Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Ақшақар

— Бө-өкен...

Басын көтеріп еді, қызара бөрткен Әсия қатарласып қалыпты.

— Алып жүрші, қолым талып кетті.

Қыз портфелін ұстата салды. «Жеп-жеңіл, ендеше, қол талғаны несі? Ей, бұл қыздан бәрін де күтуге болады...».

Ол қызыл асықтан сәл асатын көбік қарды кешіп келе жатып өстіп іштей кіжінді. Сөйткенмен, көңілінің күңгірт бұрышында қыздың өзімсініп қолқа салғанына ризалық пен әлдеқандай ұялшақ сезім бас көтере қалып еді. Қызды қайдам, Әсия жолап кетсе, бұл ылғи солай. Болмашы себептен жүрегі аузына тығылып, өрекпи қалады не қарадан қарап бойын ыза буады. Қай сиқыры бар екенін кім білсін, әйтеуір, жайбарақат қалмайды. Физикаша сөйлесе, Әсия Бөкен үшін электр өрісі бар қыз. Аттас зарядтарша теуіп тынады, әйтпесе, аттас емес зарядтарша тартып қояды. Осы жолы тарту да, тебу де бар, екеуі де тайталасып, жеңісе алмай келе жатыр.

Көз қиығымен Әсияның жүзіне жүрексіз қарап еді... Қасына кілбік күміс қырау тұрыпты. Түбіт бөкебай тобылғы торы өңін аша түсіпті, томпақтау келген ерні сәл ашылса, кіршіксіз тістері көрініп қалады. Бүгін Әсия басқа Әсия, ұялшақ Әсия. Қарақат көздерін әлсін-әлі желпіген ұзын кірпіктері кіреукелей береді.

— Оның не? Өйтіп қарама. Бар ғой, әйтпесе, кетіп қаламын.

Бөкеннің беті дуылдап сала берді. Шынында да, сонша телміргені несі алты аласысы, бес бересісі жоқ қызға! Әсия кетем десе, кете салады. Мінезі бірде олай, бірде бұлай. Әйтеуір, Бөкен «Әсияның мінезі, міне, бұлай» деген бір тоқтамға келген емес. Келуі келеді- ау, бірақ қызбен кездесіп, тіл алысса болды, әлгі пікірі аяқ астынан оп-оңай өзгеріп шыға береді.

Не түлен түрткенін кім білсін, Бәкен былтырлары Әсияға бір досынан сәлем айтып, кешке қарай мектеп бағына кездесуге шақырған. Досы емес пе: «Сен туралы Әсия ылғи айтып жүреді екен. Сегізінші класта қызды кездесуге шақыра беруге болады. Қыдырасыңдар, сөйлесесіңдер. Мен де жетінші кластағы әнебір қызды маңайлап жүрмін. Жетіншіні бітірсін, сосын мен де оған хат жазып қалуым ықтимал. Ал Әсия өзіңмен бірге оқиды. Түк те етпейді, мұғалімге айтпайды»,— деп жақауратып болмаған. Көп ұзамай досы мойнынан су кетіп қайтып келді. «Не болды?» Досы төмен қарап міңгірледі. «Алгебрадан алған екілігін түзетсін әуелі»,— депті Әсия.

Бұл мазағы ма, шыны ма, екеуі әрі ойлап, бері ойлап, милары жетпей қойған.

Биыл Бөкен де, Әсия да тоғызыншы класта. Былтырғы оқиғаны тағы бір жіліктеп талдап қараса, қыз бұларды келемеждепті.

Әсия құрбы қыздарымен улап-шулап келе жатса, Бөкен қосалқы көшеге бұрылып кететін әдет тапты. Бәрі жиналып ап, Әсия бастап Бөкен туралы әңгіме қаужап, мәре-сәре болып келе жатқан секілді біртүрлі. Әйткенмен, құлағын қаншама қалқайтып, мектепте тың-тыңдап бақса да, Бөкеннің Әсияны кездесуге шақырғаны жайлы сыбыс естілмейді. «Соны алдың-дұлдыңмен жүріп ұмытып кеткен шығар»,— деп, іштей тәубасына келген.

Бертін келе Бөкеннің қойдағы әке-шешесі пенсияға шығып, ауыл ортасын ойып үй сатып алып, көшіп келді. Енді оқитын мектебі де бір, жүрер жолдары да жалғыз-ақ. Әсиямен ойда да, қырда да көп ұшырасуға, көп қиналуға тура келді. Алайда арада кездесу туралы сөз қозғалмады. Оған Бөкен қуанбаса, ренжіген жоқ. Әдеттегідей Әсия туралы қаншама ойланса да бір шешімге келе алмады. «Не Бөкен жігіт құсап кездесуге шақырды екен деп қаперіне алмады, не арадағы үшеуі ғана білетін сырды көпке шашпайын деді ме»,— деп, қойған.

...Бозбала жоғары қарап еді, әлгі қамалаған қалың ой біраз сейіліп қалды. Қар бейжай жапалақтап жауып тұр. Жер мен көктің жігі жымдасып кетіпті: төрт құбыла ауылдан шыққанда-ақ қылықты қыздай ақбоз пердені бетіне көлегейлей берген. Жер де қар, көк те қар, екеуі шетсіз-шексіз қар мұхитын кешіп, жо-жоқ, ақ шапан жамылып, қалықтай ұшып келе жатқан тәрізді. Жел жоқ, суық та сезілмейді. Қар жапырақтары аяқ астындағы ақ айдынға алыстан шаршап келген кішкене-кішкене аққуларша қалбалақтай қонып жатыр...

Көңілі бек тасыды. Ойланамын деп, шаршап қалыпты. Көзсіз, есепсіз бой қыздырар бір қимыл жасағысы бар. Бала кезінде, төртінші, бесінші кластарда осындайда не істеуші еді, құдай-ау? Ә, тапты, тапты...

Аспанға көз тастап еді, басы айналды. Сорғалаған үлпілдек жапалақтар сансыз екен. Шамасы, мың миллион болып қалар. Түнде көк жүзін емін еркін жайлап жататын жарқырауық жұлдыздар жер жарықтыққа да сәлем беріп қайтайық дегендей жамырап келеді. Ол сол жұлдыздардың ірілеуін таңдап алды да, аузын тосып күтіп тұрды. Әлгі семіз түйіршек жерге жақындай бере, «Мына үңірейген аспанға шынымен түсіп кетем бе» деп қорқып қалды ма, бір-екі дөңгелеп тұрып қалды да, біресе оңға, біресе солға ойысып, бұлталақтай бастады. Бөкеннің де оңайлықпен құтқарып жібергісі жоқ, аяқтары айқасып, құшағын жая қуады-ай. Құлақшыны желкесіне ысырылыпты. Ақыры жұлдызды қоймай жүріп қақшып түскенімен, ботинкасының табаны тозған ба, тайып кетіп, мұрттай ұшпасы бар ма. Портфель бір жаққа, көк сұр қоян құлақшын көжекше ытқып екінші жаққа домалай қашты.

Қыз күлкісін жасыра, қолтығынан сүйеді. Кірейін десе, жер жарық емес, бар тапқаны төменшіктей:

— Өзім, өзім...— дей береді.

Екеуі тағы да үнсіз. Әсия жігіттің жасып қалған жағдайын сезді ме, сөз бастады:

— Кел, Самат, қар ұстайық.

— ...?

— Білесің бе, қиыршықтар алыстағы әуеден қалқып түскенше әбден тоңады. Бозарып келіп, ақыры аппақ боп кететіні содан. Біз бүкіл қарды ұстап аламыз да, алақанға салып әлдилеп жылытамыз. Бізге көп-көп рақмет дейді,— Ешбір күлкісіз, өз сезіне өзі риясыз сеніп айтып тұр. Бөкен де: «Шын-ау!»— деп ойлады. Жалпы, мұндай күндері адамдар өтірік айтпауға тиіс...

— Кеттік, ендеше!

Құрғақ қар қас, кірпіктеріне жабысады, мұздай боп мойындарына құйылады, оны құйын көңіл, қызған қан елемеді де, сақ-сақ күліп, дөңгелене үйіріліп түсіп жатқан түйіршіктерге алақан, ауыздарын тосып әлек. Қуаныш сәулесі кілкіп тұрған жанарлар шарпысып етіп, қас қатымда қайта қай-қайдағыға қашып, бозғылт аспанның түкпір-түкпірінен нысана іздеп, тым-тырақай тінткілеп кете барады. Бүлк етіп бас көтерген бой бермес балғын бал сезімді жетелеген ессіз күлкі ғана күзгі сан қилы қарбаластан мойны босап, ақ көрпенің астында өз деміне өзі жылынып жатқан дали далада қаңғып қалып жатыр.

Қар қуып жүрген олар қалай соқтығысып қалғанын байқамады. Ебелектеген түйіршікті ұстау үшін созылған қыз қолы Бөкеннің иығында қалып қойды. Аласы ақық мұнар көз, шие ерін... Қиялындағы қымбаты сол қалпы бұзылмаған күйі дәл қасында. Бөкен өзін табан тоқтамас тұңғиық тартып бара жатқандай сезінді ме әлде бір Әсия үшеу болып елестеді ме, немене, әйтеуір, еңкейе берді.

Екеуінің де есі ауған, аңтарылып қалды. Өбіскендері шын ба, жоқ па, анық білмейді. Ол туралы ойланған да жоқ. Еріннен тараған от-жалын тамыр-тамырды түгел қуалап, талмаусыратып кетті. Аздан кейін екеуі екі жаққа жалт берісті.

...Қайта айналып келсе, Әсия орнында тосып тұр екен. Тіктесіп қараған да жоқ, араларын алыстау ұстап, адымдай берді. Сөйлейін десе, жаңа ғана өздері жасап біткен нәзік бірдеңені байқаусызда сындырып алатындай жүрексіз-ақ. Дыбыс шықса, көкіректерінде баяу шертілген күйдің күйкентайлары үркіп кетіп, қолға қайтып қонбайтын сияқты.

Қыз аузымен қарды тосып ала беріп, бозбалаға жалт қарады да, сыңқылдап күліп қойды. Мүмкін Бөкенге, мүмкін өзі өзіне күлді. Ол да күлді. Манадан бері дыбыс шығаруға қорыққанына рақаттана күлді.

Ойда жоқта ту сырттарынан машина гүрілі естілді де, қар үйірген жеңіл «Газик» алдын орай беріп, күрт тормоз берді. Жерге әдеміше жас жігіт қарғып түсті. Совхоз директорының шофері Әнес... сыптай киініп алған, су жаңа он сомдықтан ауса не дерсің. Директорды тасып жүріп, берісі совхоз, арысы ауданның тәуір адамдарымен араласып қалған сыпайы жігіт қой, амандық-саулық сұрап, жалпылдап жатыр.

— Ертең клубта бал-маскарад болады, келсеңдерші,— деп салды.

«Келсеңдерші» деген сөзді көптік жалғауында айтса да көздері қызға жылы ұшырай қарап, жұтынып тұр. Әсияға бұл тым жағып қалған ба, кешке тағы кім-кімдердің баратынын сұрап, Әнестің сөзіне күлімсірей құлақ түреді. Анау кезегінде:

— Көлік жатынан қам жеме, өзің түгіл, бүкіл класыңның қыздарын қосып ал, орын жетеді,— деп мардамсыды. Көпшеден жекешеге, Әсияға ғана көшкен. Бөкенді ептеп қана шетке ысырып тастап, қызбен жалғыз өзі сөйлесіп тұрғандай-ақ күлкісі қатты, қимылы еркін. Осының бәрін көріп, сезіп тұрса да, Бөкенде үн жоқ. Не десін? Әнестің қылығы, сөз саптауынан, тіпті қаңтарылып тұрған «Газигінен» қаншама мін тапқысы келсе де, ол арманы жуыр маңда, тап бүгін, осы жерде орындала қоятын түрі жоқ. Әнестей ашық-жарқын, әзілқой бола алмағанына өзін жерден алып, жерге салады. «Сен, бала, мына жарасып қалған екеуінің қасында артықсың-ау осы!» деген әзізіл ой сумаң-сумаң етеді. Мұны осындай азапқа итеріп тастап, қошуақ бола қалған екеуге тұнжырап қарап, іштей булығады. Бір уақытта, тіпті болмағасын, қолғабын қолғабына ұрып, саусақтарын сытырлатып еді, екеуі көңіл бөлмек түгіл, көз қиықтарын да салмады.

Әнес, әне, қызды қолтығынан ұстап, кабинаға қарай дедектетіп барады. Есікті ашып, отырғызып та үлгерді. Бөкенді елемеді. Итпісің, кісімісің демеді.

Машина дүр етті. Есікті сәл ашыңқыраған Әсия сыртқа басын сәл шығарып:

— Бөкен, отырмаймысың?— деді.

Бұл басын шайқады. Шайқамай-ақ, отыра салатын еді, бар пәле «отырмаймысың» деген сөзден шығып кетті. «Кел, отыр!» десе, шапқылап кететін еді. «Отырмаймысың...» Бұл: «Отырсаң, отыр, отырмасаң, өзің біл» деген немқұрайды ым ғой. Ымды білмейтіндей Бөкеннің белі бесіктен жаңа шыққан жоқ. Осы қызға жолап кетсе болды, Бөкен өзгеріп сала береді. Себепсіз қуанады. Себепсізден-себепсіз мін тапқыш, кінәмшіл, қиқар.

Бөкенде бар қиқарлық Әсияда да бар деп кім ойлапты. Қыз кабина есігін сарт жауып алды. «Газик» алға ытқи бергенде, Әнес бұған жалт қарап, шекесіне сұқ саусағын қадап, айналдырып-айналдырып жіберді. «Отырмасаң, омалып қал, кеще неме! Жалындым саған!» дегені болу керек. Былай шыға бере «Газик» тоқтай қалды. Саматтың жүрегі дір етті. «Әлде Әсия түсіп қалатын шығар? Аппақ қарды қимайтыны рас болса, түсіп қалуға тиіс». Жоқ, Әсияның орнына Әнес түсті. Балонды теуіп қалды да, бұған елбірете көтерген қолының басын сәл-пәл жыбырлатып, қоштасудың ырымын жасады. Қиық көздерінде таба бар. Әдейі істеп тұр. Бөкен екпіндей басып ұмтыла беріп еді, «Газик» ақ шымылдыққа біртіндеп сіңе берді...

«Бітті!»— деді Самат. «Кетті!» дегісі келіп еді... Қайсысы болса да, дәл айтылды...

Қос доңғалақ ізін ақ жазық белбеу қып, тартынып апты. Қар үдей түскен бе, манағы жеп-жеңіл үлпершек қазір бірқалыпты қозғалыспен сәл дымқыл тартып, сап-салмақты боп жалпылдай жауып тұр. Жалпақ дала қара құрық тартып, ымырт ұрланып келіп қалыпты. Төңіректі ақ мұнар саңылау қалдырмай қымтаған, қарайған атаулыдан қалған жалғыз белгі — екі қолын пальтосының қалтасына салып келе жатқан Бөкен ғана. Аспандағы қарға да қарамайды, басын төмен салып, тұқшиып алған. Қар аулап, құшағын жайып жүгірген Бөкенді Әсия өзімен бірге «Газикке» салып ап, алысқа алып кеткен тәрізді. Мына Бөкен совхоз орталығындағы мектептен үш километр жердегі фермадағы өз үйіне қайтып келе жатқан тоғызыншы кластың қатардағы ғана оқушысы.

Кәдімгі сұп-суық қар қапалақтап жауып тұр...

Кенет... Бөкен тоқтай қалып, қар үстіндегі баданадай болып жатқан бұдыр-бұдыр машина ізіне үңілді. Міне, мына жерде машина тоқтапты, картерінен тамшылап аққан май сап-сары боп жатыр. Міне, екі із... Бірі — бәтеңкенің аюдың табанындай үлкен ізі де, екіншісі — қасықтай кішкене табанымен қар бетін оқтаумен шұқығандай қыз етігінің кішкене тақасы... Үлкен іздер бірінің үстіне бірі түсіп, қарды таптап тастапты. Екі-үш қадам жерде дымқыл тартып, сарғайып үлгерген темекі тұқылы жатыр. Соған қарағанда, Әнестің жүйкесі біраз жұқарып қалса керек.

Бөкен жүгіре жөнелді. Қар бетіндегі машина доңғалағының бұдырымен қатар салған етік ізінен көз аудармайды. Доңғалақ ізі еміс-еміс қана білінеді, көбік қар бүркеп үлгеріпті, ал тақа ізі жап-жаңа, сайрап жатыр.

Әсия «Газиктен» түсіп қалыпты...

Жол үстінен нәзік тұлға қарайып көрінісімен Бөкен аяңға көшті. Әсия біртіндеп ақ шымылдықтан бері шыға берді.

Қыз тоқтай қалды да, портфелін арлы-берлі бұлғаңдатқан күйі мұны тосып алды. Бір-бірінің бегіне қараған да жоқ, қатар түсіп, ауылға беттеді.

— Кабина ішінің ауасы тар екен... Бензин сасиды. Сосын түсіп қалдым,— Қыз үні ұяң.

Бозбала тіс жармады. Бірақ басын изеді. Қар қапалақтап жауып тұр...

— Қандай тамаша! Қар ұстайықшы, Бөкен! Қолын алға созған қыз жүгіре жөнелді. Портфелін қарға шаншып кетіпті.

Бөкен сәл аңырып тұрды да, қыз портфелін қолына алды еңкейіп. Әрі-беріден соң екі қолында екі портфель, далбаңдап аузымен қар аулаған күйі жүгіріп бара жатты. Қар қапалақтап жауып тұр...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама