tengrinews.kz
- 09 нау. 2026 14:31
- 45
АҚШ әскерилері Иран халқына шұғыл ескерту жасады
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның бейбіт халқына қатысты қауіпсіздік туралы ескерту жариялады. Бұл туралы Euronews хабарлады.
«Иран режимі әскери операцияларды, соның ішінде дрондар мен баллистикалық зымырандарды ұшыру үшін халық тығыз орналасқан азаматтық аудандарды пайдаланады. Бұл қауіпті шешім Иранның барлық бейбіт тұрғындарының өмірін қатерге тігеді, өйткені әскери мақсатта қолданылатын орындар қорғау мәртебесінен айырылып, халықаралық құқыққа сәйкес заңды әскери нысаналарға айналуы мүмкін», - делінген CENTCOM мәлімдемесінде.
АҚШ Орталық қолбасшылығы ирандық күштердің Дизфуль, Исфахан және Шираз сияқты қалалардағы халық тығыз орналасқан, бейбіт тұрғындар қоршаған аудандарды дрондар мен баллистикалық зымырандар ұшыру үшін қолданатынын мәлімдеді.
«АҚШ Қарулы Күштері Иранның бейбіт тұрғындарын үйде қалуға шақырады. Иран режимі саналы түрде бейкүнә адамдардың өмірін қатерге тігеді. Сонымен қатар, ирандық күштер бейкүнә адамдардың қауіпсіздігін Таяу Шығыс бойынша, азаматтық әуежайларға, қонақүйлерге және тұрғын үйлерге қасақана және таңдаусыз соққылар жасау арқылы бұзады», - деп атап өтті CENTCOM.
28 ақпаннан бастап Иран жүздеген баллистикалық зымыран мен мыңдаған бір жақты соққы жасайтын дрондар ұшырды. Алайда, АҚШ пен серіктес елдердің күштері ирандық әскери әлеуетін жойып жатқандықтан, ұшыру қарқыны күрт төмендеді.
«АҚШ әскерилері азаматтық халыққа зиянды азайту үшін барлық мүмкінді шараларды қабылдауда, бірақ ирандық режим әскери мақсатта пайдаланатын немесе оның маңындағы нысандардағы бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Иран режимінен айырмашылығы, американдық күштер азаматтық халыққа соққы жасамайды және оларды қасақана қатерге тікпейді», - деді АҚШ Орталық қолбасшылығы.
8 наурыз жексенбі күні Бахрейн, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктері Ираннан жаңа зымыран шабуылдары, соның ішінде жаңа азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар туралы хабарлады.
БАӘ билігінің мәліметінше, Иран 100-ден астам зымыран мен дрондар ұшырған. Бахрейн Тегеранды азаматтық нысандарға таңдаусыз шабуыл жасады деп айыптап, оның тұзсыздандыру зауыттарының бірін зақымдағанын мәлімдеді, бірақ елдегі сумен жабдықтау қалыпты жағдайда екенін айтты.
Бұған дейін Иран АҚШ-тың әуе шабуылы оның тұзсыздандыру зауытын зақымдағанын мәлімдеген болатын. Иран Сыртқы істер министрлігінің басшысы Аббас Аракчи Ормуз бұғазындағы Кешм аралына жасалған соққы 30 ауылдың сумен жабдықталуын тоқтатқанын хабарлады.