Тастай берік, гүлдей нәзік
Жұрт тына қалды. Митинг ашылды.
— Қарақтарым, — деген дауыс репродуктордан қарлыға, тіпті дірілдей шықты.
Сөз батырдың анасына беріліп еді. Қарт ана «қарақтарым» дегеннен басқа не айтарын білмегендей үнсіз қалды. Айнала қарады, қаптап тұрған адам толқынын тым баяу шолып өтті. Сол қалың топты кішкентай тар құшағына сыйдырып жібергісі келгендей, қолын жайды. Бұрын мұндай көпшілік алдында сөйлеп көрмеген ана қол созған күйі едәуір тұрып қалды. Енді бір кезде иегі кемсеңдеп барып:
— Менің Нұркешім өлмеген екен, — деді.
1943 жылы Сталинград түбінде жау үстіне жай оғындай құлап түсіп, мерт болған Нұркенді «Менің Нұркешім өлмеген екен» деп тұрған кемпірді жақынырақ көргім келіп, жұртты кимелеп, алға ұмтылдым. Бірақ мына қарт адамның аузынан анда-санда бір шыққан сөзді әлдебір тәбәріктей шашау шығармай құлақ түріп қалғандарға менің бұл әрекетім мүлде ұнамады. Маған жұрт ала көзімен қарады. Әйтсе де мен өлермендік пен екі шынтақтың арқасында трибунаға таяп бардым.
Қарсыдан соққан күзгі жел қара шәлінің астынан қарт ананың бір селеу самай шашын шығарып алып желбіретіп тұр. Сол сәтте ол маған сұрапыл сойқан дауылға бетпе-бет қарап, қайтпай қасарысып, ұзақ жол жүріп келе жатқан орасан алыптай болып көрінді. «Мынандай анадан туған баланың батыр болмауы, шынында, мүмкін емес-ау» деп ойладым ішімнен.
— Менің Нұркешім өлді деп кім айтты! Мені тұлдырсыз қалды деген кім? Осынау тұрған барлығың менің балам емессің бе?! — Қарт ананың үні қатқыл шықты. Әдепкідей емес, күмілжімей, жүнжімей, жарқын-жарқын естілді. Сол кезде жон-арқамнан нендей құдіреттің жосып өткенін білмеймін, тұла бойым дүр-р сілкінді. Екінің бірі айтып жүретін көне сөздердің өзі дәл осы бір шақта Бородиннің «Қаһарман» симфониясының заңғар нотасындай қаһарлы, айбарлы шықты.
Ана одан әрі сөйлемеді, әлденеге булыққандай:
— Рақмет, шырақтарым... — деп әрең айтып үлгерді де бұрылып кетті.
Ескерткіш үстіндегі ақ жамылғы алынды. Алғашқы секундтарда оған жүздеген көз, қалың топ қадала қарады. Енді бір сәтте жұрт бір-бірімен жабырласып, сөйлесіп ала жөнелді. Ескерткіштің қалай шыққаны жайлы әркім өз ойын айтып, өз бағасын беріп жатты. Біреу тұрып: — Сәтті шыққан екен, — десе, енді біреу: — Онша емес, — деді.
— Скульптураны салған кім екен?
— Кім де болса азамат екен! — десіп те жатты.
Ал скульптураны айнала пионерлер гүл шоқтарын қойды. Ескерткіштің еңселі тұғырынан алтын жазу айқын көрініп тұрды:
«Даңқты жерлесіміз, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровке Қарағанды комсомолецтерінен»
Осы жазу жаңағы Бағила апаның: «Осынау тұрған барлығың менің балам емессің бе?» — деген сауалына жауап сыпатты еді.
Бағила қарттың балалары өте көп екені кәміл шындық. Сол балалары былтыр ардақты ағасын еске алып, ескерткіш орнатпақшы болды. Олар жас шахтерлер, жас құрылысшылар, студенттер, оқушылар еді Аға сыйлай білер жақсы інілер жұмыстан, сабақтан тыс уақытты пайдаланып еңбек етті. Жер астында бірер сағат артық қалып көмір шапты, көше-көшеге ағаш отырғызды, сынық металл жинады, өнерпаздары ойын көрсетті. Жүз мың сом ақша осы еңбекпен келді. Сол қаржыға, міне, ескерткіш орнатылды.
Жұрт тарамай ескерткішті айнала қарап жүр. Құлақ салсаң, әңгіме сыңайы жаңағыдай, біреу ескерткіш мықты салыныпты десе, енді біреу орташа екен дейді.
Сол сәтте мен елдің сөзіне құлақ сала жүрсем де, батырдың анасынан көз жазбадым. Ол өзінің батыр ұлымен дидарласып тұр еді. Сай-сай әжімді қуалай тарам-тарам жас аққан жүзінде жатырқау жоқ, бірақ таңдану ма екен, әлде масаттану ма екен, әйтеуір көз жанарында бір ұшқын жатқандай көрінеді маған.
Мен ойладым. Мен мына кішкентай адамның үлкен жан дүниесіне үңілгім келді, оның жан тебіренісін көз алдыма елестеткім келді. Мен былай ойладым.
Сонау соғыс жылдары осы анаға: «балаң асқан ерлікпен қаза болды» деп естіртті. «Жаудың ондаған самолеттері мен танктерін, жүздеген әскерін жайратып жүргенде, ақиық сұңқарға аспандағы айқаста топшысынан оқ тиіп мерт болды» деді.
Баласының бұл ерлігін абзал ана көз алдына сан рет елестетер еді. Ұзақ түндерде қараңғы үйде көз жұмбай жатып, жаумен арпалысқан Нұркешінің бейнесін көрмек болып, сол бейнені, сом бейнені, өлімнен де зор бейнені зарыға іздеп, шарқ ұрар еді.
Міне, искусство сол бейнені жасапты. Ана ұлын таныды. Аспандағы айқаста Нұркешінің самолетіне снаряд тиіп өртеніпті. Өрт жалыны батырдың алдын да, артын да орап алыпты. Сусымалы сұм жалын Нұркешінің етек жағын ала лапылдап лаулап барады. Ақиқат ажал алқымынан алған кез ғой бұл! Ал ажалмен бетпе-бет кездескен жан, мына бір жапырақ кемпірдің ұлы самолеттің рычагін күрт басып, сол қолын көкжалға шүйілген қырандай сермеп, төмен құлдилап келеді. Келбеті қандай, келбеті! Сол келбеттен мен зұлымдық пен ізгіліктің айқасын, адам баласына деген сүйіспеншілік пен адам затына деген қастандықтың арпалысын көремін.
Анасы да көрді мұны.
— Иә, менің Нұркешім осындай, — деп күбірледі.
— Иә, менің Нұркешім өлген жоқ екен, — деп қайталағандай болды ананың ерін емеуріні. Сонда ардагер ақын Мұса Жәлилдің:
Тәнді көмер топырақ
көмбес бірақ
Жалынды жырға толы көңілімді.
«Өлді» — деуге сыя ма,
айтыңдаршы,
Жеңіп өлсек сұрапыл бұл өлімді! —
деген бір ауыз өлеңі есіме түсті.
Сұрапыл сұм елімді жеңіп өлген бала тұр, тас мүсін боп. «Өлді» деуге қия алмай ана тұр кәрі төсі бүлк-бүлк етіп еміреніп. Тас бала мен ақ аш ананың үнсіз-тілсіз көріскенін көріп ел тұрды тебіреніп... Айнала тұрғандардың көбі жасөспірімдер, Нұркеннің інілері. Ана айтты оларға: «бәрің менің баламсын» деді. Батыр ағаны қастерлегені үшім балаларына: — «Рақмет, шырақтарым», — деді.
...Бас-аяғы бір сағаттан асар-аспас уақыт қой. Осы мезгіл ішінде мен қарт ананың қас-қабағынан көз алмадым. Оның қуанғанын да, жыламасқа дәті қайсы, жылағанын да көрдім. Көрдім де, ана жаны тастай берік, гүлдей нәзік екен деген ойға келдім.