Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Ақтаудағы трагедия: Күдіктінің әкесі ұлының кінәсіздігін дәлелдеді

Ақтаудағы қайғылы оқиғаға қатысты күдікті ретінде аталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі алғаш рет көпшілікке ұлының кінәсіздігін дәлелдеп, пікір білдірді. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әке жүрегінің сенімі

Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғолла Сәрсемәліұлы әлеуметтік желілерде тараған ұлына қатысты айыптауларға наразылығын білдірді. Оның айтуынша, Сұлтанды кінәлаған түрлі болжамдар мен айыптаулар шамадан тыс көбейіп кеткен.

«Қазір телефонды ашсаңыз болды, барлығы бір адамды нысанаға алып, менің балама жабылып жатыр. “Күйеу баласы істеген”, “осы кінәлі” деген сөздер айтылып жүр. Шынымды айтсам, мұны Сұлтан жасады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейді. Оның бұл іске қатысы жоқ екеніне жүз пайыз сенемін. Қой бауыздауға да жүрегі дауаламайтын адам мұндай қатыгездікке қалай барады? Бұл — кәсіби маньяк жасайтын әрекет. Өлтіріп, көміп, ізін жасыру — кез келген адамның қолынан келмейді», — дейді ол.

Отбасылық байланыстар

Самиғолла Сәрсемәліұлының айтуынша, қаза тапқандар — күдіктінің туған ата-енесі болған. Оның үстіне, оқиға кезінде Сұлтанның қасында жұбайы жүргенін де алға тартты.

«Марқұмдар — оның жауы емес, туған ата-енесі. Қасында әйелі бірге жүрген. Осындай жағдайда айтылып жатқан әңгімелерге қалай сенуге болады? Оның үстіне, мен — әкесімін. Бұл жағдай төбеден түскендей болды, не айтарымды да білмей қалдым», — деді ол.

Аталған іс қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желіде түрлі пікір мен болжамның таралуына себеп болды.

Жаңалықтар

Жарнама