе бастады. Үстеріндегі қаптарды әзір түсірген жоқпыз.

— Қабаққа шығып қарашы, өткен-кеткен ешкім көрінбей ме екен, — деді Арзы апам.

Жүгіріп, ентелей басып қабаққа шықтым. Тырс еткен тірі жан жоқ. Баяғы сол судың сарыны. Күн болса салбырап: «Сендердің ауылдарың мына тұста» дегендей Ақсайдың аузына таман барып қалыпты. Тәңірітаудың қары аппақ, кір шалмаған қалпы. Бейкүнә періште тұрған бойы. «Суды тасытқан біз емес» дегендей мүләйім. Ылдида Қапшағай мұнарланып тұр. Арт жақта бұралаң боз жол: «Қайтсаңдар, мен, міне» дегендей ащы ішекше шұбатылып жатыр.

— Ешкім көрінбейді, — деп сайдың табанына түстім.

Аңғардың іші елсіз ескі қыстау сияқты қара барқын тартып,қаңырап барады.

— Е, жаратқан ием, — деді Арзы апам, — жар бола гөp!

Белбеуін шешіп, шапшып жатқан лайсаң суға қолын малып,кимешегін түріп, бетін сипады. Содан белбеуді жайып, кебісін шешіп тастап, намазға бас қойды.

Тағы да құдайға жалбарынды. Әуелі Орха мен Ноханың амандығын тілеген шығар. Одан соң үйдегілердің тіршілігін сұраған болар. Жол кесірінен, тосын қырсықтан сақта, құдай, деген шығар.

Судың сойылсоқ сарыны оның сөзін естірткен жоқ. Бірақ байқағаным, егер құдай бар болса, мұншама құлдық ұрған шын тілектен соң мына су қақ айырылып, біз құрғақ қара жолмен өте шығуымыз керек-ақ еді. Бірақ ондай ғажап болған жоқ. Жер бетінде қыбырлаған пенденің бәрінің толып жатқан тойымсыз арызы бар. Оның бәрін орындай берсе, құдекең де принципсіз боп шыға келмей ме.

— Тағы шығып қарашы, — деді Арзы апам орнынан едәуір уақыттан соң түрегеліп.

Етпетінен ентелеп отырып, қабаққа тағы шықтым. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. He Қазақстан жағынан,не Қырғызстан жағынан тырс еткен кісі жоқ. «Осы жұрт бәрі бірі қалмай майданға аттанып кеткен жоқ екен?» деген үрей билер бойыңды. Жоғарыда тұрып Арзы апама:

— Ешкім көрінбейді! — деп айқайладым. Арзы апам су жағалап ары жүрді, бері жүрді. Сірә, өткел іздейді-ау. Бірде қолындағы таяғын суға бойлатып көріп еді, оны толқын лезде жұлып әкетті. Ақтаяқ әр жерден бір-екі рет қайқаң етіп көрінді де, жоқ болды.

Бір есептен осы кері қайтқан да жөн-ау, деймін. Мамытбекпен, күндіз көрген Чолпон қызбен тағы да Күркүреудің жағасына барып, түйе тастың үстіне шығып отырар едік... Кім біледі, Медетханның хабарын білетін біреу-міреу келіп қалар ма еді...

Бір есептен, бүгін түнделетіп болса да үйге жеткеніміз де дұрыс болар-ау. Інім мен қарындасым, Айша үшеуі үрпиісіп есіктің алдына шығып, жолыма қарап тұрғандай көрінді.

Тыраулаған нәзік үн тас төбемнен естілгенде, есім кетіп аспанға шалқая қарап қалыппын. Арзы апамның тілегі жасағанның ілтипатына ілініп, мына тізбек тырналар бізге көмекке келгендей сезім биледі. Бірақ тырналар өздері қонаға асыққандай қайырылмастан солтүстік-шығысты бетке алып, лезде көрінбей кетті.

Бәрінен күдер үзіп, енді сайға қарай түсе берейін дегенімде, тау жақтан бір атты аулақта Аршагүл жаққа қиғаштай тартып бара жатқанын байқап қалып, айдаладағы адамға айқай салдым. Сірә, менің даусым жетпеді-ау деймін, атты ешқайда бұрылмастан борт-борт аяңмен кете барды. Басымнан күнқағары мыжырайған кепкамды жұлып алып жалбаңдаттым-ау келіп. Жоқ, әлгі адам жан-жағына қарау деген не, бұрылмайды. Әлдебір жансыз затты аттың үстіне танып тастап беталды қоя берген сияқты.

Менің Шырылдаған даусымды естіп, екі өкпесін қолына алып Арзы апам келді қасыма.

— Әне, кетіп бара жатыр! — дедім.

— Әй-у! — деп айқайлады Арзы апам. Даусы әлсіз-ақ. Ә дегенде шықпай қалды. Қолын бұлғап:

— Әй-у-у! — деді. Болмаған соң басындағы ақшаңқан күндігін жұлып алып бұлғады.

— Жүгір! — деді маған.

Құрысын, алыс-ақ, бірақ амал жоқ, безектеп жолдан қиғаш тура жүгірдім. Былтырғы қызыл тікен шұлықсыз тобығымды аямай-ақ тырналап қалып жатыр. Жердің астынан сансыз жезтырнақ саусағын шығарып тұрғандай қасақана. Екі өкпем өшіп, енді құлайтын шығармын-ау дегенмін. Бір сәт атты адам атының басын кегжең еткізіп, шұғыл тоқтатып, біз жаққа қалт қарап қалғанда, арғысына шыдамым жетпей, құлай кетсем керек. Көзімнің алды бұлдырап, тау теңселіп, аспан аунақшып тұр. Дүрсілдеген тұяқ даусы таяп қалды. Мен әл-қуат алып, орнымнан тұрдым. Әуелі күрең айғырдың астаудай апай төсі, алдына көсілте тастаған қос аяғы, пыр-пыр етіп түндіктей желпілдеген танауы көрінді. Жал-құйрығы төгілген есік пен төрдей зор айғыр екен. Үстіндегісі атқа қарағанда қораштау, менен көп болса үш-төрт жас үлкендігі бар балаң жігіт.

— Иә, не болды? — деді ол бұрыннан танитын адамдай аты-жөнімді сұрамай.

— Анда, — деп мен сөйлеуге шамам келмей Арзы апам жақты көрсеттім. Атты онан әрі ештеңе сұрамастан мінерлік жақтың үзеңгісінен аяғын шығарып босата берді. Онысы маған мінгес дегені еді.

Арзы апам жағдайды айтты. Шылбырынан ұстап тұрып:

— Айналайын, екі дүниеде жақсылығыңды ұмытпайын, өткізіп жібер, — деді.

— Ойбай, мынау жаман ғой, — деді салт атты суға қарап. — Тауда қар бұзылды. Мынау соның лаңы ғой. Сәл ерте келгеніңізде бұл су жоқ еді. — Онан соң өзінің атын жаңа көріп тұрғандай алды-артына көз жүгіртіп алды.

Күрең айғыр бәйгенің емес, көкпардың, көкпар болғанда да доданың аты екені көрініп тұр. Омырауы жартастай екен, жарықтықтың. Мынау, сірә, жылқышы, яки завферма болар. Табыннан, таудан түсіп, айылға бара жатқан беті, сірә...

Атына көңілі толғандай сауырын шапаттап қойды да, бізге қарады, от оттауын қойып мүлгіп тұрған есектерімізге қарады. Сонан соң тағы да суға көз жүгіртіп алып:

— Тәуекел! — деді.

Арзы апам екеуміз қолдасып, қара есектің үстіндегі қапты күрең айғырдың бауырына қарай көтердік. Көкпаршы ма, құдай білсін, анау еңкейе беріп қапты қос қолдап жұлып алып алдына өңгерді. Қамшысын аузына тістеп алды.

Жайлап тебініп көріп еді, күрең қасқа тайсалған жоқ, суға қойды да кетті. Су тілерсегінен асып, бауырын сызды. Толқын құйрығын желбіретіп, сүйреп барады. Жануардың бөксесі арынды ағыстан бұраңдайды. Күрең пырылдайды, омырауына соқтыққан су қақырап, ақ көбікке айналып, жапырыла құлайды. Бала үзеңгілі аяғын көтеріңкіреп алды. Арғы жағаға жеткен күрең бір ұмтылып құрғаққа шығып дүр сілкінді. Бала қапты сылқ еткізіп жерге тастады.

Осылайша екінші қап та арғы бетке өткізілді. Онан соң бала өзі ердің артына отырды да, ерге Арзы апамды мінгізіп өткізді. Маған өйткен жоқ, мені артына мінгестірді. Үзеңгіге аяғым жетіңкіремей тырбыңдап тұрғанымда, еңкейіп бір қолтығымнан алып, демеп жіберді. Арғы жағаға мен де өттім. Онан соң бала Оңғарбай атамның көк есегін шылбырынан сүйреп суға салды. Әуелі көк есек басқысы келмеп еді, қамшымен құйымшақтан тартып-тартып жібергенде, артқы екі аяғы бүгіліп барып, суға күмп берді. Көк есекті су тәуір-ақ, тәлтіректетті. Егер бала болмағанда кім біледі...

Арзы апамның қара есегі сорлы көзін жұмып, түртінектеп, суға түсуге батпай, қамшыға шыдап көп тұрды. Бір-екі рет алдыңғы аяқтарын суға салып тұрып, қайтадан шегіншектеп кетті. Бір мәрте тіпті кіржің етіп, күреңге тісін ақситып, құлағын жымитып тістемекші де болды. Тұра қалып арғы аяғын арбаңдатып тоңқып та көрді. Ақыры болмаған соң балаң жігіт қара есектің қыл шылбырын оң жақ тақымының астынан өткізіп, қырғыз ердің қасына екі-үш орап қойды да, күрең қасқаны тебініп қалды. Талай додаларды жарып шыққан жануар тайсалмай суға тағы салды. Қара есек сорлы басы кегжиіп, көзі аларып, тұмсығы аспанға қарап, төрт аяғымен жер тіреп, сүйретіліп барып суға түсті. Суға түскен соң шегіншектегенін қойып, қайта күреңмен қатарласуға тырысты. Судың ортасына жете бергенде, сірә, аяғына тас соққан болар, қираң етіп, арт жағымен құлады. Күрең айғыр да тұңғыш рет теңселіп кетті. Қара есек тұрмақшы боп итінген кезде, басы суға көміліп шықты. Қайтадан көміліп кетті. Ер аударылып кетпес үшін бала салмақты сол жаққа басты. Бір уақытта қара есектің басы тағы бір кегжең етті де, брезент жүген шыдамай, сағалдырығынан үзіліп борт кетті. Қара есектің басы тағы бір қылтың ете қалып еді, енді бірде аяқтары сереңдеп көрінді де жоқ болды.

Біраз үнсіз қарап тұрдық. Аңғардың іші ала көлеңке тартты, күн ұясына қонған екен.

— Алда, қараң қалғыр, — деді Арзы апам есі енді кіргендей.

— Бәйбіше, қапа болмаңыз, мүмкіндік болмай қалды, жүген шыдамады, — деді бала өзін кінәлі сезініп.

— Жоқ, айналайын, — деді Арзы апам. — Әшейін суға мысығың кетіп қалса да өкінесің ғой. Буаз еді, тұқымың құрғыр. Мейлі, бала-шағамның садағасы! Құдай-ау, алыста жүрген шырақтарымның садағасы! Дүние атаулының қағындысы қара есекпен кетсін. Соғыстың сойқаны да сонымен кетсін! Ел-жұрт аман болсын, бір нәрсе ғып күн көрерміз.

Бала атынан түсіп, қап көтерісті. Енді екі қапты да көк есек көтерді. Арзы апам екеуміз қаптардың екі жағынан ұстап жаяу тарттық.

Арзы апам күрең айғырлы азамат балаға алғысын жаудырды-ақ:

— Тірлікте жамандық көрме, өркенің өссін, өз теңіңнің алды бол, айналайын! Бізді жарылқасаң, сені құдай жарылқасын!

Сонан соң Арзы апам есіне бір нәрсе түскендей, кері жүгірді. Бұл кезде күрең айғыр арғы жағаға шыққан.

— Атың кім, айналайын? Кімнің баласысың? — деп айқайлайды Арзы апам. Анау естімей құлағын қалқалады.

— Атың кім? Кімнің баласысың?

Бала бірдеңе деп айқайлады. Бірақ судың гүрілі естіртпеді.

— Кім? Кім!

Бала екі қолымен аузын тосып тұрып, үзеңгіге аяғын тіреп, айғырдың үстінде көтеріліңкіреп дауыстады. Бірақ не айтқанын ажырата алмадық. Ол бізге қолын бұлғап, аттың басын бұрып, қабақты қиялап ары қарай, күншығысқа өз жөнімен кете барды.

Жалғыз есекті екі жақтан қаумалап, күннің батысына қарай біз де қозғалдық. Ымырт үйіріле бастаған. Елегізіп, бойды қорқыныш билегендей. Бірақ маңдай алдымыздан жарқырап бір жұлдыз ығып тұр екен. Сол медеу болып, көңіл орныға түскендей. Көңіл шіркінде бір ғана кірбің қалды: әлгі күрең айғыр мінген батыр тұлғалы балаң жігіттің кім екенін, құдай сыйлап, біле алмай қалдық. Маған бір сәт:

«Осы Медетхан емес пе екен?» деген де ой келді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама