Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Ақтауда студент қыздың өлімі: ата-анасы күйеуін күдікті санайды

Ақтау қаласында 24 жастағы Маржан есімді студент қыз пәтерінде асылған күйде табылды. Полиция бұл жағдайды суицид деп тіркеп, істі жауып тастады. Алайда, марқұмның ата-анасы бұл шешіммен келіспей, қыздарының өліміне күйеуін кінәлі деп санайды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Студенттің арманы мен отбасылық жағдайы

Lada.kz сайтының мәліметінше, Маржан медициналық колледжінде оқып, стоматолог мамандығын игеруге дайындалып жүрген. Оның алдағы өміріне қатысты көптеген жоспары болған: оқуын бітіріп, жұмыс істеу, білімін жетілдіру курстарына қатысу және жүргізуші куәлігін алу.

Анасының айтуынша, қызы өткен жылы тұрмысқа шыққаннан кейін отбасында жиі кикілжіңдер орын алған. Күйеуі материалдық жағынан қолдау көрсетпесе, енесі келінін ауылға көшіп, үй шаруасымен айналысуға мәжбүрлемек болған. Осы жағдайларға қарамастан, Маржан оқуын жалғастырып, қосымша жұмыс істеп жүрген.

Тергеудің объективтілігіне күмән

Қайғылы оқиға алдында ешқандай алаңдаушылық тудырарлық жағдай болмаған. 31 желтоқсанда Маржан анасымен кездесіп, болашақ жоспарларымен бөліскен. Алайда, келесі күні оның қайтыс болғаны туралы суыт хабар жеткен.

Бастапқыда іс «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша қозғалғанымен, кейіннен тоқтатылды. Туыстары тергеудің толыққанды және объективті жүргізілмегенін алға тартады. Олардың пікірінше, марқұмның психоэмоционалдық жағдайы жан-жақты зерттелмеген, кейбір тергеу әрекеттері кешіктіріліп, барлық нұсқалар толық тексерілмеген.

Отбасының талабы

Маржанның жақындары оның өмірге деген құштарлығы жоғары, мақсаттары айқын адам болғанын айтып, оның суицид жасауы мүмкін емес екенін атап өтеді. Қазіргі таңда отбасы істі қайта қарауды және жан-жақты тергеу жүргізуді талап етуде.

Жаңалықтар

Жарнама